Тікелей эфир

Экологиялық мәдениетті қалай дамытамыз? Оған қанша қаржы қажет?

Informburo.kz суреті
Informburo.kz суреті
1 қыркүйектен бастап Қазақстан мектептерінде экологиялық білім беретін сынып сағаттарын өткізу міндеттеледі.

Өткен айда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев табиғатқа зиян келтіріп, қоршаған ортаны ластағандарға айыппұл көлемін арттыруды және еліміздегі мектептерде экология пәнін енгізуді тапсырды. Бұл міндетті орындау Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне, сондай-ақ, Білім және ғылым министрлігіне жүктелді. Қос ведомство қоршаған ортаны қорғауды қалай жүзеге асырады? Іnformburo.kz ұсынады.

Экобілім тақырыбында сынып сағаты мен факультатив сабақтар өткізу міндеттеледі

Президент айтқан экологиялық білім беру пәні биыл мектеп бағдарламасына енбейді. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, қыркүйектен бастап жаңа пәнді енгізу мүмкін емес. Оған тыңғылықты дайындық пен жүйелі жұмыс қажет. Сондықтан министр Тоқаевтың тапсырмасы асықпай орындалатынын мәлімдеді.

"Біздің алдымызда тұрған мәселе – Мемлекет басшысы берген тапсырманы сапалы орындау. Сондықтан, асығыс "1 қыркүйекке дейін жаңа пәнді әйтеуір енгізейік" деген мәселе алдымызда тұрған жоқ. Біз ең алдымен осы берілетін білімнің мазмұнын, ол баланың жас ерекшелігіне қалай сәйкес келеді, оның әдістемелік жағы қалай болады, соны жан-жақты қарастырып жатырмыз. Сол себептен, мұндай жұмыста асығыстық болмауы керек", – деді Асхат Аймағамбетов.

Есесіне, жаңа оқу жылынан бастап барлық мектептерде оқушыларды табиғатты сүюге, қоршаған ортаға қамқор болуға үндейтін арнайы сынып сағаттарын өткізу міндеттеледі. Мұндай сынып сағаттары 1-сынып оқушыларынан бастап, 11 бітіретін түлектерге де өткізіледі. Тағы экология мәселесіне қатысты олимпиадалар ұйымдастырып, балаларды туристік серуендерге шығарып тұру қарастырылып жатыр.

"Сабақтан тыс уақытта экологиялық білім беру деген өте маңызды. Бұл пәнді мектеп бағдарламасына тек бір пән ретінде енгізіп қойсақ, тиімділігі жоғары болмайды. Бала құлағымен естіп қана қоймай, осы жұмысқа өзі тікелей қатысса ғана алған білімі маңызды болады. Сондықтан, оқушының түрлі секцияларға, клубтарға, туристік серуендерге қатысқаны дұрыс. "Дарын" орталығы базасында экологиялық бағыт бойынша ғылыми жобалар конкурсы өткізіледі. Эко-квестер, шеберлік сағаттары, театр қойылымдарын дайындау, қайта өңделетін шикізатты пайдалана отырып, экоматериалдан бұйымдар дайындау және т.б. жұмыстар ұйымдастырылады. Олар балалардың жас ерекшеліктері ескеріліп, шағын зерттеу жұмыстарынан басталып, ғылыми жобаларға ұласатын болады. Экологиялық білім, экологиялық тәрбие дегенде жалпы барлығымызға ортақ тәрбие жұмысын ұмытпауымыз керек. Мектепке дейінгі мекемелердегі балаларды, мектептердегі оқушыларды, колледждер мен ЖОО студенттерін де жүйелі түрде қамтуымыз қажет", – деді Асхат Аймағамбетов.

Оқи отырыңыз: Тамызда оқушылар мен ата-аналарға бірыңғай сынып сағаттары өтеді. Олар неге дайын болуы керек?

Сынып сағаттарының бағдарламасы әзірленуде

Білім министрлігі биыл алғаш рет бірінші сыныптан бастап, 11 сыныпқа дейінгі оқушыларға экологиялық білім беру бойынша сынып сағаттарының бағдарламасын әзірледі. Қазір педагогтер мен сарапшылар барлық сыныптарға арналған бағдарламаларды пысықтап жатыр. Бұдан бөлек экологияға қатысты тақырыптарды мектепте оқытылатын пәндердің мазмұнына енгізу мәселесі қарастырылуда. Арнайы пән мәселесі бойынша да әдістемелік жұмыс жүргізілуде. Әдістемені дайындауға мектеп мұғалімдерінен бөлек, осы салада еңбектеніп жүрген сарапшылар мен ЖОО өкілдері атсалысқан. Бағдарлама экологиялық өлкетану мазмұны негізінде жасалған.

"Біздің бағдарламамыздың негізгі мақсаты - сынып жетекшілеріне көмектесу. Сынып сағаттарын өткізу арқылы тұтас экологиялық дүниетанымды қалыптастыру. Бұл бағдарлама алдына бірнеше міндеттер қояды, дегенмен соның барлығы табиғатпен үйлесімді өмір сүруге қабілетті, жан-жақты дамыған тұлғаны тәрбиелеуге бағытталған. Ең алдымен балаларымыздың санасына жауапкершілікті, экологиялық мәдениетті қалыптастыру біз үшін өте маңызды", – деді БҒМ Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының басшысы Раиса Шер.

Экологиялық мәдениетті дамыту үшін 10 миллион доллардың жобасы жасалады

Біріккен Ұлттар Ұйымының даму бағдарламасының (БҰҰДБ) экологиялық мәдениетті қалыптастыру жөніндегі жобасының жетекшісі Виктория Байгазинаның айтуынша, қазір экологиялық мәдениетті көтеруге бағытталған тұтас жоба жасалып жатыр. Сәуір айында БҰҰДБ мен Білім және ғылым министрлігі "Инновациялық мүмкіндіктер және білім беруді жаңғырту: елдің тұрақты дамуы үшін экологиялық мәдениет жолында" атты бірлескен жобаны іске асыру туралы келісімге қол қойған. Жоба 2020-2024 жылдарға арналған. Оның іске асуына бюджеттен – 7 млн, БҰҰДБ – 3 млн теңге бөлінбек.

"Жоба аясында үздіксіз экологиялық білім берудің кешенді моделі, 17 экологиялық орталық құру көзделуде. Оқушылар мен педагогтар үшін экологиялық білім берудің оқу-әдістемелік базасын әзірлеу, олардың біліктілігін арттыру, білім беру веб-ресурсын құру жоспарланып отыр. Орталықтар 14 облыста және республикалық маңызы бар үш қалада мектеп, мектепке дейінгі мекемелер, қосымша білім беру мекемелері, бір университет және бір ТжКБ негізінде құрылады", – деді Виктория Байгазина.

Бұл жоба шеңберінде Жер, Ауа, Су, Энергия сияқты маңызды экологиялық аспектілерді қамтитын ақпараттық-білім беру бағытында бейнесюжеттер, көпсериялы анимациялық бейнероликтер түсіріледі. Сондай-ақ осы бағыттар бойынша интерактивті онлайн-сабақтар дайындалады. Түрлі эко-акциялар, тақырыптық көрмелер, мектепті үздік көгалдандыру байқаулары жүйелі түрде жүргізіледі. Білім беру ұйымдары жанынан экологиялық алаңдар (жылыжай кешені, тиімді жарықтандыру, күн панельдері, тамшылатып суару, сенсорлық крандар және т. б.) құру жоспарланған.

Оқи отырыңыз: "Қаңтарда мұғалімдер жалақысы 25 пайызға артады". Білім министрі жаңа оқу жылына қатысты түсініктеме берді

Табиғатқа жанашыр болуды үйрететін мультфильмдер түсіру керек

Экологиялық білім беру мәселесі қоғамда қызу талқыланып жатыр. Жаңа пәнді мектеп бағдарламасына енгізбес бұрын, қоғам өкілдерің ұсыныс тілектері қабылданады. Соның нәтижесінде жаңа пәннің жобасы жасалмақ. Экономика ғылымдарының кандидаты Жақсыбек Құлекеевтың айтуынша, экологиялық білімді оқу бағдарламасына енгізер алдында, балаға тиімді болар бағытты таңдаған жөн.

"Бізге қай жолды таңдау керектігімізді анықтап алу қажет. Мектеп барламасына экологияны жалғыз пән ретінде енгіземіз бе, әлде қазіргі бағдарламадағы пәндерді экологияландыру жасаймыз ба? Бұл өте күрделі мәселе. Ресей де осы екі бағыттың бірін таңдай алмай жүр. Олар экология пәнін жоғары сыныптарға оқыту мәселесін көтерген еді, бірақ жоғары сыныптарда көп оқушылар колледждерге ауысып кетеді. Сондықтан, бұл пәнді оқыту мәселесін нақты бір жолға қоймады", – деді ол.

Жақсылық Құлекеевтің пікірінше, балаларды тәрбиелеу мәселесін алға шығарсақ, тек бір пәнмен шектелуге болмайды. Оқушыны табиғаттан не және қалай алу керектігін ғана емес, оған не беруіміз керек екенін де үйрету маңызды. Бұл ретте қосымша оқулықтар мен мультфильмдердің көмегі тиеді дейді ол.

"Мектепке дейінгі жастағы балаларға, төменгі сыныптағы оқушыларға танымдық кітаптар жазуды қолға алу керекпіз. Олар көзбен көргенін көкейге түйеді. Сондықтан, табиғатты аялау туралы ой салар мультфильмдер мен фильмдер шығару мәселесін қарастыру қажет. Оған арнайы қаржы бөліну керек. Егер осы дүниелерді өзіміз жасап шығару қолымыздан келмесе, шетелдің туындыларын алып аудармасын әзірлейік. Табиғатты, қоршаған ортаның барлық кереметін тануға мүмкіндік беретін музейлер болуы тиіс. Бұл мақсаттарға оқушылар сарайларын пайдалануға болады. Ол ғимараттардың кіре берісін неге пайдалы музейге айналдырмасқа?", – деді Жақсыбек Құлекеев.

Оқи отырыңыз: 1-сынып оқушылары "Әліппе" мен "Ана тілін" оқиды. Білім министрінің мәлімдемесі

Балаларға экологиялық білім берудің маңызы неде?

Жуықта Маңғыстау облысында итбалықты ағашпен ұрып, әбден қорлық көрсеткендердің қатарында балалардың да болғаны белгілі. Мамандар бұл оқиғаны экологиялық тәрбиенің жоқтығы, жалпы мәдениеттің болмауымен байланыстырды. Сондықтан экологиялық білім беру бүгінгі күні өте өзекті. Баланы ерте жастан табиғатқа қоқыс тастамай, қоршаған ортаға қамқор болуға үйреткен абзал. Тәрбие тек мектептегі бір пәнмен шектелмей, отбасылық құндылықтардан құралуы керек деді сарапшылар.

"Экологиялық білім, ол тек бір пәнмен ғана шектелмеуі тиіс. Бұл барлық қоғам өкілдерінің, сарапшылардың, мемлекеттік органдардың, мұғалімдердің және ең бастысы ата-ананың жауапкершілігін қамтитын кешенді жұмыс болуы керек. Көптеген отбасыларда экологиялық тәрбиеге аз көңіл бөлінеді. Біз балаларды табиғатты сүйіп, қоршаған ортаға зиян тигізбеуге үйрету қажетпіз", – деді ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев.

Шетелде бұл пән оқытыла ма?

Сарапшылар мұндай пәннің әлемнің көптеген елдерінде жүйелі түрде оқытылып жатқанын алға тартты. Сондықтан, экосананы қалыптастыру үшін, бұл пәнді мектептен тыс колледждер мен ЖОО-да да тереңінен оқыту қажет деді.

  • Швецияда мектеп оқушылары апта сайын тұрмыстық қоқыстарды сұрыптау сабақтарына қатысады, онда олар қандай заттарды екінші мәрте қолдануға болатындығын және қандай заттар ерекше утилизация жасауды қажет ететінін біледі;
  • Финляндияда мектептер мен балабақшаларға ақысыз баратын Roskisnalle («қоқыс аюы») балаларға қоқысты утилизациялаудың қыр-сырын таныстырады;
  • Грекияда мектеп оқушылары мен университет студенттері жергілікті экологиялық мәселелерді зерттеуге және олардың шешімдерін іздеуге қатыса алады;
  • Францияда экологиялық білім міндетті: 16 жасқа дейін әр оқушының экология және қоршаған ортаны қорғау туралы іргелі білімі болуы керек;
  • Бельгияда экологиялық зерттеулер балабақшалардағы балаларды дамытудың міндетті бағдарламасына кіреді;
  • Жапонияда көптеген қалалық мектептерде балалармен бірге биотоптар жасалады, онда оқушылар табиғатты зерттеп, тәжірибе жасай алады.

Оқи отырыңыз: Үкімет басшысы жаңа оқу жылын қашықтан оқумен бастауды тапсырды

Табиғатты ластағандарға айыппұл 10 есе өседі

Табиғатқа зиян келтіріп, осы саладағы заңнаманы бұзғандарды жауапқа тарту үшін Тоқаев берген тағы бір маңызды тапсырма – айыппұл көлемін арттыру. Себебі, қазіргі заңнамада көрсетілген айыппұлдың мөлшері аз. Сондықтан болар, адамдар күл-қоқысты көрінген жерге төгіп, ойына келгендерін істейді. Ал салынатын айыппұлдың аздығы, жауапкершілікке жүктемейді. Осыған байланысты, президенттің тапсырмасы аясында экология министрлігі заң жобасын әзірледі. Күзде құжат парламент қарауына енгізіледі. Жаңа экологиялық кодексте табиғатқа зиян тигізгендерге әкімшілік айыппұлды 10 есе көбейту жоспарлануда. Қайталанған жағдайда 20 есе болмақ. Тиісінше, әрбір азамат қолындағы қоқысын тастамас бұрын ойланады. Ал айыппұлдан түскен ақша, экологияны оңалтуға жұмсалады. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңбұзушылық үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту мерзімі, заңбұзушылық орын алған күннен бастап, 1 жылдан 3 жылға дейін ұзартылуы мүмкін.

Серіктестер жаңалықтары