Қазақстанда көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақылар, тұрғын үй кезегі және әлеуметтік көмектер туралы
Астанадағы бес бала қайтыс болған өрттен кейін көпбалалы отбасылар өз проблемалары туралы ашық жариялай бастады. Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі көпбалалы әйелдер жәрдемақы көлемін ұлғайтып, мұқтаждары тұрғын үй беруді талап етіп отыр.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М.Әбілқасымова өзіне айтылған сынға жауап беріп, көпбалалы аналардан ұсыныстардың жиналып жатқанын мәлімдеді. Министрлік жәрдемақы көлемін қайта қарап жатқанда, Informburo.kz көпбалалы отбасыларға қазір мемлекеттен қандай көмек көрсетілетіні туралы тарқатып айтып береді.
Оқи отырыңыз: Көп балалы отбасыларға айына 6,5 мың теңгенің үйлері беріле бастайды. Заңға қол қою ғана қалды
№1. Көпбалалы отбасыларға кімдер жатады?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратына сәйкес, Қазақстанда кәмелет жасына толмаған төрт және одан да көп баланы асырап отырған 340 мың отбасы бар, оның тоғыз мыңнан астамы – Астанада.
№2. Көпбалалы отбасыларға қандай жәрдемақылар беріледі?
Кәмелет жасына толмаған төрт және одан да көп бала асырап отырған отбасыларға мемлекеттен жәрдемақы беріледі. 2019 жылы оның көлемі 4,16 АЕК – 10 504 теңге болды. Қазақстанда 271 мың отбасы осы жәрдемақыны алады, олардың бәрі 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін өтінім бергендер. Осы мерзімнен бастап көпбалалыларға берілетін жәрдемақы атаулы әлеуметтік көмекпен біріктірілді. Оны алу үшін орташа жан басына шаққандағы айлық табыс – ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50%-нан төмен болуы тиіс
Төмендегі жағдайларда жәрдемақы төлеу тоқтатылады:
- Егер оны алушы Қазақстаннан өзге елге тұрақты тұруға кетсе;
- Егер оны алушы жазасын өтеу орындарында болса;
- Егер оны алушы мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұратын болса (Мекемеде ол адамға қызметтер ақылы негізде көрсетілсе бұл тізімге жатпайды);
- Баласы (балалары) қайтыс болған жағдайда.
Егер көпбалалы отбасы аз қамтылғандар санатына жатса, яғни орташа жан басына шаққандағы айлық табыс ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50%-нан төмен болса, атаулы әлеуметтік көмек алуына құқы бар.
Атаулы әлеуметтік көмек көлемі белгіленбеген, отбасының табысына байланысты тағайындалады. Жетпейтін сома (әр отбасы мүшесіне 14 850 теңгеге дейін) атаулы әлеуметтік көмек түрінде беріледі. Атаулы әлеуметтік көмек шартты және шартсыз болып бөлінеді. Біріншісі – еңбекке қабілетсіз балалары (көпбалалы аналарға, 7 жасқа дейінгі баланы асырауына байланысты уақытша жұмыс істемейтін жалғызбасты әкелерге, мүгедектерге, қарттарға) жоқ отбасына әр ай сайын төленеді. Ал, шартты атаулы әлеуметтік көмек отбасының еңбекке қабілетті мүшесі жұмысқа орналасқанша белігілі бір уақытқа төленеді. Онымен әлеуметтік келісім-шартқа отырады, оқыту курстарына жібереді, кейін жұмысқа орналастырады.
Бұдан бөлек, "Алтын алқа" және "Күміс алқа" иелеріне немесе "Батыр ана", І және ІІ дәрежелі ана даңқы ордендерімен марапатталған барлық көпбалалы аналарға ай сайын мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Бұл жәрдемақы зейнетке шыққанына, сондай-ақ отбасының табысына қарамастан өмір бойына тағайындалады. 2019 жылы оның көлемі 16 160 (6,4 АЕК) құрады және жыл сайын инфляция көлеміне сәйкес индекстеліп отырады. Жәрдемақы аналарға мемлекеттік дәрежесіне сәйкес берілгендіктен, ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты саналмайды. Қазақстанда оны 237 мың ана алып отыр.
"Алтын алқа" және "Күміс алқа" иегерлері төмендегілерден босатылған:
- Көлік және жер салығы;
- Тұрғын жайын тіркегенде, төлқұжат және жеке куәліктерін рәсімдегенде баж салықтарын төлемейді.
Көпбалалы отбасылар сондай-ақ төмендегі жәрдемақыларды алуға құқылы:
- Төртінші және одан да көп балаларын ай сайын күтіп-баққаны үшін ай сайын жәрдемақы – 22 473 теңге;
- Төртінші және одан да көп балаларын ай сайын күтіп-баққаны үшін ай сайын жәрдемақы (баласы бәр жасқа толғанға дейін беріледі);
- Төртінші және одан да көп балаларын дүниеге әкелгенде берілетін біржолғы жәрдемақы – 159 075 теңге (бала туылғанда бір рет беріледі).
Оқи отырыңыз: Зейнетақы, жәрдемақы және шәкіртақы өсті. Әлеуметтік төлемдер қалай өзгерді?
№3. Көпбалалы отбасылар мемлекеттен берілетін тұрғын үйдің кезегіне тұра ала ма және қандай шарттар бойынша үміткер бола алады?
Көпбалалы отбасылар халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз тобына жатады және тұрғын үй кезегіне есепке тұруға құқылы. Оларға басқа үміткерлер сияқты баспана жалға алу шартымен беріледі.
"ҚР мемлекеттік наградалары туралы" заңының 36 бабына сәйкес, "Алтын алқа" алқасымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған көп балалы аналар белгіленген нормалар бойынша тұрғын үй алаңымен бірінші кезекте қамтамасыз етіледі.
ҚР "Тұрғын үй қатынастары туралы" заңының 118 бабына сәйкес Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградалары берiлген адамдар Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградалары туралы заңдарда белгiленген тәртiппен тұрғын үй алуға құқылы. Яғни, жеті және одан да көп бала туған көпбалалы аналар, "Алтын алқа" иегерлері мемлекеттік тұрғын үй қорынан бірінші кезекте баспана алуға құқылы.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметіне сәйкес, Қазақстанда 28 мың көпбалалы ана тұрғын үй кезегінде тұр. Әкімдіктің есебінше, оның – 2892-і Елордада. Кезек өте баяу жылжып отыр: 2018 жылы Астанада 12 көпбалалы отбасы баспаналы болған.
Тұрғын үйді бірнеше жолмен алуға болады.
Біріншісі – мемлекеттің тұрғын үй қорынан кезек күту тәртібімен. Күту мерзімі орташа есеппен – 10 жыл.
Екіншісі – "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасымен:
- "ТҚЖБ" АҚ несиелік баспаналары;
- Пилоттық жобалар аясындағы жеке тұрғын үйлер;
- "ҚИК" АҚ сатып алу құқығымен пәтерді жалға алу;
- "Бәйтерек девелопмент" АҚ баспанасы;
- "Самұрық-Қазына" жылжымайтын мүлік қоры АҚ коммерциялық баспаналары;
- "Самұрық-Қазына" жылжымайтын мүлік қоры АҚ сатып алу құқығымен баспананы жалға алу.
№4. Көпбалалы аналар зейнетке ерте шығады
"Зейнетақымен қамтамасыз ету туралы" ҚР заңының 11 бабының 3 тармағына сәйкес, 5 және одан да көп баланы дүниеге әкелген немесе асыраған және оларды 8 жасына дейін өзі тәрбиелеген 53 жастағы әйелдер мерзімінен бұрын зейнетке шығады.
Мақаланың орысша нұсқасын оқи отырыңыз: Многодетные семьи в Казахстане: всё о пособиях, очередях на жильё и социальной помощи
№5. Көпбалалы отбасылардың балалары бала бақшаға кезексіз қабылдана ма?
Жоқ, алайда бала бақшаға есепке алынғанда мұндай отбасының балаларына бала бақша бірінші беріледі. О үшін кезекке міндетті түрде тұру керек, ал кезек тез келеді. Кезекте тұрған үшінші баладан кейін жеңілдігі бар балаларға жолдама беріледі.
Жеңілдігі бар кезекке тұру үшін, көпбалалыларға төмендегі құжаттардың көшірмесін бірге жолдау керек:
- Көпбалалы ананың куәлігі;
- Барлық балаларының туу туралы куәліктерінің көшірмесі;
- Ата-анасының біреуінің жеке куәлігінің көшірмесі.
Астанада жеке бала бақшалар қауымдастығы көпбалалы отбасылар үшін көптеген науқандар өткізіп тұрады: төлемақысына жеңілдіктер немесе тегін орналастыру (20 бала бақшада).
№6. Көпбалалы отбасылардың балаларына мектептерде жеңілдіктер бар ма?
Мектептерде аз қамтылған отбасылардың балаларына жаппай оқу қорының қаражаттары есебінен материалдық көмек көрсетіледі. Мектепті жалпы қаржыландырудың 1%-ы отбасыға беріледі: киім-кешек немесе аяқ киім, 48 АЕК (2019 жылы 121 200 теңге) көлемінде қаржылай өтемақы.
Көпбалалы отбасы мектепке төмендегі құжаттарды тапсыруы тиіс:
- Өтініш
- Атаулы әлеуметтік көмекті алатыны туралы немесе табысы туралы анықтама (ата-анасының табысы туралы анықтама, алименттер немесе Зейнетақы төлеу орталығынан алатын жәрдемақылар туралы, сот орындаушысынан алимент алмайтыны туралы анықтама);
- Балалардың туу туралы куәліктері;
- ХҚКО-нан ата-аналарының айналым тізімдемесі;
- Тұрғын жайы туралы акті.
Аз қамтылған отбасыларға "Мектепке жол" науқаны (1 тамыздан 30 қызкүйекке дейін) және "Қамқорлық" науқандары (10 қаңтардан 10 ақпанға дейін) аясында да материалдық көмек көрсетіледі.
Оқи отырыңыз: Еңбек министрі: Бала күтіміне жәрдемақы төлеу уақытын ұзартуды жоспарлап отырмыз
№7. Көпбалалы отбасыларды қосымша қолдау
Жергілікті бюджет есебінен аймақтардағы әкімдіктер көпбалалы отбасыларға түрлі қолдау шараларын көрсетеді:
- Коммуналдық төлемдерді төлеу;
- Көмір түсіріп беру;
- Қоғамдық көліктерде тегін жүру;
- Көпбалалы отбасылардың балаларын мектепте тегін тамақтандыру.
Мәселен,Астанада 15 жасқа дейінгі балалар жол жүру карталарын жеңілдікпен 1500 теңгеге толтырады. 15 жастан жоғары балаларға тоқсан сайын ересектердің жол жүру билеттерінің құнының 50%-ы төленеді – 3750 теңге (айына).
Алматы әкімі Б.Байбек мұқтаж көпбалалы отбасылар тұрғын үй алуы үшін бастапқы жарнасын субсидиялау мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
Әлеуметтік қолдаудың бұл түрлерінің мерзімі әр түрлі: кейбіреуі тұрақты кейбірі бір жолғы. Көпбалалы отбасылар туралы мәліметті әлеуметтік қорғау органдары мектептерден алады.
Авторы Жадыра Жұлмұхаметова.
Аударған Мәншүк Шапхатқызы.