Прямой эфир Новости спорта

Шыны үйдегі тіршілік

ХХІ ғасыр ғаламдық иә халықаралық болсын, жекелеген мемлекеттердің болсын саясатына бұрын-соңды болмаған өзгеріс әкелді. Бұл құбылыстың атауы – интернет.

Кез-келген саясат ақпаратпен тығыз, тіпті бір-бірінсіз өмір сүре алмайтындай байланыста болады. Саясат – билікке жетудің жолы болса, ақпарат – сол билікті ұстап тұрудың негізгі құралы. Ақпарат кімнің қолында болса, үстемдік те соның қолында деген сөз бекер айтылмаған.

Күні кешеге дейін үлкен саясат атаулы көбіне жекелеген саяси элиталардың құзыры ретінде бағаланып келгені мәлім. Тиісінше, Еуропа, Азия не Африка бола ма, билік басындағы бір адам немесе бір топ тұтастай халықтардың тағдырын анықтап келген болатын. Қоғамның қалған бөлігіне әдетте үгіт-насихат пен күштеу арқылы жоғарыдағылардың нұсқаған жолымен жүруден басқа амалы болмады. Қалыптасқан жағдай биліктің кенеттен ақпараттық монополиядан айрылған кезінде және оның былықтары қоғамға әшкереленгенде ғана күрт өзгеріп отырды.

Кезінде Ресейдегі Қазан төңкерісі осылайша жүзеге асты. Одан кейінгі мызғымастай көрінген Кеңес Одағы цензурадан бас тартып еді, оның да шаруасы көп ұзамай бітті. Бірақ бірінші мысалда қоғамның сана-сезімін большевиктердің тегеуріні жаулап алса, екінші мысалда Горбачев жариялылық деген науқанды өзі ұсынып, өзі сол дүлей күштің құрбанына айналды. Басқаша айтқанда, ақпараттық үстемдіктен қол үзуге жекелеген субъективті алғышарттар себепші болды.

ХХІ ғасырдың басынан бері Интернет революциясы бұрынғы ара-салмақты жоққа шығарды. Бір жағынан алып қарағанда бұл жаңалық адамзатқа керемет мүмкіндіктер сыйлады. Атап айтқанда, ақпаратпен алмасу, сандық технологиялар, телекоммуникация секілді салалардың қарқынды дамуы экономикалық өсім мен уақыттың үнемделуіне әкелді. Екінші жағынан мобилді байланыс, әлеуметтік желілер, банкте есеп-айырысу сынды заманауи талаптар әрбір азаматты жеке басының ақпаратын сақтау мүмкіндігінен шектеді. Баламалап айтқанда адам баласы сырт көзден оқшау тас үйден шыны үйге көшкендей. Бәлкім, бұл интернет берген жеңілдектердің өтемі болар.

Аталған үрдіс сөз болып отырған үлкен саясатқа да ықпалын тигізуде. Мәселен ақпаратты жасыру, құпия келісімдерді жасасу тетіктері жылдан-жылға әлсіреп барады. Жөні дұрыс болса, елдің, қарапайым азаматтардың үдесінен шығатын шешімдер болса, оларды жабық есік жағдайында қабылдаудың еш қисыны жоқ. Сәйкесінше, әлемдік жұртшылық дәл сол интернеттің ықпалымен билеушілердің қылмыстарынан хабардар болуға, айыбын бетіне басу қабілетіне ие болды. Бірер жыл бұрын жалғыз ғана WikiLeaks ұйымының деректері АҚШ сияқты алпауытқа ауыр соққы жасап, Еуропаның бірқатар белді саясаткерлерін мансабынан кетуге мәжбүр етті.

Әлімдік үрдістерден кеш қалғанымен Қазақстанда да интернеттің саяси маңызы жыл санап артып келеді. Лауазым иелері үшін өкініштісі сол – жоғарыда аталған тас қорғанның артында жасырынған саясаттың күні өтіп барады. Бұны елемеуге лаж жоқ. Рас, уақыт өткен сайын біресе Facebook пен Youtube жөн-жосықсыз бұғаттау, біресе блогерлерді баспасөзбен теңестіру, әрбір ұялы телефонға қауіпсіздік сертификатын орнату сияқты ерсі әрекеттер әлі де жалғасуда. Бұның өзі шешім қабылдаушы орындардың кешенді әрекеттерден гөрі абдыруын, жөн сілтеудің орнына көшке ілесе алмай келе жатқанын байқатады. Қоршаған әлеммен керіскен Ресеймен бірге оқшауланып дербес интернетсымақты құрамыз деген мәлімдемелер де жоқ емес.

Осындай әрекеттерден дым да шықпайтыны талай рет дәлелденді. Бұны кешегі "Араб көктемі" оқиғалары, интернет тұрмақ Telegram секілді майда мессенджердің өзін тоқтата алмай жүріп, Мәскеудің күллі әлем алдында масқара болғаны, Twitter-ді ауыздамақ бопып, Түркияның басы дауға қалғаны, басқа да толып толып жатқан мысалдар көрсетті. Тіпті ақпарат пен ішкі саясатты жұдырығында ұстаған Қытайдың өзі интернетке төтеп бере алмай отырғанын Шынжаң мен Гонконгтағы оқиғаларға қатысты Бейжің саясатының құбылуынан байқаймыз.

Осыдан екі-үш ай бұрын "Шындықтан қаша алмайсың" акциясы Алматыда, еліміздің басқа қалаларында жастардың зор қолдауына ие болды. Оны тоқтатапақ болған полицияның әбігерге түсіп, әлгі жастарды қудалауы әлеуметтік желілерде келемежге айналды. Бертін келе президенттік сайлаулардың басы-қасында жүргендер асқан белсенділік танытты, мыңдаған бақылаушы әп-сәтте маңызды саяси факторға айналды. Осы да басқа оқиғалар қоғамда шындық пен әділдікке деген сұраныстың артқанын меңзейді. Ал енді саяси ойдың қайнап тұрған алаңы – интернет деп танысақ, Google мен Youtube-тан қаша алмайсың деген ұран көтерген әбден негізді.

Бүгінде қолында смартфоны бар кез-келген адам – өз алдына оператор да, тілші де бола алады. Сондықтан еретеректегі шенділер құсап Чернобыль қасіретіндей жылы жауып қоя алмайды. Бұны Арыста болған апат дәлелдеді. Бұрынғыдай елі мен жерін қорғап шыққан намысты жастарды алқаш, нашақор, бұзақы етіп көрсететін насихатқа ешкімді сендіре алмайсың. Басқаша айтқанда шенділердің ақты қара, ал қараны ақ етіп көрсету мүмкіндіктері шектелген. Ертелі ме, кеш пе, солақай шешімдері, жымқырған байлықтары әшкере болатыны да күмәнсіз.

Айтылып отырған әңгіме митингке шыққандарды жасы мен қариясына қарамастан, төпмештеген күштік құрылымдардың өкілдеріне де қатысы бар. Заң біздің жағымызда деп қаншама дандайсыса да, беттерін бүркемелеп жүргені олардың нағыз шындық пен әділдіктің кімнің жағында екенін түсінгендігінің белгісі, ертеңгі жауапкерішіліктен жалтарудың амалы ғана.

Не істемек керек? Әлбетте, әкім-қаралардың интернетті игере бастағаны құптарлық іс. Тіпті ондай қадамға көпшілігі өз ықтиярымен емес, жоғарыдағы бастықтың бұйрығымен барған күннің өзінде. Осылайша жүре-бара қарапайым халық пен шенділердің арасында байланыс пайда болады, оның арты, кім біледі, соңғылардың жауапкершілікті сезінуіне, елдің сеніміне лайық болуына әкелуі бек мүмкін.

Рас, Конституция бойынша "қожайыны" – халықпен баспасөз хатшысы арқылы тілдесу дағдысы әлдебір жылыжайда отырғандай ыңғайлы көрінетін шығар. Рас, елдің алдына ашық шыққанда абыройыңды сақтап қалу да оңай емес, өткендегі Шымкент әкімінің жолын қумай. Ол үшін жеткілікті білікке азаматтық ұстаным, өмірлік тәжірибе қажет. Бірақ маңызы зор жұмысқа тұрған екенсің, бүгінгі заманның, оның ішінде интернет дәуірінің талаптарына сай болу керек. Интернеттің өзі – бұл тұрғыда мейірімсіз көрінгенімен түптеп келгенде әділ сыншы.

Әлдекімге ұнасын-ұнамасын, интернет әкелген жаңашылдықты ешкім жоққа шығара алмайды. Оған ешкім төтеп те тұра алмайды. Қоғам, ал онымен бірге билік осы шындықпен тек санасқанда ғана шама-шарқынша оны пайдасына жарата алады. Шыны үйдің ақиқаты осыда.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Поделиться:

  Если вы нашли ошибку в тексте, выделите её мышью и нажмите Ctrl+Enter

  Если вы нашли ошибку в тексте на смартфоне, выделите её и нажмите на кнопку "Сообщить об ошибке"

Новости партнеров