Тікелей эфир

"Біз латыншаға көшеміз бе" – дегенді емес, "Қалай көшеміз?" – деген мәселені талқылауымыз керек

"Айқайлай-айқайлай қасқырдан ұят". Ұсынылған жоба үндестік заңын, дыбыстық-мағыналық құрылымын, буын мен тасымал жігі мен сөйлеу ырғағын бұзбауы шарт.

Қазақта "тойдың болғанынан боладысы қызық" деген мақал бар. "Латын, латын" деп айқайлағалы да 15 жылдың жүзі болыпты. 2012 жылы Елбасымыз тапсырма беріп, арнаулы жұмыс тобы да құрылған. Бір жылдай бірінен соң бірі шұбатылып өткен отырыстар мен мәслихаттардан кейін олардың үндері өшті.

Содан бері қоғамда бұл мәселеге деген көзқарас самарқау. Кезекті сиырқұйымшақтанып бітетін бастаманың бірі ме деген сенімсіздік басым.

Оқи отырыңыз: Латын әліпбиі бойынша жаңа нұсқа. Соңғы ма? Өзгертуге бола ма? Қалай жүзеге асады?

Алдыңғы күні, 2017 жылдың 17 мамырында Назарбаев университетінде өткен тағы бір шараға куә болдық. Дөңгелек үстелді Висконсин-Мадисон университетінің (АҚШ) профессоры Юлай Шәмилұлы (Юлай Шамильогулы) жүргізді.

– Мен қазақша жақсы білемін. Тіпті, шешем Қытайда төте жазумен оқығандықтан төтеше жазуды да білемін. Ал татаршаны кирилл әліпбиінде үйрендім, – деп бастаған Юлай мырза латыншаға көшу барысында қазақ тілінің түп-тамырына оралу маңызды екенін, сол үшін жазу реформасын қатар жүргізу керек екенін атап өтті.

Алайда ғалымдар жазу реформасы жайлы айтудан аспады. Сонда бұл келелі жұмысты кім атқарады?

Оқи отырыңыз: Латын әліпбиінің "заңды нұсқасы" тағы да өзгеруі мүмкін. Өзбек, түрік, әзербайжан және қазақ әліпбиі қаншалықты ұқсас?


Юлай Шәмілұлы(оңнан бірінші отыр) жиналыста

Юлай Шәмілұлы (оңнан бірінші отыр) жиналыста / Фото informburo.kz


Бізде сенім бар, ал істі кім атқарады? Қалай атқарады?

Тұрсын Жұртбай, алаштанушы ғалым: “Мен латынға көшуді қолдаймын. Әрі Президент жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссия өз жұмысын соңына дейін жеткізеді деп сенемін".

Оқи отырыңыз: Қазақстанда латын әліпбиіне 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен көшетін болды


Тұрсын Жұртбай жиналыста.

Тұрсын Жұртбай жиналыста / Фото "Азаттық" радиосының сайтынан алынды


Естеріңізге 2017 жылы 22 сәуірде ҚР Президенті әкімшілігінің тікелей басқаруымен өңкей шенділер кірген алқа – ұлттық комиссияны құрғанын сала кетейік. Алайда нақты жұмыс тобының құрылған-құрылмағандығы туралы ресми ақпарат әлі жоқ.

Комиссия ештеңе атқармайды, саяси шешім ғана қабылдайды

Серік Ерғали, мәдениеттанушы, көсемсөзші, "Жаңа әліпби тұжырымдамасының" авторы: "Құрылған комиссия – Елбасы бастаған саяси қадамдарға қоғамды жұмылдыратын күш ретіндегі орган. Бірақ бұндай құрылым латынша әліпбиге қатысты нақты іс атқармайды. Бұл – саяси алқа ғана."

Оқи отырыңыз: Латын әліпбиіне көшуге не кедергі, қандай қиындықтары бар?

Латын ауыстыру үдерісі – бірнеше саланы қамтитын әрі бірнеше жылға созылатын, ұлттың тағдырына тікелей қатысты мемлекеттік саяси науқан. Сол себепті сан алуан саяси, әлеуметтік, ғылыми тараптарды біріктіретін мемлекеттік ауқымдағы ұлттық мәртебесі бар орган керек. Оны мықты топ-менеджер басқаруы тиіс. Біз әлі бұл үдерісті қалай ұйымдастыруды сөз етпестен, "бұл әліпби керек пе, жоқ па?" деп сандалудан танбай отырмыз.


Латын әліпбиі ұлттық жобасы. А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі иниституты

Латын әліпбиінің ұлттық жобасы. Әлімхан Жүнісбековтың ұсынысы / Фото informburo.kz


Бұл стратегиялық істі ешбір министрлікке жүктеуге болмайды – құртады

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тілбілім институты дәл қазіргідей құрылыммен жазу реформасына қажетті жұмысты да атқара алмайды, оған арнайы бірнеше зертхана құру керек. Орфография, орфоэпия, фонология, грамматика, ақпараттық лингвотехнология салаларын дереу бірнеше сатыға бірден көтеретіндей, оңайлататындай бірнеше ғылыми зертхана жұмысқа кіріскенде ғана әліпби мәселесінде нақты бетбұрыс пен нәтиже болады.

Ал үдерістің психолингвистикалық, социолингвистикалық, әлеуметтік, политологиялық, әсіресе әдістемелік-дидактикалық жағын қолға алатын құрылым тағы қажет. Бұлардың бәрін біріктіре басқаратын Орталық керек дейтініміз де содан. Бұл стратегиялық істі ешбір министрлікке жүктеуге болмайды – құртады. Өйткені олар оперативтік басқарумен ғана шектелетін органдар. Бұны ең жоғарғы саяси құзыры мен мүмкіндігі бар Президент аппаратына қарату арқылы ғана байыз табамыз, дейді мамандар.


Кіріл және латын әліпбилеріндегі әріптердің салыстырмасы

Кирилл және латын әліпбилеріндегі әріптердің салыстырмасы / Фото informburo.kz


Оразақ Смағұлов, академик: “Кезінде латын әліпбиіне өту өте тез әрі оңай болды. Ал кирилл әліпбиіне 1940 жылы Ресейден келген 40-50 ғалымның көмегімен 3-4 айда әрең өтті. Мен де үйрендім. Менде сол кездегі КСР Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы Нұртас Оңдасынов шығарған шешімнің көшірмесі де бар”.

5 жыл бұрын...

Осыдан тура 5 жыл бұрын, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев "Қазақстан-2050" Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты" атты Қазақстан халқына Жолдауын жасаған болатын. Сонда былай депті:

Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз

Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз.
Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады.


Нұрсұлтан Назарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаев / Фото ortcom.kz сайтынан алынды


Латынға көшуді 5 жыл талқыладық

Біз осы мәселеге тікелей қатысы бар бірнеше үкіметтік мекемелердің есігін қақтық.

Ербол Тілешов, Тілдерді дамыту орталығының директоры, алаштанушы, ғалым: "5 жылда біз көп нәрсеге көз жеткіздік. Тіл жанашырлары ойланды. Кирилл әліпбиінің кем-кетігін түсінді. Жиырмадан астам тұлғалар өздерінің жобаларын алып шықты. Олардың ішінде Серік Ерғали, Жанат Аймағанов, Әлімхан Жүнісбеков, Зейнеп Базарбаева, Аманқос Мектептегі сияқты елден ерекше көзқарастағы, ойшыл зерттеушілер бар."

Латын әрпіндегі орыстың техникалық графикасын пайдаланып отырмыз

Біз қазір бейресми түрде орыстың латынша техникалық графикасын (волопюк) пайдаланып отырмыз. Мысалы, төлқұжат, виза жұмыстары, машина нөмірі, жол билеттері. Тіптен күнделіктегі ұялы телефондардағы хабарламалар жазуға дейін дендеп енген. Егер латын әліпбине көшсек, бұл мәселелер өздігінен шешіледі.

Бейресми түрде латын әліпбиін қолданып отырмыз

Қазір еліміздегі үлкен ақпараттық порталдардың бір бөлімі төрт-бес жылдан бері Түркияның латын әліпбиін негіз еткен қазақ әліпбиін қолданып отыр. Мысалы, "Егемен Қазақстан", "Абай", "Қазинформ" сайттарын атауға болады.

Білім саласын айтсақ, барлық жаратылыстану пәндердегі формулалар мен таңбалар, "косинус", "синус" секілді ғылыми терминдер латынша жазылып, оқытылады.


Егемен қазақстан" газетінің ресми сайтының латынша беті.

Егемен қазақстан" газетінің ресми сайтының латынша беті / Фото informburo.kz


Қолданыстағы әліпби қазақ тіліне тән емес

Серік Ерғали, мәдениеттанушы: "Қазіргі қолданыстағы кирилл әліпбиі қазақ тіліне тән емес, қазақ тілі кирилл әліпбиіне бағынған. Сол негізде орыс-қазақ кирилл әліпбиі дүниеге келген. Мен орысша теру үшін ешқашан орыс регистрін қолданбаймын, өйткені, ол тілдегі мәтінді теруге қазақ теруіші жеткілікті. Бүгінгі кирилл-қазақ клавиатурасы арқылы орысша да, қазақша да теруге мүмкіндік беретін ортақ дүние, демек, әліпби де екі тілге ортақ. Әлемде бұндай парадокс жоқ!!!"

Көптеген адамдар өздерінің үйреніп қалған, сіңісіп кеткен "вагон", "фабрика", "Қазақстан" деген сөздерді латынға көшкенде қайтып жазамыз деп тосырқайды, уайымдап жүр.

Мысалы, ағылшын елі "Қазақстан" деген сөзді жазу үшін әліпбиіне "қ" деген дыбысты беретін әріпті енгізген жоқ, орыс та солай "Казахстан" деп жазды. 1959 жылға дейін "ит" деген сөз "иіт" болып, "ми" деген сөз "мый" болып жазылып келген. Осының кесірінен бүгінгі бала "мый" емес, "мій"» дейтін болды.

Кирилшедегі керек емес әріп фонетикамыз бен орфографиямызды кирилл графикасына бейімдеп, бұзып жіберді. Соның кесірінен сөз қолдану, сөйлеу мәнеріміз, ойлау жүйеміз өзгеріп бара жатқан жоқ па?


Фонетиканың тілдегі өзгерісі.

Фонетиканың тілдегі өзгерісі / Фото informburo.kz


Жұрт сенің не ойлағаныңды білмейді, не жазғаныңа қарайды

Ербол Тілешов: "Мысалы, Абай атамыз:

"Қаймақ еді көңілімде бізге қаспақ болды жем,

Асау жүрек аяғын анық басқан".

Ал сіз осы сөзді орысшаға аударып көріңіз. Оны орыс тіліне тіке аудару мүмкін емес. Олар ойлауы мүмкін Абай "сметана" туралы немесе "аттың жүрегі" туралы жазыпты деп. Ойлау, ұғу және сол ойлаған, ұққан нәрсені таңбалау бар. Жұрт сіздің сол таңбалаған жазуыңызға қарайды. Бұл – соңғы нәтиже, себебі, ойлайсыз, сөйлейсіз, сосын соны қағазға жазасыз. Әліпби міне, осы соңғы нәтижені білдіреді. Сондықтан ең алдымен бұрын тіліміздің киесін, ұлылығын таңбалай алатын әліпбиді таңдауымыз керек".


Ахмет Байтұрсынұлы жасаған төтеше қазақ әліпбиі

Ахмет Байтұрсынұлы жасаған төтеше қазақ әліпбиі / Сурет baidu.com сайтынан алынды


Тілдің киесі болғанда ғана ұлтқа қызмет етеді

Ербол Тілешов: "Мысалы, еврейлер жоғалып кеткен тілдерін 2000 жылдан кейін қайта жасады. Алайда ол өлі тіл күйінде қалды. Сан алуан метефорасы, сан алуан синонимі жоқ. Тек жазбаша қарым-қатынас тілі болып қалыпты. Бұны еврей ғалымдары да мойындап отыр. "Тілімізде кие болмағасын халықтың басын қоса алмады, тек қарым-қатынас таңбасы болып қалды", – деп қынжылыпты. Сол киені сақтау үшін де түп-тамырынан айырылмауы керек.


Еврей әліпбиі

Еврей әліпбиі / Сурет ivrit-alfavit.blogspot.com сайтынан алынды


Біздің тіліміз ата-бабаларымыздан қалған, аналарымыздың сүтімен сіңген қасиетке, киеге тұнып тұр. Ал жасанды тілдердің ондай нәрі де құнары да болмайды, тегі тірелген, шегі тапталған, өзі өлген байланыс құралы болады. Ал біздің тіл – зерттеп түбіне жете алмайтын түпсіз, терең тұңғиық. Сол қасиетті, киені жоғалтпау үшін де емілені дұрыстап, графиканы жаңалауымыз керек.

Бір ғана мысал. 15 ғасырда өмір сүрген Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы атамыздың "Шипагерлік баян" кітабында қол туралы мындай түсіндірме бар:

Көрінеу сыртқы 12 мүше көмескі, ішкі он екі мүшенің тұтасымы бітістік ұштасымдылық жарасымы тірлік болмалық шарт.
Көрінеу сыртқы 12 мүше:

Белгілік мүше – Түккене
Қаптама мүше – Қаптек
Танымал мүше – Тантал
Иістік мүше – Мүңк
Тыңдау мүше – Қос құл
Адымдық мүше – Жүрім
Ықтылық мүше – Ұстамар
Татымдық мүше – Тіл сөз
Қорғам мүше – Бауыздаулық
Жазылым мүше – Қусақ
Ұрпақ жалғамы мүше – Арайжап
Икемдік мүше – Иілгім

Енді осылардың ішіндегі ұстамар туралы айтсақ.

Ұстамар: Тоқбас жілік, талмал, топшы, шынтақ, қар, құлжілік, кәрі жілік, білек, білезік, білезік буыны, иық буыны, шынтақ буыны, білезік қағар, оң табарік, сол табарік, қырда, білезік соғар, қиғы, тасқиғы, бас бармақ, қымқыр, сырнақы, көбе, түпкөбе, ет көбе, жымқыр, жұмқыр, обе, ашарық, бүкті, аражиек, жұмба алақан, жалпақ алақан, қарынсау, бас балық ет, бедер, шынашақ, ортан қол, ортан, қортан, нұқыма, шұқыма, қансықы, қаратырнақ, ақтырнақ, қырнау, жұмқырлық иілгін, көбе буын, түртек, түртпек сияқтылардан құралады.

Жаңа әліпбиге өтуімізді қазақ түгілі қыпшақтектілер де күтіп отыр

Серік Ерғалидің пікіріне сүйенсек, латын қарпі арқылы біздің сауаттық ауқымымыз бірден кеңейіп, түркітілдес қауымдастық арасында өзара қатынас күшейіп шыға келмек. Сол үшін болашақ әліпбидің сипаты осыны ескеруі қажет. Бұны ғасыр бұрын Алашордашылдар да армандаған болатын. Тіптен, өзара уәделесіп, олар ортақ түркі латын әліпбиін жасады әрі соған көшті. Түркия мемлекеті де сол негізде латын әліпбиіне ауысқан. Бірақ бұл істі қызыл империя ыдыратып тынды.

Әрине, шетелдегі қандастар да жаңа әліпбиге көшуді күтеді. Қазақтар бүгінде 3 түрлі қаріпті қолданып отыр. Қазақстан жаңа әліпбиге өткен күннен бастап, шетелдік қандастар да бейресми түрде жаңа әліпбиге көшетін болады. Міне бұл әлемдегі қазақты бір арнаға тоғыстыратын рухани тірек болмақ. Одан тыс ноғай, татар, башқұрт, қарақалпақ, қырғыз, қарашай-балқар қатарлы туысқан ұлттар да ресми және бейресми түрде біз көшкен жаңа әліпбиге көшеді. Бұл – заманның ағыны мен көшінен қалмауға тырысқан, өзара жақындасуды ниет еткен ағайындарымыздың да арманы.

Ғұндар руна жазуына көшуі мүмкін

Мажарстан елі руна жазуын бүкіл салаға енгізді. Кез-келген жер-су атаулары, ғылым ордалы руна жазуымен көрсетіледі. Тіптен білім саласына да енгізіп, болашақ ұрпақтың да білуіне жағдай жасапты. Сол арқылы қандай да бір заманда ұрпақтың ата-бабаларының төл жазуына көшуіне мүмкіндік жасаған. Бұл – әрине ұрпақтың еншісіне қалдырылған жұмыс. Оның үстіне қазіргі заманда кез келген жазуды компьютерлік технологияларда қолдану оңайласып кетті. Украина, Жапон, Монғолия, Қытай елдері де өз алфавитіне теліп, латындық жұмыс қарпін қолданып отыр.


Ғұндар руна жазуын қолдануда. Елді мекен атын көрсетіп тұр.

Ғұндар руна жазуын қолдануда. Елді мекен атын көрсетіп тұр / Сурет google.kz сайтынан алынды



Тастағы руна таңбалары.

Тастағы руна таңбалары / Сурет google.com сайтынан алынды


Графиканы ауыстырмай емлені дұрыстау – графиканы ауыстырудан да ауыр

Себебі, ол қарапайым жұрт үшін оғаш сезіледі. Оның үстіне бәрібір айқын шекара болмаған соң, халық сіңген әдетінен құтыла алмайды. Кеше ғана, 20 сәуірде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев белгілі қаламгерлерді қабылдағанда «тілдің өз табиғатына оралу» мәселесін қайта талқылады.

Сол кездесуде жазушы Бексұлтан Нұржекеев: "Латынға көшуге қатысты, жасыратыны жоқ, халықтың ортасында әр түрлі пікір бар. Қобалжу да бар. «Шешінген судан тайынбайды» деп тәуекел ету керек. Сіз айттыңыз, біз ұзақ дайындалдық. Ал сол дайындалғанды мен ғалымдардан көріп отырған жоқпын. Неге дерсіз? Біз көшуіміз керек. Көшкенде әріптерді ауыстыра салумен іс бітпейді. Мәселе тілде. Көшу барысында тілдің шешілмеген мәселелерін шешу керек.

Әнеу күні Алматыда дөңгелек үстелде ғалымдарға өкпемді айттым. Енді 25 жыл адам шыдайтын нәрсе емес ғой, мына тілімізді құртып кеткен заңды дереу өзгертейік дедім. Әр нәрсенің өз заңы бар. Мысалы, етікшілердің өз заңы бар, кәсіпкерлердің өз заңы бар. Тек тілдің заңы жоқ. Онда былай деп жазылған. Адамға қиянат ғой: "Орыс тілінен енген сөздерді орыс орфографиясымен жазу керек, ал екінші пунктінде, арап тілінен, иран тілінен енген сөздер қазақ тілінің заңдылығы бойынша өзгертіліп жазылады" делінген. Біз латынға көшу барысында осылардан құтылуымыз керек", – деген болатын.


Нұрсұлтан Назарбаевтің жазушыларды қабылдаған сәті

Нұрсұлтан Назарбаевтің жазушыларды қабылдаған сәті / Фото Ақорданың ресми парағынан алынды


Жалпы, бұндай даулы мәселе көп. Бұл қателіктерді түзетуді кириллде іске асыратын болсақ көзге оғаш көрінеді әрі көңілге қонбайды. Содан дау туады. Себебі, үйреніп қалған халыққа солай болуға тиісті болып, көңіліне де, өміріне де сіңіп кеткен. Осы қателіктерден құтылудың ең дұрыс жолы – графиканы ауыстыру. Сол кезде оны солай болуға тиісті деп ел жылы қабылдайды, солай болуға тиісті көрінеді. Әліпбиге көшу мен жазу реформасы бірге жүруі керек. Сол үшін әліпбиге көшуден де жазуға реформа жасау маңызды.

"Демагогтар мен популистерді бұл шаруадан аластау керек"

Ақыл айтудан, науқаншылдық жасап, жиналыстар өткізуден шаршамайтын халықпыз. Біз де екі-үш осындай шараның басында болдық. Саяси астары мен артық-кемін өлшеп піштік. Алайда менеджментті қалай құру, қайткенде аз қаржымен үлкен жұмысты атқару, тілдің де көсегесін көгертіп, аманатты да артығымен орындау мәселесіне әлі немқұрайды қарап отырған секілдіміз. Себебі, әлі бір нақты мемлекеттік өкілетті орган құрылған жоқ. Тура 2012 жылғы «Латынға көшу» науқанының сценариімен өтіп жатыр.

Серік Ерғали: "Тағы айтам: лингвистер тек қана шаруаның жетіден бір бөлігін атқарады, қалыс қалғандар кейін сан соқтырады. Демагогтар мен популистерді бұл шаруадан аластап, мемлекеттік хатшыға, бәлкім Президент аппаратына тікелей қарауы керек болар, жоғарыда аталған 7 саланы қамтитын іргелі Ұлттық орталықты жасақтап, жүкті соған арту керек.

Әзірге көңіл көншітер ондай құбылыс байқалмайды. Егер де тиянақты қолға алсақ, алғашқы 3 жыл ішінде бұл жұмыстың 70-80 пайызы атқарылады, қалғаны инерциямен өзінен өзі нәтиже береді. Бұны әлдеқайда оңай әрі тез істеуге болатын тетіктер бар, бірақ оған ғалымдар бас қатырмай, менеджерлер қолға алса, жетеді. Ғалымдарға әліпбидің менеджментін емес, ғылыми тұсын ғана тапсыру керек. Әйтпесе былыққа батамыз".

"Лауазымдық қызмет саудаға салынған жерде ешқашан, ешқандай жұмыс жүрмейді"

Қуандық Шамахай, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, журналист: "Лауазымдық қызмет саудаға салынған жерде ешқашан, ешқандай жұмыс жүрмейді. Олар пайданы, өз қалтасын қампайтуды ғана көздейді. Сол себепті, әліпби ауыстыруды бақылайтын қоғамдық кеңесті құрған жөн. Тікелей тапсырма берілсе, бас прокуратура қадағалап отырса болды. Ең қиыны біздің шенеуніктердің халық қамы мен қоғам мүддесінен гөрі өзінің қалтасының жайы қатты толғандыратын секілді.

Салынып жатқан жолдың өзін алайықшы! Дұп-дұрыс тұрған дүниені бүлдіреді де сапалы тасты, сапасызбен айырбастайды. Жол салынбаған жерге жоламайды. Əліпби ауыстыруды мұндай тəсілмен жүргізсе, бəрін құртамыз. Лауазымдық қызмет саудаға салынған жерде ешқашан жұмыс жүрмейді".

Латын әліпбиі жобасын жасаушыларға қойылатын шарт:

Ғалымдардың ұсынған әліпби жобалары үндестік заңын, дыбыстық-мағыналық құрылымын, буын мен тасымал жігін, сөйлеу ырғағы заңдарын ешқандай жағдайда бұзбауы керек. Қолданыстағы әліпбиде барлық заңдылық бұзылған. Алайда оның бәрі сіңісті болып кетіпті. Енді шұбалаңдаған шұбар тілден құтылып, бабамыздың қырмызы қызыл тіліне орала алсақ – бабаларымыздың аманатын орындап, ұрпақ алдындағы қарызымызды өтеген болар едік.

Көз – қорқақ, қол – батыр. Тағы 25 жыл күтпей, тез іске көшу керек

Атын айтқан соң "қайдан айттым бәлені" – деп отыра бермей, нақты жұмысқа көшкен жөн. 2025 жылға әлі бақандай 8 жыл бар. Балабақшаға кірген үш жастағы сәби ол кезде 11-ге келеді. Міне сол кезде ол латынша әліпбиді біліп жүруі керек. "Айдағаның бес ешкі, ысқырығың жер жарады", – демекші, айқайлап, жұмыс істемесек, одан не пайда? Әліпбиге тиесілі уақыт аз! Бірақ уақытты дақпырт пен дау жеп бітірді. Әлі де отырыстан басқа нақты іс көрінбейді.


Қуандық Шамахайұлы.

Қуандық Шамахайұлы / Сурет жеке мұрағаттан алынды


Қуандық Шамахай: "Латын әліпбиіне көшу туралы ширек ғасыр сөз болды. Қазір де сол. 2025 жылға сырғытып қоюға болмайды. Талай нұсқа жасалды. Енді сөзден іске көшетін мезгіл өтті. Дереу іске кірісу керек. Көрші түркі халықтарының даяр тəжірибесі бар. Тікелей алып қолдану керек. Бізде батыл қадам жоқ. Халықтың қолдауын табатын осындай мəселелерді популизм үшін айтып қана қашанғы кері ысыра береміз? "Еріншектің ертеңі көп" дегеннің кері ғой. Айту жеткілікті болды. Енді тек іс керек".

Қысқасы, бес топ құруымыз керек

Бірінші топ, жазу реформасының жұмыс тобы. Оларға қойылатын шарт: Ұсынылған жоба үндестік заңын, дыбыстық-мағыналық құрылымын, буын мен тасымал жігі мен сөйлеу ырғағын бұзбауы керек.

Екінші топ, атқарушы жұмыс тобы. Шарт: ұйымдастыру, үйлестіру қуаты күшті, тез, таза, нақты жұмыс істей алатын болуы керек"

Үшінші топ, қоғамдық бақылау тобы. Шарт:" Елді қасына топтастыра алатын қасиеттері бар көзқарақты ақсақалдар мен ғұлама зиялылардан құру керек.

Төртінші топ, үкіметтік комиссия. Оларға қойылатын шарт: таза, нақты, адал адамдардан құралуы және билік пен байлықты аңсаған залымдардан болмағаны дұрыс. Комиссия қоғамдық бақылаушылармен ақылдаса отырып жұмыс барысын қадағалауы керек.

Бесінші, арнаулы қаржыландыру тобы. Оларға қойылатын шарт: "тәжірибелі, саналы, таза да адал, отаншыл, экономикалық және заңдық сауатты топ-менеджерлерден құралсын. Бұлар ең аз қаржымен тез арада міндет орындалуы үшін атқарушы топпен бірлесе жұмыс істеулері керек.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары