Тікелей эфир

"Қазақстан дамудың аса маңызды кезеңіне қадам басты". Ұлттық кеңестің бірінші отырысында не айтылды?

Фото informburo.kz
Фото informburo.kz
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы өтті.

Сөз бастаған Қасым-Жомарт Тоқаев:

– Бәріміз мемлекет қызметіне қатысты өзекті мәселелерді ашық талқылап, нақты ұсыныстар әзірлеуіміз керек. Мен Президент ретінде тиісті шешім қабылдаған кезде сол ұсыныстарды ескеретін боламын, – деді.


Фото informburo.kz


Оқи отырыңыз: Билік басындағы бір жыл. Президент Тоқаев қабылдаған маңызды шешімдер

– Мұндай бірлескен жұмыс елімізді дамытуға арналған реформаларды жандандыруға ықпал етеді. Бұл жұмысты бәріміз бірге атқарамыз. Біз елімізді жаңғырту жоспарын әзірлеуіміз қажет. Баршаңызға белсенді азаматтық ұстанымдарыңыз және ортақ іске қосқан үлестеріңіз үшін ризашылығымды білдіремін, – деді отырысты ашқан Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар, мемлекет басшысы жердің ешкімге берілмейтінін, халықтың мұң-мұқтажы әрқашанда ескерілетінін атап өтті.

"Біздің генетикалық кодымызды еңсерілмейтін қақтығыс деген ұғым жоқ"

– Жауласу мен дауласу халқымыздың өмір салтына тән емес. Біз әрдайым күрделі мәселені мәмілеге келу арқылы шешіп келеміз. Қазіргі мемлекеттік идеологияда "халық жауы", "бесінші колонна", "ықпалдың агенттері" деген ұғым жоқ. Әрі қарай да болмайды деген үміттемін. Біз өз азаматтарымыздың патриотизміне сенеміз, – деді Президент.

Ұлттық бірліктің тағы бір тірегі...

– Дамудың демократиялық моделіне ден қою. Өзіміздің ұлттық тарихымызда демократияның негізгі тіректеріне адал бола тұрып, әртүрлі өркениеттік тосқауылдардан өтіп кеттік. Ұлттық консенсус – біздің тарихи басымдығымыз, – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Халық бізден нақты ұсыныстар мен нәтиже күтіп отыр

Тоқаев бүгін дәл осындай жаңа форматта өтіп жатқан кездесудің өзі оң өзгерістерге бәрінің мүдделі екендігін көрсететіндігін атап өтті.

– Біріншіден, пікір плюрализмі. Ұлттық кеңесте әртүрлі әлеуметтік кәсіби топтар, сонымен қатар экономикалық, саяси көзқарастар мен ұстанымдардың кең ауқымды спектрі шоғырланған. Екіншіден, қоғамдық диалогты институттау. Біздің бірлескен жұмыс үшін барлық жағдай жасалған. Үшіншіден, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев негізін қалаған жаңғыру үдерісін "Бір ел, бір халық" болып жалғастыру арқылы, – деді Мемлекет басшысы.

– Халық бізден нақты ұсыныстар мен нәтиже күтіп отыр. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі осы міндетті ойдағыдай жүзеге асыратын бірегей құрылымға айналады деп сенемін. Біз халық сенімін ақтауымыз керек. Әрбір азаматтың мүдесі біз үшін өте маңызды, – деді Президент.

Ашық әкімдік – билік пен халық арасындағы кедергілерді жояды

– Ұлттық кеңес мүшелері күнделікті "Ашық әкімдік" тәжірибесін таратуды ұсынып отыр. Шынында да, біз басқарушылық мәдениеттің жаңа стандартына шығуымыз керек. "Ашық әкімдік" жергілікті биліктің қоғам үшін сервистік сипатта болып, халық пен билік арасындағы кедергілерді жоюға күш салады.

Алда бізді өзара сыйластықты талап ететін жауапты әрі күрделі жұмыс күтіп тұр. Өзімнің Жолдауымда мен қоғамдық жүйені модернизациялау жолын жалғастыруды тапсырдым. Қоғамдық саяси өмірін трансформациялаусыз экономикалық реформаларды жүргізу мүмкін емес екені белгілі, – деді Президент.

"Реформаға дайынбыз"

Мемлекеттің барлық саласы мен қоғамды модернизациялау – стратегиялық даму негіздеріне сай, азаматтық қоғамның пікірін талдау арқылы жүзеге асырылады.

– Алдағы реформалар, ең алдымен саяси жүйе азаматтардың мүддесін қорғай алатындай сипатта жүргізілуі тиіс. Біздің басты мақсатымыз өзгеріссіз қалады. Ол – мемлекеттің тұрақтылығы. Мемлекеттің барлық саласы мен қоғамды модернизациялау – стратегиялық даму негіздеріне сай, азаматтық қоғамның пікірін талдау арқылы жүзеге асырылады. Құрғақ уәделер мен популизм – ортаңқол саясаткерлердің ісі. Ал біз ойлы пайым мен прагматикалық мақсаттарға сүйенуіміз керек. Бұл қағидаттар біздің жұмыстың мазмұнын құрайды деген сенімдемін, – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев

Президенттің айтуынша, ешкім тоқырау кезеңде өмір сүргісі келмейді. Реформаға бәрі дайын. Тек қандай реформа керек деген сұрақ бар. Жауабы бірлесе айқындаған ұсыныстарда.

Қазақстан дамудың аса маңызды кезеңіне қадам басты

– Ел болашағы осы кезеңнен абыроймен өтуімізге байланысты. Сайлауалды бағдарламамда мемлекетті дамыту стратегиялық ұстанымдарымды айқындадым. Алдағы бес жыл ішіндегі негізгі бағыттарын атап көрсеттім. Алдымызда тұрған міндеттер күрделі, бірақ бәрін де шешуге болады. Менің барлық тапсырмаларымды іске асыру жоспары бекітілді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

– Ескі проблемаларға жаңаша шешім керек. Қоғамнан келетін үздік ұсыныстар мен идеялар сөзсіз қолданылады. Алғашқы ұсыныстарды ұлттық кеңестің ұйымдастырушылық отырыстарында айтылғанын кеңесшілерімнен біліп отырмын. Мен оларды жіті зерттедім. Ұлттық кеңестің жұмысы қоғамдық кеңестерді жаңа белеске шығаруы тиіс деген ұсыныспен келісемін. Азаматтық сектор өкілдерін ұлттық компаниялар мен әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялардың бақылау кеңесіне енгізу ұсынысын қолдаймын.

Азаматтық белсенділік ел тағдырына деген жауапкершілік, тұрмыс сапасын жақсартуға деген ұмтылыс халқымызды алға жетелейді. Осы ұстанымдарды басшылыққа алып, еліміздің дамуына тың серпін беру – маңызды міндет. Кез келген мемлекеттің өз түйткілі болады. Алға ілгерілеу үшін қордаланған мәселелерді уақытылы шешу керек.

Мемлекет басшысы қазіргі саяси-әлеуметтік, экономикалық және қоғамдық дамудың сипаты айтарлықтай өзгеретінін айтты.

Реформалардың қажеттілігі пісіп-жетілді

– Биылғы сайлау науқаны соны анық көрсетті. Ел өмірінде болып жатқан маңызды өзгерістерге құбылмалы әлемнің де ықпалы зор екендігін түсінуіміз керек. Дегенмен, Ұлттық кеңес жұмысының бастауында алдағы жұмыстың өте маңызды әрі түбегейлі сәттерін белгілеп берсем: біздің күш-жігеріміз дамуға бағытталуы тиіс.

Мен барлық уақытта шектеуге, шектелуге қарсы болып келемін. Бұл танымалдық әкелуі мүмкін. Бірақ, еш нәтиже бермейді. Ал бізге тек жемісті жұмыс керек. Сондықтан өзімнің Қазақстан халқына Жолдауымда саяси реформаларды алдыға ентелеместен, ойластырып, біртіндеп жүзеге асыратындығымызды баса атап өткен едім.

Тарихи дамудың логикасы осындай. Дегенмен, уақыт талабынан қалып қоймау керек, яғни, реформа реформа үшін емес, қажеттілік үшін. Реформалардың қажеттілігі пісіп-жетілді, ол барлығына да түсінікті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

55 зауыт туралы...

– Көрші елдің 55 ескі зауыты салынатыны туралы ақпарат – даңғаза қауесет. Тәуелсіздік пен мемлекеттілік – бұл қастерлі құндылықтарымыз. Билік пен қоғам ең алдымен тәуелсіздікті қорғап, мемлекеттілікті нығайтуға қызмет етеді.

Соңғы уақытта "Жер шетелдіктерге сатылады екен" немесе "көрші елдің 55 ескі зауыты көшіріледі", "мыңдаған шетелдік жұмыскерлер тартылады екен" деген сияқты түрлі қауесет әңгімелер тарап жүр. Халқымыз мұндай даңғаза әңгімелерге ермеуі қажет. Ондай қауесеттер адамдардың патриоттық көңіл күйін шебер пайдаланып жүрген ниеті дұрыс еместерден таралып жатыр, – деді Президент.

Ең бастысы мемлекет өз азаматтарын тыңдай білуі тиіс

– Мемлекеттің әлеуметтік саясатын қайта қарауымыз керек. Мемлекет табысын бөлуде әділдікті күшейтуге тиіспіз. Бірақ, масылдық пиғылдың орын алуына жол берілмейді. Өкінішке қарай, бұл кесел ұлттық мінез-құлқымызға кері әсерін тигізуде. Біз бүкіл қоғам болып, жұртшылықты еңбекке баулуға тиіспіз. Табысты жұмыс істегені үшін азаматтарды қаржылай ынталандыру керек. Бұл – мемлекеттің міндеті.

Осы маңызды белесте тәуелсіздігіміздің басты құндылықтарын нақты реформалар арқылы бекемдеуіміз керек. Ұлттық келісімнің тағы бір маңызды шарты – озық даму үдерістеріне ашық болу. Теріс жаһандық үрдістерге қарамастан, біз ашық мемлекет болып қаламыз. Қазақстан үздік стандарттар мен озық технологияларды игеру үшін бүкіл әлемге, халықаралық ынтымақтастыққа әрдайым ашық болады. Қазақстан қақтығысқа түсуді емес , бітімгершілікті, кемсітушілікті емес, өзара құрмет пен сыйластықты берік ұстанады, – деді ол.

Республикадағы жалпы салықтық және басқа да ауыртпалықты азайту керек

Президенттен кейін сөз алған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Рахым Ошақбаев: "Бұл бюджет кірістерін арттырады" дейді.


Рахым Ошақбаев, Экономикалық мәселелер бойынша топ мүшесі

Рахым Ошақбаев, Экономикалық мәселелер бойынша топ мүшесі / Фото informburo.kz


– Жолдауда айтылған тағы бір маңызды бастама: бұл – салықтар мен төлемдердің барлық бюджеттік қорларға бірыңғай төлемге біріктірілуі. Бұл тұрғыда консенсус бар. Мүмкін кезең кезеңімен жүргізуге болады.

Біріншіден, төлемді біріктіру, екіншіден, базалық аударымдарды бірыңғай жүйге келтіру керек. Үшіншіден, Грузияның моделін қарастырып көрген дұрыс болар деп ойлаймын, яғни, Грузияның тәжірибесі бойынша салықтық жүктемені 34%-дан 20-25%-ға дейін азайтуға болады. Біздің алдын ала есебіміз бойынша, егер салықтық жеңілдік болса, керісінше бюджеттің кірісі артады. Бұл дегеніміз Лаффер қисығының бойымен оңтайлы деңгейге ауысады, – деді Ошақбаев.

Сот жүйесіне өзгерістер қажет

Президенттің қатысуымен өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында адвокат Айман Омарова адам зорлау мәселесін көтерді. Айтуынша, ол қазір зорланған 9 баланың ісіне қатысып жатыр. Сол істердің бір-екеуін мысалға келтірді.

– Сарыағаш ауданындағы интернатта он үш жасар баланы бір жыл бойы зорлаған. Оны балалар "тесік" деп атаған. Жығылғанға жұдырық деп, Түркістан облысының соты зорлаған баланы ақтап жіберген. Өйткені интернатты жапқысы келмейді. Осы мәселеге көңіл аударуыңызды сұраймын, – деді Омарова Қазақстан Президентіне.

Адвокат Арқалық іргесіндегі ауылда болған оқиғаны айтып берді.

– Кішкентай ауылда 14 ер адам бір қызды зорлаған. Қазір ол ісің не болып жатқанын білмейміз. Ал қыз босанып алды. Полиция кінәлілерді қамаған да жоқ. Енді халықтың соңғы үміті – сот. Бәрі де сот әділетті болса екен деп ойлайды, – деді Омарова.

Халықтың сот жүйесіне сенімі азайған

Сондықтан бұл салаға өзгерістер қажет.

– Сотта тек адал, кәсіби мамандар отыруы керек, – деді кеңес мүшесі. Сонымен қатар, адвокаттың пікірінше, адам зорлау ісімен айналысатын арнайы департаменттер құру қажет.

Айман Омарова өз сөзінде "Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы", "Босқындар туралы", "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" заңдарға өзгерістер енгізу керек екенін айтты. Айтуынша, адвокаттар көмектерін ешкімнен қорықпай көрсетуі керек. Ал журналистер ешбір қысымсыз жұмыс жасауы қажет.

– Мысалы, қазір менде 13 журналист бар. Мен олардың құқығын қорғап жүрмін. Сенесіздер ме? Журналистерді қорқытқан, ұрған, тепкен, балағаттаған. Көбінесе полиция қызметкерлері. Бұндай болмау керек. Ол біздің имиджімізге қатты тиеді, – деді Айман Омарова.

"Қазақстан қарыз алған елдердің тізімін жасау керек"

– Бұл экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін керек, – деді Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, экономист Мұхтар Тайжан.


Мұхтар Тайжан / Фото informburo.kz


– Дүние жүзінде Қазақстаннан басқа да мемлекеттер бар ғой, көрші елдер бар. Менің ұсынысым – қанша өндіріс ашылды, осының нақты үлкен реестрін жасауымыз керек. Бұл сыртқы экономикалық қауіпсіздігіміз үшін өте маңызды деп есептеймін, – деді Тайжан.

Экономика неге дамымайды?

– Біздің ойымызша, оны мемлекеттің кінәсі деп айтуға болады. Өйткені мемлекет экономиканы өте қатал жағдайда ұстап тұр. Қазақстан экономикасында мемлекеттің үлесі, рөлі тым үлкен. Сондықтан мұны азайту керек. Сонда ғана жеке сектор дамиды, жаңа жұмыс орындары пайда болады, – деді экономист.

Тайжанның пікірінше, елде квазимемлекеттік немесе мемлекеттік секторды жаппай азайту қажет.

– Әлбетте, бұл өте күрделі үрдіс. Квазимемлекеттік компаниялар өз-өзін қысқарта алмайды деп ойлаймын. Сондықтан бұл процесті қоғамдық белсенділер, Ұлттық кеңес мүшелері бақылауға алуы тиіс деп санаймын, –деді ол.

Экономикамызда жасанды монополия көп

– Қай саланы алсақ та, қажет емес монополиялар бар. Олар бағаны ұстап тұрады, салдарынан инфляция жоғары болады. Шағын бизнеске және фирмаларға орын болмайды. Жұмыссыздық көбейеді, – деді экономист.

Ол экономиканы дамыту үшін сот жүйесі мықты, тәуелсіз әрі кәсіби болуы керек екенін атап өтті.

Елімізде саяси реформаларды бос сөз деп санайтындар көбейді

Саясаттанушы Айдос Сарым саяси реформаларға қатысты ұсыныстарды жариялады.

Сарапшының айтуынша, бүгінде саяси реформаларды бос сөз деп санайтындардың қатары көбейіп келеді. Қоғам ішінде біреулер өзгерістерді қаласа, енді біреулер ештеңе өзгермесе екен деп отырады. Ондай адамдар биліктің ішінде де бар.


Айдос Сарым

Саясаттанушы Айдос Сарым / Фото informburo.kz


Қазақстанда саяси үдерістердің негізін қалайтын 5-6 заң бар. Егер осы бес заң ырыққа келсе, дұрыс сайлау өтеді, саяси плюрализм мен саяси белсенділікке жол ашылады деген пайым бар. Бұл заңдар: 1995 жылы қабылданған "Митингтер туралы", 1995 жылдан бері мың рет жамалған "Сайлау туралы", 1999 жылғы "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы", 2002 жылғы "Саяси партиялар туралы" және "Парламент және депутаттар туралы", – деді Сарым.

Бұл заңдарды заман талабына қарай жаңадан жазып шығу қажет. Атап айтқанда, митингілер туралы заңда алдымен азаматтардың өз ойын айту құқықтарын қамтамасыз ету керек. Бейбіт шерулердің сипатын заңмен белгілеп қойған жөн.

Саяси партиялар туралы заңнамада азаматтардың саяси мүддесіне сай партияларға бірігіп, оларды құру мен мемлекеттік тіркеуге қатысты шектеулер азайтылуы тиіс. Ал бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңнама БАҚ деген ұғымды дұрыс анықтау, жалған ақпарат ұғымын декриминализациялау, дау-дамайды сотқа жеткізбей шешу тұрғысында қабылдануы қажет деп санаймыз, – деді ол.

Бұдан бөлек, жұмыс тобының мүшелері сайлау заңнамасы аясында парламент пен мәслихаттарды сайлаудың аралас жүйесіне көшіру, партиялардың мәжіліске өту межесін төмендету, халық аудан деңгейіне дейінгі әкімдерді тікелей сайлауы тиіс деп отыр.

Парламент депутаттары туралы заңнама да қайта қаралуы керек

Құжатта парламенттің атқарушы биліктен тәуелсіздігін қамтамасыз ету, парламенттік оппозицияның қызметіне мүмкіндік беру, парламент қызметінің ашықтығы мен жауапкершілігін арттыру мәселесі қамтылуы тиіс, – дейді Сарым.

Елімізде саяси реформалар туралы айту оңай болса да, оны іске асыру – қиын мәселе.

Ұлттық рухты көтеру – ең басты міндетіміз

Ақын, журналист Қазыбек Иса Ұлытауға сапардың тарихи маңызын атап өтті.

– Ұлттық мүддені қорғау ұлттық рухты оятудан басталады. Таяуда ұлт тарихындағы Ұлытауға Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан президенті ретінде тұңғыш сапар жасап, зиярат етіп қайтты. Босқа барған жоқ. Күллі түркі әлеміне үлгі болатын ордалы ой айтты.


Қазыбек Иса

Қазыбек Иса / Фото informburo.kz


– Еуразия кеңістігінде ерекше зор алып империя Алтын орданың 750 жылдығын мерекелеу туралы бастама көтерген мемлекет басшысы: "Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошының мазары қазақ жерінде тұрғанын бүгінде елімізде және шетелдегі жұртшылықтың көпшілігі біле бермейді. Оның тарихи тұлғасына әлемнің назарын аударып, кесенесін мәдени туризм нысанына айналдыру өте маңызды міндет" деп атап өтті. Мемлекет басшысының Ұлытау сапары мен ұлағатты сөздері рухымызды көтеріп, еңсемізді биіктетті. Иә, Алтын орданың атасы Жошы ханның тұлғасын сақтау түгел түркі жұртына ортақ іс, – деді ақын Қазыбек Иса.

Халықты толғандырып жүрген тағы бір мәселе – зейнет жасы

– Мұны экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан зерттеп, қайта қараған дұрыс. Біздің экономикамыз өсіп, қадамымыз қарыштап келе жатыр. Олай болса, зейнеткерлік жасына алты ай қосып, ұзарта бергеннен гөрі, алты ай түсіре беретін болсақ, 55 пен 60 жасқа келіп тоқтасақ, жүздеген мың халыққа тағы жұмыс болар еді деген сенімдеміз, – деді Жәнібек Қожық.


Жәнібек Қожық

Жәнібек Қожық, қоғам қайраткері/ Фото informburo.kz


Бұдан бөлек, Қожық шет елдерден қарапайым жұмысшыларды емес, тек білікті мамандарды ғана тартуды ұсынды. Оның пікірінше, елімізде шетелдік жұмысшыларға берілетін квотаны азайту қажет.

– Басқасын былай қойғанда, бір ғана Теңізшевройлдың өзінде 50 мыңға тарта адам жұмыс істесе, соның он мыңға жуығы – шетелден келген азаматтар. Олар – білікті маман емес, бірі кран айдайды, бірі – шопыр, енді бірі қарапайым қызметте. Осының бәрі арада әлеуметтік жанжалдың шығуынга себеп болып жатыр. Егер біз тек мықты мамандарды жинайтын болсақ, жүздеген мың халыққа жұмыс болар еді. Осы мәселені қарастырып, заңды күшейткен дұрыс деп санаймыз, – деді ол.

Жастар мамандығы бойынша жұмыс істемейді

Біздегі Білім және ғылым министрілігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі адам капиталын бірлесіп дамыта алмай отыр, дейді саясаттанушы Саясат Нұрбек.


Нұрбек Саясат / Фото informburo.kz


– Бірінші мәселе: білімге деген жаппай сұраныс жоқ. Жалпы ішкі өнімнің азайып кеткеніне қарамастан, бізде тиімсіз жұмыс орындары сақталған. Білім беру жүйесі білім экономикасының мамандарын әлі күнге дайындамай отыр. Жоғары білімнің бұқаралық сипат алып кеткенін Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің Жолдауында да көтерді. Жоғары білімнің бұл мәселесіне енді ғана жүйелі қарап жатырмыз. Сөйте тұра, білім беру жүйесі бизнеске құлақ аспайды.

Жұмыс берушілердің 91 пайызы түлектердің практикалық білімі мен машығы жоқ екенін айтады. Диплом иелерінің жартысына жуығы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. 25 жастан кейін біздің адамдар білім алуды тоқтатады. Біліктілігін арттыруға зер салмайды.

"Еңбек кедейлігі" деген түсінік қалыптасты. Мысалы, бізде дәрігер мен көлік жүргізушісінің айлықтарындағы айырмашылық 20 пайыздан аспайды. Ал АҚШ-та бұл көрсеткіш – 260 пайыз, Германияда 174 пайыз, Бразилияда 172 пайыз. Осылайша, неғұрлым жоғары білікті, шығыны елеулі мамандықтарға сұраныс байқалмай отыр. Бұл өте күрделі проблема, – деді Саясат Нұрбек.

Белсенді азаматтарды ұлттық компаниялардың директорлар кеңесіне енгізу керек

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың квазимемлекеттік секторды қысқарту туралы ұсынысын қолдаймыз. Қазақстанның бүкіл экономикасының 60 пайыздан астамын құрайтын аталмыш сектор жұмысының ашықтығы мен есептілігін арттыру мақсатында бір білікті азаматтық белсендіні әр ұлттық компаниялардың – "Самұрық-Қазына", "Бәйтерек", "Казагро" және олардың еншілес компанияларының директорлар кеңесіне, сондай-ақ, өңірлік әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялардың директорлар кеңесіне енгізуді ұсынамын, – деді "Almaty Management University" президенті, қоғамдық қайраткері Асылбек Қожахметов.


Асылбек Қожахметов

Асылбек Қожахметов / Фото informburo.kz


Ол мемлекеттік органдар халыққа қызмет етуі керек деген қағида орындалмай келе жатқанын мәселе етіп көтерді.

Елімізде мемлекеттік органдар кеңселеріне азаматтардың қол жетімділігі наразылық тудырады. "Халықтың мемлекеттік кеңселерге емес, мемлекеттік кеңселердің халыққа қызмет етуі керек" деген қағида орындалмай келеді.

– Мемлекеттік органдардың азаматтарға айқара ашылған есігін көру мүмкін емес. Сондықтан, сәтті тәжіриебелерді қолданып, әр меморганда кездесулер мен көпшілік іс-шараларды өткізу үшін Үкіметтік емес ұйымдар өкілдеріне рұқсат құжаттарынсыз, шектеу жасалмай, ұялы телефондарымен кіре алатын әр мекеменің бірінші қабатында арнайы көпфункционалды кеңістік құру жөнінде ұсыныс жасаймын, – деді Асылбек Қожахметов.

Біздің елдің ең басты проблемасы қандай?

Қазақстандық кинорежиссер, сценарист әрі жазушы Ермек Тұрсынов:

– Осы уақытқа дейін сауда орталықтары, базарлар, мейрамханалар мен мешіттер салып келдік. Бұл дегеніміз, адамдар тез ақша тауып, оны тойға шашып Аллаға шүкір деп отыра береді дегенді білдіреді. Неге?

Өйткені, ұзақ уақыт бойы бірінші экономика, содан кейін саясат деген принициппен өмір сүрдік. Қазір бәрі өзгеруде. Бірақ, менің ойымша алдымен мәдениет болуы керек, – деді.


Ермек Тұрсынов

Ермек Тұрсынов / Фото informburo.kz


Мәдениетсіз адамды үлкен саясатқа да, үлкен экономикаға да жіберуге болмайды. Барлық жерде мәдениет бар. Мысалы, қаржылық мәдениет, әлеуметтік мәдениет, саяси, спорт мәдениеті...

– Мен адамгершілік минимумы туралы айтып отырмын. Мәселен, жемқорлықпен күрес дегеніміз адамгершіліктің болмауымен күрес. Бір сөзбен айтатын болсақ, дұрыс тәрбие көрген, дұрыс кітап оқыған адам тендерден ақша ұрламайды, зорлық жасамайды, пара алмайды.

Мемлекеттің негізі – ар-ождан. Ал оны тек мәдениет оята алады. Білім беру мен мәдениет бір емес. Әйтпесе, айналамызда білімділер көп.

Мен біздегі мәдениетке деген көзқарасымызды өзгертуді ұсынамын.

Бізде бірде бір Нобель лауреаты жоқ. Мүмкін бар шығар, бірақ әлем олар туралы білмейді.

Мәселен, Димаш немесе Ержан Максим бір жерде жеңсе, шенеуніктер өз жетістіктері сияқты көрсетуге асығады. Бұл – Димаш пен Ержанның жетістігі. Оларды өз елінде мойындамаған соң, шет елде өздерінің таланттарын дәлеледеп жүр, – деді кинорежиссер.

Айта кетейік, Ұлттық кеңес президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен шілде айында құрылған. Осы уақытқа дейін құрамы мен негізгі міндеттері айқындалды. Қырықтан аса қоғам белсендісі оған мүше ретінде енді. Ал осыдан бір апта бұрын Президент Әкімшілігінің басшысы, Кеңес төрағасының орынбасары Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен алдын ала жиын өтіп, кеңес мүшелеріне куәліктер тапсырылды. Ұлттық кеңес Президент жанындағы консультативтік орган ретінде жұмыс істейді. Жүктелген міндеттерді орындау үшін мемлекеттік органдар мен ұйымдардан қажетті ақпарат, құжат яки кез келген материалды сұрата алады.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары