Тікелей эфир

Еңбек мигранттарын құжаттандыру. Этникалық қазақтардың азаматтық алуын жеңілдетін заң жобасы талқыланып жатыр

Сурет russian.rt.com сайтынан алынды
Сурет russian.rt.com сайтынан алынды
Еңбек мигранттарына қандай жеңілдіктер қарастырылып жатыр? Қандастарымызға азаматтық алу мәселесі қалай жеңілдейді?

2019 жылы 27 маусымда ҚР Парламент Мәжілісінде "Қазақстан Республикасының көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы таныстырылды.

Осыған орай Қазақстандағы сыртқы көші-қон мәселесі қалай реттеліп жатыр? Көшіп жатқандар мен келіп жатқандар туралы қысқаша зерттеу жүргізіп көрдік.

ҚР ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызметі комитеті төрағасының орынбасары Арман Садановпен, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамының Өңірлік дамыту департаменті директоры Ерлан Шүреновпен, Криминалдық полиция департаментінің және денсаулық сақтау министрлігі қатарлы құзіретті орындардың өкілдерімен кездесіп, пікірлерін алған едік.

"Еңбек мигрантын рәсімдеуге кететін уақыт қысқарады"

Еңбек мигранттарынан түскен салық кірісі мемлекеттің оларға қатысты құжаттандыру мәселесін оңтайландыруға жетелеп отыр.

Арман Саданов:

– Еңбек мигранттарының Қазақстанда жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау керек. Еңбекке рұқсат беру құжатын рәсімдеу мерзімі 7 күннен енді 3 сағатқа дейін қысқарады. Осыған байланысты Үкіметтің тапсырмасын орындауымыз керек.

Әдетте, еңбек рұқсаты бір жылға беріледі. Сосын ары қарай ұзартуға болады..

2018 жылы 551 724 азамат еңбек мигранты ретінде заңдастырылды (2017 жылы 459 453), ел бюджетіне 6,2 млрд теңгеден астам қаржы түсті, – деді.

Арман Садановтың мәліметі бойынша, 2019 жылы Қазақстанға 4,2 миллион шетелдік азамат келген.

Оның 93% – ТМД-дан: Өзбекстан – 2,1 млн, Ресей – 0,9 млн, Қырғызстан – 0,5 млн, басқа ТМД елдерінен – 243 мың. Түркиядан – 39,9 мың, Қытайдан – 33,7 мың адам келді.


Қазақстанға келетін шетелдіктер жыл сайын көбейіп келеді

Қазақстанға келетін шетелдіктер жыл сайын көбейіп барады / Кестені ІІМ мәліметі бойынша informburo.kz жасады


Еңбек мигранттары үшін "086" медициналық анықтама алу жеңілдейді

"086" медициналық анықтамасын алу үшін кемі 2-3 күн уақыт кететіні белгілі. Ал басқа жақтан келгендер, жұмыс тәртібін білмейтіндер үшін тіптен қиын.

– Бұл анықтаманы алу үшін ағза талдауларымен қоса құлақ, көз дәрігері сияқты мамандардың алдынан өтуі керек. Біздің ойымызша, бұл уақыт алады. Ең бастысы, қоғамға қауіпті және жұқпалы аурулардың болмауын қадағалау. Осы тұрғыда денсаулық сақтау министрлігімен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Бұл медициналық анықтаманы алу шарттары жеңілдеуі мүмкін – деді Арман Саданов.

Өз кезегінде ҚР Денсаулық Сақтау министрлігі өкілі Тимур Жумахаев те осы мәселе бойынша жұмыстар жасалып жатқанын, психологиялық және түберкулездік анықтамалар үшін ортақ база жасау мәселесін реттейтіндерін ескертті.


Мигранттарға қажетті құжаттары тізімі және қызмет көрсету орны

Мигранттарға қажетті құжаттары тізімі және қызмет көрсету орны / Кестені ІІМ мәліметі бойынша informburo.kz жасады


"Электрондық Үкімет" корпорациясының өкілі Ерлан Шүренов та "Ортақ терезе" арқылы жедел қызмет көрсетуге болатынын айтты.

ЖСН алу біріздендіріледі

Еңбек мигранттарына көп кедергі келтіріп отырған нәрсенің бірі – жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) алу, яғни еңбекке рұқсат алған азамат жеке табыс салығын төлеуі керек. Егер ЖСН болмаса банктердің қызмет көрсетпейтіні белгілі.

Ерлан Шүренов осы мәселе бойынша өз пікірін білдірді:

– Қазір мемлекеттік кіріс органдарымен келісіліп жатыр. Бұрын бірнеше рет келген шетелдік азаматқа бірнеше ЖСН берілген. Енді бір ғана ЖСН беріледі әрі ол базада тұрады. ЖСН жарамдылығы шексіз, – деді.


Қазақстанға тұрақты тұруға келетіндер жыл сайын көбейіп келеді

Қазақстанға тұрақты тұруға келетіндер жыл сайын көбейіп келеді / Кестені ІІМ мәліметі бойынша informburo.kz жасады


ЖСН де алда "бір терезе" қағидасы бойынша берілетін болады.

Жеке тұлға да еңбек мигрантын шақыра алады. Бірақ табыс табу үшін емес

Заңға сәйкес Қазақстандық жеке тұлғалар да еңбек мигрантын шақыра алады. Алайда олар арқылы табыс табуға болмайды. Жұмысын істекізу үшін керек.

  • Бірінші, әр жеке тұлға тек 5 адамға дейін ғана еңбек мигрантын шақыра алады;
  • Екінші, еңбек мигрантын пайда табатын жұмысқа жеге алмайсыз. Тек өз жұмысыңызды істету үшін ғана пайдаланасыз, яғни, оның еңбегі арқылы табыс табуға құқыңыз жоқ;
  • Үшінші, еңбек мигрантын тіркеу, оған ЖСН алу, медициналық тексерулерден өткізуіңіз керек. Олар еңбек істеуге рұқсат алуы керек.

Қазақстаннан басқа елге көшіп жатқандар да аз емес

Қазақстаннан басқа елге көшіп жатқандар да аз емес / Кестені ІІМ мәліметі бойынша informburo.kz жасады


Көші-қонның басты себептері:

  1. Тарихи отанына оралып, туысқандарымен табысу;
  2. Жоғары ақылы жұмыс орнын іздеу және жұмысқа орналасу;
  3. Ауылдық жерлердегі инфрақұрылымның мешеулігі және өмір сүру сапасының төмендігі;
  4. Сапалы білім алу.

Еңбек мигранттарын адам саудасының құрығынан сақтандыру керек

Қай елде болмасын заңсыз адам саудасы тоқтамай келеді. Тіптен, құлдықта ұстау фактілері де жиі кездеседі. Ендеше, ақша тауып, бала-шағасын асырағысы келген адамдарды ондай заңсыздықтардан қорғау және қорғану жолын үйрету, түсіндіру керек.

Бұл туралы Халықаралық көші-қон органы өкілі Алия Белоносова пікір білдірді.

– Жұмыс табамын деп құлдыққа түсіп қалып жатыр. Бұл мәселе Қазақстанда да өткір тұр. Сол себепті әуежай мен шегара, көлік бекеттерінде түсіндіру парақтарын тарату керек. Әрбір еңбек мигранты еңбек рұқсатын алуға келгенде қажетті мәліметтерді алуы тиіс.

Қазір құлдыққа түскен адам көп. Қазақстанда құлдыққа жегілген шетелдіктер мен шетелде құлдыққа түскен біздің елдің азаматтарына бірлісе отырып көмектесуіміз керек, – дейді Алия ханым.

Алия Белоносованың берген мәліметке қарағанда, Халықаралық ұйымдардың жұмысының нәтижесінде 2002-2018 жылдары аралығында заңсыз адам саудасы және басқа да заңсыздықтардың құрбанына айналған 1794 Қазақстан азаматына көмек берілген.


Қазақстан азаматтығын алғандар этникалық қазақтар есебінен көбейіп келеді

Қазақстан азаматтығын алғандар этникалық қазақтар есебінен көбейіп келеді / Кестені ІІМ мәліметі бойынша informburo.kz жасады


Сонымен бірге, ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің өкілі Шынар Көшербаева да бұл ұсынысты қолдады. Өз кезегінде Арман Саданов бұл жұмысты бірлесіп атқаруға келісті.

  • Еңбек мигранттары және заңсыз адам саудасы құрбандары үшін сенім телефоны – 116 16;
  • Полиция – 102.

Еңбек мигранттары үшін патентке төленетін салықтық төлем азаюы мүмкін

ҚР ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің төрағасының орынбасары Арман Саданов осылай деп отыр.

Арманның айтуынша, жылына 12 мыңнан астам заңсыз жұмыс істеп жүрген еңбек мигранттары ұсталады. Ал шаштараз, аспаз секілді мамандық иелері үшін жылдық салықтық төлем 200 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) тең. Бұл өте жоғары. Онсыз да табысы төмен мигрант заңсыз жұмыс істеуге мәжбүр. Сол еңбек патенті үшін ай сайын 8 АЕК мөлшерінде салықтық төлем төлесе деген ұсыныс жіберілді. Егер Үкімет мақұлдаса, іске асатын болады.


Оралман мәртебесін алған қандастарымыздың есебі

Оралман мәртебесін алғандардың есебі / Кестені ІІМ мәліметі бойынша informburo.kz жасады


Оқи отырыңыздар: Нәубет жылдар ызғары. Қара көпірге ілінген бас пен босқан елдің көрген қорлығы

Этникалық қазақтардың азаматтық алуын жеңілдетін заң жобасында не көзделген?

Қоғамдағы тағы бір шешуін толық таппай келе жатқан мәселе – шетелден оралған этникалық қазақтардың тұрақты тұруы және азаматтық алуы

Әсіресе Қытайдағы этникалық қазақтардың тарихи ата жұрты саналатын Қазақстанға оралуына шектемелер қойылып, "Қайта тәрбиелеу орталығы" деп аталатын саяси үйрену лагерлеріне қамалып жатқаны туралы ақпараттар әлемнің назарын аударып отыр. Тіптен, Сайрагүл Сауытбайдың Қазақстанға қашып өткені және Біріккен ұлттар ұйымының көмегімен Швациядан пана тапқаны белгілі.

Осылайша, Қытайдан келіп алса да қайтуға қорқып, ал Қазақстанда оралман күәлігі секілді құжаттарының уақыты өтіп кетуіне байланысты азаматтық ала алмай сенделіп жүргендер жетерлік.

Арман Саданов:

– Осыған дейін алдымен ықтияр хат алып, сосын азаматтыққа құжат тапсыратын. Енді отанына оралған этникалық қазақтар ықтияр хат алмай-ақ тікелей азаматтық ала алатын болады. Ондағы басты себеп: екеуіне жиналатын құжаттар негізінен ұқсас, оның үстіне ұзақ уақытты алады. Осыған орай заңға өзгерістер енгізу қарастырылып, Парламентте талқыланып жатыр.

Ал уақыты өтіп кеткен оралман куәлігінің жарамдылық мерзімі осы жылдың соңына дейін, яғни 31 желтоқсанға дейін ұзарта алады. Сосын құжаттарын тапсырып, жеңілдетілген тәртіппен азаматтық алады, – деді.


Қазақстанның көші-қон жағдайы

Қазақстандағы көші-қон жағдайы / Сурет camonitor.kz сайтынан алынды


Оқи отырыңыз: Қытайдың құпия лагерлерінің шынайы кеспірі. ВВС тілшісі зерттеуінің ізімен

"Әр қазақ менің жалғызым"

Оралмандар, яғни елге оралған этникалық қазақтар – еңбек мигранттары емес. Қандастардың елге оралуы – болашақ үшін құйылған инвестиция, ұлттық қауіпсіздіктің маңызды бөлшегі.

  • Біріншіден, дайын еңбек күші, яғни адам капиталы;
  • Екіншіден, кез келген азамат қаржысыз келмейтінін ескерсек, дайын инвестиция деуге болады;
  • Үшіншіден, ең мобильді азаматтар болғандықтан өнідіріс пен жұмыс ашуға бейім. Елдегі қандастармен өзара тәжірибе алмаса отырып, халықтың экономикалық және сапа көзқарасына да оң ықпал ететіні белгілі;
  • Төртіншіден, төртеу түгелденсе кем-кетіктеріміз бүтінделетіні даусыз. "Өз өлтірмейді, жат жарылқамайды", яғни, біздің тағдырымыз да, талғамымыз да бір.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары