Тікелей эфир

Азаматтықтан шығу. Қазақстанда бұл рәсім қалай жасалады?

Дина Ли арнайы informburo.kz үшін
Дина Ли арнайы informburo.kz үшін
Азаматтықтан шығу – кез-келген қазақстандықтың құқығы. Алайда, азаматтардың бұл құқығына мемлекеттің қарсы келетін жағдайлары да кездеседі.

Қазақстанда қос азаматтық алуға тыйым салынған, сондықтан шет елге көшетіндер алдында тұрған екі негізгі бюрократиялық міндетті – тұруды жоспарлаған елдің азаматтығын алу және Қазақстанның азаматтығынан шығу талабын орындауы керек. Азаматтық алу процесі әр елде әрқалай екенін ескерсек, бұл ретте әмбебап ұсыныс беру мүмкін емес.

Қазақстан азаматтығынан шығу дегеніміз не, ол қалай жүзеге асырылады, басқа елге тұрақты тұруға кету үшін азаматтықтан шығу міндетті ме? Осы сұрақтар төңірегінде informburo.kz айтып береді. Бұдан бөлек, мемлекеттің өтініш білдірушіні азаматтықтан шығарудан бас тартқан жағдайлары да бірнеше мәрте кездескен. Материал Электронды үкімет сайтында ұсынылған және заңгерлердің сараптамалық кеңестерінен алынған деректері негізінде дайындалды.

Азаматтықтан шығу дегеніміз не?

Әлемдік тәжірибеде азаматтықтан шығу – адамның мемлекетпен азаматтық қарым-қатынасын тоқтату құқығы. Бұл үшін оған тиісті мемекеттік органдарға өтініш беру жеткілікті.

Қазақстан заңнамасына сәйкес, егер біздің аймақта тұрақты тұратын адам уақытша басқа елде тұрып жатса, онда оған Қазақстандағы тіркелген орны бойынша көші-қон қызметінің бөлімшесіне өтініш жазуы керек. Ал, егер ішкі істер органдарының тіркеуінен шығарылса, өзі тұрып жатқан елдің консулдық бөлімшесіне жүгінуіне болады.

Азаматтықтан бас тартқанда не істеу керек?

Қазақстан азаматтығынан бас тарту өтініштерінің үлгісі шет елде тұратын азаматтардың өтініш үлгісінен өзгешелеу. Бірінші жағдайда мекен-жайы көрсетілген өтініш хат көші-қон полициясының аумақтық бөлімшесіне, ал екінші жағдайда Қазақстан Республикасының Президентінің атына жазылады. Басқа жағдайларда айтарлықтай айырмашылықтар жоқ – азаматтардан өтінішті не түрткі болғанын дәлелді себептермен жазу талап етіледі.

Екі жағдайда да азаматтықтан шығару туралы өтініш жазудан басқа орындалуы тиіс бірнеше қосымша талаптар бар.

Көші – қон полициясына өтінішпен қоса жолданатын құжаттар:

  • Өтініш-анкета;
  • Өмірбаян;
  • 3,5х4,5 көлемдегі 3 фото;
  • Балалардың туу туралы және неке туралы куәліктердің көшірмесі;
  • әскерге шақырылатын жастағылардың әскери қызметті өтеуден босату туралы аумақтық қорғаныс департаментінің анықтамасы;
  • Оқу, жұмыс орнынан анықтама, жұмыс істемейтіндерге – ҚР ӘМ сот актілерін орындау комитетінің аумақтық органынан мемлекет алдындағы орындалмаған міндеттемелерінің немесе меншік формасына қарамай мемлекеттік органдар мен ұйымдардың,адамдардың мүддесіне байланысты мүліктік міндеттемелердің бар-жоқтығы туралы анықтама;
  • Материалдық немесе басқа да талаптардың жоқтығы туралы жұбайының немесе асырауындағы ата-аналарының нотариалды куәландырылған өтініші;
  • Баж салығы төленгені немесе оны төлеуден босатылғаны туралы құжат.

Көші-қон қызметінің бөлімшесіне азаматтықтан шығу туралы өтініш қалдыршы азаматтықтан шығудың талаптары мен салдарымен танысқандығы туралы қолхат жазуға міндетті.

Көші-қон полициясына өтінішпен қосып жолданатын құжаттар:

  • Анкета-өтініш 2 данада;
  • Өмірбаян 2 данада;
  • 4х5см көлемдегі 3фото;
  • Балалардың туу туралы және неке туралы куәлік;
  • Консулдық алымды төлегені туралы құжат.

Азаматтықтан шығу туралы құжаттарды поштамен жібермей, өз қолыңмен консулдыққа апару керек немесе нотариалды куәландырып, сенімді өкіл арқылы тапсыру қажет.

Өтініш қаралған соң ҚР азаматтығынан шығу туралы анықтама немесе шығармаса себептері көрсетілген жауап беріледі.

Мемлекет кімдерді азаматтықтан шығармауға құқылы?

Заң бойынша өтініш ең көп дегенде 6 айдан аспайтын мерзімде қаралады. Құқық қорғау органдарының, ұлттық қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері, сондай-ақ дипломаттар өз құзіреті шеңберінде жолданған өтінішті қабыл алмауға негіз болар себептің бар-жоғын анықтайды. Тыйым салуға себептер төмендегідей болуы мүмкін:

  • Өтелмеген соттылығы;
  • Айыпталушы мәртебесі немесе ешқайда кетуге болмайтыны туралы қолхатпен куәгер мәртебесінде болуы ;
  • Азаматтықтан шығудың мемлекет қауіпсіздігі мүддесіне қайшы келетін жағдайлардың болуы. Мәселен, мемлекеттік құпияларға қатысы бар немесе "құпия" болып саналатын басқа да мәліметтермен жұмыс жасаған болса.
  • Мемлекет алдында өтелмеген міндеттемелері немесе басқа азаматтар мен ұйымдардың мүдделерімен байланысты мүліктік міндеттері болса. Бұл тұрғыда түрлі қарыздар да есепке алынады: салықтан бастап алиментке дейін, сондай-ақ келісім-шарт бойынша басқа да міндеттемелер орындалмаса;

Көші-қон басқармасына ұсынылған барлық құжаттарды жинап, тексергеннен кейін, дәлелді шешім қабылдау үшін материалдар ҚР Президенті аппаратына жолданады.

"Міндеттемелерді орындамау" тармағы несімен қауіпті?

Мұндай шешімді қабылдауға әсер ететін жағдайлар көп. Жетілмеген бюрократиялық жүйені есептегенде, төленбеген салықтары мен айыппұлдары туралы күтпеген мәліметтер қазақстандықтарды бірнеше рет қапыда қалдырған жағдайлар кездесті. Азаматтықтан бас тарту жағдайлары да кездесуі мүмкін. Алайда, көшіп бара жатқан адамның өмірін шынымен шиеленістіретін тағы бір жағымсыз жайт бар. Кеңес заманындағы "Интердевочка" атты белгілі фильмде көрсетілгендей, басты кейіпкердің біраз жыл бұрын отбасын тастап кеткен әкесі кенеттен өз қызына шетелге шығуға қарсылық білдіргеніндей жағдай қазіргі таңда Қазақстанда да өзекті.

Жоғарыда айтылғандай, еліміздің заңнамасына сәйкес, азамат уәкілетті органға өтінішпен бірге жұбайының немесе асырауындағы адамдардың оған материалдық немесе басқа да талаптарының жоқтығы туралы құжатты нотариалды түрде куәландырып ұсынуы қажет. Осылайша,қажетті қолтаңбасын алу үшін өзін тәрбиелеумен ешқашан айналыспаған ата-анасын іздеп табуы тиіс жағдайлар да кездеседі, мұндай туыстар арасында байланыс үзіліп қалатыны түсінікті. Егер азамат ата-анасының мұндай талаптарын негізсіз екендігін тек сот арқылы ғана дәлелдей алады, бұл қосымша уақыт мен шығынды қажет етеді.

Әскери борышты өтеу міндетті ме?

"Орындалмаған міндеттер" тармағы туралы айтып, әскери қызметі туралы айтпай кету мүмкін емес. Мемлекет әскерге шақырылатын жасы келген, алайда әскери мндетін орындамаған адамды азаматтықтан шығарудан бас тартуға құқылы. Алайда денсаулық жағдайына байланысты әскерге баруға болмайтын жағдайлар да болуы мүмкін. Жалпы азаматтықтан шығу үшін, 18-27 аралығындағы ер азаматтарға әскери борышын өтеу міндетті.

Басқа елге көшіп кету үшін азаматтықтан шығу міндетті ме?

Жоқ, тіптен міндетті емес. Басқа елге көшкісі келген адамға шет елге кетуді рәсімдеу үшін Қазақстаннан тіркеуден шығуы керек. Өзге елде азаматтығы жоқ бірақ шетелде тұратын немесе елге оралуды жоспарлайтын адамдарға Қазақстанның азаматтығынан шықпауына болады.

Тіпті азаматтықтан шыққан күннің өзінде Қазақстаннан кету міндетті емес. Ондай адам мемлекет аумағында қанша тұрғысы келсе, сонша тұра алады. Расында мұндайда оған тек жаңа мәртебесін анықтап алуы қажет. Егер азаматтығы жоқ тұлға болып танылған адамға елден кету талабы қойылмайды, бірақ тұруға ықтиярхат алу үшін оған бірінші басқа елдің азаматтығын алу керек, сол елден Қазақстанда тұруға рұқсат алғаннан кейін барып, оралуы

керек.

Зейнетақы жинағын алып кетуіне бола ма?

Егер Бірыңғай зейнатақы қорында зейнетақы жинағы бар адам басқа елге көшіп, азаматтығын ауыстырса немесе азаматтығы жоқ тұлға болса, онда қолданыстағы заңнамаларға сәйкес БЗҚ-нан зейнетақы жинақтарын алып кетуіне құқы бар. Қаражат қолма қол берілмейді, елдің кез келген екінші деңгейлі банкінің есепшотына аударылады. Жинақтарын алу үшін БЗҚ-на азаматтығын ауыстырғанын растайтын құжат ұсыну қажет. Бұл – шетелге шығуды жоспарламаған азаматтардың БЗҚ-нан жинағын алып кету жағдайларын болдырмас үшін жасалатын рәсім.

Қазақстандық куәлігін тапсыру міндетті ме?

Заңнамаға сәйкес, шет ел азаматтығын алған қазақстандық бұл туралы ішкі істер органына немесе ҚР СІМ шетел мекемелеріне хабарлап, төлқұжаты мен жеке куәгілін үш жұмыс күні ішінде тапсыруы керек. Егер бұлай жасамаса, Қазақстан азаматтығы жойылған тұлғаның куәлігі мен төлқұжатын пайдалану фактісі – құқық бұзушылық жасаған болып саналады, ондайда оған 200 АЕК (1 АЕК – 2405 теңге) дейін айыппұл салынады. Үш күн деген мерзімде үлгермей қалмас үшін, заңгерлер басқа елге төлқұжат алуға шықпас бұрын, Қазақстаннан шетелге тұрақты тұруға кетуді рәсімдеуді ұсынады.

Азаматтықтан шыққанда ЖСН мен СТН не болады?

Қазақстан азаматтығы жойылғаннан кейін жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) мен салық төлеушінің нөмірі (СТН) сақталады. Ұлттық заңнамаға сәйкес, шетелдіктердің ЖСН алуға құқы бар, кей жағдайда тіпті міндетті. ЖСН ықтиярхатқа жазылуы мүмкін.

Қайта Қазақстан азаматы болу мүмкін бе?

Бұрын Қазақстан азаматы болған адам қайта азаматтық ала алады. Алайда, бұрын азаматтықты қалпына келтіру тәртібі оңай жүзеге асырылса, 2015 жылдан бастап бұл мүмкіндіктер қысқартылды. Енді Қазақстанның бұрынғы азаматы бұл рәсімді жалпы негізде қайта қалпына келтіреді. Ол үшін ҚР Президентінің атына өтініш жазады. Ел аумағында тұрса, бұл рәсімді тұрғылықты жері бойынша көші-қон полициясының аумақтық бөлімшелеріне барып жасауы керек.

Шетелде өтінім дипломатиялық өкілдікке беріледі. ҚР Азаматтығын қалпына келтіру туралы өтініштің материалдары жергілікті ішкі істер органдарында, ұлттық қауіпсіздік, консулдық мекемелерінда, ҚР СІМ және басқа да уәкілетті органдарында 1 айдан аспайтын уақытта қаралуы тиіс, жалпы 6 айда қаралып бітуі керек.

Авторы Игорь Мосунов.

Аударған Мәншүк Шапхатқызы.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары