Прямой эфир Новости спорта

Жанашыр болуға жаралған

Ер-азамат халқымыздың ең ізгі қасиеті бойында сақталғаны үшін қарындасқа қарыздар!

Қасірет пен қасиет

Қазақ даласына ХХІ ғасырдың жиырмасыншы жылында қайғы-қасірет әкеліп жатқан коронавирус көп жәйтке көпшіліктің көзін ашты. Үкіметтің жайбасарлығы, денсаулық сақтау ісінің сын көтермейтіндігі әлеуметтік желіде айтыла-айтыла жауыр болды. Той-томалақ, өлім-жітім десе, үйде отыра алмай, елпілдеп кететін мінезге қатысты орынды сын аз емес.

Мұның сыртында заңды, тәртіпті, бекітілген ережені сақтамау жағынан әлемдегі 50 мен 30 не, алғашқы 5 елдің бірі екенімізді тағы осы қатерлі жұқпалы дерт көрсетті. Оны шетел басылымдары мысқылдай жазды. Дамудың басты тетігі мұнай мен металл емес, білім мен тәртіп екенін санаға сіңіргенше қанша ұрпақ ауысарын қайдам. Білімге дендеп, тәртіпке көнгенде бұл ауру басталғалы берідегі адам шығыны қазіргіден әлдеқайда аз болар еді.

Келесі қасірет мынада. Ел басына күн туғанда содан пайда табуға тырысу әрекеті жаппай етек алды. Үкімет жекешелендіру жылдары дәріханаларды жаппай саудаға салып, жекеменшіктің қолына тапсырғаны мәлім. Ол қадамның қаншалықты дұрыс, әлде бұрыс екендігі тура осы кезеңде сынға түсті. Жекешедегі дәріханаларда бағаның екі еседен он есеге дейін күрт өсіп шығуы немесе көпшіліктің іздеген дәрісінің құрып кетуі – дені дұрыс үкіметті ойландыруы керек.

Оқи отырыңыз: Препарат бар, парасат жоқ

Ал мемлекеттік ауруханалар мен емханаларды жабдықтауы тиіс мекеменің былығына арнап америкалық немесе оңтүстік корейлік режиссер тамаша фильм түсірсе болады. Сценарий дайын. Өмірдің өзі. "Борат" сияқты келеке емес, шыңғырып тұрған шындық экранға шығар еді.

Басқасын қойшы, аурудың алдын алу мен одан емделу үшін халыққа қуатты тағам мен нәрлі табиғи сусын қажет деген кезде қымыздың бағасын екі есеге көтере қойғандарға не деуге болады? Сұраныс бар екен деп бағаны аспандату – иманға сыймаса да, заңға сыйып тұрған көрінеді. Демек, сауда-саттық, баға, алыпсатарлық туралы заңдарды қайта електен өткізбей болмайды.

Осының бәрі – Қазақстанды төтенше жағдайға тап қылған "covid-19-дың" сабақтары.

Сөйте тұра тура осындай аласапыран жағдайда бірнеше ұлттық тамаша қасиеттеріміз жарқырай көрінді. Ауыл-аудан азаматтары бірлесіп, жергілікті ауруханаларға қолдан тыныс алдыратын құрылғылар мен оған қажет оттегі баллондарын жеткізіп жатты. Жетпей жатқан дәрі-дәрмек мәселесін де осындай ұйымдасу жолымен шешуге тырысты.

Ақылы бар азаматтар қатерлі дертті ортақтасу арқылы шегіндіріп, ауыздықтауға боларын түсінді. Отыз жыл көше-көшеге керіліп, қабырға атаулыға жапсырылып, төбе-төбенің бәріне тұрғызылған, одан қала берді бұқаралық ақпарат құралдарының бетін бермейтін саяси ұрандар жеткізе алмаған бірлікке аяқ астынан ел шетіне тиген коронавирус жеткізген сынайлы. Парадокс болса да, осыны мойындау керек-ау.

Сол сияқты жекелеген иманды ауыл адамдары өздері өндірген қымыз бен шұбатты, құрт пен майды ауруханаға тегін әкеліп жатты. Біреулер бағаны өсіріп, жұқпалы дерт кезеңінен пайдамен шығуды ойластырғанда, тәубе, сол ұлттық сусындарды сатпай, қажет науқастарға тегін таратып берген жомарттарымыз бар екен.

Қасірет пен қасиет қатар жүрген күндердің бір көрінісі осындай.

Оқи отырыңыз: Жүйе мен жүйке жолыққанда

Зырыл мен шырыл

Коронавирус бүкіл елді зыр қақтырды. Әрине, әр адам үшін ең қымбаты – жан. Қазақ мұндайды "шыбын жан" дейді. Сырын түсіндірсек, оның ұшып кетуі оңай.

Жаппай жұртты жайлаған қатерлі дерт кезінде шыбын жанды сақтау оңай болмады. Дәрі табу мен дәрігерге қаралу дегеніңіз – ең басты, әрі шешілмейтін түйінге айналып кеткен шақта зырылдап жүрмегенде, қайтесің?

Жеке адамдардың қалай зырылдағанын көзіміз көрді. Талайын танитын және араласатын едік. Ағасы мен жеңгесі, оған қоса інісі ауырған бизнесмен досымыздың бір ай бойы шетелден дәрі іздетіп, оны сонау Мәскеу арқылы жеткізіп, қаншама қаржы шығарғанын және түрлі мемлекетте қаншама адамдарды сабылтқанын көрдік. Ал отандық медицина орнықты жұмыс істеп тұрса, ол мұншалықты әбігерге түсер ме еді. Соның өзінде жеңгесін аман алып қалғанымен, аға мен ініден айырылды. Осыдан кейін біздің үкіметтік мекемелерге, мемлекеттік денсаулық сақтау саласына қалай іші жіби қойсын?!

Мемлекеттегі ем таппай, тауыстарын қалай сақтап қаларды білмей зырылдаған адамдарға сырттағы қазақтардың шырылы қосылды. Үкіметтік органдар олардың жанашырлық әрекетін жедел қоштай қоймады. Бір жақтағылар ізгілік көмек ретінде жинаған дәрі-дәрмек пен медициналық жабдықтарын кеденнің кедергісінен өткізе алмай әуре-сарсаңға түсті. Екінші жақтағылар жинап берген көмектері жарты айлап сол қалпы қазақ даласына жетпей, консул ғимаратында үйіліп жатқанын көріп налыды.

Қарапайым адамдардың күрделі кезеңдегі шырылы мен зырылынан үкімет ештеңе үйренбей-ақ қойды. Онда сол баяғы жайбасарлық байқалды. Сол баяғы жоғары жақтан нұсқап көрсетпесе, өз бетінше шешім қабылдай алмайтын дәрменсіздік көзге ұрып тұрды.

Қысылтаяң шақта президент бүкіл басқару аппаратын қайта құру керектігін айтқанымен, "баяғы жартас, сол жартас, қаңқ етер түкті байқамас" қалпында қалды. Қазақстан өйтіп-бүйтіп көп құрбандықпен бұл қатерлі дертті ауыздықтар-ау, бірақ, елдегі шемен болып қатып қалған бюрократияны бұза алмас деген пікірдің әлеуметтік желіде өріп жүргені содан. Зырылды да, шырылды да тудырған және сол бес батпан бюрократия.

Оқи отырыңыз: Сарсылған сана

Туыстар мен ту ұстар

Жоғарыда жазғанымыздай, коронавирус қасірет әкелумен қатар біздің бойымыздағы бірқатар ұлттық қабілеттеріміздің қайта байқалуына себепкер болды. Соның бірі – қазақтың туыстық қарым-қатынасы.

Біз – туыстық сезімді сақтаған халықпыз. Тілдік қорымыздағы "бауырмал", "етжақын", "қаншыл" деген сияқты сөздер сол сезімнің арқасында пайда болғаны даусыз.

Қашсаң құлыта алмайтын жаһандану үдерісі осы бауырмалдық дәстүрге селкеу түсіре бастаған еді. Сауда-саттықтың алыпсатарлық деңгейіне дейін шығып кетуі, салқын қабақ саясат салдарынан ауылдардың азып-тозуы, баршаның арқасына нарық ауыртпашылығы батып, мойнына несие тұзағының түсуі, көптеген отбасылардың жайлы жер іздеп шетелге көшуі, талапты та талантты жастардың өз елінен өріс таппай, шекараның ар жағынан нәпақа іздеуі, тәрбиелік кітаптар мен мақалалардың, хабарлардың орнына қызық қуған, өсек терген тақырыптардың қаптауы және тағы басқалары біздің туыстық қасиетіміздің іргесін сөгіп, туырлығын ысыра бастаған.

Осындай уақытта байтақ ұлыс әлемдік сұрапыл дертке тап келді. Жаһанды жаппай жайпаған "covid-19" тұсында осы туыстық қатынас қайта тіріліп, жалмауыз жұқпалы ауруға қалқан болуға жарады. Жоғарыда бизнесмен досымыздың өз ағасы мен інісі үшін жанталаса шетелден дәрі алғызғанын мысалға келтірдік. Мұндай мысалдар 2020 жылғы наурыз айынан бері ел ішінде жүз мыңдап саналса керек. Бірқатарына өзіміз куә болдық.

Белгілі әнші Рамазан Стамғалиев өзінің бауыры, ол да талантты азамат Ерланды коронавирус тырнағынан арашалап қалу үшін қаншама аурухананың табалдырығын тоздырғанын біреу білсе, біреу білмес. Ал ауру шешесіне ауа жетпегенде өз аузымен дем үрлеп, өмірін тәулікке болмаса да, сағаттарға ұзарту үшін жанталасқан белгілі ақын, атақты "Көк тудың желбірегені" әнінің авторы Алмас Ахметбековтікі осы әрекеті – туыстық қамқорлықтың ең жарқын үлгісі емес пе!

Оқи отырыңыз: Өлшемдер өзгергенде

Алмағайып, аласапыран кезеңде қайта жанданған жанашырлық қасиеттің өзіне көз алартқандар табылғаны өкінішті. Әлеуметтік желіге оңтүстік өңірден жариялаған бір қыздың жазбасы бүкіл қазақ елін елең еткізді. Ол ауруханада дем жетпей қысылып жатқан анасы үшін қолдан тыныс алдыртатын құралды өзі тауып, апарып берген. Бірақ, аппаратты түнделетіп дәрігерлер басқа ауруға ауыстырған да, содан ана кісі қайтыс болыпты. Бұл – бір адамның тағдырына ғана емес, бүкіл қазақтық қасиетке қарсы жасалған қастандық дер едік.

Әттең, бізде кісі өліміне қатысты тергеу жүргізіліп, айыпты анықталуы, жазасын алуы мүмкін, бірақ қазақы салт-дәстүрге қарсы әрекет жасағандарға еш жаза жоқ. Бұл оқиғаның осы астары ойландырады. Ал өзіне тиесілі аппарат басқаға ауыстырылғандықтан қайтыс болған ананың өліміне қатысты тергеу болды ма, кінәлі анықталып, ол жазасын ала ма, бұл жағы белгісіз. Қазақстандағы құқық қорғау мен сот саласы талай істі "су аяғы – құрдым" етіп жіберді. Оған қоғамның еті үйренген. Бұл жағдай соның бірі болып, ендігі елеусіз қалған шығар.

Десек те, әр әулеттен ту ұстар азамат шығып, бүкіл туыстарға жұқпалы дерт кезінде қамқор болуы – ежелгі ұлттық салттың қайтадан көрініс тапқаны. Бұған тәубе деу керек.

Оқи отырыңыз: Қоғамның қос шелегі

Жан құрбан мен нәр құйған

Бұл тақырыптың ең маңызды тұсына жаңа жеттік. Қолымызға қалам алғызған себептің бірі – көпке белгілі телевизия маманы Ләйла Сұлтанқызының әлеуметтік желідегі жазбалары еді. Туған ағасының сауығып кетуі жолындағы жазбалары қалай жүректі ауыртты десеңізші.

Қазақстандағы ең білікті дәрігерлерді іздегені, дерттің беймәлім тұстарын табу үшін қаншама медициналық анықтамалықты ақтарғаны, өзі жылап-жылап үні шықпай қалғанда анасымен сөйлесу үшін дауысын қалай қалпына келтіретіні, ел аумағында таптырмаған дәріні қалай алдырғаны туралы жазбалары жүректі елжіретпей қоймайтын. Елжіреткен не, оқып отырып өзің егілетінсің.

Тіпті, ағасының отбасы үшін несие алмастан үй салмақ болып құйып қойған іргетастың бейнекөріністерін жариялады. Ағасының мешітте ерікті түрде жұмыс істегенін, бірнеше рет қажылыққа барғанын еске алып жазып, ол жақтан да қолдау іздеді. Амал не, қарындасы асыл ағасынан айырылып, көкірегі қарс айырылды. Ақыр аяғында балалары да, күйеуі де жұбата алмайтын жағдайға тап болғандағы жазбасын тұла бойың шымырлап тұрып оқисың.

Әр қазақ үшін қарындасы ең жанашыр жан екенін Ләйладан ғана көрмедік. Мұндай жазбалар осы 2020 жылғы наурыз айынан бері әлеуметтік желіні толтырып тастады.

Иә, ойлап отырсақ, қарындас ықылым заманнан бері аға үшін, әулет үшін жанын қиюға даяр еді ғой. Жанын қиған да. Қазақ аңызы мен тарихында оған мысал көп.

Атақты "Қобыланды батыр" дастанын қолға алып, көз салыңыз. Батыр жаумен соғысатын сапарға шығарда қарындасы Қарлығаш не дейтін еді:

Басымда бар алтын шоқ,

Көкешім барда, көңіл тоқ.

Көкежан, сені көрмесем,
Басымнан өтер дүние боқ,

Табаныма тиер шоқ.

Сізге деген Құдайдан

Бізге болсын ажал-оқ!

Міне, қарындастың тілеуі осындай. Ағасына кезелген ажал оғына өз басын тігеді. Өзінің өмірін қию арқылы ағасының өмірін сақтап қалуды парыз деп біледі.

Оқи отырыңыз: Табынған мен таптаған

Бұл ғажап қасиет кешегі күндей күркіреп өткен Екінші дүниежүзілік соғыста тағы жарқ етіп көрініс берді. Сол жылдары әлдебір қарындастың қайғы-мұңынан, сағынышты сезімінен пайда болып, күллі қазақ даласына тараған әнге құлақ түріңіз:

Қан майданның ішінде көкем жүр-ау,

Мылтық кезеп көкеме неміс тұр-ау.

Көкем-ау,

Қашан келер екен-ау!

Мен тағдырдан сұраймын күндіз-түні-ау,

Көкеме атқан жау оғын маған бұр-ау.

Жан көкем,

Дидарыңды бір көрсем!

Бұл ән Құдайды, Тәңірді, Алланы жоққа шығарған кеңестік-коммунистік заманда туғандықтан амал жоқ "тағдырдан сұраймын" деуге тура келген. Бәрібір ар жағында әлгі "Қобыланды батыр" жырындағы сияқты "Құдайдан сұраймын" дегені аңғарылып тұрған жоқ па!

Айтпақшы, осы әнді белгілі жазушы Әзілхан Нұршайықов "Махаббат, қызық мол жылдар" романында келтіреді. Аудиторияда үш қыз қосыла шырқайды. Соғыс енді аяқталған кез болғандықтан алдында ғана қан кешіп оралған майдангер студентке бұл ән қатты әсер етеді.

Өкінішті жері, "Көкем-ау" әні тарихтың терең қатпарында, әлгі романның бетінде қалды. Енді ешкім шырқамайды. Оның орнын жеңілтек, дарақы, дүбәрә, түсініксіз әндер толқыны басты.

Негізі "Көкем-ауды" кітаптағыдай үш әнші қызға қосыла орындатып, ара-тұра радиодан беріп тұрған артық болмас еді! Сонда ағасы үшін жаны құрбан, әр жүрекке нәр құйған қарындастың бейнесі әркімнің көз алдында тұрар еді, құлағында жүрер еді. Қазіргідей қызды қорлау мен жәбірлеу жаппай көрініс берген заманды шама-шарқынша түзеуге оң ықпал етер еді.

Не керек, қазақ халқының қымбат қазынасы – қарындастың сезімі екенін басқа тұрмақ, мына коронавирусы құрғыр дәлелдеп берді. Бүкіл ер-азаматтар халқымыздың ең ізгі қасиеті бойында сақталғаны үшін қарындасқа қарыздар екенін осындай ауыр шақта бір мәрте көрдік! Ал осыған дауыңыз бар ма?

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Популярное в нашем Telegram-канале
Новости партнеров