Коронавирус Қазақстанда: 4 сәуір хронологиясы. 2 адам көз жұмып, 67 адамның вирус жұқтырғаны анықталды
Қазақстанда коронавирус жұқтырудың алғашқы деректері 13 наурызда тіркелді. Алғашқы 22 күннің оқиғаларын осы жерден оқуға болады.
Қазақстандағы коронавирус бойынша 4 сәуірдегі жағдай:
Вирус жұқтырғандар – 531.- Нұр-Сұлтан – 219;
- Алматы – 110;
- Қызылорда облысы – 30;
- Қарағанды облысы – 27;
- Атырау облысы – 22;
- Ақмола облысы – 20;
- Түркістан облысы – 23;
- Солтүстік Қазақстан облысы – 25;
- Шымкент – 13;
- Алматы облысы – 10;
- Ақтөбе облысы – 10;
- Жамбыл облысы – 11;
- Шығыс Қазақстан облысы – 4;
- Батыс Қазақстан облысы – 2;
- Маңғыстау облысы – 3;
- Павлодар облысы – 1;
- Қостанай облысы – 1.
Жазылғандардың жалпы саны – 36.
Көз жұмғандар – 5.
22:45 – Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, коронавирус жұқтырған тағы 6 адам тiркелдi. Олардың ішінде:
- Нұр-Сұлтанда – 3 адам;
- Қызылорда облысында – 2 адам;
- Жамбыл облысында –1 адам.
Елімізде коронавирус жұқтырғандардың жалпы саны – 531.
21.20 – Алматыда карантин кезеңінде көшеде себепсіз жүргені үшін 14 көлік айып тұрағына қойылды. Өткен тәулікте Қылмыстық кодекстің 476-бабын бұзған (төтенше жағдай ережелерін бұзу) 7 адамға айыппұл салынып, 12 адам әкімшілік қамауға алынды. Көшеде себепсіз жүргені үшін 11 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Карантин басталғаннан бері қалада 292 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 147 адам әкімшілік қамауға алынып, 139 адамға айыппұл салынды. Ал 6 адамға ескерту жасалды.
Оқи отырыңыз: #ҮйдеОтырыңыз. Карантин талаптарына қатысты 20 маңызды сұраққа жауап
20.53 – Алматы Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті коронавирус жұқтырған тұлғалармен байланыста болған адамдардың арасында инфекцияға тән клиникалық симптомдардың пайда болуы мүмкін инкубациялық кезеңнің аяқталуына байланысты 14 індет ошағындағы шектеулерді алып тастады. Олар:
- Алатау ауданы – "Заря Востока" ы/а, Сары-ой к-сі, 234;
- Алмалы ауданы – Желтоқсан к-сі, 125; Жароков к-сі, 16; Жароков к-сі, 7;
- Бостандық ауданы – Тұрғыт Озал к-сі, 242;
- Медеу ауданы – Зенков к-сі, 59; Достық к-сі, 162; Гоголь к-сі, 75; Достық к-сі, 111;
- Жетісу ауданы – Еңлікгүл к-сі, 34а;
- Түрксіб ауданы – "Алтай-1" ш/а., 8; "Жас Қанат" ы/а., 86; Майлин к-сі, 77; Спасская к-сі, 63а.
4 сәуірдегі жағдай бойынша, Алматы қаласының аумағында коронавирустық инфекцияның 31 ошағы бар:
- Әуезов ауданында – 6 ошақ;
- Алатау ауданында – 5 ошақ;
- Алмалы ауданында – 3 ошақ;
- Медеу ауданында – 4 ошақ;
- Жетісу ауданында – 4 ошақ;
- Түрксіб ауданында – 2 ошақ;
- Бостандық ауданында – 6 ошақ;
- Наурызбай ауданында – 1 ошақ.
20.00 – Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі 42 500 теңге алу үшін жалған мәлімет бергендерге жауапкершілік барын ескертті.
"Өкінішке орай, жәрдемақы алу үшін табысы жақсы адамдар да жүгінетін жәйттар бар. Сондықтан барлық деректерді мұқият тексеретін боламыз. Тек табысы жоқ адамдар ғана өтініш білдіруі керек. Жалған мәлімет бергендерге жауапкершілік қарастырылған. Бұл көмекті шын мәнінде мұқтаж адамдар алатындай жағдай жасауымыз керек", – деді Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышев өзінің Facebook парақшасында.
Оқи отырыңыз: Індет пен міндет. Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәлидің түсіндірмесі
19.14 – Нұр-Сұлтанда карантин енгізілгеннен бері жол апаты 70%-ға төмендеді. Осы кезеңде елордада автокөлік қозғалысы 71 пайызға азайған, деп хабарлады қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Бір апта ішінде полиция департаментінің аумақтық бөлімшелеріне 589 адам жеткізілді, оның 12-сі қамауға алынды. Тәртіп бұзған 283 адамға айыппұл салынып, 124 тұлғаға ескерту жасалды. Ал қалған істер қаралуда. Қаланың барлық аумақтарында адамдар мен автокөлік қозғалысы қатаң бақылануда.
18.06 – Алматы әуежайына 4 сәуірге қараған түні Оңтүстік Кореядан гуманитарлық көмек келді. Қалаға коронавирустық инфекцияны анықтайтын 1 000 тест жеткізілді. Сондай-ақ, 100-ден астам қазақстандық отанына оралды.
17.15 – Ақмола облысындағы коронавирус жұқтырып, қайтыс болған адам туралы мәлім болды. Марқұм 1947 жылы туған Целиноград ауданының тұрғыны. Ол бұрын "дисциркуляторлық энцефалопатия" диагнозымен есепте тұрған.
1 наурызда науқастың артериялық қысымы жоғарылап, тыныс алу, жүрек-қан тамырлары жетіспеушілігінен жағдайы нашарлаған. Ал 2 сәуірде биологиялық өлім анықталып, қайтыс болған адамның денесі сот-медициналық сараптама үшін Нұр-Сұлтанға жеткізілді. Нәтижесінде 73 жастағы ер адамның Covid-19 жұқтырғаны белгілі болды.
Оқи отырыңыз: Коронавирус жұқтырып, қайтыс болғандар қалай жерленеді? Министр бұйрығы, ҚМДБ пәтуасы және шетел тәжірибесі
16.17 – Алматы қаласының әкімдігі 280 адамға арналған жұқпалы аурулар госпиталінің құрылысын бастады. Нысан тез салынатын блокты құрылыс жабдықтарымен тұрғызылады. Оның ішінде 28-і интенсивті терапия бөлімшесі болады. Госпиталь Алатау ауданында бой көтереді. Мекеме коронавирус жұқтырған науқастармен байланыста болған және қатерлі індетті жұқтыруы мүмкін деген күдікпен есепке алынған адамдарға арналмақ.
Провизорлық госпиталь салу туралы шешімді төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету туралы Мемлекеттік комиссия қабылдаған болатын.
15.40 – Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, коронавирус жұқтырған тағы 25 адам тiркелдi. Олардың ішінде:
- Нұр-Сұлтанда – 14 адам;
- Алматыда – 1 адам;
- Қызылорда облысында – 2 адам;
- Ақмола облысында – 1 адам;
- Жамбыл облысында –1 адам;
- Шымкентте – 1 адам;
- Ақтөбе облысында – 3 адам;
- Алматы облысында – 1 адам;
- Қарағанды облысында – 1 адам.
Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың жалпы саны – 525.
Ақмола облысында коронавирус жұқтырған 1 адам қайтыс болды.
Оқи отырыңыз: 42 500 теңге әлеуметтік төлем алуға 42500.enbek.kz сайтында өтініш беруге болады
15.08 – Нұр-Сұлтанда коронавирус жұқтырғандардың бесеуінің жағдайы ауыр. Олардың үшеуі өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.
"Қалғандарының жағдайы қанағаттанарлық, емдеу жалғасуда", – деді елорданың Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова.
14.51 – 400-ге жуық қазақстандық студент Түркиядан елге оралды. Олар Түркияның 35 қаласында білім алған.
14.30 – Алматы емханалары қашықтан жұмыс істеу режиміне көше бастады.
Алматылық медицина мекемелерінің шұғыл көмек көрсету бөлімдері тәулік бойы жұмысын жалғастырады. Алайда, кеңес беру мен қабылдаулардың басым бөлігі қашықтан жұмыс істеуге көшті. Екпе егу арнайы тапсырма түскенге дейін кейінге қалдырылады, жоспарлы ауруханаға жатқызу шектелді. Дәрі-дәрмекті тегін алатын науқастарға препараттар үйіне жеткізіледі. Қарттарды да үйінде тексереді.
13.25 – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев брифинг өткізді. Ол қазірге дейін 60 мың қазақстандықтың 42 500 теңге әлеуметтік төлем алғанын мәлімдеді.
"Бүгінгі күнге дейін 450 мың отандасымыз 42 500 теңге көлеміндегі жәрдемақы алуға өтініш білдірді. Оның ішінде 76 мың азамат алдын-ала төлем тағайындау туралы SMS-хабарлама алды. 60 мыңнан астам адамның есепшотына қаражат жіберілді", – деді Асқар Жұмағалиев.
Ол төтенше жағдай енгізіліп, ХҚКО жұмысын тоқтатқалы бері электрондық үкімет порталына жүктеме көбейгенін алға тартты. Министрдің айтуынша, бұрын eGov қызметіне сағатына 600 мың қызметке жүгінетін болса, қазір бұл сан 15 миллионға жеткен. Ал 1414 call-орталығына түсетін қоңырау саны 25-30 мыңға дейін артыпты. Азаматтардың көпшілігі жәрдемақы алу мәселесімен хабарласады екен.
Оқи отырыңыз: Екіжүзділік пен эгоизм. Карантин кезінде қоғамда не байқадық?
13.13 – Таразда Үндістаннан келген 91 азамат карантинге жатқызылды.
"Олар карантиндік стационарға жатқызылды. Екі отандасымыз жоғары температурамен провизорлық стационарға орналастырылды. Барлық жолаушылардың анализі алынып, зертханалық зерттеуге жіберілді. Нәтижесі теріс болған жағдайда оларды тұрғылықты жері бойынша 14 күндік үй карантиніне жібереміз", – деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.
Ұшақ бортында Қырғызстанның 15 азаматы болған. Олар арнайы көліктермен елдеріне жіберілді. Жамбыл облысында коронавирусты жұқтырудың 9 дерегі тіркелді.
12.29 – Үкімет бағаны бақылауға алды.
Қазақстандықтарға аса сұранысқа ие азық-түлік өнімдерінің бағасы өскен. Осыған байланысты Сауда, ауыл шаруашылығы және ұлттық экономика министрліктері ТЖ кезеңінде "Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бөлшек бағаны енгізу туралы" бірлескен бұйрыққа қол қойды. Мына тауарларға шекті баға әр өңірі үшін белгіленді:
- бірінші сұрыпты бидай ұны;
- бірінші сұрыпты бидай ұнынан пісірілген нан (формалы);
- макарон өнімдері (өлшеп сатылатын);
- қарақұмық жармасы (ұнтақталмаған, өлшеп сатылатын);
- күріш (өлшеп сатылатын дөңгелек дәнді);
- сиыр еті;
- тауық жұмыртқасы (I сұрыпты);
- сұйық май;
- ас тұзы.
Бұйрыққа қол қойылған сәттен бастап рұқсат етілетін шекті бөлшек баға мөлшерін көтергені үшін кәсіпкерге 265 мың теңгеден – 530 мың теңгеге дейін айыппұл салынады.
12.20 – Денсаулық сақтау министрлігі коронавирустың бар-жоғына жедел тестілеуден тегін өту үшін сауалнама жүргізуді бастады. Соның нәтижесі бойынша бірінші кезекте тест тапсыра алатын азаматтардың санаттары анықталады. Тексеруден келесі тұлғалар бірінші болып өтеді:
- коронавирустың таралуын болдырмау жөніндегі іс-шараларға қатысатын адамдар – жедел жәрдемнің, амбулаториялық-емханалық ұйымдардың, стационарлардың қабылдау бөлмелерінің медицина қызметкерлері;
- тыныс алу органдарының ауыр созылмалы аурулары бар диспансерлік есепте тұрған адамдар;
- науқастармен әлеуетті байланыста болған адамдар;
- коронавирустың таралуын болдырмау жөніндегі іс-шараларға тартылған орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың қызметкерлері;
- карантиндік аймақтардың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін кәсіпорындардың қызметкерлері (коммуналдық қызметтердің, азық-түлік, дәрі-дәрмек сататын сауда нысандарының, тамақ жеткізумен айналысатын қоғамдық тамақтану объектілерінің, зарарсыздандыру қызметін көрсететін ПИК қызметкерлері, көлік жүргізушілері және т. б.)
Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында 220 мың адам экспресс-тест тапсыра алады. Тексерудің дұрыстығы 90%-дан кем емес.
Оқи отырыңыз: Иммунитеті мықтыға коронавирус қауіп емес. Оны қалай нығайтамыз?
12.07 – Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабы мәдени-спорттық шаралардың кестесін жариялады:
11.49 – Алматы мәслихаты карантинге байланысты қала бюджетіне 27,8 миллиард теңге салық түспейтінін хабарлады.
"Қаланың жабылуына және карантиннің енгізілуіне байланысты жергілікті бюджеттің шығындары жергілікті бюджеттің кіріс бөлігіне түсетін түсімнің азаюына әкеп соқтырды. Сәйкесінше, салық түсімдерінің жоспары республикалық бюджеттен түсетін түсімдер есебінен босатылған жергілікті бюджет қаражатының сомасына, яғни 27,8 млрд теңгеге азаяды", – деді Алматы мәслихаты аппаратының басшысы Мақсат Рахметов.
11.35 – Түркістан облысындағы қайғылы оқиғаның мән-жайы белгілі болды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, науқас 29 наурызда ауруханаға жатқызылған. Оған коронавирустан туындаған пневмония диагнозы қойылды.
Сондай-ақ, науқаста қант диабеті мен гипертония сияқты қосымша аурулары болған. Ол ауруханаға жатқызғанға дейін 15 наурыз күні Алматыдан келгенін жасырып, өз бетінше үйде емделген.
"Науқастан сараптама алынып, емдеу жүргізілді. Алайда 4 сәуір күні таңертең жағдайы нашарлап, қайтыс болды", – делінген денсаулық сақтау басқармасының ақпаратында.
11.35 – Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабы.
4 сәуірдегі таңғы сағат 9-дағы жағдай бойынша төтенше жағдай кезеңінде табысынан айырылған 351 777 адамнан 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік төлем алуға өтініш қабылданды:
- eGov порталы арқылы – 292 281;
- 42500.enbek.kz сайты арқылы – 59 496.
10.37 – Алматы қаласының әкімдігі халыққа әлеуметтік көмек көрсету туралы:
Республикалық бюджеттен қаланың 69 мыңға жуық тұрғынын азық-түлік және тұрмыстық құралдармен қамтамасыз ету үшін 2 АЕК-тен төленді. Соның ішінде І-ІІ топтағы мүгедектер, 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар, мүгедек баласын күтуші ата-аналар, АӘК алатындар бар.
Сонымен бірге кемінде ІІІ топ мүгедектері мен ресми түрде жұмыссыз деп тіркелген 24 мың адамға 2 АЕК-тен төлемақы беру қарастырылып жатыр.
"Birgemiz" қоғамдық қоры халықтың осал топтарына, яғни 23 мыңнан астам адамға 50 мың теңгеден бөліп төлеу үшін шамамен 1,2 млрд теңге бөлуді жоспарлап отыр.
Жергілікті бюджеттен сәуір айының соңына дейін 18 мыңнан астам ҰОС мүгедектеріне, сондай-ақ оларға теңестірілгендер мен еңбек майданына қатысушыларға бір реттік төлем берілмек:
- 1 млн теңге – 206 ҰОС қатысушылары мен мүгедектерге;
- 100 мың теңге – 4 мыңнан аса адамға;
- 50 мың теңге – 14 мыңға жуық адамға.
Төтенше жағдай кезінде кірісінен айырылған 6 650 қала тұрғыны 1 ЕТЖ мөлшерінде мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан – 42,5 мың теңге көлемінде мемлекеттік әлеуметтік көмек алды.
Жалпы, аталған жәрдемақыны алу үшін Алматы қаласында 7 306 қызметкерді құрайтын кәсіпорындардан мыңнан астам өтініш түскен.
Оқи отырыңыз: Ауруханалар карантин режимінде қалай жұмыс істейді? Фоторепортаж
10.29 – Түркістан облысының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы өңірде коронавирус инфекциясымен сырқаттанған 7 адамның тіркелгенін хабарлады. Олар осыған дейін Covid-19 жұқтырған науқастармен байланыста болған. Қазір бұл азаматтармен байланыста болғандарды анықтап, оқшаулау жұмыстары жүргізілуде. Түркістан облысында жалпы саны 23 адамда коронавирус індеті расталды.
- Жетісай ауданында – 11;
- Кентау қаласында – 2;
- Арыс қаласында – 1;
- Ордабасы, Сарыағашта – 1;
- Мақтааралда – 4;
- Сайрам ауданында – 2 адамнан вирус анықталды.
Індеттен Жетісай ауданының 1956 жылғы тұрғыны көз жұмды.
10.26 – Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасы аймақта Covid-19 жұқтырудың тағы бір дерегі анықталғанын хабарлады. Науқас инфекциядан 1 сәуірде қайтыс болған 62 жастағы ер адамның отбасы мүшесі. Қарағанды облысында 4 сәуірдегі жағдай бойынша коронавирус инйекциясын жұқтырудың 27 жағдайы тіркелді.
09.20 – Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, коронавирус жұқтырған тағы 36 адам тiркелдi. Олардың ішінде:
- Алматыда – 16 адам;
- Cолтүстік Қазақстан облысында – 7 адам;
- Түркістан облысында – 4 адам;
- Қарағанды облысында – 4 адам;
- Атырау облысында – 2 адам;
- Шымкентте – 1 адам;
- Жамбыл облысында – 1 адам;
- Маңғыстау облысында – 1 адам.
Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың жалпы саны – 500.
Түркістан облысында коронавирус жұқтырған бір адам көз жұмды.