Латын әліпбиінен қашқандар
Естір құлаққа ерсі болғанмен, жоспарға сай латын әліпбиі қазақ мектептеріне қолданысқа толыққанды енсе, бала саны жағынан қазақ мектебінің күйі әре-сәреге түспек сыңайлы. Қазақ мектебіне бала өткізуге ата-аналар тарапынан ықыластың төмендеуі ойға қалдырды.
Құдайға шүкір, бала туу жағынан жоғары көрсеткішке ие мемлекетпіз. Басым көпшілігі көпбалалы қазақ отбасы бола тұра, алдағы жылдары ұлттық мектепке баласын бергісі келмейтін бірнеше ата-ананың пікірін сараласақ.
Бірінші ата-ана:
"Балам келесі жылы мектепке барады. Отбасымызда қазақ тілінде сөйлесек те, әлден орыс мектебіне өтініш жазып қойдым. Өкінішке орай, мемлекет үш тілді саясаттың ішінен ағылшын мен орыс тіліне басты пәрмен беріп отыр. Соңғы кезде қытай тілі қосымша қолданысқа енеді деген болжам айтылып қалады.
Латын әліпбиін тек қазақ мектебінде ғана қолданып, орыс мектебі кириллицада қалып отыр. Демек, латын жазуы тар шеңберде қолданыста болады деген сөз. Өзім кириллицамен оқыдым. Латын әріптерін өзім білмей тұрып, баламның сабағын қадағалауым қиындағалы тұр. Латын әліпбиімен оқығаннан баламның болашағы тар шеңберде шектеуге түсер деген оймен кириллицада қалған орыс мектебін таңдадым".
Әже:
"Кеңес үкіметі кезінде орыс тілімен арпалысып өстім. Кириллицамен оқып жүріп те орысқа нанымды бермедім. Тәуелсіздік алғанымызға ерекше қуанып, балаларымды қазақ мектебінде оқыттым. Енді, міне, алдағы жылы немеремді орыс мектебіне өткізбек ойым бар.
Басты себеп – латын әріптері тек қазақ мектебінде ғана қолданылып, орыс мектебі кириллицада қалғаны. Мектеп бітірген соң жоғары білім алуы қалай болмақ? Оған соңғы жылдары сапасы төмендеп кеткен қазақ тіліндегі оқулықтардың сауатсыздығы қосымша болып отыр.
Латын әліпбиін тек қазақ мектебіне қолдану мәселесін ғалымдар әлі де жетік зерттеу керек деп ойлаймын. Әйтпесе, бұл арқылы қоғам екіге қақ жарылғалы отыр. Ғалымдар айтпайды емес, айтып жатыр. Елеп жатқан сарапшы жоқ".
Оқи отырыңыз: Латын әліпбиінің "заңды нұсқасы" тағы да өзгеруі мүмкін. Өзбек, түрік, әзербайжан және қазақ әліпбиі қаншалықты ұқсас?
Екінші ата-ана:
"Баламды ағылшын тілі мектебіне өткіздім. Жүрегіміз "қазақ" деп соққанымен, баламның болашағын ойлау – ата-аналық парызым. Бір қарасаң, ағылшын таңбаларын игерген бала латын әліпбиін еш қиындықсыз меңгеретін болады. Ол үшін баламды кириллицадан қағуды қажет деп санамадым.
Зерттеп қарасам, балам мектеп бітірген соң Ресейдегі жоғары оқу орнына түскісі келсе, латын әліпбиімен оқығаны қиынға соқтырады екен.
Орыс мектебінде сабақ кириллица әріптерімен оқылады. Мемлекетіміз "қазақ тілі – мемлекеттік тіл" дегенімен, үш тілділікті қолдап отыр. Қытай тіліне деген саясаттың үдеуіне орай, ендігі жылдан бастап баламды қытай тіліне қосымша сабаққа бермекпін.
Орыс мектебіне сұраныстың күрт өсуіне халықтың еш кінәсі жоқ. Үкімет орыс мектебін кириллицада қалдыруы арқылы халықтың латынға деген сенімісіздігіне жол берді. Әрине, қазақ тілінің сақталып қалуына тілектеспін. Бірақ, үкімет тарапынан қолдауды өзге тілдер көбірек көріп жатқанын көре тұра, баламның болашағына балта шаба алмаймын".
Үшінші ата-ана:
"Жаным қазақ, барым қазақ деген мендей-ақ болар. Бірақ, баламды орыс мектебіне беруге шешім қабылдадым. Бұл қазақ мектебі мұғалімдерінің білімі осал деген сөз емес. Білімді болуыма жанын салған ұстаздарымның еңбегі ерен.
Қатты ойландым. Отбасымда мектеп таңдауда тартыстың аяғы кикілжіңге тірелгенін жасырмаймын. Таңдау орыс мектебіне тоқтады. Өзім де, әйелім де кириллицамен оқыдық. Орыс мектебіне баламды тапсырғалы отырған ниетімнің басты себебі өзімнің латыншаны білмеуім болып тұр.
Латын таңбаларымен жазылған баламның сабағын қадағалап, көмек беруім еш мүмкін болмайын деп отыр. Ол үшін алдымен өзім латыншаны үйренуім керек. Оған уақытым жоқ. Баламды асырауға ақша табамын ба, әлде латынды үйренемін бе?"
Оқи отырыңыз: "Біз латыншаға көшеміз бе" – дегенді емес, "Қалай көшеміз?" – деген мәселені талқылауымыз керек
Төртінші ата-ана:
"Көппен көрген ұлы той деп, баламды қазақ мектебіне беремін. Әрине, латын әліпбиінің әлі күнге нақтыланбауы ойландырады. Бірақ, бәрі латыннан қашып, орыс мектебіне баласын берсе, ұлт тіліндегі мектептің күйі не болмақ?
Бір мемлекетте тұрып "қазақ тілді", "орыс тілді" деп, екі мектепте екі түрлі әліпбидің қолданылуы дұрыс емес. Мемлекет тұтастығына нұсқан келмеуі үшін мектепте бір ғана әліпби болуы тиіс деп ойлаймын. Латын әліпбиі ұлт тағдырына жағымды ықпалын берсе, неге оқытпасқа? Сондықтан, өз елімде жүріп, жерде қалмас деген үмітпен баламның білім алуына қазақ мектебін таңдаймын".
Ұстаз:
"Жасым елуден асты. Химия пәнінен сабақ беремін. Соңғы кезде латын таңбаларына қатысты тартыс өршіп тұр. Зейнет жасына беттеген кезеңде кириллицадан кету толғандыратынын жасырмаймын.
Бұл жерде үкімет тарапынан ескерілмеген басты мәселе – қазақ мектебі мен орыс мектебін екі әліпбиге бөлгені болып отыр. Латынды мемлекеттік деңгейде қабылдаған екен, екі тілдегі мектеп те жаппай латын әліпбиімен оқытуы керек. Сол кезде ата-аналар да әре-сәреге түспес еді.
Ата-аналардың наразылығын тудырып отырған тағы бір мәселе – күрмеуі еш шешімін таппай отырған қазақ тіліндегі оқулықтардың құлдырап кеткен сапасы. Орыс мектебіне деген қызығушылық соңғы он жылда оқулыққа байланысты күрт өскені – мойындайтын шындық.
Басты себеп – орыс тіліндегі оқулықтар еш өзгеріссіз, кеңес кезеңіндегідей сауатты күйінде қайта басылымнан шығарылса, қазақ оқулықтары сауатсыз басылады.
Тағы да оқи отырыңыз: Латын әліпбиіне көшуге не кедергі, қандай қиындықтары бар?
Мемлекеттік ұжымдарда бар нәрсе тендермен ұтып алу арқылы жүзеге асатыны белгілі. Тендер дегенді басқа салада қолданса да, оқулықтан аластатса жақсы болар еді. Қалтасы тереңдер министрліктен кітап басуды тендермен ұтып алады да, ойына келгенін ойрандайды. Білім министрлігі бұл мәселемен күрескісі келгенмен, тендер саясатына қарсы амалы жоқ болса керек.
Бүгінде әлеуметтік желіде қазақ оқулықтарындағы күлкілі сауатсыздықты халық айтып, жариялап жатыр. Кейде ата-аналар сауатсыз оқулықты мектепке әкеп, көзімізге шұқығанда, намысың келеді. Мәселен, химия пәніндегі көптеген тақырыптардың сауатсыз өзгерісін өзім де формулаға қарап ажыратамын.
Сол себепті ата-аналардың ұрпағын орыс мектебіне бергеніне еш қарсылық айта алмаймын. Шынымды айтсам, өзім де немеремді орыс мектебіне тапсырдым. Отбасымызда қазақша сөйлейміз. Түбегейлі орыс болып кетпес. Бастысы – сауатты кітаптан үйреніп, білімді болсын.
Латын әліпбиін алдымен ұстаздар үйренуі керек болып тұр. Арба даңғыл жолға түскенше біраз қиындықтар болатын түрі бар. Латынның нақты жобасы әлі күнге бекітілмеуі өз алдына, қазақ мектебіне ғана қолданылып, орыс мектебі бұрынғы кирилл әліпбиінде қалуы көптеген ата-аналардың күмәнін туғызды. Әрине, қазақ мектебінде жұмыс істейтіндіктен, балалардың бізге келгенін қалаймын".
Әліптің артын бағу
Мақалдың шығу тегі белгісіз болғанмен, қазақта көнеден әліптің болғанын айғақтап тұрғаны шындық. Әр мақал нақты жайтқа байланысты туындап, халық қолданысына ие болатынын ескерсек, әліптің сыры тереңде жатқанына көзіміз жете түспек.
Кезінде патшалық Ресейдің отарында отырып, қазақ әліпбиінің атасы Ыбырай Алтынсарин кириллге қазаққа тән дыбыстарды енгізу арқылы ұлт тілін сақтап қалды. Мемлекет саясатына сәйкес латын таңбаларының өмір сүруіне қарсылық жоқ. Тек қазақ пен орыс тілді мектептерге бірдей ортақ қолданылмайтыны түсініксіз.
Қазақстанда тұрып, екі әліпбилі ел болуымыздың кілтипаны неде? Екі түрлі таңбалы мемлекет болу арқылы екі қоғамға қақ бөліну қаупіне ұлт тағдырына жаны ауыратын парасат иелері бейқам қарамаса керек.
70 жыл бойы Кеңес үкіметінің шеңгелінде отырғанда жойылмаған қазақ тілі отбасылық тіл ретінде қалып қояды деген қауіпті ойды санаға жолатпай, әлі де болса латын әліпбиінің нақты түрі бекітіліп, жалпылай қолданысқа енеді деген үмітімізді жоғалтпайық.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
-
1⚠️ Доброе утро! Предлагаем обзор главных новостей за 4 декабря
- 2858
- 0
- 2
-
2🚗 Безбарьерные парковки заработают 5 декабря на нескольких рынках Алматы
- 2674
- 0
- 15
-
3👨⚖️ Наехал на яму: житель Семея отсудил у акимата компенсацию за повреждённое авто
- 2416
- 0
- 48
-
4🤩 Привело к миллионным убыткам: акиматы завышали стоимость ремонта дорог в Костанайской области
- 2385
- 5
- 27
-
5💻 В Казахстане стартовал набор на бесплатные курсы по искусственному интеллекту
- 2440
- 0
- 26
-
6🔨 Брал деньги за помощь на экзамене и купил квартиру: экс-руководителю спецЦОНа в Усть-Каменогорске вынесли приговор
- 2350
- 3
- 7
-
7🇫🇷 Парламент Франции впервые с 1962 года проголосовал за вотум недоверия правительству
- 2324
- 11
- 24
-
8💰 Курс биткоина впервые превысил 100 000 долларов
- 2248
- 0
- 13
-
9❗️ ЮНЕСКО включила обряд Беташар в список нематериального культурного наследия
- 2253
- 0
- 108
-
10🇰🇷🇰🇿 Кризис в Южной Корее: импичмент президента готовятся блокировать, переговоры с Казахстаном отменены
- 2295
- 0
- 22