Тікелей эфир

Алматыда паркинг бағасы қымбаттауы мүмкін. Тұраққа төленген 100 теңге неге жұмсалады?

Алмаз Төлекенің фотосы
Алмаз Төлекенің фотосы
«Алматы спецтехпаркинг сервис» ЖШС 2020 жылы ақылы автотұрақтың құнын сағатына 150 теңгеге көтеруді жоспарлап отыр.

Соңғы кездері Алматы көшелерінде ақылы автотұрақ саны көбейіп, "жасыл жилет" киген заңсыз тұрақшылардың қатары сирегені белгілі. Дегенмен, қала тұрғындары тарапынан "A-Parking" жобасына қатысты сын-пікірлер әлі де жетіп артылады. Қала тұрғындарын паркомат құрылғыларының жеткіліксіздігі, қаңтарылған көліктің қауіпсіздігі және "автоұраққа төлеген ақшамыз қайда жұмсалады?" деген сауал мазалайды. Осыған орай бүгін "Алматы спецтехпаркинг сервис" ЖШС директоры Марат Пірінбеков журналистерге қаражаттың жұмсалуы туралы есеп берді. Пірінбековтың айтуынша, Алматыда ақылы тұрақтардың бірыңғай жүйесін дамытуға осы күнге дейін 3 млрд 430 млн теңге жұмсалып, 2 млрд 960 млн теңге табыс түскен. Оның 1,7 млрд бөлігі мемлекеттік бюджетке құйылды:

  • 561 млн теңге – салық аударымдарына;
  • 267 млн теңге – көлік тұрағы үшін төлемдерге;
  • 247 млн теңге – мемлекетке міндетті төлемге;
  • 622 млн теңге – айыппұлдан өндіріліп, бюджетке төленді.

"1 млрд 700 млн теңге мемлекет пайдасына түсті. Біздің есебіміз бойынша, бұл қаржыға 330 автобус, 340 балалар ойын алаңын жасауға болады. Көпшілікті біздің мекеме автотұрақтан қанша табыс тауып жатқанымыз қызықтырады. Бірақ біз әзірге табыс тауып отырған жоқпыз. Керісінше, инвестицияны "A-Parking" жүйесін жетілдіруге жұмсап жатырмыз. Жобаны алғаш іске асыратын кезде автотұрақ құнының сағатын 500 теңге етуді ұсынған едік. Әкімдік қолдамай, сағатына 100 теңге жасады. Бұдан айтарлықтай табыс түспейді", – деді "Алматы спецтехпаркинг сервис" ЖШС директоры Марат Пірінбеков.

"Әзірге салған инвестициямыздың жемісін көрмей, керісінше шығынға батып отырмыз" деген компания басшысы енді ақылы автотұрақтың құнын көтеруді жоспарлап отыр. Көлік жүктемесі көп автотұрақтардың тарифін 50 теңгеге өсіріп, ал машиналар аз қойылатын орындарды керісінше 50 теңгеге төмендету көзделген. Компания басшылығы мұндай ұсыныстарын қалалық әкімдікке жолдаған. Егер жергілікті билік қолдаса, автотұрақтар үшін төлем 2020 жылы көтеріледі. Айта кетсек, "A-Parking" жобасының отыз пайызы Алматының Мобильділік басқармасына тиесілі.

Оқи отырыңыз: Қатты аязда қатып қалған көлікті қалай оталдырамыз?


"Алматы спецтехпаркинг сервис" ЖШС директоры Марат Пірінбеков

"Алматы спецтехпаркинг сервис" ЖШС директоры Марат Пірінбеков / Алмаз Төлекенің фотосы


"Ақылы автотұрақтардың мақсаты – қаланы қаптаған көліктерден арылтып, әрдайым орынмен қамтамасыз ету. Кейбір шет мемлекеттерде машинаны ақылы автотұраққа тек бір-екі сағатқа қоюға рұқсат етіледі. Сондықтан біз бағаны көтеруді жоспарлап отырмыз. Жүктеме 80 пайыздан асқан орындарда тариф сағатына 150 теңге болады. Бұл кезде тұрғындар орынды жылдам босатады, өйткені қалтасынан кететін шығыны өседі. Сондай-ақ, бізде қойылатын көлік саны 50 пайыздан аз автотұрақтар бар. Ол жерлерде керісінше тариф 50 теңгеге арзандап, сағатына 50 теңгені құрайды. Әрі уақытқа қарай дифференциалды тариф енгізуді қарастырамыз. Яғни, 15.00-ге дейін бір тариф болса, одан кейінгі уақытта басқа төлем мөлшері орнатылады", – деді Марат Пірінбеков.

Алматыда көлік тұрағы үшін төленетін әрбір 100 теңге келесі мақсатта жұмсалады:

  • 58 теңге – көлік тұрағын материалдық-техникалық ұйымдастыруға байланысты шығыстарға;
  • 27 теңге – мемлекетке салық және міндетті төлемдер үлесіне;
  • 10 теңге – әкімшілік шығыстарға;
  • 5 теңге – төлем қабылдау және инкассация жөніндегі комиссияға.
Компанияның қызметкерлер жалақысына төлейтін 16 теңгелік тағы шығыны бар. Алайда тұрақ бағасы 100 теңге болғандықтан, компания бұл шығынды көрсетілетін қызмет есебінен өтей алмай отыр.

Оқи отырыңыз: Әуе билетінің бағасы неге жиі құбылады? Ұшақ жолаушылары тағы нені білуі тиіс?

Айта кетейік, ақылы автотұрақ қызметі іске қосылғалы қала орталығындағы көліктер саны 15 пайызға азайған. Бірыңғай ақылы жүйе 2016 жылдың жазында іске қосылды. Бүгінгі таңда "A-Parking" жүйесінде 11 мың 700 тұрақ орны бар. Оның ішінде 193 орын мүгедектерге арналған. Жыл соңына дейін тұрақ саны 14 мыңға жетуі мүмкін. 2020 жылдың ортасына дейін тағы 800 орынды паркоматпен жабдықтау жоспарланып отыр. Паркомат саны – 140. Паркоматтар сирек орналасқандықтан, төлем жасау ыңғайсыз деп шағымданған қалалықтарды, мекеме өкілдері мобильді төлем жасау тәсіліне көшуге шақырып отыр.

"Мәскеуде 800 орындық тұраққа тек бір паркомат қойылады. Еуропада 150-200 орынға бір паркомат қарастырылған. Бізде қазір тек 50-60 көлік үшін бір құрылғы қызмет көрсетеді. Біз паркомат санын көбейтпейміз. Керісінше мобильді қосымшалардың қызметін жетілдіреміз", – деді "Алматы спецтехпаркинг сервис" ЖШС директоры Марат Пірінбеков.

Серіктестер жаңалықтары