Тікелей эфир

Жалған ақпарат пен жала жабуға қарсы күрес күшейеді

Сурет informburo.kz
Сурет informburo.kz
Үкімет үйінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Nur Otan" партиясы Саяси кеңесі Бюросының отырысында берген тапсырмаларды орындау мәселесі қаралды.

Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев Үкіметтің осы бағытта атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндады.

– Елбасының және Мемлекет басшысының тапсырмаларын, бағыт-бағдарларын орындау мақсатында Үкімет қазіргі таңда тиісті іс-шараларды қабылдады. Үкіметтің ең негізгі міндеті – қазақстандықтардың тұрмысын жақсарту, әл-ауқатын арттыру. Өздеріңізге белгілі, қазақстандықтардың жалақысы осы жылы екі есеге өсті. Жыл басынан бері 3 млн қазақстандықтың жалақысы 15-тен 30 пайызға дейін көбейді, – деді Сапарбаев.

Үкіметтің ең басты міндеті

Үкімет басшысы орынбасарының айтуынша, "Nur Otan" партиясы басшысының алға қойып отырған ең басты тапсырмасы – қазақстандықтарды жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу.

– Қазіргі біздің мемлекетімізде жүзеге асырылып жатқан 14 мемлекеттік бағдарлама арқылы біз осы тапсырмаларды орындау бағытында жұмыс жүргізіп жатырмыз. Осы арқылы елімізде кем дегенде 373 мың жаңа жұмыс орны ашылу керек. 7 айдың қорытындысы бойынша ол тапсырма 60 пайызға орындалды. Оның ішінде 150 мыңнан астамы – нақты жұмыстар. Оған қосымша қазіргі таңда сұраныс жоқ мамандық иелеріне сұраныстағы мамандықты оқыту үшін қысқа мерзімдегі курстар ұйымдастырылған, – деді Премьер-министрдің орынбасары.

– "Еңбек" бағдарламасы шеңберінде "Бастау", "Жас маман", "Жас кәсіпкер" жобалары жүзеге асырылып жатыр. Микронесиелік гранттар, оған қосымша Елбасының әлеуметтік қамқорлық шараларына сәйкес, қосымша тағы 15 мың грант берілді. Соның нәтижесінде жастар өздерінің кәсіптерін ашып, тұрмыстарын жақсартты, — деді Бердібек Сапарбаев.

Атаулы әлеуметтік көмектің арқасында табыс екі есе өсті

Премьер-Министрдің орынбасары осы шараларды жүзеге асыру үшін соңғы нақтыланған бюджет бойынша 32 млрд теңге бөлінгенін атап өтті.

– Қазірге дейін 341 мыңнан астам отбасы немесе 1 млн 800 мың қазақстандық атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылды. Республикалық бюджеттен бұл бағытта 103 млрд теңге бөлінді. Атаулы әлеуметтік көмекті алып отырғандардың 58 пайызы – ауыл халқы. Қосымша 83 мың ауыл адамдары өздеріне керекті малын, техникасын сатып алуға мүмкіндік алды. Жалпы, АӘК арқасында отбасылардың табысы екі есе өсті, – деді ол.

"Қандастарға көмек жоқ деу – негізсіз"

Бердібек Сапарбаев соңғы уақытта ел арасында шетелден көшіп келіп жатқан қазақтарға жағдай жасалмай жатыр деген сарындағы сөздерге де қатысты ойын білдірді. Үкімет басшысы орынбасарының айтуынша, мемлекет шетелден оралып жатқандарға көмекті тоқтатқан емес.

– Бүгінге дейін 1 миллионнан астам қандасымыз Қазақстанға көшіп келді. Олардың барлығына көмек жасалады. Алғ енді бізге көмек жасалмады дегендері – түсініксіз. Оларды зерттеп, қарау керек, – дей келе Бердібек Сапарбаев нақты қандай көмектер көрсетіліп жатқанын атады.

– Павлодар мен Шығыс Қазақстанда, Шымкент қаласында ауылдар салынды. Одан басқа, алты өңірде келетін біздің отандастарымызды Қазақстанның заңына, өміріне, салтына бейімдеу үшін Оңалту орталықтары салынған болатын. Одан кейін әрбір сырт мемлекеттен келетін отандастарымыздың жол шығындары, күнкөріске кететін шығындары, жұмысқа орналастыру, балаларын мектепке, балабақшаға орналастыру, медициналық қызметпен қамту – барлығы мемлекеттің мойнында. Қазіргі есеп бойынша, өткен 25 жылдың ішінде 150 млрд теңгедей қаржы жұмсалды. Ол жұмыс енді жалғасын тауып жатыр. Осы өткен 7 айдың ішінде 6 мыңнан астам қандас көшіп келді. Бұл жұмыс жалғасын табады, – деді Бердібек Сапарбаев.

Сапарбаевтың айтуынша, дер кезінде құжат тапсырмағандар азаматтық алуда қиналып қалған болуы мүмкін.

– Ол құжаттың мерзімі бір-ақ жыл. Елбасының тапсырмасына сәйкес, мерзім осы жылдың аяғына дейін созылды. Соны пайдаланып, азаматтық ала алмай жүрген қандастарымыз азаматтығын алуы керек, – деді Премьер-министрдің орынбасары.

Абаев жалған ақпарат пен жала жабуға қарсы күресті күшейтпек

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев "Nur Otan" партиясы Саяси кеңесі Бюросының отырысында Нұрсұлтан Назарбаевтың жалған ақпарат пен жала жабуға қарсы күресті күшейтуді тапсырғанын айтты.

– Елбасының "Nur Otan" партиясы Саяси кеңесінің отырысында айтқан жала жабуға жазаны күшейту туралы тапсырмасы кеңінен талқыланып жатыр. Әсіресе, азаматтардың абырой-беделіне нұқсан келтіретін жалған ақпарат тарататын көптеген аноним дереккөздер, жалған аккаунттар мен парақшалар Елбасының алаңдаушылығын тудырып отыр. Бұл – жалпыәлемдік үрдіс және демократиясы дамыған мемлекеттердің өзі жала жабу туралы норманы күшейтіп жатыр. Германияда жалған хабар таратқан басылымға 50 млн еуроға дейін айыппұл салу, БАҚ қолдану арқылы жала жапқаны үшін 5 жылға бас бостандығынан шектеу сынды түзетулер қабыланды. Тіпті әлеуметтік желілердің әкімшіліктері фейк ақпаратпен күрес механизмін енгізіп жатыр, – деген министр елімізде осы үшін қандай жауапкершілік қарастырылғанын да айтты.

Министрдің айтуынша, ҚР Қылмыстық кодексінде Жала жабу туралы 130-бап және қасақана жалған ақпарат тарату туралы 274-бап бар. Өз сөзінде Елбасы БАҚ пен телекоммуникация желілері қатысқан жала жабуды айтқан. ҚР ҚК 130-бабында 2 мың АЕК айыппұл немесе екі жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Ал адамды сыбайлас жемқорлық, ауыр қылмыс жасады деп айыптаса, 3 мың АЕК айыппұл немесе 3 жылға жыл бас бостандығынан айыруы мүмкін. 274-бап бойынша, ең ауыр жаза – төтенше жағдай кезінде немесе соғыс жағдайында жалған ақпарат тарату үшін жеті жылға дейінгі бас бостандығынан айыру қарастырылған.

– Заңға сәйкес, бүкіл құралдар болса да, оны қолдану аясы төмен. Сондықтан, жұмысымызды осы арнаға бұрамыз. Тапсырма екі күн бұрын берілді. Біздің мамандар бұл мәселені мұқият зерттеп жатыр. Міндетті түрде Бас прокуратурамен, Жоғарғы сотпен, құқық қорғау органдарымен және Нұр Отан фракциясымен бірлесе жұмыс жүргізіледі. Халықаралық тәжірибеге назар аударылады. Жалпы алғанда, екі бап әлемдік тәжірибеге сәйкес келеді. Сондықтан, бар назарды қолданбалы тәжірибеге аударып, оны жетілдіре түсеміз. Барлық ұсыныстарды жариялаймыз және жұмыс топтарымен, ведомствоаралық коммисиямен, құқық қорғау органдарымен бірге талқылаймыз. Жала жабумен күресте Қазақстан азаматтары шет қалмауы тиіс. Өкінішке қарай, бұл мәселе әрқайсысымыздың басымыздан өтуі мүмкін, – деді Абаев.

"Ауыл балаларымен жұмыс істеу керек"

– Елбасы өзінің бес әлеуметтік бастамасында 2023 жылға дейін 75 мың орындық жатақхана салуды тапсырған. Биылғы жоспар бойынша 5 мың орын салу керек болатын, қазірдің өзінде 4,5 мың орын салынды. Жыл соңына дейін 8,5 мың жаңа орынды тапсырамыз деп жоспарлап отырмыз, – деп мәлімдеді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

– Елбасының тапсырмасы бойынша ауыл балаларымен де жұмыс істеу керек. Ауылдардағы жұмыс та істемейитін, оқу да оқымайтын балаларды жұмысқа орналастырып, болмаса оқыту үшін қазір мобильді топтар жұмыс істеп жатыр. Жалпы, мобильді оқыту орталықтары шалғайдағы елді мекендерге барып жастарды оқытады, – деді министр.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары