Тікелей эфир

Алматыда "бомждар" қалай және қайда жерленеді? Батыс зиратынан фоторепортаж

Алмаз Төлекенің суреті
Алмаз Төлекенің суреті
Үйі-күйі жоқтар, былайша айтқанда "бомждар" Алматыда Боралдай маңындағы Батыс зиратына жерленеді. Бұл рәсімге жергілікті бюджеттен жылына 15 млн теңге бөлінеді.

Алматыны белгілі бір деңгейде қаңғыбастар қаласы деп атауға болады. Өйткені, республика бойынша панасы жоқ, көше мен саябақтарды мекен еткен, туыстары жоқ не олар бас тартқан, көпке "бомж" атауымен белгілі жандар көп. Олардың тұрмыс-тіршілігін өзіміз де көріп жүреміз, ал олар қайтыс болған жағдайда кім және қайда жерлейді? Боралдай маңында бұл мақсатқа арналған Батыс зираты бар. Бұл қалаға қарайтын зираттардың ең үлкені.

Ал қайтыс болған жандарды ақтық сапарға шығарып салу рәсімін Салттық қызметтер көрсетудің арнаулы комбинаты атқарады. Мекеме Батыс зиратының кіреберіс тұсында орналасқан. Informburo.kz тілшілері осы Батыс зиратында болып, мекеме мамандарымен тілдесіп қайтты.


Батыс зиратының кіреберіс аумағы

Батыс зиратының кіреберіс аумағы / Алмаз Төлекенің фотосы


Оқи отырыңыз: Коронавирус жұқтырып, қайтыс болғандар қалай жерленеді? Министр бұйрығы, ҚМДБ пәтуасы және шетел тәжірибесі

Аумағы ат шаптырым жерді алып жатқан бұл зират өткен ғасырдың 70-жылдары пайда болған. Содан бері мұнда миллионнан астам адам жерленіпті. Зират аумағына ұлты мен дініне қарамастан, қайтыс болған кез-келген марқұмды жерлеуге болады. Бірақ, мұндағы бейіттердің көбінде аты-жөні беймәлім, іздеушісі жоқ адамдар мәңгілік пана тапқан.


Туыстары жерлеген марқұмдардың бейіттері қоршалып, маңайына күтім жасалады

Туыстары жерлеген марқұмдардың бейіттері қоршалып, маңайына күтім жасалады / Алмаз Төлекенің фотосы


Оқи отырыңыз: Жерлеу рәсімінің жоралғылары қандай? Қазада шашылу қазақы салт па, діни дәстүр ме?

Көшеде көз жұмып, кім екені анықталмағандар немесе жер қойнына тапсырар жақындары табылмағандардың бейіттері болса, қаз-қатар тізіліп тұр. Олардың зираты қоршалмаған, тек нөмірленген жалғыз тақтайшамен белгіленген. Бұрынырақта жерленгендерінің тіпті топырағы шөгіп кеткен.


Тақтайшамен белгіленген төбешік астында іздеушісі табылмаған адамдар жерленген / Алмаз Төлекенің фотосы


Марқұмның тірі кезінде қандай дінді ұстанғаны немесе қай ұлт өкілі болғаны маңызды емес. Барлығы мәйітханадан ағаш табытқа салынып, жабық күйде әкелінеді. Оларды алдын ала трактормен қазылып, дайын тұрған қабірге жерлейді. Тереңдігі – 1,5 метр, ұзындығы – 2 метр болатын қабірлердің ара қашықтығы алшақ емес. Марқұмды ақтық сапарға комбинат қызметкерлері шығарып салады. Жұмысшылардың міндетіне мәйітті жуындыру, кебіндеу және жаназа намазын оқу кірмейді.


Қабірлер бір-біріне тым жақын қазылған / Алмаз Төлекенің фотосы


Қабірлер нөмірі бар тақтайшамен әдейі белгіленеді. Мұндай реттік санды марқұмның денесін тапсырарда мәйітхана қызметкерлері белгілейді. Нөмір бойынша қайтыс болған адам туралы деректер тіркеу кітабына енгізіледі. Яғни, оның құжаты бар немесе құжатсыз адам болғаны сол нөмір арқылы айқындалады.

"Қайтыс болған адамның барлық мәліметі мәйітханада және құзырлы органдарда сақталады. Олар бізге аты-жөні мәлім немесе белгісіз тұлғаларды нөмірмен береді. Мысалы, егде жастағы әйел ауруханаға түсіп қайтыс болды делік. Оның өзімен бірге құжаты болды, бірақ туыстары табылмады. Жерлейтін ешкімі болмаған осындай адамдарды біз ақтық сапарға өзіміз аттандырамыз", – деді Алматы бойынша салттық қызметтер көрсетудің арнаулы комбинатының маманы Ерік Далов.


Қоршалмаған бейіттердің топырағы тапталып жатыр / Алмаз Төлекенің фотосы


Кейінірек марқұмдардың туыстары табылып жатса, тіркеу кітабындағы нөмір арқылы бейітті анықтауға болады. Комбинат мамандарының айтуынша, кей адамдар жақындарының сүйегін қайта қазып, туған жеріне немесе басқа зиратқа көмуге алып кетеді. Дегенмен, көп жағдайда туыстары қара жерге тапсырылған соң, марқұмның әруағын мазаламауға тырысады.

"Туыстары табылып жатса, бейітті көрсетіп, орнын белгілеп береміз. Содан кейін олар құлыптас қойып, маңайын қоршап жөндейді. Кейбірі ақшаның жоқтығынан болар, тек жарты ай немесе крест түріндегі белгілерді ғана қойып кетеді", – деді Ерік Далов.


Туысқаны табылған марқұмның бейіті / Алмаз Төлекенің фотосы


Қайтыс болған адамның жақындары мәйітті қазып алып, қайта жерлеу үшін құзырлы органдардан туысы екенін растайтын анықтама әкелуі тиіс. Сол құжат негізінде салттық қызметтер көрсетудің арнаулы комбинатына келіп арыз жазып, эксгумация жасағанға 82 мың теңге төлеуі шарт. Мәйітті қазу жұмыстарын комбинат қызметкерлері жүзеге асырады. Бірақ, басты талап – мәйітті жерлегеніне тек 1 жыл толғанда ғана эксгумация жасауға рұқсат етіледі. Өйткені, санитарлық норма бойынша мәйітті тек бір жылдан кейін аршуға болады. "Адам сүйегі зиянды заттар бөледі", – дейді Ерік Далов. Қабірден шығарылған сүйектерді арнайы герметикалық полиэтилен қапқа салып алып кетуге болады.


Панасыздардың бейіт басында гүл шоқтары сирек кездеседі / Алмаз Төлекенің фотосы


Аты-жөні белгісіз және іздеушісі жоқ марқұмдарды жерлеудің арнайы тәртібі жоқ. Жерлеу рәсімі аптаның белгілі бір күндеріне де бөлінбейді. Қайтыс болғандардың саны алтыға толғанда мәйітханадан комбинат өкілдеріне хабар түседі. Сол кезде мұндағы мамандар арнайы техникамен барып, марқұмдардың табытын алып кетеді. Комбинат қызметкерлері қала үлкен болғандықтан, жерленетін мәйіттер ешқашан толастамайтынын айтады. Айтуларынша, кейде бір айда тек 6 адамды көметін болса, кей кезде тіпті 20 адамға дейін ақтық сапарға аттандырады екен.


Бұл жердің топырағы құмды. Баппен қазбаса, ойылып кетеді / Алмаз Төлекенің фотосы


Марқұмдардың саны алтыға толғанша Алматыдағы мәйітхананың тоңазытқышында сақталады. Сот сараптамасы институтының мамандары мәйітке тиісті сараптама жасап, өлім себебін анықтайды. Жерлеу алдында полицейлер жедел шаралар жүргізіп, марқұмды суретке түсіреді. Сондай-ақ, саусақ таңбаларын алып, арнайы база бойынша тексереді. Барлық деректер Жазатайым оқиғалар бюросында сақталады. Бұл шаралар уақыт өте келе қайтыс болған адамның туыстары табылып жатса, мәйітті тануға көмектесу үшін жасалады.


Мәйіттер сақталатын тоңазытқыш

Мәйіттер сақталатын тоңазытқыш / Алмаз Төлекенің фотосы


Марқұмның денесі мәйітханада ұзақ уақыт сақталмайды. Өйткені, тоңазытқыш ішіндегі орын саны шектеулі. Егер 10 күн ішінде белгісіз тұлғаның жақындары төбе көрсетпесе, жерлеуге жөнелтіледі. Алматы полиция департаментінің дерегінше, былтыр қалада 129 адамның өлі денесі табылған. Олардың 110-ның аты-жөні анықталған. Ал биылғы жыл басынан бері 33 адамның мәйіті табылып, марқұмдардың 20-сының кім екені белгілі болды.

Алайда, бұл адамдардың барлығы Батыс зиратына жерленді деген сөз емес. Туыстары табылып, мүрделерін алып кеткендер болуы мүмкін. Салттық қызметтер көрсетудің арнаулы комбинаты бюджеттен бөлінген қаржыға қанша марқұмды жерлегенін жария етуден бас тартып, ақпаратты құпия сақтауды жөн көрді.


Мәйітханадағы сараптама жасайтын орын

Мәйітханадағы сараптама жасайтын орын / Алмаз Төлекенің фотосы


Тұрғылықты жері жоқ адамдар жерленетін бұл зиратқа, қаланың барлық медициналық мекемелерінен шыққан биологиялық қалдықтар да көміледі. Бұл жұмысты да Алматы салттық қызметтер көрсетудің арнаулы комбинаты жүзеге асырады. Жетілмеген эмбрион, кесілген аяқ-қол сынды биологиялық қалдықтарды медициналық мекемелер герметикалық қапқа салып өздері әкеледі. Мұндағылар тек тереңірек ор қазып, оны көмумен ғана айналысады. Әр қапқа салынған қалдықтар 70 келіден аспауы тиіс. Биологиялық қалдықтар көмілген шұңқыр үсті де нөмірленген тақтайшамен белгіленеді.


Биологиялық қалдықтар үшін қазылатын шұңқырдың тереңдігі 3 метрге жетеді

Биологиялық қалдықтар үшін қазылатын шұңқырдың тереңдігі 3 метрге жетеді / Алмаз Төлекенің фотосы


Оқи отырыңыз: Қаралы үй. Қазаның жолы ауыр дейтін қазақтың салт-дәстүрі неге ұмыт қалды?

"Панасыз қалған адамдар мен туыстары табылмаған марқұмдарды жерлеуді мемлекет өз мойнына алады. Салттық қызметтер көрсетудің арнаулы комбинатына бұл үшін жыл сайын жергілікті бюджеттен 15 млн теңге бөлінеді. Бұл қаржы шығындарына жерлеу қызметінен бөлек, биоқалдықтарды көму де кіреді", – дейді комбинат маманы Ерік Далов.


Комбинат маманы Ерік Далов

Комбинат маманы Ерік Далов / Алмаз Төлекенің фотосы


Бұл зиратқа кез-келген адамды жерлеуге болатынын жоғарыда айттық. Жер тегін беріледі. Тек комбинат қызметкерлеріне қабірді даярлату үшін 12 сағат бұрын келіп тапсырыс беріп, ақысын төлесе жеткілікті. Мұнда адамды жерлеу құны төмендегідей:

  • Мұсылман қабірі – қолмен қазса – 55 мың теңге, егер сыртынан плитка салса – 85 мың теңге;
  • Християн қабірі – трактормен қазса – 42 мың теңге, қолмен қазса – 53 мың теңге.

Комбинатта 200-ге жуық адам жұмыс істейді. 50 техника бар. Мамандар бұл жердің топырағы құмды екенін айтады. Сондықтан, қабірді баппен қазбаса, маңайы ойылып кететін көрінеді.


Зират аумағы қоршалғанымен, ешкім күзетпейді. Сондықтан, шойын темірлер жиі ұрланады

Зират аумағы қоршалғанымен, ешкім күзетпейді / Алмаз Төлекенің фотосы


Оқи отырыңыз: Қазақстандағы "Қабірстан" неге даңғазалық пен бос мақтанның белгісіндей?

Алматыда жалпы саны 70 зират бар. Соның ең үлкені осы Батыс зираты. 287 гектар аумаққа созылған зираттың, тек 60 гектар жері ғана бос тұр. Мамандар бос орындар шамамен жиырма жылға жетеді деп болжап отыр. Егер зираттағы орын толған жағдайда, жергілікті билік марқұмдарды көметін басқа жер қарастыруы керек.


Батыс зиратының аумағы 287 гектар

Батыс зиратының аумағы – 287 гектар / Алмаз Төлекенің фотосы


"Зират аумағы қоршалғанымен, ешкім күзетпейді. Бейіттерді қору біздің құзырымызға кірмейді", – дейді комбинат өкілдері. Сондықтан болар, мұндағы мазарлардан шойын темірлер жиі ұрланады екен. Бірақ, ұрлық дерегі тек бейітке қайтыс болғандардың жақындары келген кезде анықталады. Ал сұғанақтардың марқұмдардың мүлкін қашан үптеп кеткенін ешкім дөп басып айта алмайды.

Серіктестер жаңалықтары