Алматының түтінге тұншыққан ауасы жыл өткен сайын ластанып, қала тұрғындарының көк аспанды көретін күні сиреді. Мегаполисте көлік саны артып, атмосфераға таралатын зиянды қалдықтардың да мөлшері көбеюде. Тиісінше, экологиялық ахуал қиындап, адам денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіріп тұр. Осыны ескерген "Таза ауа Алматы" азаматтық бастамасының белсенділері түрлі сарапшылардың пікірін ескере отырып, экологиялық ахуалды жақсартатын жаңа бағдарлама әзірледі.

Құжат екі миллионнан астам халқы бар Алматыдағы жағдайды жақсарта ала ма? Informburo.kz бағдарламадағы маңызды мәселелерді назарларыңызға ұсынады.

Оқи отырыңыз: Алматы түтінге тұншығып тұр. 2-ЖЭО-н газға көшіру қала экологиясын жақсарта ма?

Бағдарлама не үшін қажет?

2018 жылы Алматыда CORE жүргізген зерттеу қалада жоғарғы тыныс алу жолдары ауруларымен сырқаттанушылықтың жоғары деңгейін көрсетті. Алматының ересек тұрғындарының 6,7%-да өкпенің созылмалы обструктивті ауруы, 25,5%-да бронх демікпесі анықталған. Зерттеу көрсеткендей, созылмалы обструктивті өкпе, демікпе және аллергиялық ринит ауруының таралуы Украинамен және Әзербайжанмен салыстырғанда Қазақстанда тым жоғары екені байқалады. Азаматтық белсенділер өкпе ауруларымен сырқаттанушылардың саны және өлім көрсеткішінің көбеюі экологиялық ахуалға байланысты деген болжам жасаған. Сондықтан, олар дереу қаланың атмосфералық ауасын жақсартатын бағдарламаны қабылдауды ұсынады. Бағдарлама 5 жыл ішінде Алматының ауа сапасын еуропалық қалалардың және ДДСҰ нормаларына дейін жеткізуге көмектеседі.

"Бұл бағдарлама жай ғана ұран емес. Нақты шара қолданып, жұмыс істеуге болатын бағдарлама. Қандай шаралар қабылдау керектігі құжатта жүйеленіп көрсетіледі. Сондықтан бұл бағдарлама билік үшін де, азаматтық қоғам үшін де тиімді құрал болады. Біздің міндетіміз 2025 жылға қарай басқа елдің қалаларының тәжірибесі негізінде Алматыда таза ауаға қол жеткізу. Бұл тәжірибе біртіндеп Азия елдерінде де қолданылып жатыр. Мысалы, көмірмен жұмыс істейін электр станциялары көп, кептелістен көз ашпайтын және құрылыс жиі жүргізілетін Пекин билігі де лас ауамен белсенді күресіп жатыр. Бізге де бес жылдың ішінде жағдайды реттеуге ешкім кедергі емес", – деді "Таза ауа Алматы" азаматтық бастамасының модераторы Әсет Наурызбаев.

Оқи отырыңыз: "Талаптардың орындалуын бақылау әлсіз". Алматылықтардың эко құқығы қалай қорғалған?

Алматының ауасының ластануының негізгі 4 себебі

Бағдарламаны әзірлеушілер мегаполистің ластануының негізгі төрт себебі бар екенін айтады. Сондықтан, қалада зиянды қалдықтардың басым бөлігін бөліп тұрған 2-ЖЭО-н газға көшірумен ғана шектеліп қалмай, барлық түйткілді кешенді түрде қатар шешкен жөн. Олар:

  • автокөліктер;
  • энергетика;
  • жеке тұрғын үй құрылысы;
  • қала құрылысы.

Тиісінше, бағдарламада осы әр сала бойынша экологиялық ахуалды жақсартудың тетіктері келтірілген.

Оқи отырыңыз: Үкімет бизнесмендерді қоршаған ортаны таза ұстауға мәжбүрлемек. Жаңа экологиялық кодекс дайындалып жатыр

Экологиялық төлем енгізіліп, бензин бағасын көтеру арқылы көлік қозғалысы шектелмек

Сарапшылар қаланың ауасына ескі көліктерден шығатын зиянды қалдықтар ерекше көп мөлшерде залал келтіретінін алға тартады. Көлік жүргізушілері бағасы арзан болғандықтан жылы ескіріп, пайдаланылған автомобильдерді сатып алуды жөн көреді. Бірақ, сол машинадан шығатын газды тазарту қондырғыларын жаңартуға асықпайды. Тіпті өздігінен алғызып тастайды. Салдарынан зиянды зат ауаға тарайды. Сондықтан олар ескі көліктерге экологиялық төлем енгізбек.

2022 жылдан бастап Алматы агломерациясының аумағында бензин мен дизель отынын пайдаланғаны үшін қосымша экологиялық төлемдер белгілеу ұсынылады. Осылайша, көліктік салық жүйесі реформаланбақ. Ал, барлық жиналған түсімдер ауаны тазарту мақсатына, соның ішінде көліктің балама түрлерін дамытуға, аз қамтылған азаматтарға субсидиялар беруге және экологиялық қоғамдық көлікті дамытуға жұмсалады.

"Адамдар бензин арзан болғасын арлы-берлі көлікпен жүре береді. Бірақ, мұны тоқтату керек. Бұл сіз бен біздің денсаулығымызға зиян тигізеді. Сондықтан, бензин құнын қымбаттату қажет. Жанармай құю бекеттеріндегі отынның сапасына бақылау жасау керек. Акциздерді арттырудан түскен барлық табыстар экологиялық проблемаларды қаржыландыруға бағытталуы тиіс. Яғни, бензинге көп ақшасын шығаратын адам ақшаның экологияны жақсартуға жұмсалатынын түсінуі керек. Мұны әкімдік заңдық тұрғыда бекітуі тиіс. Қозғалыстың моторлы емес және мобильді түрлерін дамыту қажет. Қазір скутерлер мен электрлі самокаттар, велосипедтер сәнге айналды", – деді сарапшы Әсет Наурызбаев.

Табиғат жанашырлары қала орталығында көлік жылдамдығын төмендетіп, ақылы автотұрақ аймағын кеңейтуді де ұсынды. Тұрақтан түскен табыс қаланы абаттандыруға арналуы тиіс дейді олар. Ал 2025 жылдан бастап қалада дизельді жүк көлігінің жұмысына толық тыйым салынбақ.

Оқи отырыңыз: Алматыда паркинг бағасы қымбаттауы мүмкін. Тұраққа төленген 100 теңге неге жұмсалады?

Алматының орталығында жеке көліктердің қозғалысын тоқтатып, жасыл аймақ құру көзделуде

Экобелсенділер қаланың орталығынан жасыл аймақ құрып, ол жерді ерекше қорғауға алу қажет дейді. Бұл мақсатта құрылыс нормаларын өзгерту қажет. Яғни, құрылыс салуды тоқтатып, орнына жасыл желек отырғызылмақ. Мұндай жасыл белдеулерде және тау бөктерінде құрылыс жүргізгендерге прогрессивті салық мөлшерін енгізу көзделуде. Ал жасыл аймаққа тек экологиялық санатқа сай көліктер ғана кіре алады. Сондай-ақ, ондағы автотұрақтардың бағасы көтерілмек.

Сарапшылар бұл бағыттағы жұмыстары биылғы шілде айынан бастап орындалатынын алға тартты. Айтуларынша, шілде айынан бастап әкімдік қаланың орталығындағы кей көшелерде жексенбі күні көліктердің қозғалысын шектейді.

"Шектеулер барлық жерде бірдей әрекет етеді. Қала орталығы қымбат автотұрақтардың көмегімен жабылады. Париж орталығында автотұрақ үшін ең төменгі мөлшерлеме 4 еуро, бұл сағатына 2 мың теңге. Басқа қалалардың да орталығында тұраққа осындай жоғары баға бекітілген. Сондықтан оған көлікпен бару тиімсіз. Орталыққа адамдар таксиге, қоғамдық көліктерге мініп барады немесе жаяу жүреді. Өйткені, кез келген қаланың орталығы жаяу жүргіншілер аймағы. Яғни, бәрі қолжетімді. Бізде қаланың тарихи орталығы шағын ғана, ғимараттар бір-бірінен қашық емес. Қала орталығындағы көлік тұрағы қымбат болуы керек", – деп түсіндіреді Әсет Наурызбаев.

Сондай-ақ, бағдарламада қаладағы ғимараттардың шатырларын энергия және жылу өндірісі үшін қолдану туралы айтылады. Жаңа талапқа сай, құрылыс компаниялары салатын ғимараттың шатырына күн панелін орнатып, сол арқылы қаланың жылу мен энергиясына түсетін жүктемені азайтпақ.

Оқи отырыңыз: Электр көлікке мінген ел

Көлігін газбен жүруге көшіргісі келетіндерге несие берілуі мүмкін

Экобелсенділер осы бағдарлама аясында "Даму" қорымен келісімге келіп, өз көлігін газға көшіруге ынталы адамдарға төмендетілген пайызбен несие беру мәселесін қарастырмақ. Әзірге бұл жоспар күйінде тұр. Есесіне биылдан бастап Алматының қоғамдық көліктері және коммуналдық техникаларын кезеңмен газға көшіру қолға алынбақ.



Қалаға дизельмен жүретін техникаларды сатып алуға тыйым салынып, шығарындылары Еуро-5 талабынан төмен бензинді көліктерді сатып алу тоқтатылмақ. Қоғамдық көліктер жаппай газға көшіріліп, метро, LRT және басқа электр көліктерімен жолаушы тасымалдауға ден қойылады.

Оқи отырыңыз: Алматының құрылысын жоспарлау кезінде қателіктер кеткен. Тоқаев кімдерге сөгіс жариялады, қандай тыйым салды?

Алматының шекарасында 50 км шеңберінде құрылыс жүргізуге тыйым салу

Бағдарлама аясында "Алматы агломерациясын" құру көзделуде. Сол арқылы қаланың барлық аумағында 50 шақырым шеңберінде құрылыс жүргізіп, ғимарат салуға рұқсат етілмейді. Әрі тау бөктерінде де құрылыс тоқтатылмақ. Ал көк түтіннен түбегейлі құтылу үшін тек қаланы ғана толық газдандырмай, іргелес жатқан елді мекендерді де 2025 жылға қарай 100% көгілдір отынға көшіру жоспарланып отыр.



Бұған қоса, мамандар 2-ЖЭО-н газға көшіру бойынша нақты нұсқаны таңдап, көп ұзамай іске кірісу қажеттігі айтады. Сондай-ақ, олар 3-ЖЭО-н газға көшіріп, жаңадан іске қосылатын энергетика объектілерінің шығарындыларын шектеу керектігін алға тартты.

Оқи отырыңыз: Алматыда электр энергиясы 4,6 пайызға қымбаттады. Қалада коммуналдық төлемдер құны қандай?

Бағдарлама "Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы" заңға енгізілуі мүмкін

Осы бағдарламаны іске асыру мақсатында Алматы қаласының әкімдігі Үкіметке атмосфералық ауаны қорғау саласындағы қатынастарды реттейтін арнайы бөлім түрінде "Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы" заңға өзгерістер жобасын енгізеді. Бұл өзгерістер осы бағдарламаның негізгі реттеуші базасына айналады дейді мамандар. Ал жалпы жобаны жүзеге асыру мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асырылады деген жоспар бар.

"Бағдарламаны қалай жүзеге асыруға болады? Біз МЖӘ құруды ұсынып отырмыз. Бағдарламаны жүзеге асыруда әкімдіктің міндеттері құжатта тіркелу үшін, қоғам өкілдері тарапынан қоғамдық қор жасақталады. Қандай қор болатынын конкурс анықтайды. Яғни, қоғам тарапынан құрылған қор бағдарламаның жүзеге асқанын қадағалайды. Сонда қала билігінің құжаттағы шараларды орындау міндеттемесі туындайды. Әкім ауысса да, бұл бағдарлама қала береді және жүзеге асырылады", – дейді Әсет Наурызбаев.

Оның айтуынша, бұл жоба әкімдікке беріліп, оң баға алды. Қазір бағдарлама талқылануда. Дегенмен, бағдарламаны жасаушылар оны тез қабылдау қажет екенін айтуда. Соның нәтижесінде ауаны тазалау арқылы өкпе ауруларының деңгейін төмендетіп, бюджеттен ол ауруды емдеуге кететін қаржыны үнемдеуге мүмкіндік туады.