"Алтын Емел" мен "Шарын" 49 жылға инвесторларға беріледі. Бұл парктердің көркін аша ма, әлде табиғатын тоздыра ма?
"Шарын" және "Алтын Емел" ұлттық табиғи парктері – Қазақстанның табиғаты таңғажайып көрікті жерлері. Алматыға жақын орналасқан бұл мемлекеттік ұлттық табиғи парктерге саяхаттайтын турист саныжылдан-жылға артып келеді. Алайда, табиғи ескерткіштерді тамашалауға баратын адамдарға қолайлы инфрақұрылым жасалмаған. Тіпті, таза дәретхана табудың өзі мұң. Сондықтан, биылдан бастап Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі аталмыш аумақтарды дамытуды қолға алмақ.
Жоспар бойынша, ұлттық парктерді басқаруға инвесторлар тартылады. Экотуризмді дамытуға қомақты қаражатын құйған кәсіпкер көрікті мекенді 49 жылға дейін пайдаланып, бизнесін дөңгелетеді. Ерекше қорғалатын аумақты жалғыз компанияның қолына берген қаншалықты тиімді және табиғат жанашырлары бұған не дейді? Бұл мәселені бұған дейін де назарда ұстап келген Іnformburo.kz тілшілері арнайы Шарын шатқалында болып, мамандар мен сарапшылармен тілдесті.
Оқи отырыңыз: Меже – 190 мың адам. Экология министрлігі Шарын шатқалына келушілер санын қалай 10 есе көбейтпек?
Шарын шатқалы Алматыдан 236 шақырым қашықтықта орналасқан. Былтыр мұндағы табиғи ескерткіштерді тамашалауға 20 мыңнан астам адам барса, 8 мыңнан көбі – шетелдік қонақтар болған. Өкініштісі, туристер көп баратын көрікті мекенде тынығушыларға қолайлы жағдай жасалмаған:
- тамақтану орындары жоқ;
- дәретханалар тапшы;
- түнейтін адамдарға арналған жатын орындар жайлы емес және т.б.
Сондықтан Экология министрлігі бұл өлкені жеке инвестор тарту арқылы халықаралық талаптарға сай түрлендірмек. "Шарын" ұлттық табиғи паркін дамыту бойынша байқауға түскен инвесторлардың ішінен үздігі таңдалады. Топ жарған кәсіпкерге барлық жоба жүктеледі. Ол өзіне қажетті шағын мекемелерді қоластына алып жұмыс істесе де рұқсат етіледі. Бірақ, мемлекет бар жауапкершілікті негізгі инвесторға жүктейді.
"Экотуризмді ұлттық парктерде дамыту тұжырымдамасын әзірлемес бұрын көптеген шет мемлекеттердің үлгісін зерттедік. Соның ішінде біз ерекше қорғалатын аймақтарды АҚШ тәжірибесі негізінде дамытпақпыз. Ол мемлекетте ұлттық парктерді басқаратын негізгі 4 компания бар. Әр компания өздері иелік ететін аумақтарды бірыңғай стильде көркейтіп, туристерге бар жағдайды жасайды. Егер парктің бір жеріне зиян келсе, оған компания басшысы жауапты болады. Қадағалаудың мұндай тәсілі мемлекет үшін өте ыңғайлы және жұмыстың жүйелі болуына септік етеді. Кезінде "Іле Алатауы" ұлттық паркінің 122 учаскесін кәсіпкерлерге иелікке бердік. Әрқайсы ойларына келгенін істеп, қалауы бойынша қызмет көрсетті. Бірақ, бірыңғай талап болмады. Қазір сол телімдерді мемлекетке қайтару жұмысы жүріп жатыр", – деді Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев.
Оқи отырыңыз: Экологиялық мәдениетті қалай дамытамыз? Оған қанша қаржы қажет?
Қазір Шарын шатқалына тынығуға келген адамдар өзімен бірге ас-суларын ала келеді. Себеп – маңайда тіпті ауыз су сататын дүңгіршек те жоқ. Ал суреттегідей шатырлар шатқалдың ішінде, Шарын өзенінің маңында орналасқан. Оның өзі туристерге жете бермейді. Орын тек ерте келген адамдарға бұйырады. Болашақта тамақтану орындары мен қызмет көрсету нысандарының барлығын ұлттық парктің кіреберіс аумақтарына орналастыру көзделіп отыр.
Сондай-ақ, құмды жартастардың ішіне көлік кіргізбеу жоспарланған. Оның орнына жаяу жүргіншілер соқпағы жасалып, экологиялық көліктер қызмет көрсетеді. Шатқалдың бас қақпасына жалдамалы велосипедтер қойылады. Мамандар осылайша табиғатқа зиян келтірмей, қоршаған ортаға түсетін рекреациялық жүктемені азайтпақ ниетте.
Оқи отырыңыз: Қазақстанның әлі күнге дейін туристік бренді жоқ. Мәселе 10 жылдан бері неге шешілмей келеді?
Жоба бойынша негізінен туристік маршруттар мен соқпақ жолдарды дамытуға күш салынады. Заманауи визит-орталықтар, глэмпинг, кэмпингтер, этноауылдар салынады. Караванингке арналған орын болады. Парк аумағында күрделі құрылыс жүрмейді, нысандар жеңіл жиналатын конструкциялар арқылы тұрғызылады. Осылайша қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтып, сапалы қызмет ұсынатын бірегей туристік өнім жасауға мүмкіндік туады.
Аумақта экотуризмді келесі тәсілдермен дамыту жоспарланып отыр:
- Екі заманауи визит-орталық салынады;
- 4 жаяу жүргінші маршруты болады;
- Түнейтін орындар дайындалады (100 адамға);
- Этноауыл салынады;
- 3 көру алаңы қойылады (бір мезетте 40 адам сыяды);
- Балалар ойын алаңы жасалады;
- Медициналық пункт қарастырылады;
- 5 дәретхана салынады.
Оқи отырыңыз: Мың дәретхана жобасы. Қазақстан туристік державаға айнала ма?
Жобаның жалпы құны – шамамен 1 млрд 200 млн теңгені құрайды. Осы қаржыны қалтасынан шығарып, ұсынған жобасы байқауда мақұлданған инвестор көрікті мекеннің белгілі бір аумақтарын туризмді дамыту бойынша басқарады. Яғни, кәсіпкер шатқалды жалға алмайды, тек 49 жылға дейін бизнесін дөңгелету үшін уақытша пайдалана алады. Егер ол табиғатқа қандай да бір зиян келтіріп, өз міндеттерін орындамаса, мемлекет кәсіпкермен кез-келген уақытта келісімшартты бұзады. Ал жоба сәтті жүзеге асып жатса, 2025 жылға дейін Шарын шатқалына келушілердің саны 180 мыңға дейін артады деген болжам бар.
"Бұл жердегі ең күрделі мәселе – сумен жабдықтау, кәріз желілері және электр энергиясының жоқтығы. Коммуникация жүргізілмеген жерге инвестиция тартудың өзі қиын. Сондықтан біз қажетті коммуникацияны республикалық және жергілікті бюджет есебінен жасаймыз. Алматы жақтан келу бағытындағы 10 шақырым жол жөнделген. Енді қалған 22 шақырым жолға асфальт төсеу жоспарда бар. Ал өзге жобаның барлығы инвестордың қаржысына жүзеге асады. Кәсіпкер әуелі құжаттарын жөндеп, жобалық-сметалық құжаттарын әзірлейді. Құрылыс шамамен келесі жылы басталады", – деді "Шарын" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің директоры Елнұр Ахметов.
Оқи отырыңыз: Қазақстан ішкі туризмнен жылына $20 млрд жоғалтады
"Шарын" ұлттық паркі жанында экотуризмді дамыту жөніндегі арнайы қоғамдық кеңес құрылды. Оған әзірге 23 адам мүше. Дегенмен, министрлік маңызды жобаны барынша ашық жүзеге асыру үшін 10-қыркүйекке дейін кеңеске мүше болғысы келетіндерден тағы өтініш қабылдайды. Қоғамдық кеңестің мақсаты – ұлттық парк басшылығымен бірлесіп, "Шарын" шатқалын дамыту бойынша конкурсқа инвесторлар ұсынған ең үздік деген жобаны таңдайды. Әрі қарай сол жобаның бекітілген тұжырымдаға сай орындалуын қадағалайды.
"Ұлан-байтақ жерімізді сақтадық, ендігі мақсат – оны дұрыс пайдаға жарату. Егістік жерлерге егін егіп, жайылым жерге мал бағу керек. Ал көрікті жерлерді біз инфрақұрылымды ретке келтіруіміз қажет. Тиісті коммуникация жүргізілген жерге туристер де көп келеді. Сонда жергілікті халыққа пайдасы тиіп, осының есебінен олар күн көреді. Мен шет мемлекеттерді көп араладым, кез-келген жерде осындай инфрақұрылым халыққа пайда әкеледі. Бастысы, бұл жобаны заң бойынша жүзеге асыруға тиіспіз. Мұндай жобалар ашық болып, бірінші кезекте қоғам тарапынан бақылау болғаны жөн", – деді Шарын шатқалын дамыту жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшесі, саясаткер Мұхтар Тайжан.
Оқи отырыңыз: Елімізде шетелдіктерге туристік жарна төлеу міндеттеледі
Экологиялық туризмнің дамуы жергілікті халықтың тұрмысын тіктеуіне әсер ететіні сөзсіз. "Қазақстан туристік қауымдастығының" директоры Рашида Шәйкенованың айтуынша, елімізде осындай көрікті жерлердің жанында орналасқан елді мекендерде 2014 жылы 88 қонақ үй болса, қазір бұл сан 170-ке жетіпті. Туризм саласында белсенді жұмыс істеп, табыс көзін тапқан жергілікті тұрғындардың да саны артыпты. Рашида Шәйкенова ұлттық парктерді дамыту жобасына энергияның баламалы көздері мен қоқысты қайта өңдеу туралы қосқан жөн дейді. Сала маманының бұл сөзін жауапты министрлік өкілі де құптады.
Көлсай көлдері маңында орналасқан Саты ауылын мысалға алайық. Осыдан он жыл бұрын мұнда 1 300 тұрғын болса, биыл онда тұрғылықты халықтың саны 1 600-ден асты. Он жыл бұрын 73 үй бос тұрған еді. Қазір солардың иелері қайтып келіп, үйлерін қалыпқа келтірді және қонақ үйлер салды. Ауыл халқы бұрын 2 млн теңге салық төлесе, биыл салық мөлшері 5 млн теңгеге жеткен. Ал он жыл бұрын Көлсайда 60 кәсіпкерлік субьект туристерге қызмет көрсетіп келсе, биыл 120-ға дейін көбейіпті. Ауыл халқы келген туристерге өз бақшаларында өсіріп отырған көкөністерін, құрт-майын сатып күн көреді. Міне, экотуризмнің потенциалы осы жағынан да тиімді болып отыр", – деді Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары.
Оқи отырыңыз: Өзбектердің туризмді дамытқаны сондай қазақтар да көршіге барып демалғанды тиімді санайтын болды
Экология министрлігі "Шарыннан" бөлек, тағы үш ұлттық табиғи паркте экологиялық туризмді дамыту бойынша тұжырымдамалар әзірлеп жатыр. Қатарында "Алтын Емел" ұлттық табиғи паркі де бар. Табиғаты тамаша бұл өлкені де инвестордың көмегімен дамыту көзделіп отыр. Жоспар бойынша мұнда да заманауи визит-орталық, глэмпинг, кэмпинг, этноауылдар салынады. Бұдан бөлек, жабайы жануарларды тамашалау үшін көру алаңы тұрғызылмақ. Нысандар жеңіл жиналатын конструкциялар арқылы тұрғызылады. Сонда парк аумағында түбегейлі үлкен құрылыс жүрмейді.
"Парк аумағында Қызыл кітапқа енген 4 мың құлан, 5 мыңнан астам қарақұйрық бар. Сондықтан ерекше қорғалатын бұл аумаққа асфальт төсеу дұрыс емес. Керісінше, өзінің табиғи қалпын сақтап қалуымыз қажет. Қорық ішінде жолдар бар, біз оған күтім жасаймыз. Ал "Алтын Емелге" келуге болатын Басшы ауылының жолы және парк аумағының кіреберіс қақпасына дейінгі жол жөндеуді қажет етеді", – деді "Алтын Емел" мемлекеттік табиғи ұлттық паркінің директоры Халық Оңғарұлы.
"Алтын Емел" ұлттық паркінде экотуризм дамыса, 2025 жылға қарай жергілікті халық үшін 250 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Жыл сайын келетін туристер саны 20 мыңнан 78 мың адамға көбейіп, бюджетке түсетін қаржы 10 есе артады. Бұл аумақты дамыту тұжырымдасы бойынша 3 маршрутты реттеп, түзеу жоспарланған. "Шыған" бақылау-өткізу пункті маңындағы аумақта автокөлік тұрағы дұрысталып, этноауыл салынады.
"Келушілер үшін келесі тоқтайтын жер – Мыңбұлақ. Туристердің тамақтануы үшін қозғалмалы асхана, яғни караванинг болады. Демалыс қолайлы өтуі үшін глэмпингтер орналастырылады. Әрі қарай туристер маршрут бойынша тарихи-мәдени нысан – Шоқан Уәлиханов бұлағына бара алады. Бұл жерде де жылжымалы асхана жұмыс істейді, демалып отыратын жерлер болады",– деді вице-министр.
Жобаның жалпы құны әзірге белгісіз. Сондай-ақ, ұлттық парктің әрқайсына бөлек инвестор немесе бір ғана компания тартылатыны да беймәлім. Ал жуықта "Іле Алатауы", "Шарын" ұлттық парктері мысалында "Алтын Емелде" жүріп жатқан жұмыстарды бақылап, тәуелсіз баға беретін қоғамдық кеңес құрылады.