Прямой эфир Новости спорта

Қазыққа байланған қанат

Коронавирустың қорлығына ұшыраған сала қайсы десең, ауызға алдымен авиация түседі.

Кілемдей карта керексіз

Түнге қарай, жатар алдында аспан кеңістігі арқылы қайда қандай ұшақ самғап бара жатқанын көрсететін сайтты бір қарап шығамыз. Онсыз ұйқымыз шала болатын сияқты.

Әзірбайжанның атақты Анар атты жазушысы бар. Студент кезімізде "Ақ жағалау" атты кітабын оқығанбыз. Сонда бір кейіпкердің төсегінің жанындағы қабырғада Кеңес Одағының үлкен картасы ілулі тұрады.

Әлгі жігіт көзі ілінер алдында картаның төсекке таяу шетіндегі Үржар, Мақаншы, Ақсуат сынды жазуларды оқуға әдеттенген. Ойша кең даланы, үйір-үйір жылқыны, ақшаңқан киіз үйлерді елестететін. Қазір технология өзгерді. Бір өзі бір кілем сияқты қағаз картаға деген мұқтаждық жоқ. Қандай карта қай уақытта керек болса, интернетті ашып, қолыңыздағы смартфоннан немесе алдыңыздағы монитордан қарай беріңіз.

Оқи отырыңыз: Ұяға оралған ұят емес

Технологиямен қатар саяси карта да өзгеріске ұшырады. Бір ғана бояумен боялатын алып Кеңес Одағы деген мемлекеттің өзі келмеске кетті. Жеке-жеке шаңырақ көтерген түркі мемлекеттері бір-бірімен еркін байланысқа түсті. Қайбір жылы Әзірбайжанның өзімізді тамсандырып жүрген Анар мен Елшін сынды атақты жазушыларымен еркін жүздескенбіз. Анардың бір шығармасын ауызға алған соң екінші қаламгердің еңбегін ескермей кетсек, қиянат шығар. Елшіннің одақтық журналдың біріне шыққан "Күміс фургон" атты хикаясын оқып, тәнті болғанбыз.


Автор әзірбайжан қаламгерлері Анар және Елшінмен пікірлесіп тұр

Автор әзірбайжан қаламгерлері Анар және Елшінмен пікірлесіп тұр / Фото автордың жеке мұрағатынан алынды


Сонымен түнгі ұйқыға кетер алдында әлемдік әуе диспетчері секілді он-он бес минут монитордан қай елдің, қай қаланың үстімен қандай ұшақ өтіп жатқанын көріп аламыз. Бұрын Еуропа, АҚШ, Ресейдің Мәскеу өңірі құмырсқаның илеуі іспетті еді. Өз еліміздің үстінен 15-20 ұшақ кетіп бара жататын.

Оқи отырыңыз: "Тауыңды танисың ба?" Коронавирус сұрақ қоя алатын болса, талайлардан тура осылай сұрар еді

Енді ана дамыған аймақтардың илеуі бәсең тартыпты. Қазақ аспанында ұшақтар күзгі арадай сиреп қалыпты. Төрт-бес шетелдік, онда да негізінен почта, жүк таситындар Еуропадан Оңтүстік-Шығыс Азияға немесе керісінше ұшып бара жатқанын көрдік. Біздің "Эйр Астана", оның отау шығарған "Арыстаны", тыным таппай тыпырлайтын "Скат" пен ебелектері ербеңдейтін "Қазақ эйр" тым-тырыс. "Бек Эйрдің" онсыз да шипасы біткен. 2019 жылғы 27 желтоқсанда Алматы әуежайы түбіндегі апаттан соң оның ұшақтарының ұшуы уақытша тоқтатылған. Ал 2020 жылғы 17 сәуірде оған берілген сертификат түпкілікті күшін жойды. Ендігі дау бір кезде сатылған билеттердің ақшасын қайтаруға ғана қатысты.

Осы Алматы әуежайына қонған кезде "Бек Эйрдің" тірліксіз тізіліп тұрған, кезінде ауылдағы "Москвич" машинасы сияқты бірінің бөлшегін екіншісіне салған ұшақтарына әлде аяушылықпен, әлде мысқылмен қарайтын едік. Енді басқа, ұшу құжаттары дау тудырмайтын жоғарыдағы әуе компанияларының ұшақтары да жіпсіз байланып тұр. Жердегі вирус көктегі ұшақтардың өзін тәубеге түсіріпті.


26 сәуір күні 14 сағат 15 минутта Қазақстан аспаны арқылы ұшып бара жатқан ұшақтар

26 сәуір күні 14 сағат 15 минутта Қазақстан аспаны арқылы ұшып бара жатқан ұшақтар / www.flightradar24.com сайтынан скриншот


Оқи отырыңыз: Коронавирус майданы. Батырлар жыры сарынына салғанда...

Електен өткен деректер

Неге екенін қайдам, әзірге отандық әуе компанияларының коронавирус кесірінен қаншалықты зардап шегіп тұрғаны туралы ақпаратты жолықтыра қоймадық. Бұл құпиялай қоятын құжат емес. Әлгі компаниялар толық немесе жартылай жекеменшікке қарасты. Пандемия кезінде мемлекеттің қазынасынан жеке бизнеске көмек, қолдау ретінде көрсетіліп жатыр. Оның саны да, сипаты да жариялануда. Бірақ, әуе компанияларына қаншалықты көмек көрсетілгені жайында ешкім тіс жарған емес. Ал әлемде не болып жатқаны туралы ақпарат соны қардағы қоянның ізі сияқты сайрап жатыр.

Коронавирустың салдарынан аспан арқылы халықаралық жолаушылар тасымалдау жойқын дағдарысқа ұшырады. Шекаралар жабық, үлкенді-кішілі қалалар карантинде деген себептермен бұл саладағы бағыттың 98 пайызы тоқтады. Сәуір айының өзінде 15 мың ұшақ ұшуды қойды. Әлгі сайттағы құмырсқаның илеуінің сиреп қалған көрінісін осындай цифрлар өрнектейді.

15 мың ұшақ дегеніміз әлемдік әуе флотының 70 пайызы көрінеді. Бұл да шегі емес, 2020 жылғы мамырдың басында әрбір бес ұшақтың төртеуі қаңтарылып қалмақ. Сонда ұшып жүретін бөлігі негізінен жүк таситындары болмақ.

Оқи отырыңыз: Коронавирустан кейін...

Азаматтық әуежайлар лық толған. Кейбір әуе компаниялары амалсыздан әскери базаларды жалдап, ұшақтарын соларға қойыпты.

Коронавирус әлемді жайлай бастаған наурыз айының басында Әуе көлігінің халықаралық қауымдастығы (IATA) жолаушыларды тасымалдау көрсеткіші осы жылы 113 миллиард долларға төмендейді деп болжам жасаған. Бұл халықаралық ұйымға 290 әуе компаниясы қосылған. Біздің жолы болмаған "Бек эйр" кезінде "бәрібір халықаралық бағытта ұшпаймыз" деген сылтаумен ұшақтарын осы әлемдік мекеменің тексеруіне ұсынбай қойғаны бар. Сұрайтын ақыны көпсініпті. Сараңдықтың неге жеткізгені енді бәрімізге белгілі. Хош, бұл – әлбетте, басқа сораптағы сөз.

Енді салаға қатысты наурыз айындағы күдік одан да күшейе түсті. 2020 жылғы 25 сәуірдегі жаңа болжам бойынша, жылдық түсім 314 миллиард долларға азаймақ екен. Бұл бүкіл табыстың 55 пайызын құрайды.

Оқи отырыңыз: Супер кептер самғайды

Шығынның бір бөлігі бұрын сатылып, бірақ орындалмай қалған сапардың билетін қайтаруға қатысты. Бұның өзі 35 миллиард долларға шығыпты. Ақшадан айырылғысы келмейтін компаниялар жолаушыларға сапар күнін өзгерту немесе ваучер алу туралы ұсыныс айтып, жанталасып жатыр.

Тағы бір дерек: әуе көлігі мен оған қатысты бизнесте жер жүзі бойынша 65 миллион 500 мың адам жұмыс істеген. Соның 40 пайызына қысқартуға ұшырау қаупі төніп тұр.

Саланы тығырықтан шығару үшін әлгі халықаралық қауымдастық 200 миллиард доллар қажет депті. Кейбір ірі компаниялар өздерінің қорда сақтаған қаржысын шығаруы мүмкін, бірақ жаппай үкімет көмегінсіз іс оңға баспайды. Алпауыт компаниялар өздеріне бәсекелес орташа немесе ұсақ компанияларды үкіметтің қаржыландыруына қарсылық білдіріп жатыр. Содан екіншілері банкрот деп танылуда. Мұның мысалын Ұлыбританиядан көруге болады.

Оқи отырыңыз: Коронавирустың күтпеген тұсы

Қазір ұйымды толғандыратын сұрақ қай ел қандай компаниясына қаншалықты көмектеседі дегенге саяды. Мұндайда мынау үкіметке ұнайтын немесе сүйкімсіз көрінетін компания ғой деген ой да алдан шығуы мүмкін. Тіпті, мәселе мемлекеттік құрылымға, елдің бюджетінің мөлшеріне қатысты деп топшылайды IATA.

Аспанның кеңігені анық

Біздің студент кезімізде әдебиет әлеміне шыққан жас ақынның бірінде ұшқыш пен шоферді айтыстырған өлең болған. Сонда жердегі қара жолдың жүргізушісі ұшқышқа "сен қандай бақыттысың аспаның кең" деп тамсанатын. Аспанның нағыз кеңіген кезі енді келді. Көкке қарап қызығатын шофердің өзіне көше бос қалды. Тек әлгіңіздің төтенше жағдай тұсында қала ішінде көлігін жүргізетін рұқсаты болса деңіз.

Ресейдің ең ірі әуе компаниясы "Аэрофлот" сәуір айында екі рет ішкі рейстерін қысқартты дейді Карнеги орталығы. Мәскеу, Санкт-Петербург, Екатеринбург, Краснодар, Сочи, Новосибирск сынды ірі қалаларға бағыт алатын жолаушылар ұшақтарының төрттен бірі ғана сапарға шығып жүр. Шетелге ұшатын 94 рейсі тоқтады. Біздің компаниялар сияқты бұл да тек сыртқа топталып қалған отандастарды тасу үшін ұшады.

Оқи отырыңыз: Апаттар мен сабақтар

Коронавирус пәлесі басталған Қытайға қарасақ, наурыз айындағы жолаушылар тасқыны 72 пайызға кеміген. Енді қайта бұрынғы қалпына келуі неғайбыл. Өйткені, 2020 жылдың алғашқы тоқсанында елдің жалпы ішкі өнімі шамамен 7 пайызға төмендеп кетті. Отыз жыл баршаның таңдайын қақтырған Қытайдың экономикасын мына жұқпалы ауру ойсырата соқты.

Бұл ел өзінің әуе компанияларын қолдаудың 12 сатыдан тұратын бағдарламасын жасап, іске асыра бастады. Оның ішінде субсидия, әуежай қызметінің бағасын арзандату, бюджетке төлемдердің кейбір түрін тоқтату және басқасы бар. Қытайдағы барлық әуе компаниялары мемлекеттікі екенін ескергенде, бұл бағдарламаның мәні түсінікті. Бар болғаны мемлекет бір қалтасынан екінші қалтасына салуды тоқтата тұрады.

Қуаты әзірге Қытайдан алда тұрған АҚШ коронавирус тұсында экономиканы қолдауға 2 триллион доллар бөлсе, соның 58 миллиарды авиация саласына тиесілі екен. Бұл қолдауға ие болған он әуе компаниясы үшін Қаржы министрлігі ереже бекітті. Қаржының 70 пайызы грант түрінде, яғни оны қайтарудың қажеті жоқ. Ал 30 процентін төмен несие түрінде беріп жатыр.

Оқи отырыңыз: Қарақоңыз – дара қоңыз

Еуропаны Германияның өзінен басқа Швейцарияның, Бельгияның және Австрияның ұлттық тасымалдаушыларын біріктерген Lufthansa тобы арқылы сипаттауға болар. Оның өз сандығында дағдарыс басталғанға дейін 4 миллиард евро болған екен. Бұл қаржының көп бөлігі билеттің ақысын қайтаруға кетуде. Әр сағат сайын саусақ арасынан 1 миллион евро сусып жатыр.

Жалпы, "Lufthansa" деген таңбасы бар ұшақтардың 95 пайызы кең аспанға шықпай қалды. Коронавирус келгенше күн сайын 350 мың жолаушы тасымалдаса, компания енді 3 мың адамға да қуанады. Германия үкіметі осы топтағы қызметкерлердің 60 пайызының жалақысын өз мойнына алды. Жалпы көмек бір миллард евроны құрайтын сияқты.

Пандемиядан пайда тапқандар

Иә, жаһанды жайлаған коронавирустан пайда тапқан әуе компаниялары бар. Олар – әлбетте, жолаушы емес, жүк таситындары. Бұлардың желі оңынан соғып, тасы өрге домалап тұр. Қазір жүк ұшақтарында дамыл жоқ. Тіпті бұрын жолаушы тасыған ұшақтарды дереу тұмылдырық, медициналық жабдық тасуға бейімдегендер баршылық.

Айналаға қарасақ, бұл орайда Украинаның жолы болып тұр. Әлемдегі ең ірі жүк ұшақтары Кеңес Одағы кезінде Украинадағы "Антонов" конструкторлық бюросында жасалғаны мәлім. Маркасы бойынша АН-124 ұшағы, былайғы тілде "Руслан" деп аталатын. Одан да ірісі бар. "Мрия".

Оқи отырыңыз: Тұмылдырыққа тәуелді тағдыр

Бір кезде Кеңес Одағында көп мәрте ғарышқа барып қайтатын ғарыш кемесі болғаны мәлім. "Боран" аталатын. Оны Байқоңырдан өзіміз көрдік. Сол "Боранды" халықаралық авиация көрмесіне жеткізу ойластырылғанда, "Мрия" жасалды. Сөйтіп немересін арқалаған әже іспетті "Боранды" арқасына бекітіп алды да, алып ұшақ Францияға қарай аңыратты. Сол сәтті басқа тұрмақ өзіміздің Болат Өмірәлиев ағамыз фотоға түсіріп үлгерген еді.

Кеңес Одағы ыдырағанда республикалар империяның дүние-мүлкін "нөлдік ұстаным" бойынша бөліп алды. Оның мәні қай елдің аумағында не қалды, соның меншігі болады. Бізде қаншама зымыран, ярдолық оқбасы қалды. Украина онымен қатар жеті "Руслан" мен жалғыз "Мрияны" да меншіктеп алды.

Бұл алып ұшақтардың жұлдызды сағаты коронавирус кезінде соқты. "ANTONOV Airlines" әуе компаниясының директоры Михаил Харченконың мәлімдеуінше, тапсырыс бастан асады. Бұрын оларды аса ірі – бір өзі 100 тонна мен 250 тонна арасындағы жүкті тасуға шақыратын. Енді медициналық тұмылдырықтан бастап жұқпалы ауруға қарсы киім, көзәйнек, жасанды тыныс алдыру аппараты бар, соның бәрін жедел жеткізу қажет болды. Бұл орайда бір "Мрия" алты "Боингтің" жүгін бір-ақ артып кете береді. Сондықтан сұраныс сұмдық.

Оқи отырыңыз: Марафоншы Мауро жарқанат қанын ішіп, тірі қалған. Сүтқоректі жәндік туралы не білеміз?

Біздің үйіміз Алматы халықаралық әуежайының өр жағында. Карантин болғандықтан қашықтан жұмыс істеп, үйде отырмыз. Ірі ұшақ ұшып шыққанда дауысы аулаға жетіп тұрады. Күндіз өздерін, түнде жалпылдаған белгі шамдарын көретінбіз. Тек жоғарыда айтқанымыздай, қазір ұшып-қону тым саябыр.

Жақында сондай дыбыстың ең күштісін естідік. Қандай алып жүк ұшағы аттанды екен дегенбіз. Иә, дереу ақпарат құралдарынан оқыдық, "Мрия" қонып, содан қайта ұшқан кез екен. Бізге Польша мен Қытай арасындағы сапарда жанармай толтырып алу үшін тоқтапты. Өзіне бір құйғанда 30 тонна киросин кетеді. Алматы әуежайының жолаушылар ұшақтарына қызмет көрсетуі азайып кетсе де, "Мрияны" аттандыру арқылы біраз табыс тауып қалмақ. Бұл орайда Ташкент пен Бішкек емес, Алматыны таңдағандарына да тәубе.


Украинаның "Мрия" ұшағы Алматы әуежайына қонды

Украинаның "Мрия" ұшағы Алматы әуежайына қонды / Фото topwar. ru сайтынан алынды


Иә, тағы бірер күннен соң интернеттен "Мрия" экипажы командирінің Алматыға қонған кездегі 12 минуттың видеосын көрдік. Содан бері бұл ұшақ бірнеше рет жанармай толтыруға қонып жүр. Баяғыда ауылда әркімнің тракторын таңғы дауысынан танитынбыз. Мынау да солай. "Әне, "Мрия" ұшты" дейміз өзімізге.

Не керек, жолаушылар таситын әуе компанияларының алды сазға отырып, банкрот болғанда жүк таситындардың мейменесі тасып тұр. Қазақтың "дүние – кезек" дейтіні рас-ау.

Поделиться:

Новости партнеров