Тікелей эфир

"Бюджет қаржысын жөнсіз шашқандар мен тиімсіз игергендерге шара қолдану керек"

Сурет informburo.kz
Сурет informburo.kz
Мәжіліс төрағасы мелекеттің ақшасын беталды шашып, жөнсіз игермеу мәселесіне нүкте қою үшін арнайы шара қолдану керектігін де ескертті.

Бұл бүгінгі "2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасына өзгертулер мен толықтырулар талқыланған Мәжілістің жалпы отырысында әңгіме болды.

Кім кімге доп тепті немесе "сенбілік" өткізуден де маңызды жұмыс бар

Мәжіліс депутаты Сергей Симонов сумен қамту және гидрологиялық жүйені жаңарту жұмыстарына қатысты бөлінген 19,4 млрд теңгенің едәуір қысқартылуына реніш білдірді.

"Барлық облыстарда сондай. Мысалы, Ақмола облысында 527 млн теңгеден 10 млн теңгеге қысқартылған. Солтүстік Қазақстан облысында су құбырын салуға бөлінген 2,6 млрд теңгеден 81 млн теңге ғана игерілген. Республикалық бюджеттің орындалуы жақсы болғанмен нәтиже жоқ. "Ауыз сумен қамту" туралы 2020 жылға жоспарланған бағдарлама орындалмай отыр. Осыған байланысты 2019 жылы арнайы бағытталған қаржыдан 50% қаржыны игермеу неге байланысты? Не үшін солай? Кім жауап береді? – деді депутат.

Бұл сұраққа жауап берген ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев:

"Расында осындай мәселелер туындап отыр. Оған бірнеше себеп бар. Біріншіден, қаржылық сметаны есептеу құжаттарының толымсыздығы. Екінші себеп, мердігерлердің жұмысына қатысты соттың шешімдері болып тұр.

Солтүстік Қазақстандағы Присновск су құбырын салу құрылысы 2 кезеңмен жүзеге асырылып жатыр. Екінші кезеңі туралы мәселе жоқ. Онда сот шешіміне сай басқа мердігер келді. Соған байланысты жұмыстар кешігіп, жоба құны қымбаттап отыр. Қадағалап отырмыз, – дегені сол еді...

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллин:

"Мәселені сіздер қадағаламайсыздар. Біз қадағалаймыз. Сіздер орындайсыздар!? – деп мемлекеттік сатып алуға қатысты екі министрдің ісін доп тебуге балады.

Өз кезегінде премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайлов Экология, геология және табиғи ресурстар министрі айтқан тендерге қатысты пікір білдірді. Ол тендердің ақпараттық жүйеленген мемлекеттік сатып алу арқылы анықталатынын, бірақ оған конкурсты жариялаған орын жауапты болатынын ескертіп, жауапкершілікті Мағзұм Мырзағалиевке сілтеді.

Бұл жауаптар Нұрлан Нығматуллинді қанағаттандырмады:

"Ал, Мағзұм Мырзағалиев, сіз? Сіз допты Әлихан Смайловқа бердіңіз. Ол кәсіби екен. Қысқасы жоғарыдағы мәселеге қатысты 50% қаржы игерілмеген. Өзіңіз бұл жұмысты қалай орналастыруды білмей отырсыз. Кешіріңіз, Мағзұм Маратұлы, сіздің жауабыңыздан соны түсіндік, – деді Мәжіліс төрағасы.

Сонымен бірге, "күшейтеміз, кеңейтеміз, ілгерлетеміз" деген жалпы сөзді мұндай қаржы есебіне қолдануға болмайтыны ескертіп, Бурабай көліне қатысты экологиялық мәселенің де осындай жолдармен шешілмей келе жатқанын алға тартты.

"Мағұзым Маратұлы, кәсіптік түрде жұмыс істеу керек. Ол үшін экономикалық негіздеме, сметалық есептеулер керек. Әсіресе ақпарат құралдары үшін "сенбілік" ұйымдастыру да маңызды. Бірақ мынадай жұмыстармен кім айналысады? – деді Нұрлан Нығматуллин.

Бір министрлікте қарапайым тұжырымдама жасайтын адам жоқ па?

Осы сұрақты қойған Мәжіліс төрағасы Қазақстанның мәдени-тарихи мұраларының бірыңғай кешенді базасын жасауға бюджеттен тағы 100 млн теңге сұраған ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Елдос Рамазановты дұрыс жұмыс істей алмай отырғаны үшін сөкті.

Мәжіліс төрағасы мен вице-министр арасындағы диалог былай өрбіді:
– Елдос Мұратұлы, сізде де аппарат бар ғой. Онда мықты маман бар ма?
– Біраз бар (Ду күлкі).
– Өзіңізді қандай топқа жатқызасыз? Жарайды бірінші топта болсын.
– Жоқ, орташадамыз ғой (Ду күлкі). Жаңа ғана жұмысқа кірістім.
– Сіздерді жұмысқа алған кезде түйіндемелеріңізді көргенде таң қаламыз. Бірнеше дипломдарыңыз, бірнеше жұмыс өтілдеріңіз бар. Ал жауап бергенде "орташамыз" дейсіздер!

Бұдан әрі ойын тарқатқан Мәжіліс төрағасы Елдос Рамазановқа тағы шүйлікті:

"Менің білуімше, сіздің министрлік апаратында 300-дей адам жұмыс істейді. Қарамақтарыңызда жүздеген музей, мәдени орталықтар бар. Онда мамандар, сарапшылар бар. Олардың ішінен бағдарламаны емес, тұжырымдаманы жасайтын бір топ шықпаса, онда осынша қызметкерлер не үшін керек?

Сосын қаржыны аласыздар да жеке компанияға беріп жасатасыздар. Сосын бізге әкеліп өздеріңіз жасағандай таныстырасыздар. Неге үкіметтің қаржысын шашқыларыңыз келеді?

Мәжіліс төрағасы мемлекеттің ақшасын беталды шашып, жөнсіз игермеу мәселесіне нүкте қою үшін арнайы шара қолдану керектігін де ескертті. Сонымен бірге бюджет қаржысын тиімді игермеген құзіретті орынның басшысына 5-15 айлық көрсеткішке тең айыппұл салу керек екенін қайталады.

Бұл мәселеге кеңірек тоқталған депутат Нұртай Сәбиланов:

"6 министрліктен 139 млрд теңге игерілмеген. Бұл бюджеттік қаржылық нақтылауды екі рет жүргізгенде де өзгермей отыр. Мысалы, Білім және ғылым минстрлігінен 41 млн теңге қысқартылған. Оның 13 млн теңгесі қайта бөлінген. Кей ауылда мектеп жоқ, балабақша жоқ. Қаржыны сонда жұмсау керек", – деді.

Нұртай Сәбиланов министрліктердің бюджетті игеруге қатысты заңда белгіленген принциптерді дұрыс сақтамай отырғанын ескертті.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары