Коронавирус Қазақстанда: 28 мамыр оқиғалары. Бір тәулікте Covid-19 жұқтырған 356 адам тіркелді
Қазақстанда коронавирус жұқтырудың алғашқы деректері 13 наурызда тіркелді. 76 күннің оқиғаларын осы жерден оқуға болады.
28 мамыр. Коронавирус жұқтырғандар саны – 9 932
- Алматы – 2 462;
- Нұр-Сұлтан – 1 868;
- Атырау облысы – 980;
- Қарағанды облысы – 788;
- Шымкент – 762;
- Батыс Қазақстан облысы – 544;
- Жамбыл облысы – 365;
- Түркістан облысы – 354;
- Қызылорда облысы – 330;
- Алматы облысы – 326;
- Ақтөбе облысы – 304;
- Павлодар облысы – 197;
- Маңғыстау облысы – 217;
- Ақмола облысы – 151;
- Қостанай облысы – 136;
- Шығыс Қазақстан облысы – 97;
- Солтүстік Қазақстан облысы – 51.
Жазылғандардың жалпы саны – 4 900.
Көз жұмғандар – 37.
ДДСҰ мәлімдемесінен кейін коронавирус жұқтырған қазақстандық науқастарға енді "Гидроксиxлорин" тағайындалмайды
Қазақстанда "Гидроксихлорин" және "Хлорохин" препараттарын Covid-19 инфекциясы бар науқастарды емдеу үшін қолдану тоқтатылды. Бұл туралы "Sputnik Қазақстан" клиникалық хаттаманы әзірлеушілер тобының жетекшісі Бақыт Көшероваға сілтеме жасап хабарлады.
"Қазіргі уақытта клиникалық хаттаманың сегізінші нұсқасында ДДСҰ мәлімдемесіне сәйкес халықаралық зерттеулерде көбірек дәлел алынғанға дейін "Гидроксихлорин" және "Хлорохин" препараттарын тағайындау уақытша тоқтатылды", – деді Бақыт Көшерова.
Бұл екі препарат – "Гидроксихлорохин" және "Хлорохин фосфаты" Қазақстанда Covid-19 емдеу үшін қолданылған. Олар коронавирустық инфекцияны диагностикалау мен емдеудің алдыңғы клиникалық хаттамаларында көрсетілген. 21 мамырда "СҚ-Фармация" басшысы Берік Шәріп баспасөз мәслихатында 18 мың таблетка көлемінде "Гидроксихлорохин" үнді препаратын Қазақстан ақпан айында сатып алғанын айтты.
25 мамырда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы "Гидроксихлорохин" және "Хлорохин" қолдануды Lancet медициналық журналы осы препараттарға қатысты француз дәрігер-ғалымдарының зерттеуін жариялағаннан кейін тоқтатты. Зерттеу авторлары монотерапия түрінде немесе басқа препараттармен біріктіріп "Гидроксихлорокинді" қабылдаған науқастардың арасында өлім-жітім деңгейі жоғары екенін хабарлады.
Оқи отырыңыз: Бақытжан Сағынтаев: Карантин кезінде Алматы экономикасы 9,2%-ға төмендеді
Шетелге әуе билетін сатып алу дәл сол күні рейстің бағытқа шығуына кепілдік бермейді
Қазір әуе компаниялары мен делдалдардың сайттарында халықаралық бағыттарға билеттер сатылып жатыр. Осыған байланысты Азаматтық авиация комитеті түсінік берді. Олар шетелге ұшулар басталар алдында билеттер бірнеше ай бұрын сатылымға түсетінен айтты. Әрі билет сатылымының әлемдік тәжірибесіне сай халықаралық рейстерге билет сату реттелмейтінін және шектелмейтінін жеткізді.
"Елімізге келетін немесе елімізден ұшатын халықаралық бағыттар бойынша әуе билеттерін сату және сатып алу халықаралық рейстердің қайта басталғанын білдірмейді және жолаушыға таңдап алынған бағыт және рейс күні ұшуға кепілдік бермейді. Халықаралық бағыттар бойынша тұрақты жолаушылар рейстерін қайта бастау эпидемиологиялық жағдайға, Қазақстан мен шет елдердің мемлекеттік шекарасынан өту шектеулеріне, cондай-ақ мемлекеттердің визалық талаптарына байланысты анықталады", – деп хабарлады Азаматтық авиация комитеті.
Халықаралық әуе қатынастарын қайта бастау туралы шешімді Қазақстан аумағында коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынымдарын, сондай-ақ шет мемлекеттер тарапынан келіп-кетуге қойылған шектеулерді алып тастауына байланысты қабылдайды.
Оқи отырыңыз: "Жабылу алдындамыз". Карантин жеке меншік балабақшалар жұмысына қалай әсер етті?
Әскерге шақыртылғандардың ант беру рәсіміне жақындары қатыспайды
Алматы қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы Амантай Өсербаев карантин жағдайында көктемгі әскерге шақыру қалай жүзеге асырылатынын түсіндірді. Оның айтуынша, биыл салтанатты ант беру рәсімі әскери қызметшілердің ата-аналары мен туыстарының қатысуынсыз өтеді. Сонымен бірге, әскери қызметшілерде ант беру сәтін видео, аудио құрылғыларға жазып, оны туған-туыстарына жіберу мүмкіндігі беріледі. Биыл көктемгі әскерге шақырылғандар 14 күндік карантинге алынып – сарбаздардың денсаулығы толық бақыланбақ.
"Медициналық комиссия құрамына сондай-ақ жұқпалы аурулар бойынша дәрігер кіреді. Әскери бөлімге келгеннен кейін әскерге шақырылушылар екі апталық карантинге жіберіледі. Одан әрі қарай оларды ПТР-тестілеу күтетін болады", – деді Амантай Өсербаев.
Оқи отырыңыз: 42 500 теңге әлеуметтік төлемге шетелге көшкендер мен түрмедегілер де өтініш берген
ҰБТ санитарлық-эпидемиологиялық талаптар сақтала отырып өткізіледі
Білім және ғылым министрлігінің ақпаратына сәйкес, биыл ҰБТ-ны 131 мыңнан астам түлек тапсырады. 150 өткізу орны белгіленген. Барлық ҰБТ өткізу орындары тепловизор, дезинфекциялық тоннель және аяқ киімді зарарсыздандыруға арналған кілемшелер, медициналық пунктер, санитайзерлер, маскалармен қамтамасыз етіледі.
Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов қазіргі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, ҰБТ-ны өткізудің санитарлық-эпидемиологиялық талаптары бойынша нұсқаулық әзірлеп, әлеуметтік арақашықтықты сақтау, санитарлық талаптарды міндетті түрде орындау, оқушыларды тестілеу орындарына жеткізудің қауіпсіздік шараларын ұйымдастыруға назар аударуды тапсырды.
Оқи отырыңыз: Шағын және орта бизнес жағдайы және оны қалпына келтірудің 3 жолы. Әлеуметтік зерттеу
Шымкентте жүкті әйел коронавирустан қалай емделгенін әңгімеледі
Шымкенттің аяғы ауыр тұрғыны қауіпті індетпен қалай ауырғанын айтып, жұртты бұл аурудың бар екендігіне сенуге шақырды. Келіншектің айтуынша, ол инфекцияны жұбайынан жұқтырған. Сондай-ақ, оның 10 жастағы және 2,5 жаста балалары да сырқаттанған. Отбасы мүшелері инфекциялық ауруханаға 22 сәуірде түсіп, медициналық мекемеде екі аптадай ем қабылдаған.
"Бұл ауруға сенбейтіндерге айтарым, індет шынымен бар және оған жауапкершілікпен қарау керек. Егер сізде коронавирус анықталса, үрейленбей, дәрігерлерге сеніңіз және емделіңіз. Мен вирус әлі туылмаған балама қалай әсер ететінін білмедім", - деді әйел.
Тоқаев БҰҰ форумында пандемия барлық мемлекеттің дамуына қауіп төндіргенін мәлімдеді
Қазақстан Президенті "Covid-19 пандемиясы тұсында және одан кейінгі кезеңде дамуды қаржыландыру" атты БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің, Канада Премьер-Министрі Джастин Трюдо мен Ямайка Премьер-министрі Эндрю Холнесстің бастамасымен өткен шараға қатысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Іс-шара онлайн өтіп, коронавирус салдарын жеңілдету және дағдарыстан кейінгі қайта қалпына келтіру жұмыстарына халықаралық іс-қимылдарды жұмылдыруға арналды. Форумға Германия, Франция, Оңтүстік Африка Республикасы, Жапония, Италия, Ұлыбритания, Пәкістан, Қырғызстан, Беларусь, Сауд Арабиясы және басқа да мемлекеттердің көшбасшылары, Халықаралық валюта қоры, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы, Дүниежүзілік банк жетекшілері, сондай-ақ, бірқатар халықаралық қаржы институтының басшылары қатысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев теңізге шыға алмайтын дамушы елдер тобының төрағасы ретінде сөз сөйледі.
"Пандемия барлық мемлекеттердің дамуына қауіп төндірді. Әсіресе сыртқы қаржыландыруы, сауда және инвестициясы азайған теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдерге оның зардабы көбірек тиді", – деді Қазақстан президенті сөйлеген сөзінде.
Осы орайда Мемлекет басшысы дамушы елдердің сыртқы қарыздарды және "цифрлық теңсіздікті" жою, таза ауыз суға, жасыл және заманауи агротехнологияларға қолжетімділікті қамтамасыз ету проблемаларын шешу үшін халықаралық шараларды іске асыруға шақырды.