Тікелей эфир

Коронавирус Қазақстанда: 20 мамыр оқиғалары. Қатаң карантин шараларын қайта енгізу қаупі бар

Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Бір тәулікте Covid-19 жұқтырған 218 адам анықталып, 136 науқас емделіп шықты.

Қазақстанда коронавирус жұқтырудың алғашқы деректері 13 наурызда тіркелді. 68 күннің оқиғаларын осы жерден оқуға болады.

20 мамыр. Коронавирус жұқтырғандар саны – 6969

  • Алматы – 1 909;
  • Нұр-Сұлтан – 1 319;
  • Атырау облысы – 792;
  • Шымкент – 485;
  • Батыс Қазақстан облысы – 339;
  • Қарағанды облысы – 287;
  • Қызылорда облысы – 255;
  • Түркістан облысы – 245;
  • Ақтөбе облысы – 231;
  • Алматы облысы – 219;
  • Жамбыл облысы – 217;
  • Павлодар облысы – 167;
  • Маңғыстау облысы – 163;
  • Ақмола облысы – 134;
  • Қостанай облысы – 110;
  • Шығыс Қазақстан облысы – 58;
  • Солтүстік Қазақстан облысы – 39.

Жазылғандардың жалпы саны – 3734.

Көз жұмғандар – 35.

"Астана Опера" театры карантинге жабылды

"Астана Опера" театрының баспасөз қызметі театр ғимаратының карантинге жабылғанын хабарлады. Хабарламада 11 мамырдан бастап театр қызметкерлерінің 30 пайызы жұмысқа қосылғаны туралы айтылған. Алайда, 20 мамыр күні жұмыста жүрген бір қызметкердің коронавирус инфекциясын жұқтырғаны белгілі болыпты.

"Осы жағдайдан кейін театр ғимараты санитарлық жұмыстар жүргізу үшін уақытша жабылды. Қазір ғимарат та, қызметкерлерді таситын көліктер де толықтай зарарсыздандырылып жатыр. Театр қызметкерлері қазір қашықтан жұмыс істеуде. Олар күн сайын театрдың жедел штабына өзінің денсаулық жағдайы туралы есеп беріп отырады", – деді баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Әбдірова.

Оқи отырыңыз: "Болашақ" стипендиясына үміткерлерді іріктеудің жаңа ережесі бекітілді

Батыс Қазақстан облысында бір азаматтың вирусты қайдан жұқтырғаны белгісіз болып отыр

Таяуда Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданында 30 жастағы азаматтың Covid-19 жұқтырғаны анықталды. Алайда, дәрігерлер оның вирусты кімнен жұқтырғанын білмей дал боп отыр. Науқастың айтуынша, ол ауылдан бір қадам аттап шықпаған, вирус жұқтырған бірде-бір жанмен байланыс жасамаған. Өзі аудандық ауруханада жұмыс істейді екен.

"Бұл біздің облыста науқастың вирусты кімнен жұқтырғанын таппай отырған алғашқы жағдай. Қазір Батыс Қазақстан облысында 339 науқас тіркелген. Олардың 70 пайызы Ресей мен Атырауда вахталық әдіспен жұмыс істеп келген жұмысшылар. Ал, қалғандары cолармен байланысқа түскендер", деді БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев.

Оқи отырыңыз: "5-10-20" жаңа тұрғын үй бағдарламасы. Артықшылықтары мен шарттары қандай?

Елордалық дүкен сатушыларынан күн сайын Covid-19 табылды

Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова Нұр-Cұлтанда коронавирус инфекциясын жұқтырған дүкен сатушылары күн сайын тіркеліп отырғанын хабарлады. Оның айтуынша, елордадағы көптеген дүкендерде қарапайым ережелер сақталмай отыр.

"Таяуда бірнеше күн қатарынан 358 нысанды тексердік. Оның ішінде 85 нысанның санитарлық талаптарды орындамай отырғаны белгілі болды. Олардың қатарында азық-түлік сататын да, сатпайтын да дүкендер бар. Сатушылар қорғаныс құралдарынсыз, антисептиксіз, қолғапсыз, маскасыз жұмыс істеп жатыр. Сұлулық салондары, тіс емханалары, нан шығаратын зауыттарда да сол жағдай қайталанып отыр", деді Айжан Есмағамбетова.

Оқи отырыңыз: Алматыда "бомждар" қалай және қайда жерленеді? Батыс зиратынан фоторепортаж

16 наурыздан бері төтенше жағдай режимін алматылық 2 294 азамат бұзған

Алматы қалалық полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов 16 наурыздан бері карантин режимін қанша адам бұзғанын хабарлады.

"Алматыда карантин режимін бұзғаны үшін 2 294 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың жартысынан көбі сотта кінәлі деп танылып, айыппұл салынды. Ал 700 адам әкімшілік қамауға алынды", деді Қанат Таймерденов.

Полиция басшысының айтуынша, карантин кезінде Алматыдағы қылмыс саны шамамен 30-40 пайызға азайған. Сондай-ақ, жол-көлік оқиғалары да айтарлықтай азайғаны белгілі болды.

Оқи отырыңыз: Оқушыларға арналған гранттар. Qazbilim олимпиадасына қалай қатысуға болады?

Теңіз кен орнына арнайы комиссия жіберілді

Атырау облысындағы Теңіз кен орнында 935 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды. Сондай-ақ, Қазақстан бойынша басқа да жабық ұжымдарда вирустың тез таралғаны тіркеліп отыр. Мұндай мекемелер қатарында Шымкенттегі "Петро Қазақстан" ЖШС (101 адам), Қарағанды облысындағы "Қазақмыс" кеніші (34 адам) және мердігер ұйымдар (23 адам) бар.

Теңіз кен орнында инфекция жұқтырғандар санының күрт өсуіне байланысты Атырау облысында үкіметтік комиссия жіберілген. Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетованың айтуынша, тексеру жұмыстарынан соң кен орнында инфекция таралуының алдын алуға бағытталған арнайы жоспар құрылған.

"Қазіргі уақытта сол жоспардың уақытылы орындалуын бақылауымыз қажет. Әйтпесе, науқастар саны одан сайын көбейіп кетіп, мұның арты кәсіпорынды мәжбүрлі түрде жабуға әкеп соғуы мүмкін", – деді Айжан Есмағамбетова.

Серіктестер жаңалықтары