Тікелей эфир

Жылжымайтын мүлік жәрмеңкесіне "7-20-25" талаптарына сай келетін 1500 пәтер шығарылады. Жаңалықтарға шолу

Фото Informburo.kz
Фото Informburo.kz
Президент сайлауына кандидаттарды ұсыну 28 сәуірде аяқталады. Әлемде жыл сайын 100 мың адам тақыр кедейленеді.

ҚР Президенті Үкімет пен Ақмола облысының әкіміне Қосшыдағы ауыз су мәселесін тез арада шешуді тапсырды

Бұл туралы Қ.Тоқаев өзінің Twitter-дегі парақшасында жазды. Нұра өзені арнасынан асып, ауыз су ұңғымасы тасқын су астында қалды. Жергілікті тұрғындар қазір ауыз сусыз отыр.

Төтенше жағдайлар комитеті өзенде жағдай апта ішінде тұрақтанады, содан соң халық сумен қамтамасыз етіледі деп хабарлады.

Тоқаевтың шетелдегі жұмысы сайлауға түсуге кедергі болмайды

Бұл туралы БАҚ өкілдеріне Әділет вице-министрі Наталья Пан хабарлады. Айтуынша, оны еліміз шетелге қызметтік қажеттілікке байланысты жіберген. Сондықтан бұл Тоқаевтың Президент сайлауына кандидатын ұсынуға кедергі болмайды.

Мәжілістің вице-спикері Гүлмира Исімбаева да заң бойынша Тоқаевтың сайлауға түсе алатынын мәлімдеді. "Оның шетелдегі жұмысы – іссапар болып саналады. Бұл мүлдем шетелдегі жұмыспен теңеспейді", – деді ол.

Айта кету керек, Қасым-Жомарт Тоқаев 2011-2013 жылдары Біріккен ұлттар ұйымының бас хатшысының орынбасары, Женевадағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Еуропалық кеңсесінің басшысы болды.

ҚР Конституциясына сәйкес, ел Президентіне тумысынан Республика азаматы болып табылатын, қырық жасқа толған, мемлекеттік тілді еркін меңгерген әрі Қазақстанда соңғы 15 бойы тұратын, жоғары білімді азамат сайлана алады.

Павлодар облысында 11 елді-мекенді су басу қаупі бар

Бұл туралы Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы В.Беккер мәлім етті. Айтуынша, қауіпті аймақта 675 адам тұратын 162 үй бар. Қазір әр аймақта төтенше жағдайлар комитетінің мамандары тәулік бойына квадрокоптерлер арқылы жағдайды бақылап отыр.

Мұрат Баймұқашев ҚР Қауіпсіздік Кеңесі хатшысының орынбасары қызметіне тағайындалды

Бұған дейінол премьер-министр Кеңсесінің қорғаныс және құқық тәртібі бөлімінің меңгерушісі болған.

Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаев. Оның хатшысы болып биыл ақпанда Қалмұханбет Қасымов тағайындалған еді.

Жылжымайтын мүлік жәрмеңкесіне "7-20-25" талаптарына сай келетін 1500 пәтер шығарылады

50-ге жуық құрылыс компаниясының өкілдері пәтерлерін 7-20-25 бағдарламасы бойынша қалай сатып алуға болатыны туралы түсіндіреді. Жәрмеңке 13-14 сәуір күндері Алматыдағы Dostyk Plaza ойын-сауық орталығында өтеді. Жәрмеңкеге келушілер екінші деңгейлі банк өкілдері мен "Баспана" ипотекалық ұйымының мамандарынан да кеңес ала алады.

Алматыда Пушкин көшесінде жылу желісі жарылды

Төтенше жағдай бүгін сағат таңғы 4:14-те Пушкин көшесінен өтетін учаскеде болған. 1993 жылдан бері қолданылып келе жатқан ескі құбыр жарылып, 4 адам зардап шеккен. Олардың бәрін І және ІІ деңгейлі күйік шалған.

Мұнымен қоса көпқабатты үйдің 7 пәтері мен жанында тұрақта тұрған 8 көлікке зақым келген. Алматының жылу желілері кәсіпорны заң шеңберінде залал шығындары өтеледі деп мәлімдеді.

Нығматулин "Тұрғын үй коммуналдық-шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы" акционерлік қоғамын сынға алды

Тұрғын үй коммуналдық мәселелеріне қатысты кейбір заңдарға өзгерістер мен толықтырулер енгізуге бағытталған жаңа жобаны талқылау кезінде төменгі палата спикері аталған орталық жұмысының тиімділігіне күмән келтірді. Айтуынша, орталық көп қабатты үйлерді басқаратын мамандарды дайындауға жауапты.

2009 жылы 100 пайыз мемлекет қаржысына құрылған акционерлік қоғамда қазір 97 адам жұмыс істейді. Басқарма төрағасының орынбасарлары елдің Премьер-Министрінікінен көп. Мәжіліс спикерін ондағы қызметкерлердің жалақысы таң қалдырды. Мұндағы қарапайым қызметкерлердің жалақысы 250 мың теңге болса, бірінші басшылар 1 млн теңгедей айлық алады. "Тіпті мұндай ораталықтың бар екендігін білетіндердің саны аз" деді Н.Нығматуллин.

Президент сайлауына кандидаттарды ұсыну 28 сәуірде аяқталады

ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров осылай деп мәлімдеді. Айтуынша, Президент лауазымына кандидаттарды ұсыну бүгін 10 сәуірден басталды, 28 сәуірде сағат 18-00-де аяқталады.

Досым Сәтпаев қоры Қазақстандағы ашаршылыққа байланысты фильм түсірді

"Өлі даланың көшпенділері" аталатын фильмнің түсірілім жұмыстары Ресей, Франция және АҚШ-та жүргізілген. Ғылыми-публицистикалық картина 30-шы жылдардағы ашаршылық тақырыбына арналған.

Картина авторларының айтуынша, фильм түсірілімдері 2018 жылы қыркүйек айында 27 000 қазақ тұратын Түмен облысындағы Батыс Сібір сапарынан басталған. Олардың арасында өткен ғасырдың 30-шы жылдары елдегі аштық, қуғын-сүргіннен қашып, Сібірге көшіп кеткендердің ұрпақтары бар.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: WBC Головкиннің келесі жекпе-жегінің орын мен уақытын жариялады. Дүниежүзілік бокс кеңесінің (WBC) ресми сайты таратқан ақпаратқа сәйкес, GGG 8 маусым күні Нью-Йорктегі "Мэдисон Сквер Гарден" аренасында жекпе-жек өткізеді. Ал қарсыласының есімі кейінірек белгілі болады. Шетелдік БАҚ деректеріне қарағанда, Головкин не француз боксшысы Хассан Ндам Нжикаммен, не болмаса канадалық Стив Роллспен айқасады.

24.kz: Әлемде жыл сайын 100 мың адам тақыр кедейлікке ұшырайды. БҰҰ-ның хабарлауынша, бұған сапалы әрі арзан медициналық көмектің қолжетімсіздігі себеп. Бас хатшы Антониу Гутерриш денсаулыққа әсерін тигізетін әлеуметтік, экономикалық және экологиялық факторларға жіті назар аудару керектігін айтты. Белгілі болғандай, дамыған елдерде бұл салаға қатысты жан басына шаққандағы жыл сайынғы орташа шығын 270 доллар болса, табыс деңгейі төмен елдерде 60 доллардан аспайды.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары