Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауында "қаржыны оңды-солды жұмсайтын за­ман келмеске кеткенін" айта келе, бюджеттің ашықтығы мен тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету, мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордағы сатып алу жүйесін жетілдіруге қатысты тапсырмалар берді. Осы орайда бюджет қаржысының ашықтығы мен қалай жұмсалатынын зерттейтін Zertteu Research Institute қоғамдық қорының сарапшысы Ғалымжан Оразымбеттен бюджет процесі мен мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі мәселелер, мемлекеттік бағдарламалар әзірлеудегі кемшіліктер мен қоғамның қатысуы туралы сұрадық.


Ғалымжан Оразымбет / Суретті кейіпкер ұсынды

Үкімет бюджет ашықтығын қамтамасыз етуге ниетті емес

– Қазақстандағы бюджет ашықтығын қалай бағалайсыз? Норвегиядағыдай ашықтыққа қалай жете аламыз?

– Бюджет ашықтығы дегенде нақты не айтып отырғанымызды білуіміз керек. Бюджет республикалық па, әлде жергілікті ме, ол қай жерде және деңгейде, қандай түрде және тілде ашық? 2019 жылы қазанда Жергілікті бюджеттердің ашықтық индексі зерттелді. Оның қорытындысы бойынша, бюджет ашықтығы деңгейі өте төмен. Зерттеу әр 2 жылда бір рет жасалады. 2017 жылғымен салыстырғанда ашықтық деңгейі төмендеген. Ол кезде жергілікті бюджеттердің ашықтығы орташа 100-ден 40 ұпай иеленетін болса, өткен жылы ол 33 ұпай ғана жинады. 17 аймақтың 7-еуінде ілгерілеу болғанымен, қалған 10 аймақтың көрсеткіші күрт төмендеген. Тіпті, әр жолы көшбасшы боп жүретін Шығыс Қазақстан облысының өзі 10 пунктке төмендеді. Бірақ, бәрібір бірінші орнын сақтап қалды.

Келесі мәселе – олардың қай түрде ашық болуы. Көбіне бюджеттер тек мамандар түсінетін тілде жарияланады. Бюджет кодексінде "азаматтық бюджет" ұғымы бар. Ол – бюджеттің қарапайым азаматтарға, сала маманы емес адамдарға түсінікті тілдегі үлгісі. Өкінішке қарай, азаматтық бюджеттің ашықтығы да төмен деңгейде. Одан бөлек инвестициялық бюджет бар. Ол жерде қаржы нақты қандай жобаға бөлінді, қанша бөлінді, ол жоба қанша жылға жоспарланған, әр жылға қанша қаржы қаралғаны – толық қамтылады. Осы бюджет түрі бізде жарияланбайды. Қарапайым тұрғындарға ең пайдалы, түсінікті бюджет осы болар еді. Бюджеттің атқарылуы туралы есептің ашықтығы бойынша да көптеген проблемалар бар. Жергілікті әкімдіктердің басым бөлігі орындалуы туралы толық есеп жарияламайды, тек қысқа, жалпылама ақпарат береді.

Ең басты кемшілік – тұрғындар өзінің өміріне тікелей қатысты осы салаға мүлдем қатыстырылмайды. Бюджет процесіне тұрғындарды қатыстыру бізде бюджет саясатының ең артта қалған бағыты.

  • Бюджетті жоспарлау;
  • бекіту;
  • орындау процестерінде тұрғындардың пікірін ескеру;
  • олармен кеңесу;
  • олардан өтініштер мен ұсыныстар жинау;
  • бірге талқылау мехнизмдері мүлдем жасалмаған.

Сол бюджеттен игілік алушы бұл процестен мүлдем шет қалған. Ондай жерде бюджет ашықтығы болмайды.

Оқи отырыңыз: Transparency International: Қазақстан коррупцияны қабылдау индексінде 113-орынға жоғарылады

Бюджет ашықтығының ең озық үлгісі Норвегияда. Бұл елде Зейнетақы қорының (біздегі Ұлттық қордың баламасы – автор) ашықтығы да өте жоғары деңгейде. Тек Норвегия азаматтары емес, әлемнің кез-келген азаматы Қор сайтынан қанша ақшасы бар, оның қай бөлігі қай елде, нақты қандай бизнесте, өндіріс айналымында, қай компанияда қаншалықты үлеске ие, одан түсетін пайда көлемі, қаржы айналымы туралы онлайн режимде ақпарат ала алады. Ал сондай деңгейдегі ашықтықпен қандай да бір жемқорлық жасау, қаржы жымқыру және ұрлау өте қиын. Бұл, керісінше, ешқандай да ұрлық жасау ниеті жоқ үкіметтің саясаты. Ал біздің Ұлттық қордың қай бөлігі қайда инвестицияланғаны, айналымы мен кіріс-шығыстары туралы мәлімет көрдіңіз бе? Тек жалпы активтері, кірістері туралы жалпылама ақпарат бар. Бітті. Деңгейіміз әлі күнге осы болса, Норвегияға қалай және қашан жетеміз? Ең бастысы, саяси ерік керек. Ол ерік – ұрламау, жемқорлықтан бас тарту, шынайы өзгерістерді қалау. Мұның біреуіне де дайын емес кезде, өкінішке қарай, ешқашан Норвегияға жете алмаймыз. Мен әзірге үкіметімізден ондай ниет аңғармадым.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында: "сан алуан көрсеткіштер мен индикаторлардан тұратын мемлекеттік бағдарламалар әзірлеуді тоқтату керек" деді. Бұл саны бар, сапасы жоқ бағдарламалар көп дегенге сая ма? Мемлекеттік бағдарламаларға ортақ қандай кемшіліктер бар?

– Мемлекеттік бағдарламалардың ең үлкен кемшілігі де бюджет саясатындағы кемшілікке ұқсас. Яғни, олар қоғам талқысынан өтпейді, сол салада қызмет ететін үкіметтік емес ұйымдар, тұрғындармен ақылдасып, бірге қабылданбайды. Мемлекеттік орган бағдарлама әзірлеуді өз қарамағындағы бір департаментке тапсырады немесе жұмыс тобын құрып, солар жазып шығады. Болмаса бірнеше миллион теңге бюджет қаржысын жұмсап, басқа компанияға жаздырады. Нәтижесінде сол бағдарламаның игілігін көруі тиіс азаматтар қатыспаған, олардың тілектері мен ұсыныстары ескерілмей әзірленген бағдарлама шала-шарпы дүние боп шығады. Ал сол салаға маманданған үкіметтік емес ұйымдардың кәсіби потенциалын пайдалану кез-келген бағдарламаға үлкен көмек болып, сапасын әлдеқайда мықты қылуға ықпал етер еді. Бізде бағдарламаның сапалы, тиімді болғанынан гөрі, одан жекелеген адамдарға түсетін пайдасы маңыздырақ сияқты.

Ал индикаторларға келсек, мәселе олардың болу-болмауында емес, қаншалықты шынайы орындалып жатқанында. Бұл ретте де ашықтық жоқ. Мониторинг жүргізіп, оны ашық талқылап, бағдарламаны жүзеге асыру барысында кемшіліктері болса, анықтап және жойып, жетілдіріп отыру механизмдері жоқ. Бұл жұмыстарға да қоғам қатыстырылмайды.

Бір мысал: Цифрлы Қазақстан бағдарламасының бар кемшілігін коронавирус пандемиясы көрсетіп берді. 42 500 теңге әлеуметтік көмекке өтініш тапсыратын кезде көптеген азаматтың қарапайым смартфон қосымшаларын пайдалана алмайтыны, компьютер арқылы ең қарапайым операцияларды жасай алмайтыны айқын байқалды. Ал бұл бағдарламаның индикаторларына сәйкес, 2019 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан халқының 86%-ы интернет қолдану бойынша сауатты болуы тиіс еді. Іс жүзінде 20 пайызға да жетпеген болса керек.

Оған қашықтан оқу кезінде ата-аналардың қалай қиналғанын, әлі де қиналып жүргенін қосыңыз. Ал осы кемшіліктер үшін жауап берген адам бар ма? Бюджеттен соның бәріне миллиардтаған қаржы жұмсалды. Бұл – сіз бен біздің салығымыздан жиналған қаражат. Біздегі басты кемшіліктердің бірі де осы – жауапкершіліктің жоқтығы. Бағдарламаның өзі шикі, қоғам талқысынсыз әзірленген, орындалу кезінде де қоғам оған қатыспайды, кемшіліктеріне де ешкім жауап бермейді. Ондай кезде "бағдарламаны қалай жасаймыз?" деген емес, "ол қажет пе?" деген сұрақ тууы керек.

Тағы бір мысал: "Ақбұлақ" бағдарламасы Қазақстан ауылдарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету проблемасын шешуі керек еді. Ал қазір бізде таза ауыз сусыз қанша ауыл бар. Бұл жолы да бағдарламаның сәтсіз болғаны үшін жауап берген адамды көрдіңіз бе? Жоқ! Жауапкершілік жоқ жерде ешқандай нәтиже, қажеттілік туралы айтуға болмайды.

Оқи отырыңыз: "Бюджетті игермеген басшыларды жауапқа тарту керек"

Сосын бізде бірін бірі қайталайтын бағдарламалар бар. Сондай бағдарламаларды әзірлеуге қойылатын талаптың басты бірі – бір бағдарламаның міндеттері алдыңғы бағдарламаның міндеттерін қайталамауы керек. Бұл – ресми бекітілген шарт. Ал бізде тұрғын үймен қамтамасыз ететін қанша бағдарлама бар қазір? Соларға ревизия жасап, ұқсас жерлерін жойып, реттеп жатқан ешкімді білмеймін. Әр бағдарлама өз алдына өмір сүріп жатыр. Нәтижелілігі де күмәнді.

Мемлекеттік сатып алу саласына реформа керек

– 2019 жылы мемлекеттік бюджеттегі мемлекеттік сатып алу үлесі 37% немесе 4,6 трлн теңгені құраған. Жыл сайын оның көлемі артып келеді. Заңда сатып алуды бірнеше тәсілмен жүзеге асыру көзделгенімен, бір көзден сатып алу үлесі басым. Мемлекеттік сатып алу жүйесінің ашықтығын қалай қамтамасыз ете аламыз?

– Мемлекеттік сатып алу жүйесінде ең бірінші кезекте заңнаманы жетілдіру керек. Біздің заңда бір көзден сатып алуға мүмкіндік беретін елуден астам негіз бар. Бұл тым көп. Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымына мүше елдерде бұл көрсеткіш 10-12 шамасында.

Екіншіден, заңның сақталуын, орындалуын қамтамасыз ету керек. Былтыр Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев жемқорлықтың төрттен бірі осы салада болатынын айтқан. Бағана айтып өткен бюджетті жоспарлау, бекіту процесіне тұрғындарды қатыстыру мәселесін осы салада да қолға алса, көптеген керексіз шығындарды болдырмауға болар еді.

Үшіншіден, сатып алуға қатысатын өнім берушілердің сатып алу қорытындысына шағымын қарайтын комиссия толық тәуелсіз болуы керек. Қазір бұл комиссия мемлекеттік органның құрамында, сәйкесінше шешім шығаруда тәуелсіз емес. Бұл – үлкен минус. Жалпы, бұл салада кемшілік өте көп. Барлығын зерттеп, талдап, жүйелеу керек.

Оқи отырыңыз: "Әрбір бесінші кәсіпкер пара беруге дайын". Зерттеу қорытындысы

– Мысал ретінде "даулы" мемлекеттік сатып алулар туралы айтып өтсеңіз.

– Мемлекеттік сатып алу саласында негізсіз, қажет емес шығындардың ең танымал үлгілерінің бірнешеуін айтайын. Біріншісі – алдыңғы жылы Ақмола облысының Туризм басқармасы өткізбекші болған "Бурабай фест" сыра фестивалі. Басқарма барлық елде демеушілердің, сыра өндірушілерінің есебінен өтетін шараны бізде бюджет есебінен өткізгісі келді. Алдын ала анықтап, қоғамда резонанс тудырмағанда, бюджеттің 12 млн теңгесі шығын болар еді.

Келесі мысал. Былтыр елорданың әкімдігі қымбат жиһаз сатып алмақшы болды. Ол да сатып алу өтпей тұрып белгілі болды да, шу басталғанда өткізбейтін боп шешті. Биыл жылдың басында астананың Ішкі саясат басқармасы әлеуметтік желілерде әкімдік туралы негатив ақпараттарды тауып, онымен күресуге 125 млн теңгедей бөлгені туралы дау болды. Көпшілік талқылап, қарсы болған соң, ол шарт бұзылды. Бірақ, тағы бір осындай 243 млн теңгелік тендер өтіп кетті. Ол туралы жазылды. Алайда келісімшарт бұзылған жоқ.

Енді неге бұл керек емес шығындар сатып алу жоспарына еніп кеткенін ойланып көріңіз. Одан тұрғындарға не пайда? Ол сол қала тұрғындарының қандай мәселесін шешуге бағытталған? Неге ол туралы белгілі боп қалған соң ғана келісімшарттар бұзылып жатады? Ол жоспарды кім бекітті, неге бекітті? Нәтижесінде не алғысы келді? Ал бюджетті жоспарлау, бекіту кезеңінде тұрғындарды, белсенді азаматтарды, қоғамдық ұйымдарды осы процеске қатыстырса, мұндай даулар, негізсіз шығындар болмас еді. Бұлар – белгілі боп қалып, алдын алу мүмкін болған жағдайлар. Ал белгісіз, назардан тыс осындай қаншама мыңдаған шаралар өтіп жатыр. Шығыны миллиардтап саналады. Сондықтан бұл салаға күрделі реформа керек.

Zertteu Research Institute пандемия басталғалы коронавируспен күресу мақсатында өткізілетін мемлекеттік сатып алуларды әлеуметтік желілерде жариялап келеді. #Коронасатыпалу айдарын жүргізу қандай нәтижеге әкелді?

– Коронавирус пандемиясы басталғанда Үкіметтің арнайы қаулысы бойынша Мемлекеттік сатып алулар арнайы тәртіп бойынша жүргізіле бастады. Яғни, ашық конкурс, баға ұсыныстары емес, тікелей бір көзден сатып алу тәсіліне өтті. Наурыз айынан бастап медицина саласында сатып алу шаралары өте көп. Барлығына бірдей мониторинг жасап, бақылау мүмкін емес. Біз командамызбен шамамыз келгенше осы сала шығындарының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында #Коронасатыпалу айдарымен ақпарат жариялай бастадық. Мемлекеттік сатып алу порталында медицина мекемелерінің сатып алу шаралары туралы ақпаратты тауып, Facebook-тегі ресми парақшамызда жариялап отырамыз. Өкінішке қарай, біздің ойымызша негізсіз немесе бағасы тым қымбат сатып алулар жасалып жатыр. Олардың бірқатарын жариялаған соң келісімшарттар бұзылды. Арнайы тәртіп болған соң, тапсырыс беруші өнім берушіні өзі тікелей таңдайды да, ешқандай бәсеке болмайды. Соның салдарынан баға әдеттегіден жоғары боп шығады. Бұрын бұл салада өнім берумен айналыспаған компаниялар тапсырыс алып жатады.

Мысалы, сәуір айында Түркістан облысының Денсаулық сақтау басқармасы 4,5 млн теңгеге 4 мың медицина маскасын сатып алған. Әр масканың бағасы нарықтағыдан өте қымбат және өнім беруші ретінде бұрын гүл шоқтарын сатумен, жеткізумен айналысқан компания таңдалған. Біз осыған назар аударып, парақшамызда жариялаған соң, Түркістан облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті бақылауға алып, бұл келісімшарт бұзылды.

Тағы бір мысал. Алматының Полиция департаменті өте қымбат бағаға қорғаныс костюмдерін сатып алу туралы келісімшарт жасаған. Келісімшарт құны – 250 млн теңге, ал бір костюм жинағы – 250 мың теңге. Бұл нарықтағыдан бірнеше есе қымбат. Осы туралы жазып, әлеуметтік желіде кең талқыланған соң, бұл келісімшарт та бұзылды.

Павлодар облысының Денсаулық сақтау басқармасы әрқайсы 1 млн теңге тұратын 20 тепловизор сатып алған. Бұл жерде де бағаны негізсіз өсіру байқалды. Осы туралы жазғаннан кейін бұл келісімшарт та бұзылды. Мұндай мысалдарды келтіре беруге болады. Бұл анықталған санаулы ғана жағдайлар. Назардан тыс, бақылаусыз қаншама сатып алу шаралары өтіп жатыр. Бұл саланы реттеу үшін осы тақырыпқа қызығатын, тексеретін, мониторингпен айналысатындар көп болуы керек. Неғұрлым көп болса, тәртіп соғұрлым жақсы болар еді. Айналасы бірнеше ұйымның немесе белсендінің күшімен жақсы нәтиже көру мүмкін емес.

Бюджет ашықтығы, қаржының тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету бағытында мемлекеттік сатып алу саласына бақылау өте күшті болуы керек. Бұл салада қаржының тиімді жұмсалуы бәріміздің өмірімізге тікелей байланысты. Қаншалықты тиімді жұмсалса, соғұрлым тұрғындардың өмір сүру сапасы жоғары болады. Бұл бағыттағы ең үлкен кемшілік – адамдардың мұны түсінбеймін, білімім жоқ деп есептеуі. Мемлекеттік сатып алу порталында ақпарат табу үшін көп білім керек емес және әр азамат ол жердегі шығындардың тиімділігі, негізділігі туралы баға беретін сарапшы болуы шарт емес. Жәй ғана тапқан, өзіне оғаш немесе қызық көрінген сатып алу шарасы туралы әлеуметтік желіде жазып, сұрақ қою арқылы-ақ тәртіпті жақсартуға ықпал ете алады. Ол туралы сол салаға жауапты немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне сауал жолдай алады. Ең бастысы, бұл салаға қоғамның назарын аударуға атсалысу.

Оқи отырыңыз: "Бюджет қаржысын жөнсіз шашқандар мен тиімсіз игергендерге шара қолдану керек"

Қоғамдық кеңес нотариалдық кеңсе ролінен ары аса алмай отыр

– Президент жолдауында: "Ұлттық компаниялардың сатып алу жүйесі ашық емес және оған қатардағы кәсіпкерлердің қолы жете бермейді" деген болатын. Тоқаев жыл соңына дейін квазимемлекеттік сектордың барлық сатып алу жұмысын реттейтін біртұтас заң қабылдауды тапсырды. Заң қабылдау, квазимемлекеттік сектор қызметкерлерін қысқарту компаниялар қызметінің тиімділігін арттыра ма?

– Квазимемлекеттік сектор – ең жабық салалардың бірі. Бюджет ашықтығы төмен деңгейде. Мемлекеттік орган болмағандықтан, бюджет ашықтығын реттейтін заңнамамен реттеу де қиын. Сатып алу саласы да дәл солай. Тағы бір кемшілік – мемлекеттік органдарда да, квазимемлекеттік секторда да "бюджет ақпаратын жариялау керек емес, оны тұрғындар түсінбейді" деген сенім бар. Бұл – үлкен қате. Бюджет ашықтығын қандай жағдайда да қамтамасыз ету керек. Екіншіден, бюджет салық төлеушілердің қаржысынан құралатындықтан оған түсінікті тілде жариялануы тиіс. Иә, әр азамат бюджет маманы болуы шарт емес. Бірақ әр азамат – салық төлеуші. Сондықтан ол өз салығының қалай, қайда жұмсалып жатқанын білуге құқылы. Бұл білік емес, құқық мәселесі. Ал оны қамтамасыз ету – сол салықты жаратып отырған тараптың міндеті.

Ал квазимемлекеттік сектордағы компаниялардың санын қысқарту туралы бірнеше жылдан бері айтылып келеді. Тіпті, соны айтпаған шенеунік қалмаған шығар. Бірақ, әзірге тек сөз жүзінде қалып отыр. Бұл компаниялардың бірқатары қоғамдағы әлеуметтік, басқа да проблемаларды шешуге міндетті болса, енді біраз бөлігі – коммерциялық ұйымдар. Яғни, олар табыс табуы керек.

Біздің квазимемлекеттік сектор ұйымдары бюджеттен миллиардтап ақша алып отыр. Мысалы, ҚТЖ кредиті миллиардтаған теңгені құрайды. Бұл квазимемлекеттік сектордағы бюджеті ең көп компаниялардың бірі. Оның бюджетке, мемлекетке тиімділігі қандай? Осындай қанша компания бар? Коммерциялық бағыттағы компаниялар шын табыс тауып отыр ма, әлде бюджет есебінен күн көріп отыр ма – оны талдап, кемшіліктер бойынша жұмыс істеліп жатқанын байқамаймыз. Тек республикалық бюджеттің орындалуы бойынша Есеп комитетінің жылдық есебінен көптеген кемшіліктер анықталып жатады. Бірақ, әзірге нәтиже жоқ.

Екіншіден, квазимемлекеттік секторда компаниялардың шектен тыс көп болуы – жеке бизнестің дамуына кедергінің ең үлкені. Көптеген жеке бизнес қызмет етіп, пайда табуына болатын салада осы компаниялар не монополист, не сол нарықтың басым бөлігін иемденіп отыр. Әкімшілік ресурстардан бөлек, қаржылық, материалдық әлеуеті тең емес болғандықтан, жеке бизнес квазимемлекеттік сектормен бәсекелесе алмайды. Ал бәсеке болмаған соң, даму да жоқ.

– Тоқаев қоғамдық кеңестердің рөлін арттыруды, "Қоғамдық бақылау туралы" заң қабылдауды тапсырды. Қазақстанда қоғамдық кеңестер қалай жұмыс істейді? Мәселені шешуде, шешім қабылдауда ықпалы бар ма?

– Қазір Қазақстанда қоғамдық кеңестер көбіне жергілікті әкімдіктердің нотариалды кеңсесі қызметін атқарып отыр. Тек Алматының Қоғамдық кеңесі біршама уақыт белсенді болған. Қазір олар да тыныш. Қоғамдық кеңестер әкімдіктердің шешімін, жобасын заңдастыру, бекіту үшін ғана жұмыс істеп отырған сияқты. Ол енді Қазақстанның халықаралық міндеттері, түрлі келісімдер бойынша ұсыныстары бойынша жұмыс істеудің көрінісі. Есеп үшін болып жатқан дүние. Ал шынайы жұмыс істейтін болса, қоғамдық кеңестер жергілікті мәслихатпен бірдей бола алар еді.

"Қоғамдық бақылау туралы" заңға келсек, мүмкін ондай заң керек те шығар. Бірақ, ол заң қалай жазылады, нені заңдастырады, неге ықпал ете алады, жалпы, заңды кім жазады – бұл сұрақтар өте маңызды.

Қоғамдық бақылау туралы заңды қоғамның қатысуынсыз жазудан еш пайда жоқ. Өзіне оң көзбен қарайтын, тағайындалған "қоғам өкілдерімен" талқылау – кезекті имитация болады да қояды. Олай заң қабылдау дұрыс емес. Бейбіт шерулер, Саяси партиялар туралы заңдар осындай көзбояумен қабылданды. Нәтижесінде бұл саланың проблемасын шешуге қабілетсіз, шалажансар заңға қол жеткіздік. Егер дәл осылай қабылдайтын болса, ондай заңнан пайда жоқ.

Оқи отырыңыз: "Заңнама жүйесін жетілдіру қажет". Төтенше жағдай сабақтары туралы сарапшылар пікірі

Екінші мәселе – қоғамдық бақылау механизмдері мен ол бақылаудың тиімділігі заңдастырыла ма? Яғни, қоғамдық ұйымдар тек бақылап отыра ма, әлде қолында анықтаған кемшіліктерді жою бойынша қандай да бір құзыреті, құралы бола ма? Ондай болмаса, бұл бақылау емес, тамашалау болмақ. Ондай көзбояушылық мәселені шешпейді, қайта күрделендіріп жібереді. Осы жағын да жақсылап ойластыру керек.

Мемлекеттік сатып алу саласына қоғамдық ұйымдарды тарту идеясын қолдаймын. Бірақ, бұл да заң "қоғаммен бірге талқылау" сияқты көзбояу боп шықпай ма? Яғни, өзіне ыңғайлы, тіл алғыш ұйымдар тартыла ма, әлде шын кәсіби, адал ұйымдар тартыла ма? Бізде мемлекеттік органдар тарапынан қоғамдық ұйымдардың өзін алалау, тең мүмкіндіктен қағу өте қатты дамып кеткен. Егер соны қайталайтын болса, бұл идея басынан-ақ сәтсіз деуге болады. Бұл мемлекеттік органдарға онсыз да жоқ сенімді тірілтпейді. Квазимемлекеттік секторға азаматтық қоғамды тарту, қоғамдық бақылауды қосу туралы да дәл солай айтуға болады. Не шынайы, нақты қадамдар жасайсың, не басынан-ақ бұл идеядан бас тартасың. Өйткені, бізде идеяны жүзеге асырудың өзіне миллиардтап қаржы бөлініп жатады. Бұл тиімсіз, пайдасыз шығындарды арттырады.

Мәслихатқа тәуелсіз, халық ішінен сайланған депутаттар баруы тиіс

– Ауылдарға дербес бюджет енгізілді. Ауыл тұрғындары бюджетті жоспарлауға, талқылауға қаншалықты қатыса алады? Бірақ, шын мәнінде ауылдық жерлерде бюджет қалай жоспарланып, орындалып жатыр? Сондай-ақ, президент келер жылы ауыл әкімдерінің сайлауын өткізуге болатынын айтқан еді.

– Ауыл бюджеттерін енгізу – бұл жолдаудың жаңалығы емес. Алғаш рет ауыл бюджеттері 2018 жылдары енгізіле бастады. Ол кезде тұрғын саны 2 мыңнан асатын ауылдардың дербес бюджетін құру туралы бекітілген. Ал 2020 жылдан бастап жоспар бойынша барлық ауылдық округтің дербес бюджеті болуы керек еді. Дербес бюджет дегеніміз – әр ауыл округінің, елдімекеннің өз алдына бюджеті болады, оны талқылау, жоспарлау, бекіту мәселесін сол ауыл тұрғындары өзі шешеді деген сөз. Бізде әдетте жергілікті бюджеттерді мәслихат бекітеді. Ауыл мәслихаты болмағандықтан, ауыл бюджетін аудан мәслихаты бекітіп келген. Алдағы уақытта да солай болады деп ойлаймын. Тек бұл жолы ауыл бюджетінің жобасын әзірлеу, алдын ала бекітуді жергілікті ауыл кеңестері орындап, аудан мәслихаты тек ресми бекітетін шығар. Бұл шаралардың механизмі қалай болатынын әзірге білмеймін.

Ал ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы баяғыдан талқыланып, талап етіліп келе жатқан мәселе. Ауыл ғана емес, аймақ әкімдерін де сайлайтын уақыт әлдеқашан келді. Ауыл әкімдерін жанама сайлау бұрын да болған. Бұл жолы оны тікелей сайлау үлгісіне ауыстыруды жоспарлап отыр. Қалай жүзеге асатынын алдағы уақытта көреміз. Тек партия өкілі болуы керек дегендей талаптарды енгізіп тастамаса болғаны. Ол тағайындаудың басқа формасы болып шығады.

– Мәслихаттардың құзіреті мен міндеті қандай? Президент айтқандай, олардың пікірі ескерусіз қалып жатыр ма?

– Мәслихаттар дәл қазір жергілікті әкімдіктердің нотариалды кеңсесі ғана. Мәслихатта да депутаттар бір партиядан, әкім де сол партиядан боп отырғанда, дербес, ешқандай ұйым, партияға байланбаған, әділ жолмен сайланған депутаттар болмай, бұл жағдай ешқашан өзгермейді. Сондықтан бұл мәселені көп талқылап, баға беріп жатудың өзі артық. Мәслихаттың пікірі ескерілуі, жалпы әкімдіктен бөлек, басқаша пікір білдіріп, арада келіспеу, пікірсайыс боп жатқанын байқамаппын. Ескеру үшін алдымен ескеретін пікір болуы керек және ол дербес, тәуелсіз пікір болуы тиіс. Жоқ нәрсені ескеру мүмкін емес.

Жалпы, мәслихаттардың құзіретін арттыру мәселесінде билік өзіне өзі толық қарсы шығып отыр. Мәслихатқа тәуелсіз, халық ішінен сайланған депутаттар баруы керек. Ал "Сайлау туралы" заңға өзгеріс енгізіп, ол жаққа тек партия тізімімен сайланатын қылды да, мәслихаттардың бұрын болған аздаған дербестігін толық өлтірді. Енді мәслихаттардың дербестігін, күшті болуын қазіргі "Сайлау туралы" заңмен қамтамасыз ету мүмкін емес. Не заңды өзгертіп, дербес депутаттардың болуына жол ашасың, не бұл идея да кезекті сәтсіз идеяның бірі болып қалады.

– Президент онлайн петициялардың бірыңғай заңды институтын құру қажеттігіне тоқталды. Осыған дейін де Қазақстанда онлайн петиция ұйымдастырылды. Бірақ, халықтың дауысы билікке жетіп, мәселе шешіліп жатыр деп айту қиын. Тоқаев айтқан заңды институт онлайн петициялардың мәртебесін көтере ме?

– Жалпы, онлайн петиция – жақсы құрал. Бірақ, ол шынайы жұмыс істегенде ғана. Ал қанша адамнан қол жинап, оны жүзеге асырмасаң, оның болғанынан пайда жоқ. Екіншіден, онлайн петиция алаңы ешқандай мемлекеттік органға тәуелді болмауы керек. Не үкіметтік емес ұйымдар, ұйымдардың бірлестігіне қарағаны жөн, не тәуелсіз азаматтардың қарауындағы алаң болуы шарт. Әйтпесе, мемлекеттік органдардың петицияның өзіне ыңғайлы нәтижесін жасап алуы оп-оңай. Олай болса, бұл қоғамдық кеңестер мен мәслихаттар сияқты әкімдік шешімдерін заңдастырып алатын тағы бір құрал болады да қалады. Оның үстіне дауыс "айналдыру", қолдан көбейту тәсілдерінің ықтималын да ескеріңіз.

Оқи отырыңыз: Қазақ жастары биліктен не талап етеді? Сараптама

Қоғамда енжарлық бар және сенім жоқ

"Халық атсалысатын бюджет" немесе жалпы әлемде "Қатысу бюджеті" деп аталатын жүйе де дәл осылай. Ол тәуелсіз, еркін алаңда жасалғаны дұрыс және процесс бастан-аяқ толық ашық болуы керек. Әйтпесе, алдыңғы айтқан жағдай мұнда да қайталанады.

– Бюджет процесінің, мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың сатып алуларының ашық болмауына қоғам белсенділігінің төмендігі, азаматтардың ашықтықты талап етпеуі, бюджет қаржысына, мемлекет саясатына немқұрайды қарауы да себеп болып отыр деп ойламайсыз ба?

– Мәселе екі жақтан да бар. Қоғамда енжарлық бар және сенім жоқ. Ал билікте ашықтыққа, есепті болуға деген ниет жоқ. Бүкіл қоғам бұл процеске қатысуы мүмкін емес. Ол ешқандай елде болмайды деп ойлаймын. Бұл мәселемен осы салаға маманданған жекелеген мамандар мен үкіметтік емес ұйымдар тұрақты айналысады. Ал олар бізде бар. Сол ұйымдардың бюджет ашықтығына деген сұранысы көп жағдайда қанағаттандырылмайды. Мен тамыз айында Денсаулық сақтау министрлігі, Шымкент қаласының әкімдігі мен Денсаулық сақтау басқармасына үш сауал жолдадым. Үшеуіне де жауап алған жоқпын. Бұл жиі болатын жағдай. Былтыр жылдың соңында Алматы әкімдігіне сауал жолдап, жауап ала алмағанмын. Оны екінші рет қайта жолдап жүріп алдым. Ал "Ақпаратқа қол жеткізу туралы" заң бойынша ондай сұраныстарға 15 күн ішінде жауап берілуі керек. Яғни, мемлекеттік органдар бюджет ашықтығына сұранысты қанағаттандыруға ниетті емес.

"Құқықтық медиа-орталық" ҚҚ Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінен бюджет бойынша ақпарат ала алмай Жоғарғы сотқа дейін барған оқиғасын білетін шығарсыз. Тіпті, солай да ала алмады. Ал "Ақпаратқа қол жеткізу туралы" заңның бабында шектеусіз берілуі тиіс ақпараттың тізімі бар. Сол тізімге бюджет ақпараты кіреді. Мемлекет өзі шығарған заңды өзі бұзуды дәстүрге айналдырған. Ондай кезде азаматтарда мемлекеттік органдарға, бюджет ашықтығына, соны талап еткенде нәтиже болатынына сенім болмайды. Сенім жоқ жерде әрекет те жоқ. Сондықтан бұл мәселеде қоғам енжарлығының себебі де мемлекеттік органдармен байланысты. Бірінші кезекте азаматтардың бюджет ақпаратына, басқа да тыйым салынбаған ақпаратқа қол жеткізу құқығын қамтамасыз етуге мемлекеттік органдар жауапты.