Қазақстанда неге дәстүрлі құндылықтар басым? Сарапшылардың пікірі
Қазақстандағы Фридрих Эберт атындағы қор өкілдігі "Қазақстан қоғамының әлеуметтік өлшемдегі құндылықтары" атты зерттеу жұмысын жүргізген. Зерттеуде қазіргі заманғы құндылықтар тренді жағдайындағы қазақстандықтардың бейнесі сипатталады.
Informburo.kz Алматыда өткен "Құндылықтар мен қазақстандықтар" пікір талқысында зерттеу нәтижелерін талқылаған сарапшылардың пікірін ұсынады.
Оқи отырыңыз: Осы заманғы жастар түсінігіндегі құндылықтардың трансформациялануыСауалнамаға барлығы 1 600 адам қатысқан. Зерттеу нәтижесінде Қазақстан қоғамында дәстүрлі құндылықтар басым екені анықталған:- ата-ана мен үлкенді құрметтеу – 92,6%;
- қоғамдағы тәртіп – 92%;
- салт-дәстүрлер – 89%;
- жақындарға көмектесу – 92,8%.
Ал әлемнің демократиялы елдерінде келесі құндылықтардың үлесі жоғары:
- құқықтар теңдігі – 90%;
- таңдау еркіндігі – 89%;
- төзімділік пен толеранттылық – 89,6%;
- адам құқығы – 35%;
- бостандықтың маңызы – 30%;
- пікірлер әралуандығы – 85 %.
"Дәстүрлі құндылықты әркім өзінше түсінеді. Әлеуметтік желідегі жазбаларға қарап, қазақстандықтар үшін азаматтық құндылықтардан гөрі этникалық ерекшеліктер маңыздырақ екенін байқаймыз", – деді Алматыдағы Фридрих Эберт атындағы қор өкілдігінің басшысы Толғанай Үмбетәлиева.
Зерттеу авторын дәстүрлі құндылықтарды маңызды санайтын жастардың көптігі таң қалдырған. Зайырлы мемлекетте демократиялық құндылықты жақтаушылардың басым болуы заңдылық. Дегенмен, Қазақстандағы жағдай басқаша.
Бұл туралы сарапшылар не дейді?
Оқи отырыңыз: Қоғамдағы жасандылық пен демонстративтілік туралы
Құндылықтар қалай қалыптасады?
– Қазақстанда неге дәстүрлі құндылықтар басым? Дәстүрлі құндылықтар дегеніміз – отбасы, ру, айналадағы адамдар. Әлеуметтану саласында құндылықтар белгілі бір түспен белгіленеді. Дәстүрлі құндылықтардың түсі – күлгін. Бұл зерттеу "қазіргі қоғамда күлгін құндылықтар басым" деген менің гипотезамды дәлелдеп берді. Қауіпсіздік құндылықтарының басым болуы 1999 және 2008 жылғы екі ірі дағдарыспен байланысты. Сол кезде біз бір қадам шегініп, "сарғыш" құндылықтар – қауіпсіздік пен аман қалуға өттік.
Этнос ретінде еркіндік сезімі, кең даланы сезіну, шетсіздік, бостандықты жақсы көру еркіндік құндылығы басым екенін көрсетеді. Құндылықта түс, этнос, жас деген өлшемдер болмайды, себебі құндылық – универсал нәрсе. Алайда Қазақстан даму прогресін жасауға көмектесетін қандай да бір универсалды концепцияны, азаматтарға ортақ сәйкестік қалыптастыратын идеологияны іздеу үстінде.
Оқи отырыңыз: Отбасы құндылығын жоғалту ұлтты құртады. Қазақтар БҰҰ-ның алғашқы ондығына қалай енді?
Мұхтар Сеңгірбай, саясаттанушы:
– Бір елде өмір сүретін адамдардың құндылықтары да бір деп айтуға келмейді. Әртүрлі өлшемдерге сүйеніп талдау жасағанда құндылықтар да әртүрлі болып шығады. Біз транзитті қоғамда өмір сүреміз. 30-40 жастан асқандарға қарағанда жастардың құндылықтары өзгеше. Қырықтан асқандар кедергілер бар деп, бірнәрседен қорқып, өзін біреу бақылайды деп ойлайды. Қандай да бір ішкі цензура бар. Сол себепті нағыз құндылықтарды сыртқа көрсетпейміз.
Жастар ойын ашық білдіріп, таңдауын еркін жасап, бостандыққа ұмтылады. Ал аға буын өзін субъект емес, саясаттың нысаны деп санайды. Елде болып жатқан нәрселердің өзіне қатысы жоқ деп ойлайды.
Саясат "нашар" құндылықтарды таратады. Билікке көпшілік "халыққа қызмет ететін құрал" деп қарамайды.
Оқи отырыңыз: Қазақ отбасында ажырасу үйреншікті жағдайға айналып бара жатырОтбасындағы тәрбиенің рөлі
Ғалым Жүсіпбек, тәуелсіз сарапшы:
– Бәріміз заң алдында теңбіз, бір-бірімізді сыйлауымыз керек дейміз. Бұл – формалды институт. Формалды емес институт – ағайыншылдық. Егер олай етпесең – "адам емессің". Ал мұндай формалды емес институттармен қалай күресеміз? Оларды отбасы, білім беру жүйесі қалыптастырады.
Құндылықтар туралы зерттеуде сыйластық пен мейірімділік басым болса да, Қазақстанда әр үш әйелдің бірі тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Отбасылардың 40 пайызы ажырасады. Алайда Қазақстан ратификациялаған алғашқы құжаттардың бірі – "Бала құқықтары конвенциясында" физикалық зорлық-зомбылыққа тыйым салынса да, заңнамада жазалауға тыйым салатын нақты бап жоқ.
Шет тілін білетін ғалымдар қазіргі заманғы концептілермен жұмыс істеп, адамды және оның пікірін құрметтеу секілді ортақ құндылықтарды таратады. Ал бір кеңістікте тұрып қалған, шет тілдерін білмейтін, аударылған әдебиетті оқымайтын ғалымдар жеке құндылықтарын, ең кем дегенде ұлттық, бірақ, көне, феодалды, дәстүрлі құндылықтарға сүйенеді. Олар үшін бала мен әйел құқығы – жалған.
Қоғамда жақсы-жаман қасиеттер қанмен беріледі деген сенімге негізделген биологизм феномені бар. Ата-бабасы жаман нәрсе жасаса, олардың ұрпағын жазалау керек деген сенімді мысалға алса болады. Қордайдағы жағдайдан соң әлеуметтік желіде қаншама жыл бұрынғы қазақтар мен дүнгендер арасындағы қақтығысты еске алып, "дүнгендерді ешқашан кешірмеу керек" деген пікірлерді жазды. Бұл – нәсілшілдік, оны ашық талқылау қажет.
Оқи отырыңыз: Әлеуметтік ахуалды түзеуге билік "әскері" неге әлсіз?
Кино мен жарнаманың рөлі
Гүлнара Әбікеева, кинотанушы
– 90-жылдары көлік жарнамасында 16-17 жастағы қыз ұшаққа отырады. Қызды шығарып салған жігіт қымбат көлігімен Шымкентке жетіп, оны алдынан күтіп алады. Ол кезде аға буында ғана машина бар. Кашемир пальто киген жас жігіттің көлік айдауы сирек еді. Жастар рөлде отырады деген мүмкін еместей көрінетін. Уақыт өте келе шындыққа айналды.
Қазақ кеңес киносында басты рөлді жас жгіт емес, қарттар мен балалар ойнаған. 90-жылдары кино саласындағы толқын жастарды әкелді. Олар қаһарман болмаса да, "өзгеріс жасайтын кез келді" деген ұранмен бұқара санасын қалыптастырды.
Қазақстандағы бұқаралық кино құндылықтарды қалыптастыру рөлін орындай алмай отыр. "Келинка Сабинка", "Келинка тоже человек", "Гламур для дур" және басқа комедиялық туындыларда дәстүрлі құндылықтар экрандалған. "Бизнес по-казахски" фильмінің табысқа кенелгені мені таң қалдырады. Кино қазақтарды ақымақ, білімсіз, шет тілін білмейтін бейшара етіп көрсетеді. Жоғарыдағы мықты туысы осы жағдайдан алып шығып, көмектеседі. Басты құндылық – ақыл, зиялылық емес, отбасы. Осындай патриархалды архаизм.
Оқи отырыңыз: Соңғы 10 жылда қазақстандық прокаттағы ұлттық кино үлесі он есе өскен
Кино саласының құндылықтарды қалыптастыру міндетін орындай алмауы біреудің кінәсі емес, бұл – адамдардың деңгейі.
Қысқа метрлі фильмдер конкурсында Назарбаев университетінің студенттері тамаша картина ұсынды. 1986 жылы алаңға шыққан қыз жертөлеге тығылып қалған. Астаналық жігіт өткенге оралып, қыз екеуі 15 минуттай әңгімелеседі. Соңы қыздың "27 жыл өтсе де, сендер ештеңе істемедіңдер ме?" деген сөзімен бітеді. Осындай білімді жас сценаристер буыны келсе, киноның деңгейі артып, құндылықтарды қалыптастыру басқаша жүреді.
Кино азаматтық қоғамды құруға ықпал етуі үшін әлеуметтік және адам құқықтарын қорғау мәселесін көтеруі керек. Алайда Қазақстанда әлеуметтік фильмдер некен-саяқ. 2019 жылы елде 45 картина түсірілген. 17 комедия, 8 тарихи, спорттық және патриоттық картина, 7 мелодрама мен үрейлі фильм, бес картина ғана әлеуметтік мәселелерді көтерген. Тарихи фильмдер жеткілікті. Одан гөрі қазіргі заманғы құндылықтарды қалыптастыратын картиналар түсіру керек. Өкінішке қарай, сеңнің қозғалатын түрі жоқ.
Оқи отырыңыз: Қазақ киносы мазаққа айналды. Ақша мен атақ үшін "жер өртейтіндер" көбейді
Ескерткіштер құндылықтар жайлы сөйлейді
Күлшат Медеуова, философия ғылымдарының докторы:
– Бес жылдан бері ескерткіштерді зерттеймін. Ескерткіштер сөйлемесе де, бізге белгілі бір уақыт аралығындағы құндылықтар туралы мәлімет жеткізеді. Мысалы, Кеңес заманындағы ескерткіштер міндетті түрде қаланың бас алаңына қойылып, міндетті түрде сол аймақтың басты ерекшелігін жеткізуі тиіс болды. Мемлекет қойған ескерткіштер әрдайым ұсқынсыз, мағынасыз. Ленинге ұқсайтын Абай бұрынғы Ленин тұрған жерге қойылған. Адамдар мұны қабылдай алмайды.
30-35 жастағы адамдардан сұрағанда олар аға буынның ескерткіш қойғанын, өздерінің де олардың ізін жалғастырып мазар салайын деп жатқанын айтты. Бірақ мазардың кімге арналғанын білмейді. Оларға ұжымдық ерекшелік формасы ғана маңызды.