Прямой эфир Новости спорта

Осы заманғы жастар түсінігіндегі құндылықтардың трансформациялануы

Көрнекі сурет uk.news.yahoo.com сайтынан алынды
Көрнекі сурет uk.news.yahoo.com сайтынан алынды
Социолог мамандардың айтуынша, Тәуелсіздік алған кезде (90 жылдардан бергі) дүниеге келген жастар әлеуметтану саласында ішінара Х,Ү және Z буындарына жіктеледі.

Жастар "портреті" және құндылықтар

Тәуелсіздік дәуірі қарлығаштарының алды 28-ге таяды. Бұл кезеңде жастар білім алып, тәжірибе жинақтап, тіпті кейбірі ақыл тоқтатып та үлгереді. Қазір елімізде 14 пен 29 жас арасын­дағы 4 миллионға тарта жас бар.

Қай кездің жастары қашан қандай "идеялармен ауырды", олардың трендіндегі мәдени-әлеуметтік немесе субмәдени құбылыстар, ең басты приоритеттері, жалпы мағыналық идеалдары, кеңінен қолдау тапқан жаңаша жөн-жоралғылар, неге алаңдады, нені қажетсінді т.б. тәрізді шоғыр-шоғыр сауалдар қазіргі жастардың образын ашудың параметрі бола алады. Мұндағы негізгі өлшем – құндылықтар жүйесі. Әр ұрпақтың өз түсінік-көзқарасы барын ешкім жоққа шығара алмайды. Біздің білуімізше, құндылықтардың әлеуметтік-тұрмыстық, моральдық, абсолютті-мәңгілік, жалпыадамзаттық, ұлттық, материалдық, саяси, рухани-діни, мәдени, тарихи түрлері бар.

Бүгінгі жастар өміріндегі қалыптасқан жағдайға тәуелді түрде дәстүрлі орныққан этноқұндылықтар рөлі әлсіреп барады. Отбасын құру жасы да әртүрлі әлеуметтік және өмірлік мұраттарды қайта бағамдау факторлары ықпалынан ұлғайып жатыр.

Сарапшы пікірі: Жастар баяғылардай емес, себебі – заман басқа

Тәуелсіздік алғаннан кейін туған жастардың бүгінгі мүмкіндіктеріне қатысты әлеуметтік желілерде саяхат-танымдық бағыттағы белгілі блогер Динара Болат:

– Алматы мен Астана, Шымкент, Ақтау сияқты урбанизациясы зор қала жастарында заманауи білім алуға мүмкіндік көп. Аймақтағы жастардың аталмыш қалаларға ұмтылу себебі де осы болуы мүмкін. Салыстырмалы түрде он жыл бұрынғы жағдайда экономикалық дағдарыстан шығудың әлегімен оқуға түскенде грант үшін ғана ұмтылатынбыз, мүмкіндіктер аз-тұғын. Ал бүгінгі жастардың білім-өнерге ұмтылысы зор, таңдау мол, – дейді.


Психолог-блогер Динара Болат

Психолог-блогер Динара Болат / Фото кейіпкердің жеке мұрағатынан


Ал психолог-психоаналитик Сая Бакимова 2010-2019 ж.ж. аралығында жетілген жастардың түсінігіндегі құндылықтардың қайта қаралуы жайлы:

– Қай заманда да топтық психологиялық динамика бірдей жағдайда өтеді. Бірақ жасөспірімдіктен ересек тобына өтіп, балалық кездегі құндылықты ересек адамның құндылығына айналдыру үшін осы өткел берік болуы керек. Мен қит етсе, жастарды баяғыдай емес деп негатив мағынада ғана айта беруге қарсымын. Иә, жастар баяғылардай емес, себебі – заман өзгерді, басқа. Бары сол ғана, – деп жастардың күрделі сана синтезі процесінде екенін айтады.


Психолог-психоаналитик сарапшы Сая Бакимова

Психолог-психоаналитик сарапшы Сая Бакимова / Фото кейіпкердің жеке мұрағатынан


Бұл мәселе айналасында алуан ой айтуға болады. Бірақ белгілі журналист Дархан Әбдік:

– Бұрынғы қазақ ғажап-керемет еді, қазіргі жастар азып барады дегенге сенбеймін. Тіпті, керісінше артық! Себебі бүгінгі жастарда ақпарат мүмкіндіктері бар, олар әлемдегі үдерістерден хабардар. Біздің және бізге дейінгі ұрпақ кеңестік тұста әлемде не боп жатқанын білмей өсті, дүниетаным өтіріктер негізінде қалыптасты, – десе, жастардың әлеуеті туралы әрі қателіктен сақтандыру мақсатында: – Қазіргі жастарға қалған бір-ақ нәрсе – өздерінің хақын өздерінің билігінен талап етуді үйрену. Тарихи тұлғалардан жалған аңыз-пікірге табынуды, қолдан пұт жасауды қою қажет. Маған, қазақ жастары жалған идеологиямен қалыптасқан өзіме дейінгілер мен қатарластарыма қарағанда көбірек ұнайды, – дейді.


Белгілі журналист Дархан Әбдік

Белгілі журналист Дархан Әбдік / Сурет qazaqadebieti.kz сайтынан алынды


Ғаламдану құшағындағы "ұлттық болмыс моделі"

Ғаламданудың серпінді әсері жағдайында адамдардың көзқарастары мен талғам-танымдары бір нүктеде тоғысады. Бірегей стандарттарға топтасу арқылы имидждік-экономикалық қуатты державалардың мәдени ықпалының еселенуі – ойландыратын мәселе.

Осы тұста әртүрлі ұлт-ұлыстардың этнографтары мен этнопозициялы ғылым-өнер өкілдерінің дабыл қағуы "табиғат заңы" деген де пікір бар. Бірақ журналист Дархан Әбдіктің айтуынша, "бұл мәселеге қазақ жастары дегенді қойып, қазақстандық жастар тұрғысынан қарау қажет. Олар бір қауымда бірге өмір сүреді, демек олардың эволюциялық өзгеру процесі ортақ, бір әлеумет. Бізге ұнасын-ұнамасын өркениет дамыған сайын, жаһандану барысында ұлттық құндылықтар мен нышан-келбет азайып, ортақ адамзаттық құндылықтар қалыптасады. Кез келген ұлт өркениет процесіне кіріккен кезде жалпы адамзаттық құндылықтарды қабылдайды".

Кейіпкеріміз жалпыадамзаттық құндылықтар жүйесін 1948 жылы 10 желтоқсанда БҰҰ-ның Бас Ассамблеясында қабылданған "Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында" қамтылған сөз және ар бостандығы, наным-сенім бостандығы деп түсіндіреді. Оның айтуынша, бұл құндылықтардың "барлығы біздің қоғамға, әсіресе жастарға сіңуі керек және азаматтар осыны талап ете білуі қажет. Жастар осы бағытта өзгеріп келеді".

Жастар жіктелімі

Қазіргі қоғамда жастардың діни-танымдық және айналаны тану-қабылдауында еңбек құндылығы тұрғысынан плюрализмдік сипат басым.

Әртүрлі аспектілер бойынша деструктивті діни ағымдар жетегіне ергендер мен прозелитистік (әртүрлі діни сенімдер (христиандық, секта, өзге конфессиялар) бағыттарға берілгендер, дәстүрлі тарихи ортаазиялық сенімдегі рационалистер, қазақы мәдени әлемнен қол үзіп қалған "шала қазақ" бейресми түсінігімен жиі сыналатын ұлты қазақ орыстілділер, қарапайым, тіпті тұрмысы нашар отбасыдан шығып, ешбір комфорттық субъективті қолдаудың жоқтығына қарамастан өз өмірі мен мақсаттары үшін бар ерік-жігерімен, еңбегімен өсіп-жетілген "self-made" (ағылш. "өз бетінше жетілген / аяққа тұрған – авт.) жастар, мектеп бітірген бойда отбасы құрған не әскерге аттанып, жоғары білім алмағандар, саяси-қоғамдық процестерге араласа бастағандар, жеке кәсіпкерлік секторында өзін сынап жүргендер, жалдамалы қара жұмысшылар, тұрақты табысы мен жұмысы, білімі мен тұрғылықты жері жоқтар... осылайша жалғаса береді. Бұл – бір парасы ғана.

Бұдан бөлек халықаралық аббревиатурада бекітілген NEET(Not in Empoloyment, Education or Training) жастар бізде де бар деген әңгіме мемлекеттік мінберлер мен БАҚ айналасында жиі айтылып келеді. NEET жол картасын ұсынған Қоғамдық даму министрі болған кезінде Дархан Кәлетаев: "Олар – білім деңгейі төмен, еңбекке жарамсыз, психикалық ауытқушылығы бар, жайсыз отбасынан шыққандар және иммиграциялық тарихы бар жастар" деп түсіндірген.

Қазақша айтқанда "масыл", "құлықсыз" деп айдарланған жастардың саны 2018 жылдың өзінде 300 мыңнан асқан. Әрине, бұл категорияның пайда болуы жастардың тек жеке субъективті таңдауының салдары емес.

ТОР құндылықтар: қайсысы қалай өзгеріп жатыр?

Қазақ жастарының толыққанды қала өмірімен қоса мәдениетіне, үнемі жаңарып отыратын технологиялық жаңалықтарға бейімділуі де – жеке тақырып. Алдағы он жылдағы жастардың ең басты приоритеттері – қай құндылықтар қалай өзгереді, ненің орнын не алмастыруы мүмкін деген сауал тууы заңды.

– Меніңше, бүгінгі жастар үшін әуелі білім, өзін-өзі табу әрі дамыту, саяхаттау, отбасылық құндылықтарға жауаптылық және индивидтік миссиясын алып шығу приоритеттері алдыңғы шепте. Бұрын көзбояушылық сипаты басым сәнді киіну, бос селтең жүріс, бағалы заттық бұйымдарын мақтан ету әрекеттері қазіргі таңда параметрлік қасиетінен айырылып, олардың орнын тұлғалық жетістіктер, қабілет-өнері, рухани интеллектуалдық бәсеке ауыстырды. Әрине, қуантарлық жағдай, – деген блогер Динара Болаттың пікірі жастар сегментінің эволюциялық формасын ашатындай. Кәсіби психолог маман Сая Бакимова жалпы баға берудің қиындығын, оның себебі жастардың психолог кабинетіне көп келе бермейтіндігімен байланыстырады, өзінің әлеуметтанушы еместігін айтады. Ол:

– Қазақ жастары басқа ұлттың жастарынан түбегейлі өзгеріп, тым артта қалып, тым алға кетіп қалған жоқ. Өзгерісті тек өмір қарқынымен, техника беретін мүмкіндікті пайдалана алу ерекшеліктерінен көремін. Жас адам үшін тұрақты болатын приоритет: бала шақтан дамитын романтикалық махаббатты жыныстық махаббатқа ұштастырып, тұрақты қарым-қатынас құра алу, өзін жыныстық сәйкестендіру, – деп индивидтің психикалық саулығының алғышарттары мен астары тұрғысынан таратады.

Құндылықтар трансформациясындағы ата-аналар мен жастар

Біз сөз етіп отырған сүйекті мәселеде құндылықтардың трансформациялануы барысында ата-аналар мен жастардың арасындағы ескі-жаңа түсініктер тартысының табиғи түрде сәтті өрбуі аса маңызды.

Қазір ата-ана мен бала арасындағы конфликт коэфициенті кеми түскенін айтқан Динара Болат "жастар басқаның көңілін аулау емес, өз мұрат-принциптеріне негізделген сапалы өмірге бет бұрады, осыған дайын болу керек" дейді.

Психоаналитик Сая Бакимова жоғарыдағы "әке-бала тартысы" мотивіне байланысты:

– Жиі мысалға келтіретінім – балаға кішкентайынан сенің пікірің мен ойың құнсыз деп қарап, сосын 15 жасқа келгенде, ал енді есейдің, кім боласың, қандай (өмірлік!) жолды таңдайсың, ойыңды айта ғой дегеннен диалог орнамайды. Алғышарттың бәрі – бесіктен. Балаға тұлға деп неғұрлым ертерек қарасақ, соғұрлым есейген кезінде ата-ана мен баласы арасында сенімді қарым-қатынас орнайды.

Екінші жағы, ата-ана өзінің жастық шағын тым тез ұмыта қояды. Өздері де қателік жасап, құлап қайта тұрып, өз ата-анасына қарсы келіп, бойкот жасаған кездерін естен шығарады. Жастар тым қатты бұзылды, тыңдамайды дей бергенше, әр адам өзінің жастық шағына бір сәт шынайы қараса екен, – деген уәжін білдіреді.

Алаңдатқан мәселе

Потенциалы зор био-іскерлік кезеңдегі жастар тақырыбы төңірегінде бас ауруға айналған мәселелер мен кедергілердің туу себептерін айқындау да – кезек күттірмейтін түйткіл. Бұл туралы Сая Бакимова "ең көп алаңдататын нәрсе – суицид, есірткі, компьютерлік ойындар секілді құмар ойындарға тәуелділік, жыныстық ориентацияның ауытқу" түрлерін атайды. Ал Динара Болат отбасылық концепция принциптерінің бірі баланың ата-ана радиусы аясында өмір сүруі де моральдық мәселеге алып келеді дейді. Оның айтуынша:

– Үйдің жалғыз я кенже ұлының немесе қызының ата-анасынан бөлек тұру ниетіне, оқу-жұмыс мақсатымен шет елге шығуына байланысты отбасылық кикілжіңдердің барын мойындау керек. Психологиялық көмекке жүгінетін жастардың ең жиі кездесетін мәселесі де осы – өз арман-мақсаттарын отбасылық қағидалар жолына құрбан етуі. Сонымен қатар, жұмыссыздық пен баспана мәселесі.

Дархан Әбдік атаған мәселенің бірі – теофанатизм қатері:

– Жастар арасында белең алып бара жатқан – әсіре діндарлық. Мұның екі себебі бар. Орта мектептердегі білім сапасының өте төмен болуы. Бірі тамыр-таныстықпен өмір сүретін қоғамдағы әділетсіздіктен қандайда бір әділет іздеп дінге арқа сүйейді, өкінішке орай, бұл – қате жол, – дейді қоғам белсендісі.

"Жақсы ата жаман балаға қырық жыл азық" деген қазақ мәтелінің мысалын еске алған Дархан Төленұлы "Ата-ана мен ата-бабаңды жақсы көру деген оларды жер-көкке сыйдырмай көл-көсір мақтау деген сөз емес" дейді. Сонымен қатар өркениетті қоғам құруға ынталы жастарға:

– Өркениетті қоғам болу үшін, Иран не Солтүстік Корея болмаудың бір амалы – өркениетті қоғам құндылықтарын қабылдау қажет. Қайсы бір дамыған қоғам – бұл хақы тең, өздерінің пікір еркін білдіре алатын ерікті азаматтардың бірлестігі, – дейді.

Арқадан ауған қаракөздердің пікірі

Әдетте, өркениетті елдерге оқу-тағлымдама сапарымен аттанатын жастар адами-инновациялық потенциалы жоғары, интеллектуал, полиглот, арман-мақсаттары айқын азаматтар қатарынан. АҚШ сияқты адамзаттың ең жасампаз өкілдерін әртүрлі тартымды ұсыныстармен жиып, өнертапқыш үлкен лабораториялық державаға айналып отырған мемлекеттер қай елдің болсын озат жасынан дәмелі.

Көрші Ресейдің өзінде оқып жатқан қазақ студенттерінің саны 70 мыңнан асады, биылғы АҚШ иммиграция және кеден қызметінің келтірген деректері бойынша наурыз айында оқу визасы бар қаракөз студенттердің саны 2528-ге жеткен. Қытай мен Оңтүстік Корея, Жапония асып жатқаны қаншама.

Сондықтан сырттағы адам ресурсын ынталандыру арқылы ел игілігіне жұмылдыру – өзекті мәселе. Өз болмысына сырттай сыни көзбен бағалай алатын, өркениетті қоғамдардың өмір сүру принциптері мен демократиялық құндылықтарының жүзеге асу моделімен таныс "self-made" авангардтарының өз елін жақсы жағына қарай өзгертуге талпынысы құптарлық ой. Біз сұқбаттасқан шетелдегі жастардың ортақ ойы – өркениетті өзгерістер үдерісіне түсу-ілесу.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Популярное в нашем Telegram-канале
Новости партнеров