Барымта қазақ халқында бұрыннан бар. Тек бүгінде оның жазасы бұрынғыша ауыр емес. 1921 жылы Қазақ Коммунистік партиясының Атқару комитеті қабылдаған "Мал ұрлығымен күрес жөніндегі" декретінде мал ұрлығы халық шаруашылығының басты қатері екені жазылған. Ол үшін тағайындалған жазалардың ең ауыры – ату жазасы. Бұл орайда Ішкі істер министрлігі Криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары Сағат Мәдиев былай дейді:
"Қазақ АССР Әділет жөніндегі Халықтық комиссариатының шешімімен мал ұрлығына қатысты қылмыстық істерді кезектен тыс қарау керектігі талап етілген. Міндетті бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алу қолданылған. Ал қазір осындай қылмыс орташа ауыр қылмыстардың санатына жатады", – дейді ІІМ Криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары Сағат Мәдиев.
Жаза жеңілдеген, қылмыс саны кеміген. ІІМ мәліметінше, мал ұрлығы елдегі жасалатын ұрлықтардың 3,5 пайызын құрайды. Соңғы 5 жылда мал ұрлығының саны 56 пайызға азайған:
- 2015 жыл – 19 535;
- 2016 жыл – 25 432;
- 2017 жыл – 20 059;
- 2018 жыл – 15 400;
- 2019 жылдың 10 айы – 10 942.
Ұрланған 91 мың бас малдың 42,5 мыңы (46,6%) табылып, иелеріне қайтарылыпты. Аталған 5 жылда мал ұрлығы үшін 11 мың қылмыскер жазаға тартылған. Олардың 1,5 мыңы қылмысқа топтасқан түрде барған.
"Ағымдағы жылы жасалған мал ұрлығы қылмыстарының 88 пайызы орташа ауыр қылмысқа жатқызылды", – деді Сағат Мәдиев.
Оқи отырыңыз: Асыл тұқымды мал импорты ұйымдасқан қылмыстық топтың қолында ма?
ІІМ өкілі мал ұрлығын әшкерелеуге кедергі өзге себептерді де атады:
- Малды жайылымға қараусыз жіберу белең алған;
- Малды жүк көліктерімен ілеспе құжаттарсыз не жалған ветеринарлық төлқұжатпен алып жүру деректері көп (ветеринарлық төлқұжат қатаң есепті құжатқа жатпайды);
- Жайылымға қараусыз кеткен малды іздеуге полиция көп күш пен ресурс жұмсайды;
- Мал иелері иелігіндегі мал ұрлығы туралы полицияға дер уақытында хабарламайды;
- Малды сәйкестендіру және есепке алуда шешілмеген мәселелер бар.
Бұл ретте Қылмыстық процессуалдық кодексінің 147-бабына сәйкес, "қамауға алу" түріндегі бұлтартпау шарасы ауыр және аса ауыр қылмыстарды жасаған (ол үшін бестен кем емес жылға бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған) тұлғаларға ғана қолданылады екен. Осы бұлтартпау шарасы тек өзгеше жағдайларда ғана орташа ауыр қылмыстарға қатысты қолданылады.
Бұған қоса Қылмыстық кодекстің 68-бабы бойынша онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасаған адам, егер ол жәбірленушімен, арыз берушімен татуласса, оның ішінде медиация тәртібімен татуласса және келтiрiлген зиянды қалпына келтірсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылуға жатады. Мысалы, 2018 жылдың қыркүйегінде Қостанай облысында 4 адамнан құралған мал барымташылары тобының 21 ұрлыққа қатысы бар екені дәлелденіп, осы бойынша қылмыстық іс тексерілген. Алайда, сот үкімімен айыпкерлердің барлығы да қылмыстық жауапкершіліктен босатылған.
Ал көршілес Өзбекстанда қайталап ұрлық жасау осы елдің Қылмыстық кодексіне сәйкес, 169-баппен ауыр қылмыс түріне жатқызылып, 8-ден 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
Мал ұрлығы енді ауыр қылмыс түріне жатады
2019 жылдың 27 қазанында ел президенті мал ұрлығына қатысты жауапкершілікті күшейту қажеттігіне тағы бір мәрте назар аударды. Осыған байланысты ІІМ мал ұрлығы үшін жеке норма қарастырып, бұл норма Қылмыстық және Қылмыстық-процессуалдық заңнаманы жетілдіруге бағытталған заң жобасына енгізілді. Қазір бұл заң жобасы Парламент мәжілісінің қарауында жатыр.
Оқи отырыңыз: Жалған анықтама бизнесі базарда ауру мал етінің сатылуына жол ашып тұр
Қылмыстық кодекстің 188-бабындағы "ұрлық" бабы енді Қылмыстық кодекстің 188-1 деген бабынан қылмыс нысанымен бөлек болмақ.
"Мәселен, "мал ұрлығы" атты баптың 1-тармағы бойынша осындай қылмыс үшін жүктелетін айыппұл мөлшері 3 мың АЕК-ке (7 миллион 575 мың теңгеге) дейін өсті. Ал бас бостандығынан айыру немесе оны шектеу мерзімі 5 жылға дейін жеткізілді, қылмыскердің мүлкі міндетті түрде тәркілеп алынатын болды", – дейді Сағат Мәдиев.
Осы бапта мүлкін тәркілеп, 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын жүктеу қарастырылған. Осылайша, мал ұрлығы енді ауыр қылмыс түріне жататын болады.
Жайылымға қараусыз кету салдарынан қолды болған малды иесінің шағымы бойынша іздеуге аса көп ресурс жұмсалатынын да айту керек. Мысалы, Алматы облысының Қаратал ауданында тауға жайылып кеткен 40 жылқыны іздеуге аудандық ішкі істер бөлімінің жеке құрамы түгелдей жұмылдырылған. Олар жоғалған малды іздеуге 17 күн жұмсап, тікұшақ жалдауға мәжбүр болған. Ал тікұшақты 3 сағатқа жалдау құны 2 млн теңгеден асқан. Мұндай мәселені шешудің бір жақсы шешімін Солтүстік Қазақстан облысы тапқан. Онда Полиция департаментінің бастамасымен малды жайылымға қараусыз жібермеу үшін "малшы – мал иесі – әкімдік" деген принцип бойынша үш жақты шартқа отырады. Бұл үш тараптың да жауапкершілігін арттырады.
Мал ұрлығымен күресте малды есепке алу, сәйкестендіру үлкен роль атқарады. Сағат Мәдиевтің айтуынша, "Ішкі істер және ветеринарлық бақылау органдарының өзара ықпалдастығы туралы" бұйрыққа 2015 жылы қол қойылған. Соған сәйкес "Ауылшаруашылығы малдарын сәйкестендіру" жөніндегі біртұтас автоматтандырылған базаны пайдалану туралы меморандум түзілген.
Оқи отырыңыз: Бәрінен де қой бағып, құйрық жеген озар
2011 жылдан бері шамамен 33,5 млн бас мал сәйкестендірілген (тавр, бирка тағылған). Оның ішінде:
- Ірі қара мал – 8,1 млн бас;
- Ұсақ мал – 21,8 млн бас;
- Жылқы – 2,7 млн бас;
- Түйе – 218 мың бас;
- Шошқа – 763 мың бас.
Алайда 2019 жылы табылған 4 600 бас малдың үштен бір бөлігінде (1 560 бас) ешбір есепке алу белгісі болмай шыққан.
Малды қараусыз жіберу жол апаттарына да себеп болып отыр. Тек 2019 жылы малды соғуға байланысты жолдағы апаттардың саны 9 пайызға (100-ден 109-ға) артып, олардан қаза тапқандардың саны 7 пайызға (29-дан 31-ге дейін), жарақаттанғандардың саны 18 пайызға (133-тен 157-ге) өскен.