Перейти на полную версию

Коронавирус Қазақстанда: оқиғалар хронологиясы. Жетінші күн

Informburo.kz жетінші күннің оқиғаларын рет-ретімен әңгімелейді.

Қазақстанда коронавирус жұқтырудың алғашқы деректері 13 наурызда тіркелді. Алғашқы алты күннің оқиғаларын материал арасындағы сілтемелер арқылы өтіп, оқуға болады.

19 наурыз, жетінші күн

Сағат: 00.00. Алматы мен Нұр-Сұлтанда карантин енгізілді

Бұған дейін хабарланғандай, Алматы мен Нұр-Сұлтанда карантин енгізіліп, санитарлық-эпидемиологиялық жағдай күшейтілді. Қалалардың шыға берістерінде блок бекеттер орнатылды.

Карантин кезінде қойылатын шектеулермен төмендегі сілтеме арқылы өтіп, танысуға болады.

Оқи отырыңыз: Мейрамхана, сұлулық салоны, жаттығу залдары жабық. Карантин кезінде тағы қандай шектеулер қойылады?

Сағат: 08.20. Денсаулық сақтау министрлігі хабарлама жасады

Министрліктің ресми өкілі Диас Ахметшәріп Алматыда тағы бір адамда коронавирус анықталғанын хабарлады. Ол – 15 наурызда Мәскеуден ұшып келген Ресей азаматы.

Сағат: 09.30. Сенат және Мәжіліс төрағалары мәлімдеме жасады

Сенат және Мәжіліс депутаттары бір күндік еңбекақыларын коронавируспен күреске аударатыны белгілі болды.
Сағат: 11.00. Алматы қоғамдық денсаулық басқармасы брифинг өткізді

Алматы бас санитарлық дәрігерінің міндетін атқарушы Әсел Қалықова медициналық жоғары оқу орындарының жоғары курс студенттерін коронавирус профилактикасына тарту туралы қаулы шығарды.

Сағат: 11.30. Нұр-Сұлтан әкімдігі брифинг өткізді

Қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен келесі төрт ауылдың тұрғындары карантинге қарамастан, Нұр-Сұлтанға еш кедергісіз кіріп-шыға алатынын хабарлады:

  • Талапкер;
  • Қараөткел;
  • Қоянды;
  • Қосшы;
  • Жібек жолы;
  • Шұбары.

Оқи отырыңыз: Коронавирус Қазақстанда: оқиғалар хронологиясы. Үшінші күн

Сағат: 13.00. Денсаулық сақтау министрлігі хабарлама жасады

Министрліктің ресми өкілі Диас Ахметшәріп Нұр-Сұлтанда тағы жеті адамның коронавирус жұқтырғаны анықталғанын хабарлады. Олар – 25 пен 52 жас аралығындағы ел азаматтары, бәрі де бұрын коронавирус жұқтырғандармен байланыста болған.

Сағат: 14.30. Жоғарғы сот хабарлама жасады

Жоғарғы соттың баспасөз хатшысы Айдос Сәдуақасов карантинге жабылған қалалардағы соттар мен сот қызметкерлеріне икемді жұмыс кестесіне көшірілгенін хабарлады. Қалған қызметкерлер қысқартылған жұмыс режиміне өтіп, кейбіріне еңбек демалысы беріліген.

Оқи отырыңыз: Коронавирус Қазақстанда: оқиғалар хронологиясы. Төртінші күн

Сағат: 15.30. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі хабарлама жасады

Министрліктің баспасөз қызметі Алматы мен Нұр-Сұлтанда Халыққа қызмет көрсету орталықтары тек онлайн қол жетімсіз қызметтерді ғана көрсететінін хабарлады. Ал республика бойынша ХҚКО-ның жұмысы сағат 17.00-ге дейін қысқартылған.

Сағат: 16.00. Алматы әкімдігі брифинг өткізді

Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров қаладағы "Сұңқар" тұрғын үй кешенінде коронавирус жұқтрыған адамның анықталуына орай, келесі мекен-жайдағы 3 үйдің карантинге алынғанын хабарлады:

  • Достық, 42;
  • Достық, 42а;
  • Қабанбай батыр, 68.

Сондай-ақ, бұл тізімге жақын жердегі дүкен де кірген.

Кейінірек қала әкімінің орынбасары Алматыда коронавирустың 11 ошағы бары анықталғанын хабарлады. Олардың бәрі бақылауға алынған.

Оқи отырыңыз: Коронавирус Қазақстанда: оқиғалар хронологиясы. Бесінші күн

Сағат: 19.00. ШҚО өңірлік коммуникация қызметі хабарлама жасады

Шығыс Қазақстан облысында төтенше жағдай режиміне байланысты өңірге кіре берістерге санитарлық бекеттер орнатылды.

Мұндай бекеттер Түркістан, Қызылорда облыстарында да қойылған. Бекеттерде тәулік бойы дәрігерлер мен полиция қызмет етеді.

Сағат: 21.30. Білім және ғылым министрі Facebook желісінде хабарлама жасады

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 6 сәуірге дейін мектептер қашықтан оқу форматына дайын болу керектігін хабарлады.

Министрдің түсіндірмесін осы жерден оқуға болады.

Оқи отырыңыз: Коронавирус Қазақстанда: оқиғалар хронологиясы. Алтыншы күн

Денсаулық сақтау министрлігі профилактикалық 5 шараны тұрақты істеуге кеңес береді:

  • қол мен бетті сабынмен жиі және мұқият жуу;
  • қолға арналған спирттік антисептиктерді қолдану;
  • көп адам жиналған орындардан аулақ болу;
  • науқас адамдармен байланысқа түспеу;
  • салқын тию белгілері (дене қызуының көтерілуі, мұрынның бітелуі, жөтел, тамақтың ауруы) пайда болғанда міндетті түрде дереу үйге жедел жәрдем шақыру қажет.

Поделиться:

Новости партнёров