Тікелей эфир

Екінші мәрте ұрлық жасайтындарға кешірім жоқ. Қылмыстық кодекске ұрлыққа қатысты тағы қандай өзгертулер енгізілді?

Сурет shutterstock.com сайтынан алынды
Сурет shutterstock.com сайтынан алынды
Екінші мәрте ұрлық жасаған адамның жәбірленушімен татуласуына жол жоқ. Жаңартылған Қылмыстық кодекстің талаптары қатал.

Қазақстанда былтыр 300 мыңға жуық қылмыс жасалған болса, оның тең жартысы ұрлық. Құқық бұзушылықтардың басым бөлігі Алматыда тіркелген. Мәселен, 2019 жылы оңтүстік мегаполисте 35 мыңға тарта ұрлық жасалған. Бірақ, полиция олардың тек 7 500-ін әшкерелеген.

Ұрыларды табуға не кедергі? Олардың әккілігі ме, әлде полиция немқұрайлығы ма? Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістер бойынша, ұрылар енді қалай жазаланады? Жауап береміз.

Алматыда 2 000-ға жуық ұры – полиция есебінде

Алматы – республикадағы ең ірі мегаполис. Халық саны көп қала жұмыс пен оқу іздеп келетіндерден бөлек, оңай олжаға құмарларды да тартады. Алматы полиция департаментінің мәліметінше, қалаға, әсіресе, Шығыс Қазақстан, Павлодар және Алматы облысының тұрғындары қылмыс жасауға жиі келеді екен. Қазіргі уақытта қалалық полиция департаментінде 2 000-ға жуық ұры есепте тұр. Олар қылмысқа қайта-қайта барған соң, "қара тізімге" енгізілген.

Ескертпе: Төменде Алматы полициясының есебінде тұрған ұрылардың суретін, аты-жөнін беріп отырмыз. Абай болыңыздар!


Ұрлық қылмысы бойынша полицияның есебінде тұрған адамдар

Ұрлық қылмысы бойынша полицияның есебінде тұрған адамдар / Суретті Алматы қаласының полиция департаменті ұсынды


Алматыда қалта ұрлығы жиі жасалады

Қалта ұрылары негізінен телефон жымқыруға әуес. Мәселен, былтыр олар қала тұрғындарының 7 500-ге жуық телефонын қолды қылған. Бұл қылмыстардың тек 18 пайызы ашылған.

Алматы полиция департаменті хабарлағандай, қалта ұрылары адам көп жиналған қоғамдық орындарда, базарларда және жолаушыларға лық толы қоғамдық көліктерде таңертең және кешкісін әрекет етеді. Сұғанақтардан сан соғып қалмау үшін барынша мұқият болып, жеке заттарды қолда мықтап ұстаған жөн. Әйтпесе, қалта қағуға әбден машықтанғандардың барлығын қолға түсіруге полицейлердің шамасы жетпейді.

Құзырлы органның дерегінше, ұялы телефондарды табу аса қиын. Себебі, әккі ұрылар тапқан олжасын бірден сатып жібереді. Ал алыпсатарлар телефонды Қазақстан аумағында көп ұстамай, шетел асыруға тырысады. Сөйтіп, шекарадан шығып, басқа байланыс операторына қосылған құрылғыны табу қиындайды екен. Қазақстаннан ұрланған телефондар негізінен Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстанда саудаланады.

Оқи отырыңыз: Ұялы телефондарды міндетті тіркеу: нені білген маңызды?

Пәтер тонаушылар көбейген

Жеңіл пайданы көздеген ұрылардың торуылдайтын тағы бір басты нысаны – пәтерлер. Ешкім кедергі келтірмесе, олар үй ішін астаң-кестең етіп, азық-түлік пен есік алдындағы аяқ киімге дейін үптеп кетуден тайынбайды. Дегенмен, ұрылар, негізінен, ақша, әшекей бұйым, қымбат техника мен құндыз ішіктерді алады.

Пәтер ұрлығы көбінесе жұрт жұмысқа кеткенде, яғни, үйде ешкім жоқ кезде жасалады деу – қате пікір. Сақшылардың сөзінше, тұрғындар шырт ұйқыға кеткенде де үйге түсетіндер бар. Сондықтан, есік-терезені мықтап бекітіп, сақтық шараларын естен шығармаған жөн. Бұл қылмысқа баратындар үнемі топтасып жүреді. Бірі маңайды барлап не олжаны күтіп көлікте отырса, келесі есік алдын күзетіп, қауіп төнсе, хабарлауға дайын тұрады. Ал қалғандары пәтер ішін тінтеді.

Былтыр Алматыда осындай топтасқандар 4 247 үйдің құнды мүлкін қолды қылған.

Жүргізілген талдаулар бойынша пәтер ұрлығы келесі тәсілдермен жасалады:

  • Есікті бұзу;
  • Түрлі кілт қолдану;
  • Балкон мен терезе арқылы ену;
  • Ашық қалған пәтерлерге ену.

Алматы көлік бөлшектері ұрлығы бойынша да көш басында

Алматыда соңғы 3-4 жылда көлік айнасын ұрлау сәнге айналды. Қазақстанда тіркелген айна ұрлығы деректерінің 90 пайызы Алматыда жасалған. Өйткені, мұнда бұл бөлшекке сұраныс бар және қымбат көліктің айнасының құны жоғары бағаланады. Осыны ескерген ұрылар күн мен түнге қарамастан машина бөлшектерін ұрлауға әуес. Былтыр автокөліктің салонында жасалған ұрлықтың саны 934 болса, айна ұрлығы 130-дан асқан.

Қалада көліктер жиі тоналатын аудандар:

  1. Алатау ауданы;
  2. Алмалы ауданы;
  3. Әуезов ауданы;
  4. Бостандық ауданы.

Оқи отырыңыз: Астанада ұрылар еш қымсынбастан қымбат көліктерді айдап кетіп жатыр.

Қылмыстың ізін суытпай ашуға не кедергі?

Алматыда қазір 119 мыңнан астам бейнебақылау камерасы қауіпсіздікті бақылап тұр. Заманауи техника қалтқысыз қызмет етсе де, ұрлық-қарлықты түгелдей ашуға көмектеспейді. Айласын асырғандар бетін бүркеп, камераға түспеудің амалын табады.

Қалада жасалған ұрлықтың көбісі ашылмай қалатынын жоғарыда жаздық. Тәртіп сақшыларының сөзінше, қылмыстың ашылмауына бірнеше себеп бар. Соның негізгісі – тұрғындардың дер кезінде полицияға хабар бермей, уақыт жоғалтып алуы. Бұл аралықта әккі ұрылар олжасын сатып, іздерін суытып үлгереді.

Сондай-ақ, олардың бір орында тұрақтамай көшіп жүріп қылмыс жасауы із кесушілерге кедергі келтіріп отыр. Яғни, ұрылар Алматыда бірнеше мүлікті жымқырғасын біраз уақыт бой тасалауға басқа қалаға кетіп қалады. Онда да қол қусырып жүрмей, қылмыс жасап, келесі өңірге бет алады. Полицейлер мұндай ұрыларды "маршрутниктер" деп атайды және оларды ұстау өте қиын екенін айтады.

Оқи отырыңыз: Алматылық полицейлер мемлекетке 6 миллионға жуық теңге қарыз

"Бірнеше рет ұрлық жасаса да, соттан ақталып шығатындар мезі етті"

Құзырлы органның дерегінше, полицейлер бұған дейін "қара тізімге" алынған бірқатар адамның қылмысын ашып, істі талай рет сотқа дейін жеткізген. Бірақ, судьялар оларды жауапкершілікке тартпай, бостандыққа жіберген екен. Содан сабақ алмаған күдіктілер қайта қылмыс жасап, жәбірленушілерді жапа шектірген.

Мысал ретінде, былтыр жазда Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландиннің көлігінен айналарын шешіп әкеткен Айдос Валиевті келтірді. Бұған дейін тәртіп сақшылары оның 7 рет ұрлық жасағанын дәлелдепті. Алайда жәбірленушілермен татуласқан Валиевті судьялар үнемі жазадан босатып отырған. Тек Баландинмен бірге тағы бір жәбірленушіге зиян келтіріп, екі қылмысты қатар жасағаны үшін тамыз айында 4 жылға бас бостандығынан шектеді. Дегенмен, қолында сұғы бар Валиев үкімнен соң 4 күн өтпестен тағы да ұрлық жасап, қамауға алынды.


Ернар Қасымбеков

Алматы қаласы Алмалы ауданының судьясы Ернар Қасымбеков / сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан


"Полиция қызметкерлерінің мұндай мұң-шағымын түсінеміз. Бірақ, заңның аты заң. Валиевке қатысты істі алсақ, шындығында ол бұрын бірнеше рет ұрлық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған болатын. Бірақ ол азамат үнемі келтірген шығынның орнын толтырып, жәбірленушілермен татуласып жүрді. Қылмыстық кодекстің 68-бабының негізінде жәбірленушімен татуласқан адамды біз соттай алмаймыз. Сондықтан, қолымыз байлаулы болды. Тек соңғы жағдайда үкім шығарылды. Себебі, оның бірден екі қылмысты жасағаны дәлелденді", – деді Алматы қаласы Алмалы ауданының судьясы Ернар Қасымбеков.

Ұрлық жасағандарға жаза қатаңдатылды

2018 жылы мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен өлімінен кейін жұртшылық Ішкі істер министрлігін реформалауды талап етті. Өйткені, спортшыны жазым еткен екеудің де осылай бірнеше рет ұрлық жасап, жазадан құтылып жүргені анықталды. Жәбірленушілермен ымыраға келіп, соттан сытылып кететіндер, тіпті, адам өлтіруге дейін баратыны қоғамда наразылық тудырды.

Талдау көрсеткендей, қолға түскен ұрылардың 40 пайызы қайта қылмыс жасайды екен. Соның негізінде Қылмыстық кодекстің 188-бабы, яғни ұрлыққа қатысты заң қатаңдатылды. Жаңа талап бойынша, 11 қаңтардан бастап біреудің мүлкін жымқырғандар қатаң жазаланады:

Ұрлық, яғни, бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру – мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Екінші қайтара ұрлық жасайтындарға кешірім жоқ

Бұрын бөтеннің мүлкін жымқырғандар келтірген зиянды өтесе, Қылмыстық кодекстің 68-бабының негізінде жәбірленушімен татуласуға байланысты қылмыстық жауаптан босатылатын. Енді жаңа заңда мұндай рақымшылыққа жол жоқ. Күдікті жәбірленушімен тек бір рет татуласып, жауапкершіліктен құтыла алады. Ал егер екінші қайтара ұрлық жасаса, міндетті түрде сотталып, үкім бойынша жазасын арқалайды.

Оқи отырыңыз: Жазықсыз балалар түрмеде не үшін отыр? Жауғашты колониясынан фоторепортаж

Бірнеше рет ұрлық жасағандарға жауапкершілік күшейтілді

Енді бірнеше рет жасалған ұрлық үшін 2 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе мүлкін тәркілей отырып, сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қолданылады. Ал ұрлық үшін 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан шектеу немесе бас бостандығынан айыру жауапкершілігі көзделген.

Сондай-ақ, үйге, қызметтік орынға және көлікке заңсыз кіріп жасаған ұрлық та орташа санаттан ауыр қылмысқа ауыстырылды. Яғни біреудің үйіне рұқсатсыз кіргеннің өзі қылмысты ауырлататын мән-жай болып отыр. Мұндай әдіспен жасалған ұрлық үшін 2 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге соттау жазасы қарастырылған. Бұрынғы заңда 6 айдан 5 жылға дейінгі мерзім еді.

188-1. Мал ұрлығы жеке бап болып енгізілді

Соңғы жылдары елімізде мал ұрлығының да жиілеп, үлкен бизнеске айналғаны білгелі. Талдау кезінде бұл қылмысты ұйымдасқан топ болып, алдын ала сөз байласу арқылы бірнеше адам жасайтыны анықталған. Енді төрт түлікке қырғидай тиетіндер де бұрынғыдай жеңіл жазамен құтылмайды. Олардың қылмысы жалпы ұрлыққа кірмей, арнайы баппен қаралады. Бұл бап ауыр санатқа жатады және сотталушы міндетті түрде түрмеге қамалады.

Сондықтан шығынды өтеп, тараптардың келісуіне де болмайды. Жаңа заңға сәйкес, барымташылар топпен, алдын ала сөз байланысу арқылы ірі көлемде қылмыс жасаса – 7 жылға дейін, бірнеше рет немесе мал-қораға кіріп жасалса – 10 жылға дейін, аса ірі көлемде және қылмыстық топ құру арқылы мал ұрласа – 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылмақ.

Мал ұрлығына қатысты заң туралы толығырақ мына жерден оқуға болады: Мал ұрлығы үшін жаза күшейеді: айыппұл мөлшері 7,5 млн теңгеге артпақ

Түрмеде ұрлық үшін сотталғандар көбеюі мүмкін

Судья Ернар Қасымбековтың пікірінше, заңдағы өзгерістер қолында сұғы бар адамдарды тәртіпке шақыруы мүмкін. Енді ұрлыққа бейім азаматтарға заңның қатаңдатылып, екінші қайтара жасалған ұрлыққа кешірім берілмейтіні мықтап түсіндіріледі. Әйтпесе, еліміздің түрмелерінде ұрлық жасағандардың саны артады деген болжам бар.

"Біз қылмыстың себебін анықтауға міндеттіміз. Ұрлық үшін істі болып отырғандардан не үшін бұл қылмысқа барғанын сұраймыз. Көпшілігі жұмыстың, тұрақты табыстың жоқтығын сылтау етеді. Негізі бұл орынды сылтау емес. Өйткені, бізде жұмыссыз адамды оқытып, еңбекпен қамтитын адамға түрлі әлеуметтік бағдарламалар жетерлік. Олар жалқау адамдар, бір ай бойы жұмыс істеп 50-60 мың теңге алғанның орнына бір пәтерге кіріп, одан да қымбат дүниені ұрлап, сол ақшаны бір сәтте тапқанды жөн санайды. Ал бір ұрлық жасағаннан кейін қолға түспесе, кейін бұл әдетке айналады. Біреудің мүлкін жымқырмаса, жандары тыныш таппайды. Психологиялық тұрғыдан қарасақ, аурудың бір түрі", – деді судья Ернар Қасымбеков.

Оқи отырыңыз: 1,5 млн адам жұмыс тауып, 40 мың несие рәсімделген. "Еңбек" бағдарламасы аясында қалай кәсіп бастауға болады?

Сондай-ақ, судья ашық тонау жасаған адамға қарағанда, жасырынып ұрлық жасайтындар өте қауіпті екенін айтады. Сондықтан, қылмысқа куә болған жағдайда, ұрыны өз бетіңізбен тоқтатпағаныңыз жөн. Әйтпесе, куә ретінде өміріңізге қатер төндіруі мүмкін.

Серіктестер жаңалықтары