Тікелей эфир

Бас прокуратураның ресми өкілі: Әблязовтың көксегені – жеке басының мүддесі, мансабы

Informburo.kz коллажы
Informburo.kz коллажы
Бас прокуратурада "Қазақстанның демократиялық таңдауы" экстремистік ұйымына қатысты брифинг өтті.

Брифингте Бас прокуратураның ресми өкілі Оксана Петерс ел азаматтарын қоғамға іріткі салып жүрген қандықол қылмыскердің әрекеттерінен сақ болуға шақырды.

"Қазақстан демократиялық таңдауы" қозғалысы – экстремистік ұйым. Оны кім басқаратынын көпшілілік біле бермейді. Жетекшісі – Мұхтар Әблязов. Оның арбауына түскен кейбір азаматтар, өкінішке орай, оған зор сенім артады. Естеріңізге салайық, 90-жылдары ол бизнесте болып, кейін "KEGOС" ұлттық компаниясын және Энергетика министрлігін басқарған. Көп ұзамай, ол заңды белден басып, ұры, жемқор, алаяқ және адам өлтіруші қылмыскерге айналды. Энергетика министрі кезінде жемқорлық жасағаны үшін 2002 жылы 6 жылға бас бостандығынан айырылған. Қылмысына өкініп, мемлекет басшысы мен халықтан кешірім сұрап, түзелуге уәде берген еді. Кешірілген соң, бостандыққа шығарылды", – деді Оксана Петерс.

Оның айтуынша, 2005 жылы Мұхтар Әблязов өзінің бизнес серіктесі, БТА банктің төрағасы Тәтішевті өлтіруді ұйымдастырғаны ашық сотта дәлелденген. Қылмыскер Тоқмади Тәтішевті аң аулау кезінде Әблязовтың тапсырысымен өлтіріп, оны жазатайым оқиға ретінде көрсеткенін, ол үшін 4 млн АҚШ долларын алғанын мойындаған. Тәтішевті өлтірткен соң, Әблязов банкты иеленіп, басқару жүйесіне өзінің сыбайластарын тағайындап, қылмыстық топ құрған.

Оқи отырыңыз: Екінші мәрте ұрлық жасайтындарға кешірім жоқ. Қылмыстық кодекске ұрлыққа қатысты тағы қандай өзгертулер енгізілді?

Әблязовтың қылмыстық, қитұрқы әрекеттері сан түрлі болған. Өзі құрған фирмаларға жалған құжаттар арқылы миллиардтаған несиелер беріп, жеке пайдасына жаратқан.

"Мысалы, ол өз бақылауындағы жарғылық капиталында небәрі 92 мың теңгесі болған "Рамбурс" серіктестігіне 103 млрд теңге несие берген. Ұрланған қаражаттарға Әблязов акциялар, элиталы үйлер мен пәтерлерді сатып алған. Отбасына 3 ұшақ сатып алып, олардың пайдаланылуына банктен жылына 1 млрд теңге жұмсап отырған. Қылмыстары әшкереленген соң, ол 2009 жылы Ресейде, кейін Англияда, 2012 жылы Францияда бас сауғалады. Шетелде жайлы өмір сүру үшін алдын ала қаражатты оффшор арқылы елден шығарып алған", – деп сөзін жалғады Бас прокуратураның ресми өкілі.

Оффшор – шетелдік компанияларды ешкім тексермейтін, бақыламайтын, шынайы қожайындары белгісіз, салық төленбейтін, қылмыстық қаражаттарды жасыруға оңтайлы мемлекеттер.

Мұхтар Әблязов оффшорлық мемлекеттерді пайдаланып, 7,5 млрд АҚШ долларын жымқырған. Әблязовтың алаяқтық әрекеттерінен қазақстандықтар ғана емес, француздар, немістер, америкалықтар мен басқалар да зардап шегуде. Миллиардтарды жымқырғаны үшін Ресей, Украина мемлекеттері оған іздеу жариялады. Өткен жылы Нью-Йорк соты Әблязовтың "саяси қудалаудамын" деген уәжін теріске шығарып, оны айыпты деп таныды.

Лондонның Жоғарғы соты Әблязовты алаяқ деп танып, одан 4 млрд АҚШ долларын өндіруге, жалған жауап бергені үшін 22 айға бас бостандығынан айыруға үкім кескен.

Оқи отырыңыз: Жалған ақпарат таратушылар қалай жазаланады? Қылмыстық және әкімшілік кодекс баптары

Англия Ішкі істер министрлігі оны босқын мәртебесінен айырған соң, ол Францияға қашып кеткен. Сол жерде ол өзін Қазақстан билігімен қудалауда жүрген саяси қайраткер кейпінде танытып, демократия үшін күресуші ретінде имидж қалыптастыра бастады.

"Оның осы екіжүздігілігінің мақсаты бір – қылмыстық жауаптылықтан жалтару. Айта кететін жәйт, 2017 жылы "Кешкі Бішкек" басылымына берген сұхбатында, Әблязов Қазақстанға су беруді тоқтатуды ұсынған. Осылайша, елдің оңтүстігін құрғақшылықтан зардап шеккізуге ұмтылған. Қазіргі таңда оған қатысты көптеген азаматтық процестер жүргізілуде. Бүгінде 1 млрд АҚШ долларынан астам қаражат қайтарылды. Қылмыстық істер бойынша 8 айыптау үкімі шығып, 42 адам сотталған", – деді Оксана Петерс.

Жымқырылған қаражатты қайтару мен оны жауапқа тарту үшін тиісті жұмыстар атқарылуда.

"Бүгінде Әблязов – халық мүддесін желеу етіп, жалған ұранмен азаматтарды заңсыз акцияларға үгіттеуін жалғастырып келеді. Ол сіздерді қоғамда әлеуметтік алауыздық және ұлтаралық қақтығысты тудыру үшін пайдалануда. Оған бір-бірімізге деген сенімімізді жоғалтқанымыз тиімді. Әблязовтың көксегені – еліміздің тыныштығы, азаматтарымыздың амандығы емес, жеке басының мүддесі, мансабы. Ол қылмыстық жауаптылықтан құтылуды көздейді. Бұрын өзі жымқырған Сіздердің қаражаттарыңызды митингке шыққандарға төлеуде. Біз сіздерді арандатушылыққа бой алдырмауға, заңсыз акцияларға қатысудан бас тартуға шақырамыз", – деді Оксана Петерс.

Серіктестер жаңалықтары