Коронавирус Қазақстанда: оқиғалар хронологиясы. Cегізінші күн
Қазақстанда коронавирус жұқтырудың алғашқы деректері 13 наурызда тіркелді. Алғашқы жеті күннің оқиғаларын осы жерден оқуға болады.
20 наурыз, сегізінші күн
Сағат: 08.00. Елбасы Қазақстан халқына үндеу жолдады
Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев коронавирус пандемиясына байланысты ел халқына үндеу жолдап, Қазақстанның бұл қиындықты да еңсеріп, дамудың жаңа кезеңіне аяқ басатынына сенім білдірді.
Толығырақ: Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына үндеу жолдады. Толық мәтіні
Сағат: 09.00. Денсаулық сақтау министрлігі хабарлама жасады
Министрліктің ресми өкілі Диас Ахметшәріп Қазақстанда тағы бес адамда коронавирус анықталғанын хабарлады. Олардың:
- үшеуі Алматыда (Германия және Франциядан ұшып келген жолаушылар);
- екеуі Қарағандыда (Беларусьтен ұшып келгендер).
Оқи отырыңыз: Мейрамхана, сұлулық салоны, жаттығу залдары жабық. Карантин кезінде тағы қандай шектеулер қойылады?
Сағат: 10.30. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі хабарлама жасады
Министр Дәурен Абаев коронавирус профилактикасы туралы пайдалы ақпарат жинақталатын www.coronavirus2020.kz сайты іске қосылғанын хабарлады. Сайт арқылы инфографика, сурет түріндегі контентті жүктеп алуға болады.
Сағат: 10.40. Премьер-министрдің қатысуымен брифинг өтті
Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов "Туристік қамқор" қорының есебінен 5 914 қазақстандық турист елге оралатынын хабарлады. 17-19 наурыз аралығында 1 350 турист келіп үлгерген.
Ералы Тоғжанов, сондай-ақ, бұған дейін "Қазақстанда коронавирустан үш адам көз жұмды" деп тараған ақпаратты жоққа шығарды. Онлайн-карта әкімшілері Түркия мен Қазақстандағы мәліметті шатастырып алған.
Оқи отырыңыз: Коронавирус түрлі заттың бетінде қанша уақыт сақталады?
Сағат: 12.20. Demoscope бюросы сауалнама нәтижесін жария етті
Қоғамдық пікірді жедел мониторингілеу бюросы қазақстандықтардың коронавирус пандемиясына қатысты көзқарасын зерттеді. Нәтижесінде:
- респонденттердің 48 пайызы бұл вирусты адам өмірі мен денсаулығы және ел экономикасы үшін аса қауіпті;
- 27 пайызы коронавирус тұмаудан қауіпті емес, оның қаупі тым әсіреленген;
- 19 пайызы дүрбелеңді кейбір елдер мен трансұлттық компаниялар туғызды деп санайтыны;
- 1 пайызы вирус туралы мүлдей ойламайтыны анықталған.
Сағат: 13.00. "Верный Капитал" компаниялар тобы хабарлама жасады
Компаниялар тобы коронавирустың жаһандық пандемиясына байланысты елдегі экономикалық және әлеуметтік жағдайды тұрақтандыру үшін республикалық коронавирусқа қарсы әрекет ету қорына 1 млн доллар аударғанын хабарлады.
Оқи отырыңыз: "Қол жуып, үйде отырғаннан да басқа мәселе бар". Маман пікірі
Сағат: 14.50. Білім және ғылым министрлігі хабарлама жасады
Министрліктің баспасөз қызметі Түркістан облысында халықтың тығыз орналасуына байланысты балабақшалар жұмысы тоқтатылғанын хабарлады.
Төтенше жағдай режимінде Қазақстанда балалардың мектепке дейінгі мекемелерге баруы бар болғаны 16,8 пайызды құраған.
Сағат: 17.00. Денсаулық сақтау министрлігі хабарлама жасады
Министрліктің ресми өкілі Диас Ахметшәріп наурыздың соңында Алматы мен Нұр-Сұлтанда тұрғындарға коронавирусқа экспресс тест жасала бастайтынын хабарлады. Тест азаматтардың үш тобына жасалады:
- инфекциялық аурухана қызметкерлері;
- науқастар, қарт адамдар;
- вирус жұқтырған адамдармен тығыз байланыста болған түрлі қызмет өкілдері.
Оқи отырыңыз: Коронавирустан аман қалуға болады. Ол үшін дәл қазір не істеу керек?
Сағат: 19.15. Денсаулық сақтау министрлігі хабарлама жасады
Республиканың бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин қызметінен кетіп, енді Денсаулық сақтау министрлігі Тауар мен қызмет сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарады.
Қазақстанның жаңа бас санитарлық дәрігері болып Айжан Есмағамбетова тағайындалды.
Сағат: 19.30. Алматы әкімдігі хабарлама жасады
Қала әкімдігі коронавирус жұқтырудың 10 ошағының мекен-жайын жариялады. Оның ішінде екі жеке және сегіз көппәтерлі үй бар:- Алтай-1 ықшамауданы, 8;
- Жас қанат ықшамауданы, 86;
- Еңлікгүл, 34 А;
- Зенков, 59;
- Достық, 162;
- Гоголь, 75;
- Сары-ой, 234;
- Жароков, 16;
- Желтоқсан, 125;
- Байтұрсынов, 78/1.
Сағат: 22.10. Денсаулық сақтау министрлігі хабарлама жасады
Министрлік Нұр-Сұлтанда тағы үш адамда коронавирус анықталғанын хабарлады. Осымен республика бойынша вирус жұқтырғандар саны 52-ге жетті.
Денсаулық сақтау министрлігі профилактикалық 5 шараны тұрақты істеуге кеңес береді:
- қол мен бетті сабынмен жиі және мұқият жуу;
- қолға арналған спирттік антисептиктерді қолдану;
- көп адам жиналған орындардан аулақ болу;
- науқас адамдармен байланысқа түспеу;
- салқын тию белгілері (дене қызуының көтерілуі, мұрынның бітелуі, жөтел, тамақтың ауруы) пайда болғанда міндетті түрде дереу үйге жедел жәрдем шақыру қажет.