Бүлдіру – құқықбұзушылық, оның да айыбы бар
Сананы тұрмыс билейтінін бұрынғылар маркстік ілімге дейін білген сияқты. Ал, тіршілікке ортаның әсері де осал емес екендігін нарық заманы дәлелдеп отыр. Әйтпесе, атам қазақ "Малым жанымның садақасы, жаным арымның садақасы" деген қағиданы шығармас еді. Оның үстіне кісі ақысын жеуді кешірілмейтін күнәға санап, қоғамға деген құрметін жоғары қоя білді емес пе? Сол арқылы ортаны жөнге салып, тәрбиелеп отырды.
Мұндай дәстүрдің үзіліп қалуы, өкінішке қарай, қазіргі олқылықтардың орнын толтыра алмай келеді.
Жалпы, кез келген елде халықтық қағидалардан өзге тәртіптер белгіленіп, заңдар қабылданған. Бұлжытпай, қатаң орындалған кезде ғана олар сананы өзгерте алады.
Сондықтан заң мен тәртіп көкейкестілігін ешқашан жоғалтпаса керек. Қоғамға қызмет ететін қоршаған орта, түрлі орындар, қазына-байлық, мүлік-мүкәммал бар. Алайда, оларға зиян келтіру, оларды біліп-білмей істен шығару немесе қасақана бұзу, бүлдіру фактілері әлі де көптеп кездеседі. Обалын ойлағанда ішің күйеді, қарап тұрып жаның ашиды. Бүтін затты бүлдіруге, бағананы қисайтып, шынысын шағып кетуге ары таза, ақыл-есі дұрыс кісінің қолы қалай барады?
Сонда дамыған жаңа ғасырда, цифрлық заманда адамдардың санасы төмендегені ме? Олар айыбын, жауапкершілігін неге сезінбейді? Түптесеңіз, оның жауабы – заң мен тәртіптің сақталуына жауапты құрылымдарға, олардың немкеттілігіне барып тіреледі. Егер Еуропа елдерінің тәжірибесіне жүгінер болсақ, экономикалық жағынан ықпал ету арқылы ғана оларға тосқауыл қойып, біржола құтылғаны мәлім.
Жақында көптен күткен "Тарлан-Астана" заманауи көлігі пайдалануға берілді. Алғашқы күндері жолаушылар әуес көріп, сарсаңға түсті. Қоғамдық көлікті бүлдіргеннен бұрын қауіпсіздік шараларын өрескел бұзуға дейін барды. Турасын айтқанда, халықтың өзі осыған себепші әрі куәгер болды. Балаңдық, жабайылық туралы сын да, мін де аз айтылған жоқ.
Біздіңше, орын алған кез келген тәртіп бұзушылықтың себептері мен салдарын жылы жауып қоя салуға болмайды. Қоғамдық талқыда баға беріліп, қауымның шешімі айтылуға тиіс.
Оған басқа да мысалдар жетерлік. Айталық, оның бетін аулақ қылсын, көбінесе қала мен далада болып тұратын "тексеру басталды, өрттің себептері, кінәлілер анықталады…" деген хабарламамен ғана шектеледі. Сонымен іс бітті, қу кетті. Не анықталды, кім қандай жазаға тартылды, қанша айып төледі? Беймәлім күйінде қалады.
Тағы бір мысал. Елордада нөсер жауып, жолды су бөгеді. Мұны тек қаланың коммуналдық қызметінің салғырттығына аудара салуға болмас. Сол шайынды су ағатын құбырлардың бітеліп қалуына қала тұрғындарының тікелей кінәсі бар болуы да әбден мүмкін.
Памперстер, қолданыстағы ылғал жинайтын қағаздар мен өзге де материалдардың тиісті қоқыс жәшіктеріне салынатынына кім кепілдік бере алады? Жалпы, түрлі санаттағы қалдықтарды жөнелту бойынша қадағалау бар ма?
Одан басқа қала бойынша барлық құрылыс-жөндеу жұмыстарының ережесі сақталады ма? Соңынан үйінділер апталап, айлап жатады. Тұрғын үйлер мен жайлардың иелері, жалдамалы жөндеушілер құбырларға, үй дәлізі мен ауласының тазалығына шын жанашырлық танытып жатыр ма?
Мәселен, Экологиялық кодекс бойынша қоқысты бөліп жинау тұрғындарға төлемақы жөнінен жеңілдік беретінінен көпшілік бейхабар. Әрине, ол механизмді іске қосу да уақыт талабынан туындап отыр. Бақылау камераларының әлеуетін толық пайдалануды жетілдіру керек деп ойлаймыз.
Мұның бәрі қазіргі КСК (бұрынғы тұрғын үй басқармалары) қызметкерлеріне де, тұрғындарға да жауапкершілік жүктейді.
Мысалы, тұрғындар кінәсінен тығындалып қалған құбырларды арнайы видеоға түсіріп, чат арқылы әшкереленген үй тұрғындарына таратудың кез келген көлемдегі айыппұлдан да әсері күшті болары сөзсіз.
Жалпы, бір үйде, бір аулада, бір көшеде, бір қалада тұру деген ұғымның қалалық мәдениетті қалыптастыруға үлес қосу, тұрғындардың өзара жақсы қарым-қатынас орнату жауапкершілігі сана деңгейіне сай келетін урбанизация заңдылығы болса керек. Оны әрбір адам жастайынан сезініп, өз үлесін қосуға тиіс.
Мемлекет басшысы айтқандай, "патриотизм – бос ұран мен айқайлау емес, ол адал еңбек, ел дамуына қосар нақты үлес және күнделікті жауапкершілік".
Бұл ұсыныс таза Қазақстан жобасының нақты іске асыру амалдарының бірі болатыны сөзсіз.
(Жазба қоғам және мемлекет қайраткері Дархан Мыңбайдың Facebook парақшасынан алынды)
Оқи отырыңыз:
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
Құдалыққа шенді-шекпенділерді қосу бәсеке айналды
Кезекті шапан жабу акциясына ұқсайды