Тікелей эфир

Ара өсіріп, бал сатып байып кетуге бола ма?

Сурет bizshid.com сайтынан алынды
Сурет bizshid.com сайтынан алынды
Мамыр мен қыркүйектің жартысы – омарташылардың бар мүмкіндікті пайдаланып, ара балын жинайтын кезі. Балды бизнес көзіне айналдыруға бола ма?

Гүлден гүлге қонып, нәр жинап жүрген ара еңбекқорлығымен әрбір жанға үлгі. Тіршілігіне мән берсеңіз, темірдей тәртіпке бас иесіз.

Аралар үлкен отбасы болып тіршілік етеді. Омартада аналық, аталық, жұмысшы, күзетші аралар қалыптасқан белгілі заңдар мен ережелерге бағынады. Әрбір ара өзінің міндеттерін мүлтіксіз орындайды. Гүлдерден бал жинамаған араны күзетшілер омартаға кіргізбей қоятынын білетін бе едіңіз? Оларға да жатып ішер, бойкүйездер керек емес.

Аралар тазалықты сүйеді. Сондықтан ара ұстасаңыз, омартаның мұнтаздай таза болуына мән беру керек.. Үнемі ыждағаттап тазалап, мұқият қадағалағанда ғана сапалы бал жинай алады екенсіз.

Міне, қомақты қаржыны қажет етпейтін осындай шаруашылықтың тамырына қан жүгірту үшін не істеу керек? Субсидия қандай жағдайда беріледі? Ара өсіруге қолайсыз Ақтөбеде бұл сала қалай өркендеді? СҚО-да аралар неге қырылып жатыр? Жауап іздейік...

Еліміз жыл сайын 1 млн тонна бал өндіре алады

Бұл – Қазақстанның ара шаруашылығының Ұлттық одағының болжамы. Олар ара шаруашылығы қарқынды дамыса, 2050 жылға қарай елімізде жыл сайын 1 млн тонна бал өндіріп, 10 млрд АҚШ долларына дейін пайда табуға болады дейді.

Бұл мүмкін бе? Қазақстанда 2017 жылы небәрі 2657 тонна бал өндірілді. 2016 жылмен салыстырғанда 100 тоннаға ғана артық. Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми мәліметі осындай. Омарташы Анатолий Добровольскидің айтуынша, шындығында қазір елімізде бір жылда 8000 тонна бал жиналады екен.

Ресми дерекке қайта оралар болсақ, 2011 жылы бар болғаны 1399 тонна бал өндірілген екен. Содан бері екі есе ғана артып отыр. Оның 65 пайызын өндіріп отырған – ШҚО. Алматы облысы 2011 жылы 98 тонна өндірсе, қазір 329 тоннаға жетті. Павлодар облысы 2011 жылы 34 тонна ғана бал шығарған еді. Бүгінде 240 тоннаға жетіпті.

Сонымен қатар, ОҚО, СҚО, Ақтөбе, Қызылорда, БҚО, Қарағанды облыстарында да өсу қарқыны байқалады. Дегенмен, қолымыздағы мол мүмкіндікті толықтай игере алмай отырмыз. Көбінесе Қытайға экспорттап жатқанымызбен, Ресейден балды сатып алып жатырмыз. Деректерге үңіліп қарасаңыз, өндірілген балдың біраз бөлігі ішкі нарықты қамтамасыз етіп отыр.


Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне негізделіп жасалды

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне негізделіп жасалды / informburo.kz


2011 жылы Ақтөбеде мүлдем бал өндірілмеген. Ал, қазір...

Араларға таулы аймақ қолайлы болғандықтан, ШҚО-да бал өндіру едәуір дамыған. Неге таулы жерде ара шаруашылығын оп-оңай дөңгелетіп әкетуге болады? Себебі мұнда араға қорек мол. Ара қонатын небір гүлдер жетерлік.

Ал, алты ай қар жататын өңірлерде араны баптау қиынға соғады. Далалық аймаққа жататын Ақтөбеде 2011 жылы бал өндіру деген мүлдем болмаған. 2017 жылы 14 тоннадан астам бал алынған. Жоқтан барды қалай жасады?

Ара шаруашылығы кооперативтерін құру арқылы өркендетті

2015 жылы Бердібек Сапарбаев Ақтөбе облысының әкімі болып тағайындалғаннан кейін ара шаруашылығын көтерді. Ол 2009-2014 жыл аралығында ШҚО әкімі болған кезінде араларды асылтұқымдандыру жұмысын реттеуге мұрындық болған.

Бұл туралы Мал шаруашылығы салаларын дамыту стратегиясы басқармасының басшысы Ермек Әбуов айтып берді.

– Бердібек Сапарбаев мектепке дейінгі оқыту орталығын, медициналық әлеуметтік мекемелерін, ҚР Қарулы күштерін табиғи балмен қамтамасыз ете алды. Оның ұйымдастыруымен 2010 жылдан бастап өткізілген халықаралық бал фестивалі мен жәрмеңкелері омарта шаруашылығының дамуына түрткі болды. Енді Ақтөбе облысында ара шаруашылығы кооперативтерін құрып, оған 34 кәсіпкерді біріктірді. Одан басқа тағы жеті кәсіпкер бар. "Таңшолпан" шаруа қожалығында балды қайта өңдеу цехы іске қосылған. Қарақұмықтан ең көп бал жиналатындықтан, осы өсімдікті көбірек өсірген. Бір айдан артық гүлдеп тұратындықтан, көбірек өнім алуға болады. Күнбағыстан да көп бал алады, – дейді ол.


Қарақұмыққа араларды жіберу арқылы жоғары өнім алып, әрі тез бал жинауға болады

ҚҚарақұмыққа жіберген аралар балды тез жинайды. Сапасы да жоғары./ Сурет hi-news.ru сайтынан алынды


Төмендегі суретте араның қорегіне байланысты балдың 20 түрі көрсетілген. Олар:

  1. Lime tree – жөке ағашы (липа);
  2. Dandelion – бақбақ (одуванчик);
  3. Clover – беде (клевер);
  4. Theme – жебіршөп (тимьян);
  5. Thistle – ошаған (чертополох);
  6. Sunflower – күнбағыс (подсолнух);
  7. Acacia – акация (акации);
  8. Heather – аршагүл (вереск);
  9. Honeydew – шірне (нектар);
  10. Arbutus – қойбүлдірген (земляничное);
  11. Chestnut – талшын (Каштан);
  12. Sainfoin – Эспарцет;
  13. Eucalyptus – Эвкалипт;
  14. Citrus fruit – Лимон, апельсин, мандарин (Цитрусовые);
  15. Rhododendron – Әлпеншек (Рододендрон);
  16. French (honeysuckle) – бөріжидек (Французский жимолость);
  17. Alfalfa – жоңышқа (люцерна);
  18. Fir (honeydew) – шырша (Ель нектар);
  19. Apennine (wildflower) – аппениндік (Апеннинский полевой цветок);
  20. Mountain (wildflower) – таулы (Горный полевой цветок).

Суретте араның қорегіне байланысты балдың 20 түрі көрсетілген

30 гр балды жинау үшін 200 ара өсімдіктерден балшырындарды жинап, бір күн бойы толассыз еңбек етеді / Сурет s-zametki.ru сайтынан алынды


СҚО-да аралар химиялық заттан қырылды. Оған кім кінәлі?

Биылғы шілденің аяғында СҚО-да бал аралары қырылып, кейбір омарташылар шығынға шаш етектен батты. Биыл көктем салқын болып, жаз тым кеш келгендіктен, шілдеде ғана алғашқы өнімдерін алып жатты. Былтыр бұл уақытта балды саудалап жататын еді. Ауа-райының қолайсыздығы қолбайлау болғаны былай тұрсын, бал аралары қырылды. Мұндай жағдай жылда қайталанады.

Омарташылар мұны түрлі зиянкестерге қарсы себілген химиялық заттан көріп отыр. Оның үстіне бір орыннан екіншіге көшіп жүру ыңғайсыздық туғызады. "Сондықтан алдағы уақытта бал шаруашылығына арнайы алқап бөлінсе" дейді олар.

– СҚО-да аралар жаппай қырылған жоқ. Бірақ, өлгендері көп болды. Шаруашылықтың басшылары егістіктердегі арамшөптер мен зиянкестерді жою үшін химиялық заттарды қолданған. Олар ара өсіретін шаруашылықтармен бірігіп жүзеге асырмағандықтан осындай жағдай болып отыр. Түсіндіре кететін болсақ, араны қоректендіру үшін егістік шаруашылықтарына арнайы жібереді. Сондықтан, екеуара ымыраласуы керек. Олар министрліктен емес, жергілікті атқарушы әкімшіліктен арнайы алқап бөлуін сұрау керек. Бұл мәселе министрліктің құзіретіне кірмейді, – дейді Ермек Әбуов.

Сіз күнбағыс ектіңіз делік. Жаныңызға омарташы көшіп келсе, қуана қарсы алыңыз. Себебі, ара өсімдікті тозаңдандырып, екі есе өнім алуға септігін тигізеді. Атақты ойшыл Алберт Эйнштейннің: "Егер жер бетінен ара жойылып кетсе, төрт жылдан кейін адамзат та болмайды" деген тәмсіл сөзінің "жаны" бар.

Аралар ауырған кезде, отбасындағы мүшелеріне де жұғуы мүмкін

– Аралардың арасында ең көп тараған аурулардың бірі – америкалық, еуропалық шірік ауруы, дернәсілдің шіруі, аспергиллез, паратиф. Соңғы 25 жылда біздің елде воротобус, новолотоз, аспертороз, шірік аурулары тіркелген, – дейді Ермек Әбуов.

Зоотехникалық, мал дәрігерлік жоғары білімі бар мамандар ара ауруларының пайда болу себептерін, алдын алуды, емдеу тәсілдерін толық біле бермейді. Паратиф ауруына шалдыққан араның іші өтеді, қатты мазасызданады. Бұл аурумен көбінесе жабайы аралар ауырады екен. Қысы ұзақ аймақтарда жазғытұрым суық қайталанғанда кездеседі. Ортақ суатқа барғанда аралар адасып, кейде басқа ұяларға қонғанда жұқтырып алуы мүмкін. Кейде ұяның сыз тартып дымқылданғанда немесе аралар (әсіресе қора маңындағы) лас шалшықтардан су ішкенде ауырады.

Аурудың белгілері 3-15 күннен кейін ғана белгілі бола бастайды. Ұядан іші өткен араның нәжісінің күлімсі иісі шығып тұрады. Көптеген аралардың қанаттары сіресіп, ұша алмай омарта төңірегінде жорғалап қалады. Оны қалай емдейді?

Омартаға таза және тұз қосылған су құйылған ыдыс қойып, ұя төңірегін тазалап, сыпырып, ара өлекселерін жинап өртейді. Отбасының әрбір мүшесін қоректендіріп, жағдайын жақсартады. Күн сайын бір литр қант ерітіндісіне 0,2 г левомицитин, 100 мың ЕД биомицин немесе 200 мың ЕД стрептомицин қосып береді.

Араның 25 мыңға жуық түрі бар

Солардың ішінде омарта шаруашылығын жүргізіп, бал өндіру үшін біздің елде араның үш түрі өсіріледі. Орыс арасы, карпаттық және украина арасы еліміздің табиғатына бейімделіп, жазы мен қысына үйреніп қалған.

Ғалымдар "қазақстандық араны" шығару үшін ізденіп жатқан көрінеді. Украина арасының балы аппақ болып келеді. Омартаға түтіндетіп немесе арнайы масқа киіп бару керек.

10 бал ара ұясы бар шаруаның әрбір ұясына 5000 теңге субсидия беріледі

– 2014 жылдан бастап ара шаруашылықтарына субсидия беріліп келе жатыр. Тек селекцияға, араны асылтұқымдандыруға. Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығы бойынша әр облыс әкімдігінің қаулысымен бекітіледі. 2016 жылдың 27 шілдесінен бастап республикалық омарта шаруашылығы палатасы құрылған болатын. 2018 жылдан бастап 15 маусымдағы № 256 бұйрығына сәйкес асылтұқымдыру үшін әрбір бал ара ұясына 5000 теңге қарастырылған. Субсидия алу үшін кемінде 10 бал ара ұясы болса ғана беріледі.

Былтыр субсидия алу үшін 153 млн теңге бөлінген болатын. Биыл жергілікті атқарушы мекемелерге 178 млн теңге субсидия бөлінді. Кімге, қалай, қаншадан берілгенін жылдың соңында білетін боламыз, – дейді Ермек Әбуов.

Субсидия заңды түрде тіркелгендерге беріледі:

  • Ауыл шаруашылығы кәсіпорындары;
  • Дара кәсіпкерлер;
  • Шаруа қожалықтары.


Пайдаға белшесінен батуды ойлайтын омарташылар субсидияны алудың да жолын табады
Пайдаға белшесінен батуды ойлайтын омарташылар субсидияны алудың да жолын табады / Сурет grekomania.ru сайтынан алынды

Қызылорда облысында бал арасын өсіргені үшін субсидия алған омарташы жоқ

– Маңғыстау, Атырау, Қызылорда облыстарында ара шаруашылығы мүлдем дамымаған. Соның ішінде Қызылорда облысы шөлейтті белдеуге жататындықтан, ауа-райы да бұл сала үшін қолайсыз. Статистика комитетінің мәліметі бойынша, былтыр 9 тоннаға жуық бал өндірілген. Оның ішінде бар жоғы бір тоннасын ғана ауыл шаруашылығы кәсіпорындары алған. Сондықтан, субсидия алған омарташы жоқ. Бұл – төмен көрсеткіш. Қалған 8 тоннасы жергілікті әуесқой ара өсірушілерден жиналған болып тұр.

Қызылорда облысының омарташыларына субсидия берілмеді. Ең аз дегенде 10 бал арасының ұясы болмағандықтан жергілікті атқарушы мекемелер субсидия бермеген. Оны алу үшін Республикалық омарта шаруашылық палатасымен бірлесулеріне болады, – дейді Мал шаруашылығы салаларын дамыту стратегиясы басқармасының басшысы .

ШҚО – Орталық Азия елдерінің арасында ара шаруашылығының отаны

2013 жылы ашылған "Марченко" шаруа қожалығы жылына 350 тонна өндіріп отыр. Еліміздегі балды өндіру, өңдеу, бөлшектеп сату бойынша жетекші рөлді атқарады. Басшысы – Валерий Қасымбаев. Қытай Халық Республикасымен келісімге келу арқылы экспортқа жөнелтіліп жатыр. ШҚО балмен шұғылданатындар кооперативтерге топтастырылған. Мысалы,

"Алтай балы" кооперативтері – 1500;

"Шығыс балы" – 1089;

"Орыс бал" – 70 омарташылар біріккен.

Омарташылар шетелге барып, білімін жетілдіріп жатыр

– ШҚО-да омарта шаруашылығы мамандарын Саратов, Қатон Қарағай, Самара колледжінде оқытады. Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ Ұлттық аграрлық университеттерінде осы салаға бейімдейтін арнайы кафедра бар.

"ШҚО ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты" ЖШС ғылыми жұмыстармен айналысады.

Ресейдің Рязань қаласындағы омарташылар акадамиясы мен Мәскеудегі Тимирязов атындағы университеттерінде білімін жетілдіріп келіп жатыр. Себебі, Ресей мен бізде өндірілген балдың сапасы ұқсас, – дейді Ерлан Әбуов.

"Соқа тимеген жерлерде бал конвейерін жасау керек"

Ара шаруашылығындағы қордаланған мәселелерді Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ аграрлық университеттің академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Нұрлан Серікпаев айтып берді.

– Бізде бос жатқан алқап көп. Соларды ара шаруашылығына қажетті дақылдарды өсіру арқылы пайдалана білсек, өнім мөлшері ұлғаяр еді. СҚО-да дәл қазіргі уақытта бал жинайтын дақылдар болмағандықтан, Ресейдің Рязань қаласынан ғалымдарды шақырып, нені өсіруге болады деп, ақылдасып жатырмыз. Анатолий Савин сол өңірде өсетін гүлдерге ғана тоқталып өтті. Ал, оның орталық пен СҚО-да өсетін, өспейтініне мән беріп жатқан жоқ. Меморандумға қол қою үшін біздің жерді зерттегеннен кейін тәжірибе жүзінде асырғанын қалап отырмыз. Әйтпесе, Қарағанды аймағына түйежоңышқаны өсіріп көріп едік, біз ойлағандай нәтиже бермеді. Арамшөпке айналып кетті. Далада өсіп тұрған дақылдардан пайда болмай жатқандықтан, егістікке мән бергелі жатырмыз.

Мамыр айында бақбақ бір-ақ ай гүлдеп тұрады. Енді маусым айында қандай гүлден бал жинауға болады? Міне, саты-сатымен қыркүйек айына дейін бал жинайтын дақылдардың тізімін жасап қою керек. Күнбағыс, зығыр, түйежоңышқа, әр түрлі гүлдер мен шөптесін өсімдіктердің тұқымын жинап, егістік алқабына егу керек. Бұлар барлық өңірде өсетіндіктен, ара шаруашылығына қолайлы. Осы мәселені жан-жақты қарастырып жатырмыз, – дейді ол.

Қыстың қамын жазда ойлайтын араларды біз ойламайтын болдық

– Қыстыгүні аралар көктем мен жазда жинаған азығымен қоректенуді ойлайды. Тынбай еңбектеніп жинағанын алып қоятын болған соң, күн суығанда қайтадан балға толтыруды ұмытпау керек. Омарташылар қулыққа басып, бастапқыда бал орнына шекер салып қоятын еді. Бағып-баптау қиынға соғады деп қазір қысқа қарай араларды өлтіріп тастайтын болды. Жазғытұрым болғанда араны арнайы өсіретіндерден сатып алады. Бағасы да әр түрлі. 6000 теңгеден басталып 25 мың теңгеге дейін, – дейді Нұрлан Серікпаев.

Кәсіпті өрге домалату үшін не істеу керек?

Жоғарыда айтып өткеніміздей, балды жылдам жинау үшін араға жағдай жасау керек. Яғни, қорегін қамтамасыз еткен жөн.

Қандай гүлдерден көп нәр жинауға болатынын Ресейдегі ара шаруашылығы Ғылыми-зерттеу институтының ауылшаруашылық дақылдарының және бал базасы кафедрасының меңгерушісі, Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Анатолий Савин түсіндіріп берді. Ол Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ аграрлық университетінде өткен жиында informburo.kz тілшісінің сауалына жауап берді.

Біріншіден, аталық пен аналық ұштасқан кезде таза болуы керек. Сондықтан, қолданылған омартаны сатып алсаңыз, тазалығына мән беріңіз. 15 мың - 20 мың аралығында сатып ала аласыз.

Екіншіден, Иесімен ақылдаса отырып, балды тез жинауға болатын егістіктің маңайына көшіп барыңыз. Көшіп-қонудан шаршасаңыз, өзіңіз егістік егуге машықтаныңыз. Жері болмағандар жергілікті атқарушы мекемелерден осы мәселені шешіп беруін сұрап жүр. Араның бал жинауын үш кезеңге бөлуге болады. Көктемгі жинау – тал, үйеңкі, алма, алмұрт ағаштары гүлдегенде ара екі аптадай тынымсыз бал жинайды. Жазда жөке ағашынан екі-үш апта бал жинайды.

Үшіншіден, гүл шірнесі мен тозаңын жұмысшы аралар жинайды. Үш жұп аяғының тозаң жинайтын себеті болады. Өз салмағының жартысындай ғана шірне жинай алады. Оны ұядағы жас араға қалдырып, қайтадан ұшып кетеді. Жас аралар тор көзшелерге салып, желдетіп, артық ылғалды жояды. Араның сілекей безі шірнедегі қант құрамын өзгертіп, оны балға айналдырады. Балға толғаннан кейін оны балауыз қақпақшамен жабады. Міне, осы соңғы кезеңді болдырмай жатып, балды жинап үлгеріңіз.

Төртіншіден, түйежоңышқаны (донник) өсіретін болсақ, жер демалады. Нақтырақ айтсақ, жер тыңайып, құнарлығы артады. Кеңес Одағына дейін орталықта күнбағыс өсірілмеген. Өспейді деп те ойламаған. Сол сияқты түйежоңышқа да таңсық болып тұр. Одан еш қорықпау керек. Тек түбін дұрыс қопсытып, күтімін білу керек. Әйтпесе, арамшөпке айналып, біз ойлағандай нәтиже бермейді.


Ақ түйежоңышқаны арамшөпке айналдырмай өсіре білсе ғана аралар балды тез жинай алады

Ақ түйежоңышқаны арамшөпке айналдырмай өсіре білсе ғана аралар оның шырынын тез жинай алады / Сурет beebazar.ru сайтынан алынды


Балды көп жинауға болатын гүлдер туралы да Анатолий Савин айта кетті. Олар:

  • Шығыс майракебісі (Свербига восточная);
  • Шығыстың ешкі шөбі (Козлятник восточный);
  • Бояу шытыршық (Вайда красильная);
  • Сары түйежоңышқа (Донник желтый);
  • Ақ түйежоңышқа (Донник белый);
  • Түймежапырақ (Фацелия пижмолистная);
  • Көкбасгүл (Синяк);
  • Дала жалбызы (Сильфия пронзенолистная);
  • Дөңгелек басты лақса (Мардовник шараголовый);
  • Есекшөп (Ослинник);
  • Молдава жыланбасы (Змееголовник молдавский);
  • Көкшіл (Синюха голубая);
  • Анисалық лофант (Лофант анисовый).

Бұл шөптердің барлығы елімізде өседі. Бірақ, арқа жеріне ең қолайлысы – түйежоңышқа екен. Бірақ, шаруаларға оны өсірудің тәсілін үйрену керек болып тұр. Нұрлан Серікпаев көкбасгүлді қолдан өсіргенге қарсы.

– Себебі, оның тамыры тереңге бойлайтындықтан жер асты суын көбірек тартып алады. Оны Астанада өсіретін болсақ, бүкіл Елорданы басып қалады деген қауіп бар. Маңайындағы ағаштарға су жетпей қалып, бәрі қурап қалуы мүмкін. Мұндай жағдайларды да ескергеніміз дұрыс. Мысалы, сіздің отбасыңызға ғана жететін азықты өзгемен бөліссеңіз, өзіңіз аш қаласыз ғой. Мұнда да тура осындай жағдай. Артық қыламын деп, тыртық қылып жүрмейік, – дейді ол.


Көкбасгүл (синяк) дегеніміз -осы

Көкбасгүл (синяк) улы болғандықтан мал жемейді / Сурет syl.ru сайтынан алынды


Бал уы туралы Фармация комитеті нақты деректерді ұсынды

– Бал арасының уынан "Апизартрон" 20 г жақпа майы жасалады. Оның құрамында меллитин, гистамин, арнайы әсері бар пептидтер, апамин, гиалуронизада, фосфолипаза бар. Субсозылмалы және созылмалы полиартритте, миалгияда, ревматизмдік зақымдануда, невралгияда (оның ішінде невриттер, ишиас), астралгияда, қан айналымының бұзылуында, буындардың дегенеративті-дистрофиялық және қабыну ауруларында, бұлшықеттер, сіңірлер жеңіл зақымданғанда қыздыру үшін қолданылады, – дейді Денсаулық министрлігінің Фармация комитетінің төрайымы Людмила Бюробекова.

Ал бағзыдан суық тигенде балды қолданып жүрміз. Оны енді тілі былдырлап шыға бастаған баладан еңкейген кәріге дейін біледі. Сонымен қатар жүрек, бауыр, өкпе, бүйрек, асқазан, ішек, жүйке ауруы, қан қысымының көтерілгеніне бірден бір ем екенін біле жүргеніңіз дұрыс.

Қатты жөтелген адам күніне үш рет ас қасықпен бал ішсеңіз, сауығып шыға келесіз. Сүтке қосып ішуге де болады. Оны ішкен соң екі-үш күндей жылы үйде жатқан жөн. Бал терлетеді. Терлеген денеге суық тез тиетінін білесіз ғой. Қызарып тұрған тамақты да балмен шайсаңыз, бірден басады.

Балды қалай таңдау керек?


Дәл қазір табиғи балды сатып алып үлгеріңіз!

Дәл қазір табиғи балды сатып алып үлгеріңіз! / Сурет kazved.ru сайтынан алынды


  1. Біздің елде маусым мен қыркүйекте бал жиналатындықтан, осы кезде сатып алғаныңыз дұрыс. Неғұрлым сұйығын таңдаңыз. Қыстыгүні бал құрамы өзгере бастайды. Жаңа жыл қарсаңында қоюланады. Егер қыста сізге сұйық балды ұсынса, онда табиғи емес.
  2. Балдың тамшысын саусағыңызға тамызғаныңызда дөңгеленуі керек. Пішімін өзгертетін болса, балға қоспалар қосылған болуы мүмкін.
  3. Балды қасықпен алып, қайта ағызғанда сорғалауы керек.
  4. Балды шәйға қосып ішкеннен гөрі аш қарынға қасықпен жеген пайдалы. Онда да бірден жұтпай, ұртыңызда ерігенін күтіңіз. Тәтті сілекей пайда болғанда ғана жұтыңыз. Осыдан кейін ғана сусын іше берсеңіз құба-құп.

Есіңізде болсын: балды суға қосып қайнатсаңыз, құрамындағы пайдалы дәрумендердің барлығы жойылады. Оған қоса ағзаға зиянды оксиметилфурфурол пайда болады.

Ендеше, үйіңізден бал үзілмесін! Балды жақсы көретін аю сияқты арадан қашып жүрмеңіз!

Араның тіршілігі туралы туралы білгіңіз келсе, жәндіктер туралы жазған мақаламыздан оқыңыздар!

Балдың қасиеті туралы қызықтырса, сілтемеге өтіңіз.

Қазір балдың бағасын салыстырғыңыз келсе, мінекей.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары