Жаңа ережеге сәйкес, үміткерлердің бәріне бірдей мүмкіндіктер ұсынылады. Ал барлық квоталық санаттар алынып тасталды.
2020 жылдан бастап "Болашақ" стипендиясының конкурсына ауылдық елді мекендерден келген үміткерлерді қоспағанда, жетекші шетелдік жоғары оқу орындарынан шартсыз шақыртуға ие талапкерлер ғана қатыса алады.
Конкурстық кезеңдер саны 6-дан 3-ке дейін қысқартылды, атап айтқанда уәждемелік пен ұсыныс хаттарды бағалаудың іріктеу кезеңдері, сонымен қатар мемлекеттік және шет тілдерін білуге арналған кезеңдер алынып тасталды. Үміткерлер өздігінен тест тапсырып, құжат өткізген кезде мемлекеттік тілді білу туралы сертификаттарын ұсынуы керек. Ауылдық жерлерден келген үміткерлер қосымша шет тілін білу туралы сертификаттарды ұсынады.
Оқи отырыңыз: "Болашақ" стипендиясының талаптары тағы да күшейді. Үміткерлер нені білуі тиіс?
Мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтауға арналған сынақ Ұлттық тестілеу орталығының аймақтық филиалдарында өткізіледі.
Іріктеу кезеңдері:
- 1-кезең: Интеллектуалды қабілет деңгейін, жеке және іскерлік қабілеттерін, шетелде оқуға психологиялық дайындығын анықтайтын кешенді тест;
- 2-кезең: Тәуелсіз сарапшылар комиссиясының мүшелерімен жеке сұхбат;
- 3-кезең: Шетелде кадрларды даярлау жөніндегі республикалық комиссияның отырысы.
Айта кетерлігі, жаңа ережеде алдын ала тілдік оқыту алынып тасталды. Ол тек ауылдық жерлерден келген талапкерлер үшін сақталады және 6 ай мерзімі ішінде ағылшын тілін үйрену Қазақстан аумағында өткізіледі.
Оқи отырыңыз: "Болашақ" стипендиясы оқу қажеттіліктерін өтей ме? АҚШ-тағы студенттер пікірі
Ауылдық елді мекендерден қатысатын үміткерлер тек соңғы 3 жыл ішінде ауылдық жерлерде тұрып және оның 2 жылын жұмыс істеуге арнаған жағдайда ғана конкурсқа қатыса алады.
Басымдық берілген мамандықтар тізбесі еңбек нарығы қажеттіліктерінің орта мерзімді болжамын ескере отырып, Білім және ғылым министрлігі арқылы жасалады.
2020 жылға арналған "Болашақ" стипендиясын тағайындау конкурсының жеңімпаздарына ұсынынылатын жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының, шетелдік ұйымдардың және тілдік курстар тізімінің жобасы қазір келісілу үстінде.
Оқи отырыңыз: АҚШ университеттеріне оқуға түсу үшін қалай дайындалу керек?
Әлемнің жетекші университеттері тізімінің жобасы келесі халықаралық академиялық рейтингтер бойынша анықталады:
- QS World University Rankings;
- Academic Ranking of World Universities;
- Times Higher Education World University Rankings;
- The U.S. News & World Report Best Global University Ranking.
Сонымен қатар, Тәуелсіз сарапшылар комиссиясының құрамы мен жұмыс регламентіне өзгерістер енгізілуде. Комиссия жұмысын қатаң реттей отырып, оның ашықтығын барынша күшейту жоспарлануда.
"Болашақ" стипендиясына құжаттарды қабылдау және стипендия тағайындау конкурсын өткізу мерзімі құжаттарды қабылдау уақытынан 10 күнтізбелік күн бұрын Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.