Халал индустриясы Қазақстанға келгеніне аз уақыт болмаса да, халал ұғымын тек шұжық өнімдерімен байланыстыратындар көп. Анығында оның ауқымы әлдеқайда кең.

Халал дегеніміз – өмір сүру салты

"Халал индустриясы" қауымдастығының басшысы Марат Сәрсенбаевтың айтуынша, халал ұғымын тек тағамдарға қатысты қолдану қате.

"Біздің қоғамда халал дегенді тек шұжық өнімдеріне қатысты деп түсінетіндер бар. Анығында, халал – өмір сүру салты. Яғни, ішкен шайыңыз да, жеген тағамыңыз да, жүріс-тұрысыңыз да «халал» болуы керек. Дегенмен, осыдан 10-15 жыл бұрын халықтың халал өнімдер туралы түсінігі мүлде таяз болған еді. Қазір жағдай өзгеріп келе жатқанын мойындау қажет. Қазақстанның халал индустриясында айтарлықтай даму бар. Атап айтқанда, қазір елімізде халал қонақүй, мейрамхана, шаштараздар ашылып, халал сақтандыру, банкинг, парфюмерия, логистика, фармацевтика, білім беру салалары ақырындап дамып келеді. Мысал үшін айтайын, "Халал индустриясы" қауымдастығынан сертификат алған бірнеше қонақүй Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында жұмыс істеп жатыр. Түрлі олимпиада, жарыстарға басқа өңірлерден келетін қатысушылар арасында халал қонақүй, асхана талап ететіндер кездеседі екен. Қонақүй иелеріне де клиент керек, осындай сұраныс туған соң, олар да халал сертификатын алуға ұмтылады", – дейді Марат Сәрсенбаев.

Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, 2018 жылы халал өнімнің жаһандық нарықтағы айналымы 1,37 трлн долларға жеткен. Қазақстандық халал өнімдер Парсы шығанағы, Түркия, Иран, Орта Азия және Ресей елдерінде кеңінен танымал. 2019 жылдың қаңтар-маусым айларында Ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының 30 пайызы (451 млн доллар) халал өнімдер болды.

Қазақстанда халал сертификатын алған 1000-нан астам компания бар. Алайда, олардың көбісі әлемдік нарыққа өнім шығара алмай отыр. Неге? Себебін төменнен оқыңыз.

Оқи отрыңыз: Жылыжай салып, көкөніс өсіремін десеңіз...

Халал индустриясын реттейтін заң жоқ

Марат Сәрсенбаевтың айтуынша, отандық халал индустриясының ең басты проблемасы осы саланы реттейтін арнайы заңның болмауы:

"Халал индустриясы саласын жүйелеу үшін заң қабылданып, ол негізгі екі мәселені реттеуі керек. Біріншісі – өнімдерге "халал" таңбасын беру жүйесі, екіншісі – тауарлық көршілік (товарное соседство) мәселесі. Яғни, дүкен сөрелерінде халал өнімдерді шошқа етімен қатар қоюға, бірге сақтауға болмайды".

Бұл пікірге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты "Халал Даму" ұйымының бас сарапшы-технологы Айжан Омарованың да алып-қосары бар. Ол елдегі халал бағытының дамуы үшін бірыңғай нормативтік база құрылуы қажет екенін айтты:

"Бүгінде Қазақстанда халал сертификатын ұсынатын бірнеше ұйым бар. Әрқайсысы өз стандарты бойынша жұмыс істеп жатқандықтан, "халал" таңбалары да әртүрлі. Бұл ұйымдардың қайсына сеніп, қайсына сенбеу керектігін айта алмаймыз. Халал өнімдерді сертификаттауға қатысты бірыңғай база жоқ болғандықтан, әр ұйым өз бетінше жұмыс істеуге мәжбүр".

Оқи отырыңыз: Ара өсіріп, бал сатып байып кетуге бола ма?

5 ұлттық стандарт дайындалып жатыр

Биыл жазда Премьер-министр Асқар Мамин Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровқа халал өнімдерді дамыту жөніндегі жол картасын әзір­леуді тапсырған болатын. Сарапшы Айжан Омарова "Халал азық-түлік өнімдерін дамыту жөніндегі жол картасы" елдегі бірыңғай халал стандарт бағыты мен "Қазақстан халал" брендін дамытуға бағытталатынын айтады:

"Қазір мал сою, өнімдер өндірісі, қоғамдық тамақтандыру және қызмет көрсету, таңбалау мен халал сертификаттау бағытындағы 5 ұлттық стандарт дайындалып жатыр. Оны Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен халал өнім­дерді сертификаттайтын жеке компаниялар әзірлейді".

Қазақстанда қанша ұйым "халал" сертификатын береді?

Бірыңғай стандарттың жоқтығы тек отандық халал индустриясы емес, әлемдік индустрия нарығының да дамуын тежеп тұр. Себебі, мұсылман елдеріндегі өнімді сертификаттаушы ұйымдардың реттелген ортақ стандарты жоқ. Іс жүзінде әрбір елдің өз сертификаттаушы ұйымы бар. Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі берген мәлімет бойынша, қазір Малайзия, Индонезия, Сингапур, Тайланд, Филиппин және тағы басқа елдерде 120-дан астам сертификаттаушы орган жұмыс істейді.

Ал, Қазақстанда мұндай 5 ұйым бар. Олар:

  1. "Қазақстан халал индустриясы" қауымдастығы;
  2. "Халал даму" (ҚМДБ);
  3. "Halal Holding";
  4. "Halal Quality";
  5. "Halal Services Alliance".

"Сапа" тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі ұлттық қоғамның сарапшысы Римма Гахова бұл ұйымдар бір-бірінің стандартын мойындамайтынын айтады. Сарапшы мұның себебін де осы саланы реттейтін заңның жоқтығына әкеп тірейді.

Ал, "Халал индустриясы" қауымдастығының басшысы Марат Сәрсенбаев "Стандартқа сай келіп тұрса, неше ұйым болса да, сертификат бергенінің сөкеттігі жоқ" деп есептейді. Өйткені, өнімді сертификаттау Қазақстанда ерікті сертификаттау түріне жатады.

"Халал индустриясы" қауымдастығы бүгінге дейін 600-ден астам қазақстандық және шетелдік компания өнімдерін сертификаттаған. Ол өнімдер қазір Иран, Ауғанстан, Пәкістан, Египет, Катар, Оман, Біріккен Араб Әмірліктері, Малайзия, Сауд Арабиясы, Индонезия және тағы басқа елдерге жөнелтіліп жатыр. Негізінен, сиыр, қой еті, жұмыртқа және түйе сүті әлемдік нарықтың сұранысына ие. Ал, былтыр бие сүтін экспортқа шығарыпты. Отандық халал өнімдерге деген сұраныс олардың жоғары сапалы органикалық өнім екеніне тікелей байланысты.

Ислам экономикасының 2018-2019 жылдарға арналған жаһандық есебінің болжамынша, 2023 жылға қарай халал индустриясының әлемдік нарықтағы айналымы 3 трлн долларға дейін жетуі мүмкін.

Оқи отырыңыз: "ҚазАгро" ҰБХ ішкі қарызы 700 млрд теңге

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан ашылған "Халал Даму" ұйымы 2014 жылдан бері мал бауыздау және ет өңдеу, азық-түлік және қызмет көрсету, халал өнімдерін өндіру, даярлау, өңдеу және сату стандарты бойынша сертификат беріп келеді. ҚМДБ халал өнімдерді стандарттау бөлімінің меңгерушісі Смайыл Сейітбековтің айтуынша, ұйым қазірге дейін фаст-фуд өнімдері мен асханалар желісін қоспағанда 312 компанияға «Халал» белгісін тапсырған. Бұл компаниялардың тізімі "Халал Даму" ұйымының сайтында жарияланған.

Халал өнімдер Таяу Шығыс, Солтүстік және Оңтүстік Африка, Оңтүстік Азия және ТМД елдерінде табыс көзі болса, оның ішіндегі ең үлкен нарық – Таяу Шығыс пен Оңтүстік-Шығыс Азия елдері.


"Халал Даму" ұйымының сертификаты өнімді 43 елге экспортқа шығаруға мүмкіндік береді / Инфографика halaldamu.kz сайтынан алынды

Халал азық-түлікті ең көп тұтынатын үш ел:

  1. Индонезия (170 млрд доллар);
  2. Түркия (127 млрд доллар);
  3. Пәкістан (118 млрд доллар).

Сертификат алу үшін не істеу керек?

ҚМДБ халал өнімдерді стандарттау бөлімінің меңгерушісі Смайыл Сейітбековтің айтуынша, халал сертификатын алу үшін бөлімге хабарласып, анкета толтырып, қажетті құжаттарды тапсыру қажет.

"Біз өнімдердің құрамын, лицензиясын және талапқа сәйкес-сәйкес еместігін сұраймыз. Ішінде күмәнді қоспалар (бояғыштар, консерванттар) болса, оларды зертханада тексереміз. Өнімнің құрамынан күмәнді зат табылған жағдайда оның орнын басқа затпен алмастыруды ұсынамыз. "Халал" белгісі тегін беріледі. Бірақ, компаниялар зертханадағы тексеріс және қызметкерлеріне арнап өткізілетін шеберлік сағатының ақысын төлейді," – деді ол.

Қандай жағдайда "халал" сертификаты қайтарылады?

Компаниялар жабылған жағдайда не шартты орындамаған кезде халал сертификаты кері қайтарылып, келісімшарт тоқтатылады.

"Біздің орталықтан сертификат алған мекемелер ай сайын тексерістен өтеді. Талабымызды орындамаған жағдайда тиісті шара қолданамыз. Келісімшартқа сәйкес айыппұл саламыз не сертификаттан айырамыз. Оларды жауып тастап, мүлкін тәркілеуге біздің құқығымыз жоқ," деді ол.

Бірнеше жылдан бері Қазақстандағы халал өнімдерді "TreeGene" молекула-генетикалық зертханасы мен Қазақ мал-дәрігерлік ғылыми-зерттеу институтының зертханасы стандарттап келеді. Ал, тауарлардың құрамын тереңірек зерттеу керек болған жағдайда мамандар күмәнді өнімдерді Ұлттық экспертиза орталығына жөнелтеді.

Оқи отырыңыз: Қазақтың қойы мен түйесінің жүнінің қызығын Қытай көріп жатыр. Неге өзіміздегі барды өзіміз жарата алмаймыз?

KFC қазір халал ма?

Еске салайық, өткен жылы КFC мейрамханалар желісінің «ҚМДБ халал» сертификатынан айрылуы үлкен шу тудырған болатын. Бұған «ҚМДБ халал стандарты» талаптарының сақталмауы себеп болды. Сарапшы-технолог Айжан Омарованың айтуынша, KFC мейрамханалар желісі Ресейден әкелінетін “Белая птица” тауық өнімдері азайғандықтан, ҚМДБ стандарты талаптарына сай келмейтін құс фабрикаларының тауық өнімдерін пайдаланған. Атап айтқанда, мейрамханада механикалық жолмен сойылған және өлексе жеммен (мясокостная мука) қоректендірілген тауықтар пісіріліпті. Қазақстан бойынша KFC желісінің дәмханалары көп болғандықтан, оларды қадағалау қиынға түскен. 2018 жылдың 12 желтоқсанында KFC желісіне берілген сертификат өз үшін жойған. Қазір КFC мейрамханалар желісі халал сертификатына ие емес.

Бүгінгі таңда қазақстандық "Абай ет өңдеу зауыты" ЖШС (Павлодар), "Первомайские деликатесы" ЖШС (Алматы), "Мерке-ет комбинаты" ЖШС (Жамбыл облысы) Біріккен Араб Әмірліктеріне қызыл ет экспорттап жатыр.