1 наурыздан бастап Қазақстанда барлық сағат бірдей уақытты көрсететін болады. 

Сағатты кім және қалай ауыстыруы керек

Көктемнің алғашқы күні Қазақстан тұтастай UTC+5 уақыт белдеуіне көшеді. Қазір қазақстандықтар UTC+5 және UTC+6 деген екі уақыт белдеуінде тұрып жатыр. Осы себептен елдің басым бөлігі географиялық уақытынан алда келеді

Енді Астана, Алматы, Шымкент, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарында және Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарында 2024 жылғы 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні (сағат 00:00-де) жергілікті уақытты 1 сағатқа артқа қою керек. Толығырақ гиперсілтеме арқылы өтіп оқи аласыз. 

Цифрлық даму министрлігі телефон мен компьютердегі сағатты бір уақыт белдеуіне келтіру үшін не істеу керегін айтты. Ведомствоның түсіндіруінше, бұл үшін гаджеттің операциялық жүйесін жаңарту жеткілікті. 

Онлайн мемлекеттік қызметтер

1 наурызға қараған түні қазақстандықтар үшін бірқатар онлайн мемлекеттік қызмет қолжетімсіз болады. eGov.kz порталы және оның "Е-Нотариат" секілді құрамдас бөліктері өз жұмысын тоқтатады


Оқи отырыңыз: 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай Астанада қандай шаралар болады


Намаз уақыты өзгереді

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Қазақстанның бір уақыт белдеуіне көшуіне байланысты ресми сайтындағы намаз уақыты 1 наурыздан бастап жаңаратынын хабарлады. 

29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні сағат 00:00-де Қазақстан бойынша UTC (дүниежүзілік үйлестірілген уақыт) +5 уақытына ауысқан сәтте намаз уақыттары да автоматты түрде өзгереді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми www.muftyat.kz сайтындағы намаз кестесінен өздеріңізге қажетті ауыл мен қаладағы намаз уақыттары жайлы мәліметтерді алуға болады. Мұнымен қатар ҚМДБ Informburo ресми сауалына берген  жауабында 1 наурызда жұма намазының сағат қаншада оқылатынын түсіндірді.

Мектептерде сабақ уақыты өзгереді

Мектептерде бірінші ауысымдағы сабақтар кейінірек басталуы мүмкін. Бірыңғай уақыт белдеуін енгізуге байланысты Білім министрлігі әкімдіктерге сабақтың басталу уақытын қайта қарауға мүмкіндік береді. Бұл туралы Білім министрі Ғани Бейсембаев айтты.

Ұшақ кестесі

Әуе компанияларының ұшу кестесіне өзгерістер енгізіледі. Компаниялар көптеген рейстің уақытын реттегенімен, кейбір жолаушыға ұшағының бір сағат бұрын ұшатыны туралы ескертіледі. Олардың электрондық поштасы мен телефон нөміріне SMS-хабарламалар мен хаттар барады. Мұнымен қатар жолаушылар хабарландыруды күтпестен ұшақтың ұшатын уақытын өздері тексере алады. 


Оқи отырыңыз: Бір уақыт белдеуіне көшу: Жұма намазы 1 наурыздан бастап нешеде оқылады


Электр энергиясының тарифтері және желі жүктемесі

Ұлттық электр желісі операторы "KEGOC" АҚ Қазақстанда біртұтас уақыт белдеуіне көшу таңертең және кешке электр энергиясын тұтынудың шамалы өсуіне әкелетінін мәлімдеді. Дегенмен компания жүйе жүктемені көтереді және электр қуатының үзілуіне байланысты тәуекелдер жоқ деп сендірді. "KEGOC" АҚ төрағасы Нәби Айтжановтың айтуынша, азаматтар тұтыну тарифтерін бағаны өсірмей төлей береді.

Кәсіпкерлерге арналған кассалық машиналар

Өзгерістер касса жүйелеріне де әсер етеді. Кейбір құрылғыларда уақытты қолмен өзгерту қажет болады, ал басқаларында бұл автоматты түрде жүзеге асады. Кейбір кәсіпкерге кассалық аппараттарының баптауларын өзгерту қажет болады.

Байланыстағы кедергілер

Бірыңғай уақыт белдеуіне көшу ұялы байланыс операторларының ай сайынғы тарифтерді қосарландыруы және басқа да қызметтерді үзуіне әкелуі мүмкін. Дегенмен байланыс операторлары мұндай оқиғаларды болдырмау үшін шара қолданып жатқанын айтып сендірді. 


Оқи отырыңыз: 2024 жылғы ораза 11 наурызда басталады. Не істеп үлгеру қажет