Тікелей эфир

ЖСДП президент сайлауына кандидат ұсынудан бас тартты. Ал "Ұлт тағдыры" қозғалысы Әміржан Қосановты ұсынды

Фото informburo.kz
Фото informburo.kz
ЖСДП-ның үміткер ұсынбайтыны бүгін өткен XIV съезінде белгілі болды. "Ұлт тағдыры" қозғалысы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін жинап, шұғыл жиын өткізді.

Алдымен оппозициялық ұйым саналатын Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының (ЖСДП) съезінің қалай өткенін айтайық.


dfd

Съезд басталғанша әр аймақтан келген делегаттарға өзара шүйіркелесетін уақыт табылды / Фото informburo.kz


Бұл аралықта бұқаралық ақпарат құралдары да тіркеуден өтіп, тиісті дайындықтарын жасап алды.


Журналистер жұмыстарына кірісіп кетті

Журналистер жұмыстарына кірісіп кетті / Фото informburo.kz


"Қош келдіңіздер!" деп делегаттармен амандасқан партия төрағасы Жармахан Тұяқбай жиынды ашты.


Партия съезі ашылды / Фото informburo.kz


– Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның бүгінгі XIV съезіне 39 делегат қатысып отыр. Әуелі күнтәртібіне қойылатын мәселелерді айта кетейін. Олар – алдағы болатын Президент сайлауына партия атынан кандидат ұсыну, ЖСДП-ның атауын қайта өзгерту, партияның Жарғысына өзгерістер енгізу және төртіншісі әртүрлі мәселелер, – деп жұмыс тәртібімен таныстырды.


Дауысқа салған күнтәртібін делегаттар бірауыздан қолдады.

Дауысқа салған күнтәртібін делегаттар бірауыздан қолдады / Фото informburo.kz


Бойкот қалай қабылданды

Партия төрағасы өткен аптаның соңында саяси кеңес отырысы болғанын, онда ЖСДП саяси кеңесі президиумының мүшесі, белгілі қоғам қайраткері, журналист Ермұрат Бапидың кандидатурасы ұсынылғанын айтты. Талқыға кезек берді.


Ермұрат Бапи

Ермұрат Бапи / Фото informburo.kz


Қуат Күнболатов, ЖСДП Алматы облыстық филиалының жетекшісі:

– Біле білсеңіздер, Ермұрат Бапиге журналистикамен айналысуға заңмен тыйым салынған. Соған қарамастан "ДАТ" газетін шығарып келеді. Бұған үлкен жүректілік, қажыр-қайрат керек, – деп партияластарын Президенттікке үміткер ретінде Ермұрат Бапидың кандидатурасын қолдауға шақырды.


Қуат Күнболатов әріптестерін Ермұрат Бапидың кандидатурасын қолдауға шақырып тұр

Қуат Күнболатов әріптестерін Ермұрат Бапидың кандидатурасын қолдауға шақырды / Фото informburo.kz


Партия жиынындағы пікірталас та осы тұстан басталды. Келесі сөйлеушілердің бірқатары, керісінше, сайлауға бойкот жариялау қажеттігін айтты.

Бұл пікірді айтқан партияның Алматы қалалық филиалының жетекшісі Тазабек Сәмбетбай:

– Сайлауға қатысты әртүрлі пікір туындап келе жатыр. Менің айтарым бар. ЖСДП түрлі мінберлерде, саяси алаңдарда сайлау науқанының әділетсіз өтетінін айтып келеді. Партияда алдағы Президент сайлауына кандидат ретінде ұсынуға лайықты тұлғалар жеткілікті. Соның ішінен Ермұрат Бапиды ұсынып отырмыз. Үміткер дайын. Партия күреске дайын. Бірақ, Қазақстан жағдайында сайлау әділ өте ме?! Алдағы Президент сайлауына ЖСДП бойкот жариялауы керек, – деді.


Байкот

"Байкот жариялайық!" / Фото informburo.kz


Партияласының бұл ұсынысын Қызылорда облысынан келген делегат Ләззат Бақтыбаева да қолдады.

– Біз сайлауға қатыспаймыз десек, онда сырт көз біздің партияны әлсіздік танытты деп кінәлап, дайын емес деуі мүмкін. Жоқ, ЖСДП сайлауларға әрқашан да дайын. Өйткені, халықтың ішінде бізді қолдайтындар көп. Алайда, қазіргідей билік дайындап жатқан нәрсеге біз қатыспауымыз керек. Сондықтан, біздің айтатынымыз – бойкот.


Ләззат Бақтыбаева

Ләззат Бақтыбаева / Фото informburo.kz


Түркістан облысынан келген делегат Әбдікамал Әшімбеков қазір халықтың әлеуметтік жағдайының қиындығына назар аудартты.


gfg

Әбдікамал Әшімбеков / Фото informburo.kz


– Бүгінгі билік тарапы көше саламыз, тал егеміз деген секілді әңгімелерді көп айтады. Ал, "елдің жағдайы, әрбір отбасының ахуалы қалай, ел не жеп, не ішіп отыр, не киіп жүр" дегенді ешкім айтпайды, ойламайды. Бұл сұраққа жауап іздегісі келмейді. Мен мұны Түркістан облысы әкімінің қатысуымен өткен жиында да айттым, айтып та келемін. Ең бірінші керегі – ел жағдайының жақсаруы. Бұл – біздің ұдайы назарда болуы тиіс мәселе.

Кезегінде сөзді партияның Президенттікке ұсынылған кандидаты Ермұрат БАПИ алды:

– Менің кандидатурамды ұсынған партияның Саяси кеңесіне рақмет. Төраға Жармахан Тұяқбайға, құрметті делегаттар, барлығыңызға рақмет.


Ермұрат Бапи: "Бұл сайлау қатысуға тұрарлық па?"

Ермұрат Бапи: "Бұл сайлау қатысуға тұрарлық па?" / Фото informburo.kz


– Сайлауға кандидатурамды ұсынамыз дегенді естіген соң, көптеген адамдармен, партия делегаттарымен ақылдастым. Ойларын ашық айтуларын сұрадым. Осы жерге мен де "Бұл сайлау қатысуға тұрарлық па?" деген ұстаныммен келдім. Егер бас тартсақ, бірнеше рет қатарынан қатыспағанымыз үшін партиямызды жауып тастамай ма?!...


Партияластары мұқият тыңдап отыр

Партияластары мұқият тыңдап отыр / Фото informburo.kz


– Жыл соңында ма, келер жылы ма Парламент сайлауы өтеді. Біз үшін негізгісі сол. Соған дайындалуымыз керек, аз күш кетпейді.

Мен Президент сайлауына үміткер ретінде кандидаттығымды алып тастаймын, – деді ол.


Делегаттар аңтаң

Таңданыстарын жасыра алмаған делегаттар / Фото informburo.kz


Бойкот туралы ұсыныс дауысқа салынды

– Бұл мәселені дауысқа салу керек, сайлауға қатысу не қатыспауды. Алдымен сайлауға бойкот жариялау қажет деген ұсынысты қолдайтындарыңыз дауыс беріңіздер. Сосын қолдамайтындарыңыз...– деді Жармахан Тұяқбай.


Делегаттар дауыс беріп жатыр

Партия сайлауға қатыса ма? Делегаттар дауыс беріп жатыр / Фото informburo.kz


Делегаттардың 36-сы бойкот туралы ұсынысты қолдап дауыс берді, небәрі үшеуі ғана сайлауға қатысу қажет деген шешімде қалды.

Бұл мәселеге орай бір шешімге келген соң, Ажар Сағындықова (Павлодар облысынан келген делегат) ЖСДП XIV съезінің қарарын оқыды.


Пра

"Партия сайлауға қатыспайды" / Фото informburo.kz


"Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы мұндай ойыншық сайлауға қатысуды саяси парықсыздық деп санайды және мұндай масқаралыққа, көзбояушылыққа жол бергісі келмей, өз үміткерін сайлауға қатысуға ұсынудан бас тартады. Әйтсе де біз алдағы сайлау науқанында өз бағдарламамыз бен идеялық ұстанымымызды насихаттау құқығын сақтап қаламыз (Қарардың түйіні)".

ЖСДП – енді "Ақиқат" партиясы

Жармахан Тұяқбай партия атауын өзгерту мәселесін күнтәртібіне қойды.

– Өздеріңіз де білесіздер, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы деген атау ұзақ, қабылдауға қиын. Ықшамдау керек. Сол себепті бүгін оны "Ақиқат" ЖСДП деп атауды ұсынамын. Дауыс беріңіздер!

Партия атауын ауыстыруға қатысты бәрі бірауыздан дауыс берді.

Жармахан Тұяқбайдың "тосын сыйы"

Партия жетекшісі делегаттарға төрағалықтан кететінін мәлімдеді.


Жармахан Тұяқбай

Жармахан Тұяқбай партия басшылығынан кетті / Фото informburo.kz


– Құрметті жақтастар! Соңғы жылдары мен бұл жайлы көп ойландым. Қиын-қыстау уақытта партияны қалай сақтап және жұмысын заман талабына сай қалай тиімді етуге болатынын ойладым. Біз партиямызды елге өзгеріс әкелетін әлеуеті мықты, заманауи саяси партия деңгейіне жеткізуіміз керек.

Партиямызды кадрлық тұрғыдан жаңартып, жұмыс істеудің жаңа тәсілдерін қабылдау қажеттігін бәріміз білеміз. Ол қоғамның жаңа көзқарасына сай болуы тиіс. Нәтижесінде мен өте қиын, бірақ қажетті шешімге келдім.

Мен партия төрағасы қызметінен кетемін деген шешімді қабылдадым, – деді ол.

Жармахан Тұяқбайдың партия төрағалығынан кету мәселесін де делегаттар дауысқа салды. Бастапқыда көпшілігі қалыс қалғысы келетіндерін байқатып, дауыс беру карточкаларын көтермеді.

– Қысылмаңыздар. Көтеріңіздер, – деп әзілдеді төраға.

Үшінші қайтара дауыс беру барысында ғана 22 делегат (яғни басым көбі) бұл шешімге келісім берді.

Экс-төраға "Ақиқат" ЖСДП төрағалығына Ермұрат Бапидың кандидатурасын ұсынды.

Жаңа төрағаның кандидатурасына дауыс беруде ешкім қалыс қалып, қарсы болған жоқ. Жаңа төраға Жармахан Тұяқбайды партияның "Құрметті төрағасы" ретінде қалдыруды сұрады. "Сен енді жаңа төрағасың ғой, өзің білесің" деп әзілдеген делегаттар Ж.Тұяқбайдың "Құрметті төрағалығын" бірауыздан қолдады.


Делегаттар "Құрметті төрағаны"

Делегаттар "Құрметті төрағаны" бірауыздан қолдады / Фото informburo.kz


Бұл кезде "Ұлт тағдыры" қозғалысы шұғыл жиын өткізіп жатты

Ұйымның жетекшісі, саясаттанушы Дос Көшім қозғалыс атынан Әміржан Қосановтың кандидатурасын сайлауға ұсынатындарын мәлімдеді.


dd

Дос Көшім – "Ұлт тағдыры" қозғалысының жетекшісі / Фото informburo.kz


– "Ұлт тағдыры" ұлт патриоттарының республикалық қоғамдық қозғалысы жиын өткізіп, екі шешімге келіп отыр. Біріншісі, республикалық қозғалысымыз Президент сайлауына қатысу туралы шешімін қабылдады.

Екінші мәселе, 20 жыл өмірін саясатқа берген, менің ойымша таныстыруды қажет етпейтін, белгілі саясаткер, демократиялық жағынан да, оппозициялық жағынан да, ұлттық көзқарасы жағынан да өз ұстанымын дәлелдеген Әміржан Қосановтың кандидатурасын додаға түсіру үшін "Ұлт тағдыры" атынан ұсынып отырмыз, – деп мәлімдеді ол.


Әміржан Қосанов

Әміржан Қосанов / Фото informburo.kz


Келесі сөзді алған Әміржан Қосанов:

– Біріншіден, Қазақстан қоғамына демократиялық принциптерді енгізіп келе жатқан "Ұлт тағдыры" қозғалысына алғысымды айтамын. Ресми жиын өткізіп,менің кандидатурамды қолдаған барлық облыстан келген делегаттарға рақмет. Бұл – мен үшін үлкен құрмет, мәртебе, жауапкершілік.

Сайлау – халықтың бес жылда бір "Иә" немесе "Жоқ" деп айтатын мүмкіншілігі. Сол мүмкіншілікті біз халыққа қайтарып беруіміз керек, – деді.


ава

Журналистер Президентікке жаңа үміткердің сөзін тыңдап, сұрақ қоюға дайындалып жатыр / Фото informburo.kz


"Ұлт тағдыры" қозғалысының делегаттары Ә.Қосановтың кандидатурасын бірауыздан қолдаған. Бір ғана адам қалыс қалған.

Әміржан Қосанов саясатқа кеше келмегенін, 1997 жылы Үкіметтен кеткелі осы бағытта көпшіліктің көз алдында келе жатқанын айтты.

– Бұл сайлауға қоғамның көзқарасы басқаша болып отыр. Ал бұл – үлкен саяси өзгеріс, – деді үміткер.

Президенттіктен үміткер Ә.Қосанов бұдан соң журналистердің бірқатар сауалдарына жауап берді.


Сұрақ көп болды

Жаңа кандидатқа сұрақ көп болды / Фото informburo.kz


Сұрақ:

– Өздерін оппозициямыз деп көрсеткен ЖСДП-ның сайлауға бойкот жариялауы сіздерге кері әсерін тигізбей ме және сайлау компаниясына қаражат дайын ба?

Әміржан Қосанов:

– ЖСДП-ның шешімін жаңа ғана естіп отырмыз. Өзім құрылуына атсалысқан партия туралы ешқандай жаман сөз айта алмаймын. Бұл бойкот бізге кедергі келтіреді деп ойламаймын. Өкінішке қарай, соңғы кезде ЖСДП-ның белсенділігі бәсеңдеп кетті. Сондықтан бұл партия дәл қазір Қазақстан қоғамына шешуші ықпал етеді деп ойламаймын. Оған әріптестерім ренжімесін, оны бәріміз жақсы білеміз, – деп салды.

Қаржы туралы сұрақ өте ауыр. Орталық сайлау комиссиясына құжаттарымды, қазақ тілінен емтиханды құдай қалап тапсырсам, маған қол жинауға қағаз береді. 120 мың қол жинау оңай емес. Бірақ, халық қазір әділ сайлауды көксеп, аңсап отыр. Біз осы тұста өзіміздің азаматтық белсенділігімізді танытуымыз керек. Сондықтан, жасырмаймын, қолдауға дайын шағын және орта бизнес өкілдері шығып жатыр. Алғашқы науқанға кірісіп, халықтың алдына шығатындай қаржымыз бар – деді ол.


вава

Журналистерді бәрі қызықтырады / Фото informburo.kz


Сұрақ: Парламенттік басқару жүйесі жайында Президенттікке үміткер ретінде ойыңыз қандай?

Әміржан Қосанов:

– Парламенттік басқаруды мен әбден қолдаймын. Керек болып жатса, мен Президент болып сайлансам, сол Президенттің билігін Парламентке, Үкіметке үлестіруге кірісер едім. Осы сайлаудан жеңіп келетін кандидат өзінің таза Президенттік функциясымен айналысуы керек.

Заңдармен Парламент айналысуы тиіс, яғни, Президенттің ешбір Жарлығының заңдық күші болмауы қажет. Әлеуметтік-экономикалық мәселелерге Үкімет араласуы керек.

Мен Президент болып сайлансам, міндетті түрде Парламентке партиялардың құрылуыларын, тіркелулерін жеңілдетемін. Парламентке оппозициялық, билік қолдайтын, яғни барлық партиялардың қатыса алуына мүмкіндік жасаймын. Жеңген партия халықтың алдына келіп, өзінің партиялық бағдарламасын орындасын.

Міне, сол кезде ғана біз нағыз парламенттік жүйеге көшеміз, – деп қорытты.

Дос Көшім бұған "мемлекеттік жүйе өзгермей, ұлттық мәселе шешілмейді" деп ойын қосты.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары