Тікелей эфир

Латын әліпбиіне көшуге не кедергі, қандай қиындықтары бар?

Фото informburo.kz
Фото informburo.kz
Латын әліпбиін түзу мен емле ереже құрастыруда мамандар әлі бір шешімге келе алмай отыр. Кейбір ғалымдар алдымен қазақтың төл дыбыстарын анықтап алуды ұсынады.

Ғалымдар қазақ тілінің төл дыбыстары анықталған кезде ғана жүйелі әліпби құрастыруға болады деп отыр. Ал тіл мамандары жаңа әліпбиге негізделген қазақ тілінің емле ережесінің пилоттық жобасын апробациядан өткізгенде көптеген сауалдың туындағанын айтты. Сонымен қатар сынақ кезеңінде орыс тілінен енген термин сөздер көп дау туғызған.

Анкета сөздің ұтымды нұсқасын анықтай алды ма?

Жаңа емле ереженінің жобасын Көкшетау, Қарағанды, Семей, Өскемен, Қызылорда, Ақтөбе, Алматы, Астана қалаларында сынақтан өткізген. Оған мектеп оқушыларынан бастап, әр түрлі жастағы адамдар қатысып, бірнеше нұсқадағы сұрақтарға жауап берген.

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, профессор Айманкүл Алдашеваның айтуынша, лингвистикалық анкетада орфографияға негізделген және көбіне халық арасында дау туғызып жүрген сөздерге қатысты сұрақтар болған.

– Термин сөздерге қатысты біршама қиындық туды. Мысалы, біреулері "бульдок" сөзінің қатаң дауыстыға аяқталған нұсқасын қолдаса, енді біреулері оның айтылу нұсқасын белгілеген. Сондықтан анкета нәтижесі бойынша мамандар әлі жұмыс жасайды. Өйткені кейбір сөздер бойынша елуде елу пайыз болып дауыс берілсе, кейбірі еш даусыз қабылданды. Бірақ көп қолдау тапқан сөздің өзін тексеруден өткізбей қабылдауға құқымыз жоқ.

Мысалы, "король" сөзі – карол және кәрөл деген нұсқасын ұсындық. Интернетте соңғы нұсқасы көп қолданылатыны анықталды. Сондықтан кейбір сөздердің қолданысқа еніп кетуі үшін жұмыс жасау керек. Қазіргі уақытта грамматиканы, фонетиканы, фонологияны, орфографияны қазақ тілінің заңдылықтарына бағындыру жұмыстарымен айналысып жатырмыз. Мысалы, филолог-filolok, диалог-dialok, билборд-bilbort, алкаголь-alkogol сияқты сөздердің жазылуын оқуға оңай болғанмен, ұяң дауыссызбен немесе қатаң дауыссызбен жазу мәселесі шешілген жоқ.

"е", "и" әріптерін "ь" белгісінің орнына қолданады

– Лингвистердің көбі фонетикалық принциппен жазуды қолдады. Мысалы, "бульдок" сөзінде соңғы қатаң әріп толық қатаң болып естілмейді. "Сад – сат" болып оқылады. Сондықтан Профессор Нұргелді Уәли қатаң дауысты дыбыспен аяқталған сөздердің бірінші буынын жіңішке дауысты дыбысқа ауыстыруды ұсынған болатын. Сонда айтылуы да, танылуы оңай болады деген ұсынысын көпшілік мамандар қолдады. Мысалы, "бульдог – бүлдөг".

– Төл сөздер үшін кирилдегі "и", "у" әріптері бар сөздер емлесі және шет тілдік сөздер үшін "ъ", "ь", "ц", "ч", "я", "ю" әріптерінің және ұяң дауыссыздан аяқталатын сөздер емлесі де біршама қиындықтар туғызып отыр дейді, – профессор Айманкүл Алдашева.

– "Ь" белгісімен жазылатын сөздерде "е" және "и" әріптері жіңішкерту қызметін атқарды.

Апельсин – apelsin

Автомобиль – avtomobil

Баррель – barrel

Дизель – dizel

Кисель – kisel

Сондықтан жаңа емле ержесін жасауда тіл табиғаты, жазу тарихы, жазу дәстүрі мен жазу тәжірибесі ескерілді, – дейді тіл маманы.

Оқи отырыңыз: Латын әліпбиіне көшуге не кедергі, қандай қиындықтары бар?


Кейбір ғалымдар латын әліпбиіндегі төл дыбыстарды өзгертуды ұсынып отыр

Кейбір ғалымдар латын әліпбиіндегі төл дыбыстарды өзгертуді ұсынып отыр / Фото turkystan.kz сайтынан алынды


"Тілге жасалған қиянат"

Алайда профессор Әлімхан Жүнісбек әліпбидің ағат тұстары бар екенін алға тартады. Ол маман ретінде теориялық және оқу-әдістемелік талдау жасаған.

– Егер шынын айтатын болсақ, аталған жаңсақтықтар теориялық және оқу-әдістемелік тұрғыдан өрескел кемшіліктер болып табылады. Ертең оқулық жазатын авторлар, әдістеме ұсынатын әдіскерлер, аудитория мен сыныптарға баратын оқытушылар мен мұғалімдер, сол аудитория мен сыныптарда отырған шәкірттер, латын әліпбиін насихаттап іске асыратын күллі мамандар соның тауқыметін тартатын болады, – деді профессор Әлімхан Жүнісбек.

– Қазақ тілі, тіптен бүкіл түркі тілдері, үндесім (сингармонизм) тіл болып табылады. Ендеше оның фонетика-грамматикалық бірліктері, әсіресе дыбыстары жуанды-жіңішкелі әуезбен жұптасып айтылады. Олай болса, дыбыстардың үндесім жұптары әліпби тізбегінде, міндетті түрде, бірінен кейін бірі тұру керек. Мысалы, "а-ә, ұ-ү, о-ө". Бірақ осы іспеттес "ы-і, қ-к" үндесім жұптары бір-бірінен ажырасып шалғай орналасқан. Жасалымы (артикуляция) ұқсас дыбыстар тіркесе орналасу керек. Дауыссыз "з" дыбысының таңбасы "ж"-дан кейін, оған ілесе "й" дыбысының таңбасы орналасуы керек. Даулы болып жүрген еріндік "у[w]" дыбысының таңбасы өзінің үйлесімді "ұ-ү" дауыстыларының таңбаларын ілестіре не алдынан, не ілесе соңынан орналасу керек. Ал "ы-і" дауысты дыбыстарының таңбалары қазіргі дәстүр бойынша әліпбидің соңын ала орналасады.

"У" дыбысына қатысты өз уәжі бар

– Әдетте, әлеми әліпби түзу тәжірибесінде бір дыбысты бірнеше (екі-үш) таңбамен белгілеу дәстүрі жиі кездеседі. Ал әлемде жоқ әліпби үлгісі қазақ жазуында ғана бар: бір таңбамен екі-үш дыбыстың тіркесін біз ғана белгілеп келеміз. Мысалы, бір ғана "У" таңбасын (әрібін) алайық (өзге "И", "Я", "Ю", "Щ" таңбаларының жайы да осындай), төрт түрлі орфографиялық үлгісі бар. Мысалы, орыс тілінде дауысты, " қазақ тілінде дауыссыз "У" дыбысы "ҰУ" және "ҮУ" дыбыс тіркестерін бір өз-ақ белгілеп келеді. Белгілеп қана қоймай, арнайы емле-ережемен бұлжымастай етіп бекітіп те қойдық.

Ендеше төл сөздеріміздің құрамында жазылып жүрген кірме "и", "у", "я", "ю", "щ" тәрізді тіл бұзар әріптерден құтылу керек. Сонда "ықшам" да өзі келеді, "үнем" де болады, "қағаз" да көп кетпейді. Мысалы, "мый" дейтін жуан әуезді сөзімізді "ми" деп жіңішкертіп жібермей немесе "дауыстыдан кейін дауыссыз болады, дауыссыздан кейін дауысты болады" деген сықылды бейрет ережелерден арылар едік. Бұл бір ғана мысал емес, тізе берсек жетіп жатыр: "су, бу, ту, ти, ки" т.б. бір буынды сөздер, ал екі және көп буынды сөздердің шегі жоқ: "тиын, тиін, суыр, сурет, иық, иін, алу, келу" т.б.

Оқи отырыңыз: Қазақ терминалогиясының соры. Ғалымдардың жүйкесін тоздырған, заңгерлерді сенделткен не?

Егер осыларды "сұу, бұу, тұу, тій, кій, тыйын, тійін, сұуыр, сүурет, ыйық, ійін, алұу, келүу" т.б. таратып жазатын болсақ, онда сөздің, ең алдымен, үндесім әуезі сақталады, морфем құрамы бұзылмайды, буын реті сетінемейді, тасымал оңай шешілетін болады. Ең бастысы, қазақ сөзінің табиғи айтылымын қайтарып аламыз,– дейді.

Біріншіден, дауысты дыбыс пен дауыссыз дыбысты бір таңбамен (әріппен) белгілеуге болмайды. Екіншіден, өзара фонетика-грамматикалық үйлесімі (туыстығы) жоқ екі тілдің дыбыстарын (орыстың дауысты и дыбысы мен қазақтың дауыссыз "й" дыбысын) бір таңбамен (әріппен) белгілеуге тағы болмайды. Ендеше "й", "и - I" таңбаларды (әріптерді) түгел алып тастау керек, – дейді

"Ы, І" дыбысына арнайы таңба беру керек"

Сонымен қатар әліпбиде "і" және "и" әріптерін таңбалағанда дыбыстардың бас әріптері жөнсіз бірдей болып шығып отыр. Осыған орай, дауысты дыбысты дауыссыздың таңбасымен (әрібімен) белгілеуге болмайды. Ендеше дауысты "ы" дыбысына арнайы таңба беру керек. Ондай таңба (әріп) фонетикалық дәстүр бойынша "I ɪ" болып табылады. Ал дауысты "і" дыбысының бас әріп таңбасы (әрібі) "İ i" болу керек.

Сонда үндесім дыбыстардың жуан-жіңішке жұбының әріптері өзара үйлеседі: "I ɪ - İ i". Мысалы, ЫС, ыс – ІС, іс = IS, ɪs – İS, is (YS ys – Is is); СЫЗ, сыз – СІЗ, сіз = SIZ, sɪz – SİZ, siz (SYZ, syz – SIZ, siz). Жақша іішіндегі біз ұсынып отырған нұсқа.

Яғни, үндесім жұп дыбыстардың тірек таңбасы бірдей болу керек: "а-ä", "o-ö", "u-ü". Сонда жіңішке "і" дауысты дыбысының тірек таңбасына орай "ы" дауысты дыбысының таңбасы "I ɪ" болу керек.

Енді әліпби тізбегіндегі АУ, ау = Aw, aw, AÝ, aý; ТАУ, тау = TAW, taw, TAÝ, taý; У у = UW, uw, Ýý; ТУ, ту = TUW, tuw, TÝ, tý ережеміз сол күйінде, мұрты бұзылмай, қалып отыр. Осы дауыссыздың "Ýý" әрібін тұсындағы кириллдің дауысты "у" сілтемесіне қарап, дауысты деп ұғу бар. Кирилл үлгісімен солай жазып та әлек болып келеміз. Бұл шатасуды жөндеудің амалы – біреу-ақ – не өзінің артикуляциялық таңбасын "W w" қоюымыз керек, не тұсына дауысты емес дегенді көрсетіп, У (дауыссыз) – Ý ý (дауыссыз) деп ескертіп отыруымыз керек. Сонда "Ýý" әрібін дауыстының орнына жаза алмайтын боламыз. Дауыстының орнына жаза алмаған соң, амал жоқ, алдына дауысты таңба іздеуге тура келеді. Дауыссыз "W w" дыбысы бар екенін және оның төл дыбысымыз екенін мойындатудың бір амалы осы болып табылады.

Тағы бір айта кететін жайт, жаңа әліпбидің акут ұстанымына сүйеніп, диграф "sh" орнына жалаң "Ś ś" таңбасын қабылдаған өте орынды шешім болады. Мысалы, ashana қалай оқылады? Асана ма, ашана ма? – дейді профессор Әлімхан Жүнісбек.

Әлімхан Жүнісбек оқырмандарға үш түрлі латын үлгісімен акут әліпби мен оның пысықталған нұсқасы негізінде "Абай жолы" романынан үзінді дайындаған. Қай әліпбимен оқу жеңіл әрі қолданысқа оңай болатынын оқырман өзі шешсін дейді.


Кескіндемені арнайы оқырмандар үшін дайындаған

Кескіндеме арнайы оқырмандар үшін дайындалған / Авторы Әлімхан Жүнісбек


"Кірме сөздерді қазақ тіліне икемдеп қолдану қажет"

Жаңа әліпбиді қолдаушы топ қазақ тілі емлесінің негізгі ережелерінің құрылымын сақтай отырып жасағанын алға тартады. Яғни, фонематикалық ұстанымға негізделген ережелер, үндесім мен үйлесім заңына (фонетикалық ұстаным) қосымша, шылау сөздердің емлесі, морфологиялық ұстанымға (түбір сөз, бөлек, бірге және қосаралықпен жазылған сөздер), таңбаға негізделген ереже (бас әріптің қолдануы), техникалық (сөздердің тасымалдануы) ережелері негізінде жасалған.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы терминдер жазудағы қиындықтар туралы айта келе, әліпби енгізілген уақыттан бастап, кірме сөздердің жазылуын ретке келтіріп алуды ұсынды.

– Жапондар қытай тілінен кірме сөздерді енгізіп алып, енді шығара алмай қалды. Біз де кірме сөздерді өзімізге сіңіріп алдық. Мысалы, "фонтан" сөзін "пантан" деп жазайық десек, фонтан деп айтып алға тартады. Сондықтан жаңа әліпбиге өту кезінде "аралық кезеңге" салып, сосын жөндеп аламыз деуге болмайды. Ал ағылшын тілінен енген сөздерді қазақ тіліне икемдеп қолдану керек. Мен ағылшын тілінің мамандарымен сөйлестім. Мысалы, "франчазинг, банкинг" деген көп кездесетін сөздерді "ә" дыбысы қолданады. Ал соңындағы "нг" екі әріптің орнына бір ғана "ң" әрпін қолдансақ жеткілікті болады деп ойлаймын. Яғни, түпнұсқадан алу жағын ескеру керек, – деді Шерубай Құрманбайұлы.

Қазақ ғалымдары Президентке 27 тамыз күні латын әліпбиіне қатысты кезекті ашық хаттарын жолдады

Онда былай деп жазылған:

"Жалпы алғанда, соңғы нұсқа дұрыс болды. Бірақ, бір кілтипан – "и,й" әріптерінің бас әрпі мен қазақша "і" әрпінің бас әріптері бір "І" таңбасымен белгіленуі. Қазақ тіліне тән барлық дәстүрлі 9 дыбыстың 8-і латын әрпімен жеке дара таңбалануды сақтап қалғанда, жалғыз "І,і" әрпі "басынан" айрылып отыр. Яғни, "і" кіші әрпі сақталған да, "І" бас әрпі "И-Й "дыбыстарымен қосылып кеткен.

Бұл туралы ақын Қазыбек Иса "Қазақ үні" ұлттық порталында жарияланған "ҚАЗАҚТЫҢ "І" әрпін ҚАЙТАРЫП, екі диграфтан ҚҰТҚАРЫҢЫЗДАР!" атты мақаласында "Мысалы, "ІЙІЛ" деген сөзді латынмен жазғанда IIIL болып, 4 әріптің үшеуінде қатарынан бір әріп қайталанғанын кім не түсінеді? Сонда IZET деген адам атын "Изет" деп оқимыз ба, жоқ "Ізет" деп оқыла ма? Ал ІZGI деп жазғанда қазақтың "ІЗГІ" деген ізгі сөзі ИЗГИ болып жоғалып кетпей ме ертең? "Игілік" деген игі сөз бен есімдер ертең Igilik болып жазылғанда Ігілік болып қалмай ма? Ал ISA деп жазғанда, оны ІСА деп оқып, солай айтқандарға не деуіміз керек? Комиссия солай шешіп, аталарымыз азан шақырып қойған аттарымызды ауыстырып жіберді дейміз бе Ізет, Исақ, Иген, Игілік және т.б. бәріміз?

Біз ұсынған нұсқада қазақша "і" әрпінің бас әрпі де "Í" деп белгіленіп, акутпен берілген, бұның не қиындығы бар еді? Апострофты нұсқада да дәл бүгінгі нұсқадай белгіленген. Бірақ онда "И - Й" әріптері апострофпен белгіленгесін, екі әріптің айырмашылығы болған еді. Бұл жолы И-дің үтірін алып тастағасын, "и" мен "і" әріптерінің бас әріптері бір таңба болып шыға келген. Ал мұның болашақ кеселі комиссия мүшелерін ойландырмаған секілді. Бар болғаны "І" әрпінің басына бір акут қою кімге зиянын тигізер еді..." – деп ол бар кемшілікті ашып көрсетеді.

Қорыта айтқанда, біздің қысқа да, нақты ұсынысымыз: Í і – ( і ) Ś – ( ш ) болып белгіленуі керек" делінген.

Латын әліпбиі 2020 жылдан бастап оқытылады

Тіл мамандары латын әліпбиінің жаңа емле ережесін бекіткен соң келесі жылдың аяғына дейін бір шешімге келетінін айтты. Білім және ғылым министрлігінің берген мәліметіне сүйенсек, 2020 жылдан бастап мектепке дейінгі дайындық топтары латынға көшеді деп жоспарланып отыр. Одан кейін саты-саты бойынша енгізіледі.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары