Прямой эфир Новости спорта

Баспасөзге басымдық бермей, қоғам сенімі күшеймейді

Фото Akorda.kz сайтынан алынды
Фото Akorda.kz сайтынан алынды
Қазақстанда жаңа президент сайланғаннан бері саяси реформалардың қажеттілігі негізгі басымдық ретінде айтылып келеді. Бұл толықтай орынды ұсыныс.

"Алдымен экономика, содан кейін барып саясат" деген көп жылдардан бергі ұстаным өзін ақтамады. Қайта керісінше "саясатқа араласпаңдар, өзіміз білеміз" деген тұжырым айналып келгенде саясатты, онымен бірге экономиканы, әлеуметтік ахуалды, гуманитарлық саланы тығырыққа әкелді. Бұл да заңдылық. Саяси алаңдағы ойын ережелері айқын әрі әділ болмай, нағыз бәсекелестік орнамай, басқа бағыттарда өрлеу түгіл, ең болмаса қолда барды сақтап қалудың өзі оңай шаруа емес.

Саяси жаңғыру мәселесі, әсіресе, дәл осы мақсатпен дүниеге келген Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде қазір қызу талқыланып жатыр. Әрине, шенділердің құрғақ уәделері мен басы бар, аяғы жоқ бағдарламаларынан көңілі қалған жұрт жаңадан жасақталған құрылымға секеммен қарайтыны түсінікті. Ендеше сенімді қайтарудың бірден-бір жолы – сөз бен істің арасындағы сабақтастықты қамтамасыз ету.

Халық жоғарыда қабылданып жатқан шешімдер арзан ұпайды қуалау емес, шынайы реформаларды көздейтінін сезіну керек.

Әзірше Ұлттық кеңестің аяқ алысы жаман емес. Атап айтқанда, саясатты демократияландыру жолында жүйе құраушы заңдарды қайта қарау бойынша жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Сайлау, саяси партиялар, бұқаралық ақпарат құралдары, жергілікті өзін-өзі басқару, шерулер туралы заңдар кең талқыға түсті. Рас, осы заңнамалар жетілдірілгеннің ертеңіне әділ де гүлденген қоғам орнай салмайды. Десе де, бұл елдің тура жолды таңдағандағы алғашқы әрі шешуші қадамы болмақ. Алғашқы қадам ойдағыдай жасалса, соңынан екінші, үшінші, одан кейінгілерін жасауға мықты негіз пайда болады.

Автордың өзге жазбасын оқи отырыңыз: Саясат пен саяси шоу немесе өзгерістердің жауапкершілігі турасында

Бұл ретте мәселенің түйіні қоғамның өзіне, оны жасақтаушы азаматтарға келіп тіреледі. Өйткені, заң дегеніміз – қағаз бетіндегі жазбалардың жиынтығы ғана. Ал оның толыққанды реттеуші сипатында іске асуын қамтамасыз етуші бірден-бір күш – халық. Сол азаматтарымыздың бүгінгі арман-ниеттері, өмірлік және саяси ұстанымдары қандай? Жалпы, қоғамды тұрғындардан, ұлтты тобырдан ерекшелейтін ортақ құндылық не? Саяси сауат мен жауапкершілік, белсенді азаматтық қоғам, өркениетті дәстүр қалай орнамақ?

Кез-келген қиындықты еңсеру оны мойындаудан басталатыны белгілі. Өкінішке қарай, біз Қазақ қоғамының басты дерттері – жікшілдік пен өзара сенімсіздіктің алдын алуды былай қойғанда оларды мойындауға да жете қойған жоқпыз. Тіпті тоқсаныншы жылдармен салыстырғанда халықтың қазіргі ауызбіршілігі әлдеқайда әлсіреп, бір-бірін жақтырмау, күдік пен төзімсіздік кеңінен етек жайған. Бұл сөзге дәлел жетіп артылады. Ауыл мен қала жұрты, қазақтілді және орыстілді әлем, бай мен кедей, шенді мен қатардағы азамат. Бұған сырт әлемнің ақпараттық, идеологиялық, мәдени ықпалын қосыңыз.

Ақпараттың әралуандығы мен рух бірлігі

Осы тығырықтан шығудың талай жолын ұсынуға болар. Алайда ең осал тұсымыз – ақпарат пен идеология саласы болған соң, бұл салаларды ең бірінші кезекте жөнге келтіру керек.

Анығы сол – цензура мен билікке тәуелділік жағдайында көпшілік үшін интернет желісі балама ақпарат пен сараптама көзіне айналған. Әсіресе, Facebook, Twitter сынды әлеуметтік желілердің саяси-қоғамдық мәні артты. Бастапқыда үнін өшіруге тырысып баққан шенділер де уақыт өте келе заманауи үрдістермен санаса бастағаны бұл сөзімізге дәлел. Әйтсе де, интернет еркін ақпарат алмасуға мүмкіндік бергенімен ұзақ мерзімде ортақ ұлттық тұғырдың қалыптасуына кепілдік бермейді. Ойын ережелері бекітілмегендіктен осы алаңдағы ақиқат пен жалғанның, демократия мен анархияның ара-жігін анықтау қиынға соғып жатыр. Оның үстіне түрлі анонимдер, боттар әу бастағы жағымды алаңды арандату, айдап салу, өзара өшпенділікті қоздыру құралына айналдыра бастады.

Олай болса, қандай көмегіне жүгінген абзал? Ойға алдымен дәстүрлі баспасөз келеді. Қазіргі қазақ баспасөзіндегі дағдарыс, оған деген сенімсіздік баспасөздің жаман болғанынан не бәсекелестік қабілетінен айрылғанында емес, оның біріктіруші де жасампаз құдіретін пайдалана алмаудан туды. Бұлай дейтініміз, әлеуметтік желілері бізден әлдеқайда дамыған Америка, Ұлыбритания, Жапония сынды елдерде бұқаралық ақпарат құралдары басты позицияны беріп қойған жоқ.

Тәуелсіздігін, ұлттық мүддесін ойлаған кез-келген мемлекет бірінші кезекте ақпараттық кеңістігін қорғайды. Мейлі ол АҚШ, Ресей не Еуропа елдері болсын, өзіндегі баспасөзді мұқият қадағалайды және шетелдік арналарды не мүлде жолатпайды (мәселен, Ресей, Қытай, Сауд Арабиясы), не қатал сүзгіден өткізіп барып, шектеп береді (мәселен, Түркия, Канада, Өзбекстан). Екі ортада көрінгенге есігін айқара ашып қойған Қазақстан сияқты басқа ел әлемде жоқ шығар.

Автордың өзге жазбасын оқи отырыңыз: Шыны үйдегі тіршілік

Демек, Қазақ елінің тұтастығын сақтаймыз десек, оны ақпараттық кеңістікті тазартудан бастаған жөн. Ең алдымен кабельдік арналарда тәртіп орнату керек. Әзірше бұл сала мемлекеттік те, ұлттық та бақылау мен реттеуден, сәйкесінше ұстанымға ие емес. Басқаша айтқанда, қоғамның сана-сезімін жасақтаушы маңызды құрал кім көрінгеннің жетегінде кеткен. Әіресе, қауіпті жағдай еліміздің Ресеймен шекаралас аймақтарында қалыптасқан.

Сырт әлем Ресеймен шектелмейді

Жеке меншік кабельдік арналардың операторларын былай қойғанда, ұлттық саналатын «Қазтелеком» компаниясының ұсынатын өнімдерінде ара салмақ еш сын көтемейді. Мәселен, компания тарататын арналардың шамамен 5-10 пайызы ғана қазақ тілінде, 1-2 пайызы ағылшынша, ал 90-95 пайызы орысша сөйлейді. Сонда Қазақстаннан қаржы алып отырған компаниялар түптеп келгенде кімнің саясатын жүргізіп отыр?

Қазақстан әлем елдерінің ақпаратын таратуын жөн санағанымызбен, неге сырт әлем жалғыз Ресеймен тұйықталу керек? Не болмаса Тіпті, батыстың түрлі ағаратушылық, ғылыми, мәдени бағыттағы арналарының ақпараты неліктен тек орыс тіліне аударылып беріледі? Өкінішке қарай, қазақ тіліне дубляждау қолға алынбаған. Ресейлік ондаған телеарнаны қысқартып, орнына Қырғыз, Өзбек, Украина, Грузия, Әзербайжан, Түркия, Ұлыбритания, Шыңжаңдағы қазақ телеарналарының хабарларын таратса, шын мәнінде әлем ақпараты болар еді. Түптеп келгенде, көрермендерде де таңдау болуы керек қой.

Автордың барлық жазбаларымен осы жерден таныса аласыздар: Расул Жұмалының жазбалары

Отандық баспасөзге оралсақ, бірінші кезекте оның бәсекелестікке қабілетті болуы басты шарт. Бірақ ол сөз бостандығын баянды етпей, қол жетімсіз болып қала бермек. Екіншіден, БАҚ, әсіресе, теледидар басымдықты көңіл аулаушы контентке иә әзіл-сықаққа бермей, қоғамдық пікір қалыптастыратын өнімдерге бергені дұрыс. Сөз салиқалыток-шоулар, терең танымдық, сараптамалық бағдарламалар, ұмыт қалған журналистік зерттеулер жайында болып отыр.

Ал ең бастысы, жабық тақырыптар болмауы қажет. Бұл талаптарға жоғары лауазым иелері жол беруі тиіс. Өркениетті әлемде "жариялы қызмет" деген түсінік бар. Оған қоғам атынан сөйлеп жүрген, халықтың салығынан күнелткен саясаткерлер мен шенділер жатады. Мұндай тұлғалардың жеке өмірінің қоғам назарынан таса қалуына жол берілмейді. Өйткені елдің тағдырын шешуге тікелей жауапты лауазым иелерінің өзі адал болмаса, жемқорлыққа белшесінен батса, заңнан жоғары тұрса, ондай адамдарға сенім қалай ұяламақ? Қатардағы шенділер өз алдына, батыстың азат баспасөзі Трампты, Макронды шалт басса, жерден алып, жерге салады. Осындай ашықтық пен демократиялық құндылықтардың салтанат құруының нәтижесі де баршаға аян: әлемдегі ең әділ, экономикасы өрлеген, халқы бақуатты, адам құқықтарына басымдық берілген елдер – Америка Құрама Штаттары, Франция, Финляндия.

Дайын тұрған осындай игі тәжірибені игеру – заман талабы. Онсыз саяси жаңару, қоғамның тұрақтылығы, ұлттың ортақ арман-тілектердің аясында бірігуі құр сөз болып қала бермек.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Поделиться:

  Если вы нашли ошибку в тексте, выделите её мышью и нажмите Ctrl+Enter

  Если вы нашли ошибку в тексте на смартфоне, выделите её и нажмите на кнопку "Сообщить об ошибке"

Новости партнеров