Сонымен Қазақстанда жүн шаруашылығының жағдайы қалай? Оны дамыту үшін не істеліп жатыр? Қордаланған қандай мәселе бар? Оларды шешуге бола ма?

Осы сұрақтардың жауабын informburo.kz тілшісі зерттеп көрді.

"Жүннен киім жасауды Youtube-тен үйрендім"


Құрамында түбіттен басқа қылшық кездеспейтін, майда, жұмсақ жүн биязы жүннен әдемі киімдер жасалады

"Құрамында қылшық кездеспейтін түбітті майда, жұмсақ биязы жүннен әдемі киімдер тоқылады" дейді Кәмила / Дизайнер Кәмила Сүлейменованың жеке мұрағатынан алынды

– "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясында 17 жыл бойы экономист болғанмын. Осыдан үш жыл бұрын мамандығымды өзгертіп, дизайнер болып кеттім.

"Не түрткі болды?" дейсіз бе? Бала кезімнен тігін машинасымен дос едім. Соның әсері болар, үшінші баламен декреттік демалыста отырғанда, осы ой келді. Нарыққа экономист ретінде қарасам, бәсекеге төтеп беру үшін тың идея керек. Байқасам, жүннен қазіргі заманға лайықты бұйымдарды, киімдерді жасайтын маман біздің елде тапшы.

Содан... Youtube-те бәрі бар. Қолөнершілердің сабақтарын қарап, қайталадым. Әуелі бас киімдерді жасадым. Қолым икемделе бастаған соң, балалар киімінің топтамасын шығардым.

Кейін ересектерге арналған киімге көштім. Былтыр топтамамды Миланда көрсеттік. Бірнеше дүкен қызығушылық танытты. Сатып алды. Тапсырыс берді.

Ал біздің елде жүннен жасалған мұндай киімдерді бағаламайды. Талғамы биік бірен-саран адам болмаса. "Денені қышытады, аллергия береді" деп ойлайтындар да бар.

Бас киіміміздің бағасы 10 мың теңгеден жоғары. Сырт киімдердің бағасы 100 мың теңгеден асады. Жаздық киімдер – 30 мың теңгенің төңірегі.

Кәсіп ашқысы келген қисынын келтіріп, әрбір істің ебін табады

– Мысалы, жүннен киім жасауды үйрету. Бас киімді екі-үш сағатта 10-12 мың теңгеге үйретемін. Оның ішіне жүнге кететін шығын кіреді. Ал көйлекті жасауға жеті сағат уақыт керек. Оқыту құны 35 мың теңге. Жасаған бұйымын өзімен бірге ала кетеді, – дейді Кәмила Сүлейменова.


"Өзіміздің жасаған киімдерімізді үнемі киіп жүремін", – дейді Кәмила

"Өзіміздің жасаған киімдерді үнемі киіп жүремін" дейді Кәмила / Дизайнер Кәмила Сүлейменованың жеке мұрағатынан алынды

Жеке кәсіпкерлер дамып жатса, ірі кәсіпорындар шикізат жоқ деп шығынға батып жатыр

– "Caspiy Lana Atyrau" ЖШС 2016 жылы іске қосылған. Жылына 2 мың тонна жүн өңдейді. Зауытта шикізатты дайындау жүйесі жолға қойылмаған. Шикізат жетіспегені былай тұрсын, жалпы зауыттың жұмысын ұйымдастыратын маманның болмауынан шығынға батып отыр, – дейді бізге жауап берген Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу өнеркәсібін дамыту басқармасының басшысы Нұрбала Аймаханова.

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев "жүн шаруашылығын дамытуға ниет білдіргенімен, оның орындалуына бірнеше мәселе тосқауыл болып тұр" дейді. Жарияланған деректер бойынша кәсіпорынның шығыны 600 млн теңгеден асқан.

– Жүнді өңдеп қана қоймай, киім мен түрлі бұйымды нарыққа шығарғымыз келеді. Бірақ, шикізат қымбат. Бір келі жүнді 500 теңгеге емес, 900 теңгеге сатып алатын болсақ, дайын өнімнің бағасы аспандап кетеді. Шығынға белшеден батып, тығырықтан шығар жолды таппай жүрміз, – депті ол Миялыда өткен ауыл шаруашылығын дамытуға арналған кезекті жиында.

Ал шаруалар қой мен түйе жүнін өткізе алмай жүр?

– Біріншіден, олардың қолдарындағы жүннің сапасы төмен. Жүн әр талшығының жіңішкелігі мен түсі бойынша сұрыпталады. Оны тек мамандар ажыратады. Өңдеуге дейін осындай жұмыстар жүргізілу қажет. Ол үшін әр өңірде дайындау бекеттерін құрмақпыз.

Екіншіден, елімізде жүнді жоғары дәрежеде өңдейтін кәсіпорын аз. Ал барларының түгел дерлік құрал-жабдығы тозған. Сапалы өңдей алмайды. Қосымша өңдеуді қажет етеді. Сол себепті көбіне ондай шикізатқа сұраныс жоқ, – Нұрбала Аймаханова.

Жүн сапасы төмен болса да, Қытай асып жатыр

– Олар екі есе қымбатқа сатып алады. Қытайда жеңіл өнеркәсіп саласы қатты дамыған. Жүннен тоқыма жіп, мата жасайтын кәсіпорындары көп. Бізде ондай бірде бір фабрика жоқ.


Мал санының жыл сайын артқанын байқаймыз

Мал санының жыл сайын артқанын байқаймыз / ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметі бойынша жасалды

– Біздің кәсіпорындар шикізат ретінде тоқыма жіпті, маталарды шет елден сатып алады. Бұл өнімнің өзіндік құнына тікелей әсер етеді. Біздегі дайын өнім бағасы сол себепті қымбат, – дейді Нұрбала Аймаханова.

Ал өңдеушілер салықты азайтса, шет елге жүн сатуды одан әрі көбейткісі келеді

– Шикізатты дайындауға қомақты қаражат керек. Әсіресе үш ай қырқым кезінде банктен несие алуға мәжбүрміз. Бұл жуылған жүннің бағасына әсер етеді. Коммуналдық төлем, жұмысшылардың жалақысы, салық бар. Ресей мен Беларусияда жүн экспортына салық салынбайды. Тіпті Қырғыз елі мен Арменияда да.

Оның үстіне қытайлық алыпсатарлардың жүнді қымбатқа сатып алып жатқанын білесіздер. Көптеген шаруашылықтарда техника ескі, өңделген жүннің сапасының төмен екені рас. Сондықтан, іште сұраныс жоқ. Тек Қытай сатып алады. Жүнді шекара асырып, субсидияны алу үшін құжаттарын жасатып алған заңсыз топтармен бәсекелеспіз. Оларға тосқауыл қою мүмкін емес. Соның өзінде әр тонна жүнді сыртқа шығару үшін салық төлеп келеміз. Егер осыны алып тастайтын болса, шаруашылығымыз біраз өркендеп қалар еді, – дейді жылына 7 мың тонна шикізат өңдейтін "Шымкент-Кашемир" ЖШС-нің бас маманы Санат Шағанбекұлы.

– Бір қызығы, мұндай салық басқа еш шикізатқа салынып отырған жоқ. Тек жүнге. Біз үлкен шаруашылықпыз. Тараз, Өскемен, Семейде бізден де ірі фабрикалар болып еді. Салық тұсау болып, дөңгелетіп отырған істерін жабуға мәжбүр болды. Мал басына, жүнге субсидия беріледі. Бірақ оны салық арқылы екі есе қайтарып алып жатыр. Сол қалтаға батады. Бұл мәселені екі жыл бойы Ауылшаруашылығы министрлігіне жеткізіп келеміз. Олар біздің мәселені қолдады, түсінді. Бірақ басшылық ауысып кетті. Енді соған алаңдап отырмыз, – дейді ол.

Бір қызығы жүн шаруашылығын дамыту үшін мемлекеттен көмек бар

Ол бағдарламаға қатысушылар "Аграрлық несие корпорациясы" акционерлік қоғамы және "Қаржылай қолдау қоры" АҚ арқылы техника, жабдықтар және айналым қаражатын толықтыру үшін несие ала алады. 5 жылға 6 млн теңгеге дейін беріледі.

Сонымен қатар өңдеуге өткізілген биязы және жартылай биязы жүннің сатылған құны субсидияланады. Мысалы:

  • Сапасы 60-тан басталатын жүнге 150 теңге/келісіне;
  • Сапасы 50-ден басталатын жүнге 100 теңге/келісіне.

Жүнге субсидия алу үшін арнайы талап бар

Біріншіден, қойларды қырқуға, жүнді сұрыптауға және дайындауға арналған арнайы орын болуы керек. Шағын цех болса да.

Екіншіден, биязы және жартылай биязы жүнді бастапқы өңдеуші кәсіпорынға өткізу қажет.

Айта кетейік, 2018 жылы осы бағыт бойынша ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 284 млн теңге субсидия беріліпті.

Бұл мәселені Ұлттық Экономика министрлігі қарастырып жатыр

– Экспорт туралы айтатын болсам, көбінесе қой жүні. Оның 99%-ы Қытайға жіберіледі. 2018 жылы жүн экспортының көлемі 15,7 мың тоннаны құрады. Оның ішінде жуылған жүн экспорты – 7,8 мың тонна, жуылмаған жүн – 7,9 мың тонна, – дейді Нұрбала Аймаханова.

Елімізде жүн өңдеумен айналысатын 15 фабрика бар.


Ал экспортқа тек қой жүні шығарылады

Ал экспортқа тек қой жүні шығарылады / ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметі бойынша жасалды

Еңбек етсең ерінбей... "Asyl Design" сән үйінің "Аспара" бренді шетелді таң қалдырып жүр

Жақында Италиядағы Миланды тамсандырып келген брендтің бас дизайнері Айдархан Қалиевпен сұқбаттастық. Ол неофольклор бағытында маңдай терін төгіп келе жатқанын айтады.


Осы топтамаларға байерлер, яғни Италиядағы киім дүкендерінің басшылары біршама тапсырып жасады

Осы топтамаларға байерлер, яғни Италиядағы киім дүкендерінің басшылары біршама тапсырып жасапты / Дизайнер Айдархан Қалиевтың жеке мұрағатынан алынды

– Ата-бабамыздан қалған өнерді, ұлттық киімдерді заманауи үлгіде шығарып жатырмыз. Әйтпесе, XVIII-XIX ғасырда киген киімнің пішімін бәз қалпында қалдыратын болсақ, оны XXI ғасырда ешкім кимейді. Біздің өнімдерге қарап отырсаңыз, "қазақтікі" екенін бірден аңғарасыз. Безендіргенде фольклорға жүгініп, бас киімге, киімге, төсеніш-кілемдерге арналған оюлардың бөлек болатынын ескеремін.



Кәсіби сән өнерінде жаңа үлгілер сән маусымына жарты жыл жетпей халыққа таныстырылады. Миланда "Күз, қыс – 2019-2020" үлгілерін көрсетіп қайттық. Өткен жылы көктем мен жаз топтамасын шетелге таныстырған едік. Алты ай ішінде киімдерді тігіп, мамыр айына дайындап қоямыз. Қазір кірісіп кеттік. Сонда Миланда таныстырған топтама қыркүйекте елдегі, шетелдегі дүкендерде сатылымға шығады.


Бұл топтама Венецияда таныстырылған

Бұл топтама Венецияда таныстырылған / Дизайнер Айдарха Қалиевтың жеке мұрағатынан алынды

Біздің дүкендеріміз Милан, Қытай, Ташкент, Қазақстанның барлық өңірінде бар. Сонымен қатар Өскемен, Семей, Қостанайда авторлық топтамаларды ұсынатын дүкендер біздің дайын өнімімізді алып, үстіне баға қосып сатып жүр, – деді Айдархан Қалиев.

"Тараздың таза жүнінен киізден басылған киім шығарып жатырмыз"

– Біз көбіне жүннен жасалған матаны Италиядан алдырамыз. Ал жаздық топтамаға жібектерді Қытай, Үндістан, Дубай, Корея, Индонезиядан әкелеміз. Сонда жүннен емес, жүннен жасалған дайын матаны пайдаланған тиімдірек.


Тараздың сапалы жүнінен жасалған көйлектер қазір сатылымда жоқ

Тараздың сапалы жүнінен жасалған көйлек киген арудың талғамы биік екені аңғарылады / Дизайнер айдархан Қалиевтың жеке мұрағатынан алынды

Қазір Тараздың жүнін кеудеше, қамзол, сырт киімдерді жасауға кәдеге жаратып отырмыз. Осыдан екі жыл бұрын "Ұлы дала көктемі" топтамасын Миланға шығарғанда, шетелдіктерге ұнады. Бірақ, қолмен илеп, әшекейлеген киімнің бағасы қымбат. Сондықтан, мұндай өнімдерді анда-санда шығарамыз.

Күздік киімдер 100 мыңнан жоғары болса, жібектен, шифоннан тіккен жаздық киімдер 30-35 мың теңгенің шамасында. Біздің құрал-жабдықтарымыздың барлығы – заманауи. Сапалы киімдерді тұтыушыларға ұсынып жатқандықтан, сұраныс та жоғары.

Ботаның жүнін ұршықпен иіріп, басқұр тоқып та көргенбіз. 10 метрін бір-екі ай тігіп, пішіп отыру керек. Жұмысы қиын болғандықтан, бағасы қымбат. Сондықтан, сұраныс аз, әрі өзін өзі ақтамады, – дейді дизайнер.

Еліміздегі "Dani" бренді де шикізатты Италиядан алдырады

Дизайнер Кәмила Сүлейменованың "Dani" шағын цехына барып қайттық. Олар ешқандай технологияның көмегіне жүгінбей-ақ, киімдерді екі шебер қолмен жасап жүр. Есесіне өнімнің бағасы да – қымбат. Жүнді Италиядан сатып алатын болып шықты.

– Біздің қойдың жүндері австралиялық мериностыкіне қарағанда қалыңырақ. Ол жақта үнемі жаз болғандықтан, жүндер жұп-жұмсақ әрі жіңішке. Қолөнер бұйымдарына ыңғайлы. Сондықтан Италиядан сатып аламыз, – дейді ол.


"Dani" брендімен шығарылатын киімдерді күнделікті киіп жүре беруге болады

"Dani" брендімен шығарылатын киімдерді күнделікті киіп жүре беруге болады / Дизайнер Кәмила Сүлейменованың жеке мұрағатынан алынды



Өзіңізге ыңғайлы жерден informburo.kz оқыңыз:

Facebook | Instagram | Telegram

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter