Коронавирус Қазақстанда: 20 мамыр оқиғалары. Қатаң карантин шараларын қайта енгізу қаупі бар
Қазақстанда коронавирус жұқтырудың алғашқы деректері 13 наурызда тіркелді. 68 күннің оқиғаларын осы жерден оқуға болады.
20 мамыр. Коронавирус жұқтырғандар саны – 6969
- Алматы – 1 909;
- Нұр-Сұлтан – 1 319;
- Атырау облысы – 792;
- Шымкент – 485;
- Батыс Қазақстан облысы – 339;
- Қарағанды облысы – 287;
- Қызылорда облысы – 255;
- Түркістан облысы – 245;
- Ақтөбе облысы – 231;
- Алматы облысы – 219;
- Жамбыл облысы – 217;
- Павлодар облысы – 167;
- Маңғыстау облысы – 163;
- Ақмола облысы – 134;
- Қостанай облысы – 110;
- Шығыс Қазақстан облысы – 58;
- Солтүстік Қазақстан облысы – 39.
Жазылғандардың жалпы саны – 3734.
Көз жұмғандар – 35.
"Астана Опера" театры карантинге жабылды
"Астана Опера" театрының баспасөз қызметі театр ғимаратының карантинге жабылғанын хабарлады. Хабарламада 11 мамырдан бастап театр қызметкерлерінің 30 пайызы жұмысқа қосылғаны туралы айтылған. Алайда, 20 мамыр күні жұмыста жүрген бір қызметкердің коронавирус инфекциясын жұқтырғаны белгілі болыпты.
Оқи отырыңыз: "Болашақ" стипендиясына үміткерлерді іріктеудің жаңа ережесі бекітілді"Осы жағдайдан кейін театр ғимараты санитарлық жұмыстар жүргізу үшін уақытша жабылды. Қазір ғимарат та, қызметкерлерді таситын көліктер де толықтай зарарсыздандырылып жатыр. Театр қызметкерлері қазір қашықтан жұмыс істеуде. Олар күн сайын театрдың жедел штабына өзінің денсаулық жағдайы туралы есеп беріп отырады", – деді баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Әбдірова.
Батыс Қазақстан облысында бір азаматтың вирусты қайдан жұқтырғаны белгісіз болып отыр
Таяуда Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданында 30 жастағы азаматтың Covid-19 жұқтырғаны анықталды. Алайда, дәрігерлер оның вирусты кімнен жұқтырғанын білмей дал боп отыр. Науқастың айтуынша, ол ауылдан бір қадам аттап шықпаған, вирус жұқтырған бірде-бір жанмен байланыс жасамаған. Өзі аудандық ауруханада жұмыс істейді екен.
Оқи отырыңыз: "5-10-20" жаңа тұрғын үй бағдарламасы. Артықшылықтары мен шарттары қандай?"Бұл – біздің облыста науқастың вирусты кімнен жұқтырғанын таппай отырған алғашқы жағдай. Қазір Батыс Қазақстан облысында 339 науқас тіркелген. Олардың 70 пайызы – Ресей мен Атырауда вахталық әдіспен жұмыс істеп келген жұмысшылар. Ал, қалғандары – cолармен байланысқа түскендер", – деді БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев.
Елордалық дүкен сатушыларынан күн сайын Covid-19 табылды
Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова Нұр-Cұлтанда коронавирус инфекциясын жұқтырған дүкен сатушылары күн сайын тіркеліп отырғанын хабарлады. Оның айтуынша, елордадағы көптеген дүкендерде қарапайым ережелер сақталмай отыр.
"Таяуда бірнеше күн қатарынан 358 нысанды тексердік. Оның ішінде 85 нысанның санитарлық талаптарды орындамай отырғаны белгілі болды. Олардың қатарында азық-түлік сататын да, сатпайтын да дүкендер бар. Сатушылар қорғаныс құралдарынсыз, антисептиксіз, қолғапсыз, маскасыз жұмыс істеп жатыр. Сұлулық салондары, тіс емханалары, нан шығаратын зауыттарда да сол жағдай қайталанып отыр", – деді Айжан Есмағамбетова.