Астанада ұрылар еш қымсынбастан қымбат көліктерді айдап кетіп жатыр. Толықтырылған
Өткен жылы республика бойынша он мыңға жуық автокөлікті айдап кету қылмысы тіркелген. Оның ішінде жеті мыңнан астам автокөлікті ұрлаған. Жартысынан көбі табылмайды.
Министрлік қылмыскерді іздеуге бөгет жоқ дейді. Бірақ... табылмай жатыр?
Ұрылар әсіресе, LEXUS 570-ке қасқырдай шабады
"Жуырда, айдың күннің аманында аулада тұрған қымбат автокөлігімді ұрлап кетті" деп байбалам салған Сапар Шамшиевтің жазбасы желіні дүр сілкіндірген болатын. Анықтағанымыздай, бұл бір ғана жайт емес екен.
Оқи отырыңыз: Екінші мәрте ұрлық жасайтындарға кешірім жоқ. Қылмыстық кодекске ұрлыққа қатысты тағы қандай өзгертулер енгізілді?
Бұл – өте қымбат көлік. Нарықтағы бағасы кем дегенде 20 миллион теңге тұратын майшелпек.
Оқи отырыңыз: Мал ұрлығы үшін жаза күшейеді: айыппұл мөлшері 7,5 млн теңгеге артпақ
Астанада соңғы үш ай ішінде LEXUS 570 маркалы үш көлік ұрланған
Нақтылап айтсақ өткен жылы:
12 қазанда Ы.Алтынсарин көшесі мен І.Есенберлин көшелерінің қиылысындағы үйдің ауласынан 2013 жылғы, мемлекеттік нөмірі 707 NFA 01 LEXUS 570 автокөлігі жоғалады.
18 қарашада Р.Қошқарбаев көшесі, 46 үйдің ауласынан 2014 жылғы, мемлекеттік нөмірі 550 DZ 01 нөмірлі LEXUS 570 автокөлігі ұшты-күйлі жоқ болды.
26 желтоқсанда Күйші Дина 25/2 үйдің ауласынан 2012 жылғы, мемлекеттік нөмірі 050 RSA 01 LEXUS 570 автокөлігін иесі таппай қалады.
Бір қызығы, үш жағдайда да ұры көшедегі жағалай ілініп тұрған бейнекамераға ілікпепті. Қай бағытқа кеткені де белгісіз. Ешқайсысы әлі табылған жоқ.
Оқи отырыңыз: Жеті жасар баланың трагедиясы. Жаман бала қайдан шығады?
Дәл осы маркалы автокөлік еліміздің басқа қалаларында да жоғалған.
10 желтоқсанда Қостанай қаласы, Наурыз микрорайонында мемлекеттік нөмірі 570 OZA 01 LEXUS 570 автокөлігінің орнын иесі сипап қалған.
16 мамырда Қарағанды қаласы, Ленин көшесі 61\2 үйдің ауласындағы күзеті бар автотұрақтан 2015 жылғы мемлекеттік нөмірі 090 RRR 09 LEXUS 570 автокөлігі ұрланған.
Негізі айдап әкеткен автокөліктердің барлығында сигнализация, ұрлап кетуден қорғайтын өзге де құрылғылар орнатылған. Бірақ, ұрылар одан да, аула мен көше бойында тізілген бейнекамералардан еш сескенбестен ойындағысын еркін іске асырған.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда азық-түлік шығындары ең төменгі жалақының 56 пайызын құрайды
Қарағандыда көлік ұрлаған қылмыскерді сот залынан босатып жіберген
Ол ұсталды. Астаналық болып шықты. Сотталды. Бірақ шартты жазамен босатылған.
Біздің қолымызға сот қаулысының көшірмесі мен қылмыскердің 2015 жылы құқық қорғау саласының қызметкері болғандығын айғақтайтын тағы бір құжат келіп түсті.
Іс 2017 жылы төртінші тамызда, Қарағанды қаласының Қазыбек би аудандық сотында, судья Аққожинаның С.С төрелігімен қаралған. Сот қаулысы 2017 жылдың 19 қыркүйегінде, 15 күннен кейін (осы уақыт жәбірленуші тарап сот шешімімен келіспесе, істің қайта қаралуын талап етіп, арыз түсіруіне болады), №3599-17-00-1а/584 нөмірмен шыққан.
Қылмыскер "белгісіз" сыбайласымен "белгісіз жерде" уағдаласыпты
Сот анықтағандай, Қарағандыда көлік ұрлады деп үстінен іс қозғалған астаналық Т.А.А есімді (аты-жөні белгілі себептермен қысқартылды) азаматтың тағы бір белгісіз біреумен анықталмаған жерде LEXUS 570 маркалы, мемлекеттік нөмірі 090 RRR 09 автокөлігін ұрлауға уағдаласады. Ойларын жүзеге асыру үшін көздеген көліктің сипаттамасы көрсетілген жалған құжат әзірлейді.
19 мамыр күні шамамен сағат 00.00 кездері А. сыбайласы екеуі көлікті ұрлау үшін күзетілетін автотұраққа келеді. Әрі қарай А. ұрланған көлік тұрған үйдің кіре берісіне кіріп, автотұрақ аумағынан шығатын жолдағы пультпен басқарылатын шлагбауымды бұзады.
Осы кезде "жақсы танымайтын" сыбайласы жан-жағында ешкімнің жоқ екеніне көз жеткізіп, қолындағы құрылғымен көлікті ашып, тұрақтан айдап шығарады.
Кейін рульге А.-ның өзі отырып, белгісіз бағытқа жол тартады. Бұл – сот ұйғарымы.
Көлік И.Н. Калашников есімді азаматқа тиесілі. Сот Калашниковтың шығынын 27 миллионға бағалайды.
Сотта А. өз кінәсін толық мойындап, өкініп, өзіне қарсы қолданылған айғақтардың барлығымен келіседі.
Оқи отырыңыз: Есірткі саудасымен балалар да айналысады. Чикагоның ең қауіпті 10 ауданынан фоторепортаж
Қылмыскер сотқа сырын ашады
А.-ның айтуынша, 18 мамыр күні өзі де "дұрыс танымайтын" танысымен Астанадан Қарағандыға жолға шығады. Жолда танысы Toyota немесе Lexus маркалы көлік ұрлауды ұсынады. Себебі онда осы көліктерді ашатын құрылғы бар екен.
Ал А. болса, танысының ұсынысына "еріксіз" көнген. Көлікті тұрақтан айдап шыққаннан кейін, танысы оған Осакаровкаға баруы керек екенін, ол жерде өз адамдарының күтіп тұратынын айтып, шығарып салған. А. тағы да көне кетеді.Қымбат көлік ұйқы қашырады
Мүмкін, бұл ұры ұсталмас та еді, қымбат көлік иесіне қайтарылмас та еді. Өйткені ұрылар барынша сақ қимылдаған, бәрін есепке алғаны белгілі. Қателескен жерлері көлік иесінің күнделікті әдеттенген дағдысы екен.
Бағасы 27 миллион теңге тұратын көлік иесі И.Н.Калашников – өте сақ адам болып шықты. Әр екі-үш сағат сайын оянып, терезеден қымбат автокөлігін бір қарап қойып, ұйықысын жалғастыратын әдеті бар көрінеді.
Сол күні де үйреншікті әдетінше, сағат таңғы 4:18-де оянып, терезеден қараған. Көлігін орнынан таппаған. Ұйқысы шайдай ашылған И.Калашников дереу полицияға хабарласып, көлігінің белгілерін айтып берген.
Таңғы сағат жетіде көлігінің табылғаны туралы қуанышты хабар естиді.
Оқи отырыңыз: Ел аман, жұрт тынышта із-түзсіз жоғалатындар көбейді
Калашников соттан ұрыны кешіруді сұрайды
Сот шешімінде келтірілгендей, азамат Калашников көлігіне зақым келмей сол қалпында өзіне қайтарылғанына қуанса керек, "қылмыскерге тағар айыбым жоқ" деп кешіре салған.
Тіпті үш жас баласы бар ғой, бас бостандығынан айырмаңыздаршы деп те соттан жалына сұраған көрінеді.
Тараптар татуласты. Happy End
А.-ға ҚР қылмыстық кодексінің 188 бабының, 4 тармағы 3 тармақшасына сәйкес ұрлық жасады деген айып тағылады.
Алайда, сот А.-ның үш кішкентай баласы бар екенін, сосын кінәсін мойындап тұрғанын, жәбірленушінің кешірім бергенін, бұрын істі болмағанын ескере келе қамауға алмай, жазасын шартты түрде өтеуге мүмкіндік беріп, босатып жіберген.
Апам да аң-таң, мен де аң-таң. Сонда А.-ның сыбайласы кім?
Ол қайда? Сотта оны ешкімнің жоқтамағаны қалай? Қолындағы Toyota мен Lexus көліктерін ашып алатын құрылғысымен бұрын қанша көлікті ашыпты? Алда әлі қаншасын ашпақ?
А.-ның өзі қай жылдары құқық қорғау мекемесінде қандай лауазымда қызмет атқарған? Не үшін жұмысынан босатылған? Қаулыны оқып шығып, осы және өзге сұрақтарды ресми хатпен Ішкі Істер Министріне жолдадық.
Оқи отырыңыз: Бас прокуратураның ресми өкілі: Әблязовтың көксегені – жеке басының мүддесі, мансабы
Қылмыс жасаған А. полициядағы жұмысынан өз еркімен кеткен
Ішкі Істер Министірлігі informburo.kz сұрақтарына жауап бере келе, Т.А.А.-ның Астана қаласының ІІД жедел уәкіл лауазымында болғанын растап отыр. ІІМ мәліметіне сай, ол қызметінен өз қалауы бойынша 2015 жылдың наурыз айында босатылған екен.
"Оған қатысты қылмыстық іс 2017 жылы қозғалған. Оның сыбайласына қатысты негізгі қылмыстық іс өндірісінен бөлек қылмыстық іс қозғалып, жеке басының анықталмауына байланысты Қылмыстық Процестік Кодекстің 45-бабы 1-тармағы 7-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу тоқтатылған болатын", – делінген ІІМ баспасөз қызметінің informburo.kz-ге берген ресми жауабында.
Яғни, А.-ға қатысты істің қозғалғаны рас. Ал оның сыбайласының кім екені бүгінге дейін белгісіз. Полицейлер болса, оған қатысты қылмыстық істі тоқтатып тастаған.
Сапардың көңілінде күдік көп
Сапар Шамшиев көлігінің жоғалғанын 26 желтоқсан күні, таңертең бір-ақ аңғарған. Жедел полицейлерге қоңырау шалып, көлігінің қолды болғанын айтып, толық сипатын берген.
– Полицейлер үйге келді, бірге ауладағы камераны қарадық. Ол жерде толық түспеген. Күртесінің күләпарасын (капюшон) баса киген ер адамның кіре беріске кіріп кеткені көрінеді. Бір қызығы, дәл сол күні ауладағы камералар дұрыс түсірмей қалған. Бұрынғы, кейінгі жазбалар бар, дәл сол күнгі жоқ. Бірақ, есікті тұтқасынан емес, жоғары жағынан ашық қолымен ұстап ашқаны анық түскен, – дейді Сапар.
Айтуынша, полицейлерге, қылмыскердің қол ізтаңбаларын алуды өтінген. Бірақ, "олар сөзімді елеп, ескермеді" деп ренжиді ол.
– Көрші үйдің шатырындағы камераға қылмыс уақытымен тұспа-тұс біздің аулаға кірген ақ LADA PRIORA автокөлігі түсіп қалған. Ішінен ешкім шықпаған да, кірмеген де, аулада шамамен 40 минут уақыт тұрады. Тергеушілер оны да ескермей отыр, – дейді Сапар Шамшиев.
Ұрланған көлікті білмей сатып алып, істі болғандар да бар екен
Әлеуметтік желіде танымал блогер, заңгер Айгүл Орынбек те көлік ұрлану деректері жиі тіркеліп жатыр дейді. Бір қызығы, оның айтуынша, сатып алған көлігің ұрланған деп оншақты адамнан көлігін бірдей тәркіленген жағдай да болған.
– Бір апта бұрын тағы бір кісі ІІД тергеушісіне шағым түсірді. 12 миллион теңгеге сатып алған темір тұлпарын ұрланған көлік деп, айыптұрағына қойдырған. Кейін басқа біреудің айдап жүрген жерінен иелері көріп қалған. Телеарнадан журналистерді шақырамыз деп қорқытқан кезде ғана, тергеуші техпаспортын әкеліп берген, – дейді Айгүл Орынбек. – Сөйтсек, өздері кілт жасатып алып, мініп жүрген екен. Бұл Шымкентте болып жатыр.
– Енді бір кісі сатып алғанының ұрланған көлік болғаны үшін өзі істі болып отыр. Сен ұрлап алдың деп айып тағылған. Әйтпесе, көлікті сатып алып, өз атына түсірген кезде Арнайы халыққа қызмет көрсету орталығында (СпецЦОН) көлік ұрланған ба, жоқ па тексеріледі. Бізде көп жағдайда көлік сатып алған кезде сату-сатып алу келісім шарты жасалмайды. Сенімхат жазып береді де, ақшасын санап алып кете береді. Негізі, заң жүзінде сату-сатып алу шартын жасау керек. Енді халық зардап шегіп жатыр, – дейді заңгер.
Тапқан адамға 2 млн теңге сүйінші
Сапар тұлпарынан үмітін үзген жоқ. "Қайда екенін айтып берген адамға екі миллион теңге сүйіншім бар" дейді.
Жалпы көпшіліктің ұрланған автокөліктердің көрші елдерге емін-еркін өтіп кетеді дегендері қаншалықты шындыққа жанасады? Ұрыларды ұстауға не кедергі? Қандай автокөліктер жиі ұрланады?
Көпшіліктің көкейіндегі осы және өзге де сұрақтармен Ішкі Істер Министрлігіне жүгініп көрдік.
Ұрланған көлік туралы мәлеметтер базасы бар
"Сондықтан көрші елдерде ұрланған автокөліктерді іздестіруде ешқандай кедергі жоқ" делінген министрліктің ресми жауабында. ТМД елдері аумағынан және ел ішінде ұрланған көліктер туралы мәліметтер ҚР ІІМ Ақпараттық деректер базасына тіркеледі. Ол туралы осы мақаланың соңында арнайы сілтемеден таныса аласыздар.
Яғни, ТМД елдері аумағында жоғалған автокөліктер туралы мәліметтер тіркелетін ортақ база бар. Көрші елден сатып алған автокөлікті біздің елде тіркеуге қоятын болсаңыз, міндетті түрде оның іздеуде бар-жоғы сол базадан қаралады. Жалпы көлік алар кезде, әркім министрліктің сайтынан көліктің VIN кодын енгізу арқылы тексере алады. Бұл – тегін қызмет.
Қылмысты ашу оңай. Бірақ жоғалып, табылған көлік аз
– Жалпы автокөлік ұрлығына қатысты қылмысты ашу кезінде айтарлықтай қиыншылық пен кедергі кездеспейді. Елімізде ұрланған көліктің мемлекеттік нөмірін немесе басқа көліктің арнайы белгілерін өзгерту арқылы жалған төлқұжаттарымен шетелге айдап кетуі мүмкін, – дейді ІІМ баспасөз қызметі informburo.kz-ге берген ресми жауабында. – Арнайы жүргізген талдау нәтижесі бойынша Жапониядан шығарылатын автокөліктер жиі ұрланады.
Яғни, көрші елге айдап кету мүмкін. Ол күдік орынды.
Қылмыстың да түр-түрі болады
Негізінде автокөлікті айдап кету, қылмыс мақсатына қарай екіге бөлінеді.
Бірі жәй айдап кету, екіншісі сіңіріп кету үшін ұрлап айдап кету. Біріншісі, көп жағдайда табылып жатады. Ол аса ауыр қылмыс түріне де жатпайды.
Ал пайда қылу үшін ұрлап айдап кетсе, автокөліктің құнына байланысты орта не аса ауыр қылмыс түрі болып есептеледі. Қылмыскер ең көп дегенде он жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Бір күнде 27 көлік ұрланса...
ҚР Бас Прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің сайтындағы мәліметке сүйенсек:
Былтыр автокөлікті ұрлау ісі бойынша тіркелген 7301 істің 2659 ашылған. Яғни, әр ұрланған 100 автокөліктің небары 36 ғана иесіне қайтарылған.
Қылмыстық іске қатысты 2124 қылмыскер ұсталған, оның ішінде жүзге жуығы ТМД елдерінің азаматтары.
Сонымен қатар автокөлікті айдап кету бойынша тіркелген 2657 істің 2006 ашылып, 1764 қылмыскер жазаға тартылған, оның ішінде ТМД елдерінің 37 азаматы бар.
Астана қаласы бойынша, 2017 жылы автокөлік ұрлығы бойынша тіркелген 215 істің 105 ашылған.
Жалпы, 2017 жылы автокөлік ұрлығы бойынша 9958 қылмыс тіркелген. Бұл бір күнде республика көлемінде автокөлікті айдп кету дерегімен 27 қылмыстық іс тіркеледі деген сөз. Арасында арзаны да, қымбаты да бар.
Салғырттық кімнен?
Полицейлердің айтуынша, шығасыға иесі басшы. Автокөлік ұрлығының басым көпшілігі көлік иесінің немқұрайлығының салдарынан жасалады. Көп жағдайда, көлігін құлыптап не сигнализациясын қоспай, қараусыз, ашық-шашық қалдырады.
Ал қылмыстың алдын алу үшін көлігіңізді мұқият бекітіп, ақылы автотұраққа қойып, GPS орнатылған арнайы ұрыдан қорғайтын жүйе орнатуға кеңес береді.
Көлікті ұрыдан қалай қорғауға болады?
Бүгінде автокөлікті ұрлап кетуден 100 пайыз қорғайтын бір де бір құрылығы жоқ. Оның үстіне қылмыскер сатылымдағы құрылғының қыр-сырын әбден зерттеп, меңгеріп алады.
Сондықтан, қорғаудың бір емес, бірнеше түрін қатар және уақыт өте қорғау құрылғысын басқа түріне айырбастап отырған жөн.
Ал өте танымал брендті сатып алудан аулақ болыңыз. Себебі, оларды бұзу жолдары да қылмыскерлердің арасында кең таралуы мүмкін.
Бүгінде автокөлікке орнатылатын құрылғылардың бірі –iTracker. Бұл –кішкентай ғана құрылғы автокөліктің алдыңғы панелінің астына таман орнатылады. GPS жүйесімен қамтылған. Сонымен қатар, көлігіңіздің ұрланғанын білген бойда қашықтықтан бұғаттап тастау мүмкіндігі бар.
Трекерді жұлып алып тастаса, не болмаса ұялы байланыс желісін өшіретін арнайы жабдық қолданса ғана ол көліктің ендігі орнын көрсетпейді.
Жалпы мұндай құрылғылардың бағасына қарай мүмкіндіктері арта береді. Мысалы кейбір трекерлерде арнайы оқылатын код (мысалы, үйфонның магниті) тигізбесең, от алмайтын функциясы қарастырылған.
– Ал қымбаттарында, көлік ішін бейнебақылау жүйесімен де қамтиды, – дейді GPS навигация орталығының қызметкері Темірлан Арынов.
Қозғалтқышты бұғаттап қоясыз
Айтуынша, көп жағдайда трекерді автокөліктерін жалға берушілер орнатады екен. "Арасында қымбат көлік иелері де орнатып жатады" дейді.
Тіпті үйге кіріп, "Өшіру" қызметін қоссаңыз, ешкім сіздің көлігіңізді от алдыра алмайды. Қозғалтқыш бұғатталып қалады.
Ең арзаны орнату қызметін қосқанда 30-40 мың теңге тұрады. Мүмкіндігіне қарай қымбаттай береді.
Қазір кейбір сигнализацияларда осы трекердің қызметі бірге келеді. Бұл ең соңғы шыққан дабылдатқыштарда ғана бар екен.
Сонымен қатар, трекерді орнатқаннан кейін Wialon қосымшасын орнатып, смартфон арқылы көлігіңіздің бақылап, жүрген маршрутын көре аласыз.
Құрылғы бүгінге дейінгі қолданыстағы көлікті қорғау жүйелерінің барлығын өзіне қамтыған.
Сақтандыру компаниясын таңдағанда мұқият болыңыз
– Қазақстанда ол "Көлiк құралдары иелерiнің азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру" туралы Заң және өзге де құқықтық-нормативті актілер аясында реттеледі. Яғни, бүгінгі күні көлігін сақтандырған адамның құқы заң жүзінде қорғалған, – дейді Халықаралық адвокаттар бірлестігінің мүшесі, Ақмола облыстық адвокаттар коллегиясының адвокаты Серік Шапенов.
Тек көлігіңізді сақтандырар кезде ең бірінші сенімді сақтандыру компаниясын таңдау керек.
Ол сақтандыру компаниялары ұсынған акциялар, жеңілдіктер мен сыйлықтарға қызықпауға кеңес береді. Өйткені бұл таңдауда назар аударатын басты критерий емес.
Келесі мәселеге мән беріңіз:
– Сақтандыру ұйымының нарықтағы жұмыс мерзімі;
– Қызмет сапасы, яғни аймақтарда филиалдарының болуы, тәулік бойы қызмет көрсететін сall center, тәулік бойы жұмыс істейтін апаттық комиссар – сақтандырылған затқа тиген залалдың себебін, сипатын, мөлшерін анықтаумен айналысатын арнайы тұлға болуы, жалпы сақтандыру ұйымының тұрақтылығын білдіретін қызмет түрлерінің болуы.
Сақтандыру компанияларының қызметі мен қаржы көрсеткіші туралы ресми ақпарат ҚР Ұлттық Банкі сайтында жария етіледі. Ұлттық Банк – қаржы ұйымдарының қызметін реттейтін құзырлы мекеме. Ол туралы осы мақаланың соңында берілген арнайы сілтеме арқылы таныса аласыздар.
Міндетті сақтандыру жәбірленуші тараптың ғана шығынын өтейді
– Қолданыстағы заң аясында сақтандыру компанияларының негізгі міндеттері анықталған. Осылайша, үшінші тараптың өмірі, денсаулығы мен мүлігіне жол апаты кезінде зиян келсе, мүліктік қызығушылығын қорғау және сақтандыру ақысын төлеу негізігі міндеті болып табылады, – дейді Серік Шапенов.
Автокөлік ұрланған кезде ең бірінші полицияға арызданып, кейін оқиға туралы сақтандыру компаниясына айту керек.
Ұрланған көліктің құнын қайтару – сақтандыру компаниясының міндеті
Ал көлік ұрланған кезде КАСКО не өзге де қауіптен ерікті сақтандыру полисі болса ғана, өтемақы өтеледі.
КАСКО – бұл көлік құралын тәуекелдердің барлық түрлерінен: айдап әкетуден, қасақана немесе байқаусызда зақымдаудан, жол-көлік оқиғасынан, Сіздің көлігіңізге кез-келген заттың құлауынан, өрттен, дүлей апаттардан және басқа көптеген тәуекелдерден ерікті сақтандыру түрі. КАСКО тек сіздің көлігіңізді ғана қорғайды.
Осылайша, автокөлік табылмаған жағдайда, заңнаманың талаптарына сәйкес полиция қылмыстық істің тоқтатылғаны туралы қаулы шығарады. Осы қаулы негізінде сақтандыру компаниясы өтемақы төлейді.
Ауладан ұрланған көлікке сақтандыру өтемақысы төленбейді
Әдетте, мұндай келісім шарттарда сақтандыру компаниясының қандай жағдайда өтемақы төлеуге міндеттелмейтіні туралы шарттар көрсетіледі. Мысалы, автокөлік күзетілетін автотұрақта не гаражда тұруы керек, ал үйдің ауласынан жоғалса өтемақы төленбейді.
Сондықтан қандай да шарт жасау кезде мұқият оқып, танысқан абзал.
Құқығыңыз сақталмаса...
Егер, сақтандыру келісім шарты бойынша даулы мәселе туындаса, Заң бойынша құзырлы органға, яғни Ұлттық Банке жүгіне аласыз. Арызыңыздың объективті қарастырылып, дұрыс шешім шықсын десеңіз, болған мән– жайды ашып жазасыз.
– Құзырлы мекеменің шешімімен келспесеңіз, сотқа жүгінуге құқылысыз. Бұл жағдайда, мәселені білікті заңгер маманының көмегімен шешкен жөн, – дейді Серік Шакенов.
ТМД елдері аумағынан және ел ішінде ұрланған көліктер туралы мәліметтер ҚР ІІМ Ақпараттық деректер базасына тіркеледі.
Сақтандыру компанияларының қызметі мен қаржы көрсеткіші туралы ресми ақпарат ҚР Ұлттық Банкі сайтында жария етіледі.
Қарағандыда автокөлік ұрлығы үшін істі болған А.-ға қатысты мына сілтеме арқылы өтіп, оқи аласыздар.