Тікелей эфир

Қытайдан қашқан қазақтар: Қастер мен Мұрагердің жайы қалай?

Фото journalducameroun.com
Фото journalducameroun.com
Қытайдан бас сауғалаған босқындарды алғаш қабылдаған ел – Үндістан болса, бүгінде олардың қатары көбейген. Аспан асты елінен қашып жатқандар қарасы тым көп.

Қытайда жаңа үлгідегі концлагерлер бой көтереді

Қытайда Ішкі Моңғолия автономиялық өлкесінде, Тибетте, Шыңжаңда салынған "Қайта тәрбиелеу орталығы" деп аталатын концентрациялық лагерлер жұмыс істейді. Енді Шиаңгаң (Гонконг) ерекше аймағында да мұндай лагерь салынуы мүмкін.

Олар Қытай компартиясының аймаққа қарата шешімдеріне сүйене отырып, аймақта "патриоттық орталықтар" деп аталатын лагерлердің ашылатынын жариялады.

Оқи отырыңыз: Қытайдың құпия лагерлерінің шынайы кеспірі. ВВС тілшісі зерттеуінің ізімен

Қытайдан қашып, Гималай асқан қазақтардың алдыңғы екі легі

Қытайдан босқындардың ең үлкен көші 1951 жылы тіркелді.

Атап айтқанда, 1928 жылы Қытай мен Кеңес Одағы зорекерлігіне қарсы әскери қорғаныс ұйымдастырған Зуқа батыр Сәбитұлы (Семейде туған) қастандықпен өлтіріліп, оның басы Алтай қаласында (қазір Қытайға қарайды) 13 күн ілініп тұрғаннан кейін бұл аймақта Қытай билігіне қарсылық күшейді. 1930 жылдардан бастап Алтай халқы шығысқа босып көше бастады. Кейін Оспан батыр Сіләмұлы бастаған соғыс "бұрқ етті".

Сонымен, 1943-1946 жылдары Шығыс Түркістан Республикасы құрылды. КСРО мен Қытай арасындағы келісімге сәйкес, кейін билік коммунистік Қытайдың қолына өтті.

Екі алпауыт елдің арасында қырғынға ұшыраған қазақтар ауа бастады.

Алғашқы көш Елісхан Әліпұлы мен Зайып батырдың бастауымен 1938 жылы басталып, жүздеген отбасы әскермен ұрыса отырып, Қытайдың Гансу, Шиңхай өлкелері және Тибет арқылы 1941 жылы Үндістанға өтті. Сонда босқын атанды.

Екінші көш 1950 жылы Баркөлден басталған Сұлтаншәріп Зуқаұлы, Құсайын тәйжы, Қалибек Хакім бастаған көш. Онда жүздеген отбасы Қытайдың далалық әскерімен соғысып, 1951 жылғы қазанда Үндістанға өткен.

Кеңес Одағына өткен қазақтар

"Зерттеулер бойынша, 1954-1963 жылдары Қытайдан 268 371 репатриант қайта оралды: 1954 жылы 2 461 адам Қытайдан ұйымдасқан түрде келді. 1955 жылы мен 1963 жылдар аралығында барлығы 199 269 адам ұйымдасқан түрде, ал 1962 жылы сәуір айында 66 841 адам өз бетімен Қазақстанға оралды. Барлығын қоссақ, 268 371 адам болып шығады" – делінген зерттеуші, тарих ғылымдарының докторы Айжамал Құдайбергенованың жазбасында.

Кейін Қытай мен Кеңес Одағы арасындағы байланыстың нашарлауы себепті шекара күзеті күшейтілді. Алайда қашып өтетіндер сонда да тиылмаған.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін арасында белгілі ақын, жырау Жәркен Бөдеш, Адалбек Ақмади бар тағы біраз адам Қытай шекарасынан бері қашып өтті. Олар қазір Алматы қаласында тұрады. Екеуі де Қазақстан азаматтығын алған.

Кеңес Одағына қашып өткен 2 қазақтың тағдыры

– Мен Қытайдағы Манас ауданында туып-өстім. Кеңес Одағының кезінде 2 азаматтың Қытайдан қашқанын білемін.

Бірі – Рахат Базарбайұлы деген азамат еді, оны Қытайға қайтарып берді.

Екіншісі – Бәкен Нәкейұлы осында қалып, кейін Кеңес Одағы азаматтығын алды, – деп бастады әңгімесін Азат Қалиасқар ақсақал.

Сол кездегі халықаралық келісім бойынша қашып келген адамды танып, кепіл болатын азамат табылса, қалдыруға рұқсат етілген.

Ақсақалдың айтуынша, 1951 жылы екі елдің арасындағы келісімшарт бойынша Шыңжаңдағы "шегіртке апатына" көмекке келген Қайырбек есімді ұшқыш кепіл болып, алып қалыпты. Қайырбек Шыңжаңдағы Манасқа келгенде, Бәкенді аудандық үкімет көмекші етіп берген екен. Кетерде бірге түскен суреті кейін журналға шыққан. Сол журнал бойынша табылыпты.

Соңғы жылдары Қытайдан қашып өткен қазақтар көп


Ләззәт Ахатова

Ләззәт Ахатова / Сурет informburo.kz


Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері де Қытайдан қашып өткен азаматтар аз емес. Алайда кейбірі әлі құпия қалып отыр.

Қоғамға жария болғаны – Сайрагүл Сауытбайқызы және қазан айында Қытайдан қашып келген Қастер Мұсахан мен Мұрагер Әлімұлы.

– 22 қазанда Өскемендегі қамақханаға кіріп, екі жігітпен де кездестім. Сонда олар "Біз секілді шекараны бұзып өтіп, Қазақстан тарапынан саяси пана сұраған азаматтарды білеміз. Өздеріне пана сұрап келген оларды Қазақстанның шекара сақшылары ұстап алып, қайтарып отырады. Біз содан қатты қорықтық", деді. Соған қарағанда, мұндай оқиғалар бір емес, бірнеше рет орын алған болуы мүмкін.

Ал Қастер мен Мұрагердің оқиғасы көпшілікке жария болып кеткендіктен, Қытайға қайтара алмаған секілді, – деді қорғаушы Ләззат Ахатова 31 қазан күні Нұр-Сұлтан қаласында өткен баспасөз мәжілісінде.

Қастер Мұсаханұлы – 30 жаста, Қытайдың Тарбағатай аймағына қарасты Дөрбілжін ауданында туған.

Мұрагер Әлімұлы – 25 жаста, Қытайдың Тарбағатай аймағына қарасты Дөрбілжін ауданында туған.

Қашқындар ісінің қазіргі жағдайы

– Өздеріңізге белгілі, бұл екі жігіт 8-қазанда Шығыс Қазақстан облысына қарасты Зайсан аумағындағы шекарадан өтіп, келесі күні таксимен Алматыға келген, – дейді Қастер мен Мұрагердің қорғаушысы Ләззәт Ахатова.

Оның айтуынша, екі азаматты тиісті органдарға босқын мәртебесін сұрау туралы арыздарын өз қолдарымен жазып, 14-қазан күні "Ата жұрт еріктілері" ұйымдастырған баспасөз маслихатынан соң Алматы қалалық көші-қон Департаментіне өткізгелі тұрған жерінен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты шекара қорғаныс қызметкерлері ұстап алып кеткен.

Оқи отырыңыз: Қытайдағы қазақ мәселесі: Қытайға барған делегация не дейді? Мәселенің мәні неде?

Босқын мәртебесін беру мәселесі қаралып жатыр

Informburo.kz тілшісінің ҚР Ішкі істер министрлігі Көші-қон қызметі комитетінің төрағасы Мұрат Қабденовке жолдаған сауалына келесі жауап берілді:

"2019 жылғы 21-қазанда Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің Көші-қон қызметі басқармасына "Атажұрт" қоғамдық бірлестігінің өкілінен Қытай азаматтарына босқын мәртебесін беру туралы өтініш келіп түсті. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, көрсетілген адамдарға босқын мәртебесін беру туралы өтініш қарауға қабылданды".

Комитет өкілдері аталған азаматтардың ҚР қылмыстық кодексінің 392-бабының 1-бөлігінде көрсетілген қылмыс түрін жасады деген күдік бойынша Шығыс Қазақстан облысының Қылмыстық атқару жүйесі департаментінде қамауда отырғанын растап, істі ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі тергеп жатқанын мәлімдеді.

"Қастер мен Мұрагер қылмыскер емес"

– Біріккен Ұлттар Ұйымы Қытай Халық Республикасына адам құқығын таптап, аз ұлттарға көрсетіп жатқан зорлық- зомбылықты тоқтату туралы бір емес, екі рет ескерту жасады. Соған орай, Қытайдың озбырлығынан қашып, шекара бұзуға мәжбүр болған екі қандасымыз қылмыскер емес деп есептеймін, – деді Ләззәт Ахатова.

Айта кетейік, Біріккен ұлттар ұйымы қабылдаған "Босқындар туралы" Женева конвенциясының талаптарына сай, қандай да бір елден зәбір көріп, жапа шеккен азаматтар шекара бұзып, басқа елге босқын мәртебесін сұрап барса, қылмыстық іс қозғалмау керек.

Оқи отырыңыз: Сайрагүл ісі: Қытай мен Қазақстанның арасын аша ма?

Қазақстанда қандай жаза күтіп тұр?

Қастер мен Мұрагерге ҚР Қылмыстық кодексінің 392-бабының 1-тармағына сәйкес, "Шекараны заңсыз бұзу" айыбы тағылып, іс қозғалады.

Бұл бап бойынша қолданылатын жазаның түрлері – бір мың айлық көрсеткішке дейін айыппұл төлеу, бір жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе бес жылға дейін келген еліне депортациялау, яғни кері қайтару.

Қытайға қайтарылса, ауыр жаза күтіп тұр

– Біздің қазіргі басты мақсатымыз – Қастер мен Мұрагерді депортациялауға жол бермеу. Бұл ретте қоғамның қолдауы аса маңызды. Өйткені, Қытайға қайтарылған жағдайда екі жігітті шекара талаптарын бұзғаны үшін өлім жазасы күтіп тұр, – деп сөзін толықтырды Ләззәт Ахатова.

Қастер мен Мұрагерге "Пана іздеуші тұлға" мәртебесі берілген. Ол 3 айға жарамды. Бұл мерзім өткен соң, оны құзіретті органдар шешімімен 2 рет создыруға мүмкіндіктері бар.

Шығыс Қазақстан облыстық сотының шешімі туралы

Қазіргі таңда Қастер мен Мұрагерге қатысты Зайсан қалалық 20-17 шекарашылардың әскери бөлімінде тергеу амалдары жүріп жатыр. 20-қазанда оларды сотқа дейін екі айға қамау туралы Зайсан аудандық сотының тергеу судьясы санкция берген болатын.

Қорғаушы Ләззәт Ахатова аудандық соттың бұл шешіміне ШҚО сотына жеке шағым келтіріп, қолданылған бұлтартпау шарасын өзгертіп, сотқа дейін кепілге не болмаса ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатуды, тым болмаса, үйқамаққа шығаруды сұраған.

– Менің жеке шағымым 25-қазан күні ШҚО сотында қаралып, Қазақстанда тұрғылықты мекен-жайлары болмағандықтан, сотқа дейін қамауда ұстаған дұрыс деген шешімге келіп, сот қаулысы өзгеріссіз қалдырылды, – деген Ләззат Ахатова 6-қарашада тағы да шекара аумағында Қастер мен Мұрагердің қатысуымен тергеу жүргізілетіні жайлы хабарлама алғанын айтты.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті "мал ұрлығы туралы" айтқан

Бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қастер Мұсаханұлы жылқы ұрлығына байланысты қылмыстық жауапкершіліктен қашып, 2006 жылы маусымның 21-і күні Қазақстан-Қытай шекарасын бұзған деп хабарлаған болатын. Бұл туралы сауалға Ләззат Ахатова:

– Қытай билігі осындай жала жабу арқылы екі жігітті қылмыскер етіп көрсеткісі келеді. Қытайда Қастер Мұсаханды "шекара бұзғаны үшін" жазалағаны туралы соттың шешімін туыстары арқылы алдырып жатырмыз, – деп жауап берді Ләззәт Ахатова.

Басқа елдер де "босқын" мәртебесін бере алады

– Егер қазақстан "босқын" мәртебесін беруден бас тартса, басқа елдер "босқын" ретінде қабылдай алады. Халықаралық конвенцияда бұл мүмкіндік қарастырылған.

Алматыда бірнеше елдің елшілерімен және дипломатиялық ұйым өкілдерімен кездескенде олар осылай айтты, – деп екі қытайдан қашып келген азаматтарды батыс елдерінің қабылдағысы келетінін жеткізді Ләззәт Ахатова.

– Екі азаматты Қазақстанда қалдыру және босқын мәртебесін беру туралы өтініш хатты ҚР Президентіне, Бас прокурорға және ҰҚК-не жолдадық. Хатқа көптеген қоғам қайраткерлері қол қойды, – дейді "Ұлт бірлігі" қоғамдық бірлестігінің Төрағасы Бауыржан Шахарбек.

Қытайдағы қысым мен зорлық және жаппай қамау туралы 2018 жылы шекара бұзып, елімізге қашып келген Сайрагүл Сауытбай ресми түрде жариялаған болатын. Сайрагүлді Қазақстан билігі босқын ретінде қабылдамағаннан кейін тамыз айында Швеция қабылдағаны белгілі.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары