Тікелей эфир

Сайрагүл ісі: Қытай мен Қазақстанның арасын аша ма?

Фото Алмаз Төлектікі, informburo.kz
Фото Алмаз Төлектікі, informburo.kz
Сайрагүл ісі қалай шешілді? Әлемдік ұйымдардың ролі қандай? Синофобияның өршуі кімге керек? Қытайдағы саяси және экономикалық жағдай қандай? Қытай қауіпті ме?

Алматы облысының Панфилов аудандық сотында қытайлық этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайға қатысты үкім шықты. Ол Қазақстан шегарасын заңсыз кесіп өткені үшін айыпталды.

1 тамызда өткен сот отырысына шамамен 70-тен астам адам келді. The New York Times, The Wall Street Journal, The Washington Post, Agence France-Presse, француздардың Халықаралық RFI Радиосы және еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері сот мәжілісі залынан жаңалықты жарыса жариялады.


Судья

Судья Динара Құйқабаева / Фотос informburo.kz


Судья Динара Құйқабаева Сайрагүлді айыпты деп танып, 6 айлық мерзімге шартты түрде бас бостандығынан айырды. Бірақ Қазақстаннан депортациялау түріндегі қосымша жазаны тағайындаған жоқ. Айыпталушы сот залында босатылды.



Сайрагүлді жұрт шашу шашып, батырға лайық құрметпен қарсы алды.

Сайрагүл Сауытбай 2018 жылы 15 сәуірде "Қытай мен Қазақстан шегарасын заңсыз жолмен кесіп өтті" деген қылмыспен қамауға алынған болатын.


Сайрагүл сотының хронологиясы

Сайрагүл сотының хронологиясы / informburo.kz


Айыптаушы прокурор мен адвокаттың сөзі бір жерден шықты

Арзыгүл Имярова, Сайрагүл Сауытбай ісі бойынша айыптаушы прокурор: "Іс-әрекетінде қылмыстық жазаны ауырлататын жағдайлар болмағандықтан, оны Қазақстан Қылмыстық кодексінің 392-бабы 1 бөлігінің "Мемлекеттік шекараны заңсыз қасақана кесіп өту" бабы бойынша кінәлі деп танып, алты айға бас бостандығынан айыруды, бірақ оны шартты жазаға ауыстыруды және алты ай пробациялық бақылауға алу жазасын кесуді және сот залынан босатуды сұраймын" деді.


Гособвинитель Арзыгуль Имряева

Мемлекеттік айыптаушы Арзыгуль Имряева / Фото Алмаз Төлектікі, informburo.kz


Одан кейін жарыс сөзге шыққан Сайрагүл Сауытбай мен оның адвокаты Абзал Құспан прокурор сұраған жазамен келісетіндерін мәлімдеді.

Сайрагүл: "Қытайда құқы тапталып, заңсыз сотталып жатқандарды көрдім"

Сотта Сайрагүл Қытайдағы "Қайта тәрбиелеу орталығы" деп аталатын лагердің түрме екенін қайта-қайта ескертті. Өзінің балабақша меңгерушісі болғанын, кейін аталмыш лагерде жұмыс істегенін айтты.

Сайрагүл сотта сөйлеген сөзінде:

– Күйеуім мен екі баламның Қазақстан азаматтығын алғанын бетіме салық етіп, "екі жүрек" деп айыптады. Төлқұжатымды тартып алып, Қазақстандағы балаларымды көруімді шектеді. Тіптен, аталмыш лагерге жіберу туралы шешім шығарды. Егер 4-5 күн кешіккенімде, түрмеге қамар еді. Соны білген соң, өзім жақсы араласатын Ян Юн деген қытай полициясы мен бір ұйғыр жігітке 40 мың юань ақша беріп "Шегарадан өтуге рұқсат қағазын" сатып алдым. Сол арқылы Қытай шегарасынан өтіп, Қазақстанның аумағына кірдім. Қытайға қайтарылсам, құпиясын ашқан адам ретінде қазірдің өзінде "өлім жазасына кесілетінім" белгілі, – деді.


Сайрагуль Сауытбай общается с сыном

Сайрагүл Сауытбай ұлымен сөйлесіп отыр / Фото Алмаз Төлектікі, informburo.kz


Осыдан бұрынғы сот отырысы кезінде Сайрагүл өзі істеген лагерде 2500-ден астам қазақ азаматының қамауда отырғанын хабарлаған болатын.

Абзал Құспан, адвокат:

– Бұл жерде бір ғана қазақтың – Сайрагүлдің тағдыры ғана емес, Қытайдағы мыңдаған қазақтың басындағы жағдай таразыға түсіп тұр деп есептеймін. Ауыр қылмысқа жатпаса да, бұл іс бойынша шешім шығару өте қиын. Мемлекеттік айыптаушы ұсынған жазамен келісіп, Қытайға қайтармауды сұраймын.

Біз бір ғана қазақты құтқардық. Қалғаны үшін де күресеміз

Германияның Мюнхен қаласынан хабарласқан қандасымыз, қоғам қайраткері, құқық қорғаушы Өмірхан Алтын сот шешіміне қанағаттанғанын білдіріп, қуанышты сәлемін жеткізді:

– Сайрагүл соты – Қытайдағы қазақ сынды аз халықтарға қысым жасалып жатқандығының дәлелі. Осы сот барысында әлемдік құқық қорғау ұйымдары, Германияның құқық қорғау ұйымы Президентке, Бас Прокуратураға хат жолдады. БҰҰ жанындағы босқындар ісі жөніндегі комитет мамандары да үнемі хабарласып, алаңдатушылық білдірді. Сайрагүлдің тағдырын бастан кешіп жатқан мыңдаған қазақ пен басқа да аз санды ұлттардың өкілдерінің қазіргі жағдайын ел осы Сайрагүл арқылы білді, түсінді. Бұл Қытайдың жалпыға бірдей адам құқықтарын қалай таптап жатқандарын көрсетеді. Сондықтан күрес ары қарай жалғаса береді".

Қазақстан тарихындағы ең үлкен халықаралық сот қазақша өтті

Сайрагүл Сауытбайдың ісі туралы Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігіне "Сайрагүлді Қытайға қайтармауды" талап етіп, мәлімдеме жасаған болатын. Онда Қытайға қайтарылса, Сайрагүлдің "өлітіріл кетуі" мүмкін екенін дәйек еткен.



Оның үстіне Еуропа Одағындағы бір топ құқық қорғау ұйымдары "Сайрагүл мәселесін" көтеріп, Қазақстан Президенті мен Бас Прокуратураға хат жолдағаны белгілі.


Сайрагуль Сауытбай поблагодарила за поддержку казахстанцев

Сайрагүл Сауытбай қолдау білдірген қазақстандықтарға рақметін айтты / Фото Алмаз Төлектікі, informburo.kz


Сотқа келген көптеген адамдардың көзінен қуаныш жасын көрдік. Тіптен, сақшылардың да...


На суде были представители мировых СМИ и слушателей

Сотқа жүздеген адам келді / Фото Алмаз Төлектікі, informburo.kz


Қыдырәлі Ораз, қоғам белсендісі:

– Сайрагүл соты Қазақстанның адам құқықтарын қорғау туралы әлем алдындағы міндеттемелерін орындағынын білдірді. Сайрагүл бүкіл әлемнің алдында Қытайдың жасырын жасап отырған сұмдықтарын әшкерелеп айтып, дәлелдеп шықты. Ата жұрты Қазақстан сынды тәуелсіз, демократиялы ел болғандықтан ғана Сайрагүл аман қалып отыр, – дейді.

Бауыр еті баласын көру үшін тәуекелге барған ананың әрекеті – Қытай үшін де, Қазақстан үшін де "шекара бұзған" қылмыс екені айқын. Алайда ол неге қашты, басына не күн туды деген сұрақ естіген жанның көңілінде.

Қытайға жиіркенішпен қарайтын адамдар көбейіп кетті

Қазір халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қытайдағы адамдық құқықтың тапталуы мәселесін жиі көтеретін болды. Жүздеген ақпарат құралдары түрлі дәлел-фактілерді жарыса жариялап, қысым көріп отырған қазақ, ұйғыр, тибет, дұңған, моңғол қатарлы аз санды ұлттардың мәселесін көтеріп жатыр.

Мысалы, Қазақстан азаматтығын алған мыңдаған қазақ Қытайда жазықсыз сотталып, құқықтары тапталып жатқан туыстарына араша сұрап, түрлі мемлекеттік құзырлы мекемелерге, Қытайдың Қазақстандағы елшісіне, халықаралық ұйымдарға арыз-шағымдарын түсіріп, видео мәлімдемелерін жібергендері мәлім.

Қытай тілінің маманы Сайрагүл Сауытбай 2002 жылдан Қытай Компартиясының мүшесі, балабақшада директор болып жұмыс істеген. Тұрмыста, екі баласы бар.


Супргу и дети Сайрагуль Сауытбай

Сайрагүлдің жұбайы мен балалары / Алмаз Төлектікі, informburo.kz


Въетнам, Үндістан, Филиппин қатарлы елдерде Қытайға қарсы ереуілдердің жиілгені әлем халқының Қытайға деген көңіл-күйін қалыптастыра бастады.

Қазір халық арасында Қытай туралы жиркенішпен қарайтын адамдар көбейіп барады. Бұл синофобияның күшейгенін көрсетеді.

Сайрагүлдің соты Қытайдағы қазаққа қысым жасалып отырғанына Қазақстандық биліктің көз жұма қарамайтынын білдіреді.


Сайрагуль Сауытбай радуется приговору суда

Сайрагүлдің сот шешіміне қуанған сәті / Фото Алмаз Төлектікі, informburo.kz


Ал Африка елдерінде де Қытайға қарсы әуен күшейіп келеді. Ондағы қытай бизнесмендерінің жергілікті билікпен астасып, экологияны бүлдіруі, халықты құлдықта ұстағысы келуі жұрттың ашуына тиді. Бұл да әлем халқының Қытай туралы көзқарастарының қалыптасуына ықпал етті.

Қытайдағы қазақ мәселесі Қытайдың Қазақстандағы беделін түсірді әрі сенімді жоғалтты.

Сайрагүл енді босқын мәртебесін күтеді

Енді Сайрагүл Сауытбай Қазақстан билігінің босқын мәртебесін беру туралы шешімін күтеді.


Сайрагуль Сауытбай находилась под стражей

Сайрагүл Сауытбай сот залында / Фото Алмаз Төлектікі, informburo.kz


– Қазіргі уақытта бізде пана іздеуші азаматтың мәртебесін беру туралы куәлік бар. Аталған шешім 27 шілдеде қабылданды. Заңға сәйкес, үш ай ішінде босқындар мәртебесін беру мәселесі шешіледі. Бұны БҰҰ Жоғарғы комиссариат бақылайды, – деді Сайрагүл Сауытбайдың адвокаты Абзал Құспан.

Қытайда діни бостандықтың шектелгені де жиі айтылады

2018 жылғы 26 шілдеде АҚШ-та Діни сенім бостандығын насихаттау жөніндегі бірінші министрлік дәрежелі конференциясы өтті. Жиналыста сөз сөйлеген АҚШ Мемлекеттік хатшысы М.Помпео Қытайдағы діни шектеулердің күшейіп, дінге сенушілердің ауыр қуғынға ұшырап жатқанын айтқан. Олардың ішінде этникалық ұйғыр, тибет, христандардан тыс Қытайдағы қазақтар да аталған.

АҚШ Вице-президенті Майкл Пенс басқарып, ашқан шараға Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов барды. Іс-шараға әлемнің 80 елінен келген сыртқы саяси ведомстволарының басшылары, сондай-ақ 170-тен астам азаматтық қоғам өкілдері және жүзден астам дін жетекшілері қатысты.

Майкл Пенс өз сөзінде діни еркіндікті қамтамасыз ету – Президент Дональд Трамп әкімшілігінің басты басымдықтарының, сондай-ақ АҚШ-тың мемлекеттік саясатының басты бағыттарының бірі екендігін мәлімдеді. Осыған байланысты дүние жүзіндегі діни бірлестіктер, азшылықтар мен діндар адамдардың құқықтарын қорғауда АҚШ халықаралық қоғамдастыққа жәрдемдесіп және қолғабыс көрсетуді жалғастыруға ниетті.

Қытайдағы мұсылмандар мен басқа да діни топтарға сенетіндердің қудаланып жатқанын бұл елден оралған қандастарымыз да жиі айтып келеді.

Қытайдан неге қорқамыз?

Қытайдың ең үлкен күші – бір жарым миллиард халқы мен олардың нан тауып жеу үшін жанталасқан өлермен тірлігі. Ал байлары қаржысын кез келген елдің экономикасына құйып, байлығын еселеуді және өзі мен ұрпағына мол дәулет пен жақсы өмір қалдыруды армандайды. Сол үшін аянбайды.

Ал қазақ секілді кең де бай елде тыныш өмір сүрген халықтың ондай өлермендерге қарсы тұруы қиын. Сол үшін сақтық шараларын күшейтуді ойластыру керек дейтіндер барынша көбейді.

Қоғам белсендісі Серікжан Біләш:

– Қытай ақшасымен-ақ байлық көздермен адамдарымызды сатып алып жатыр. Бұл – "Сингапур синдромына" әкелетін қателік. Сондықтан Қытайдан инвестиция тартуда барынша абайлау керек! – деп дабыл қақты.

Қытайдың ақшасы мен адамынан қорқу керек

Ал, саясаткер Мұқтар Тайжан өз парақшасында: "Қытай қауіпті ел емес" деген сөзді ешқашан айтқан емеспін. Керісінше, экономист ретінде бірнеше жыл бұрын Қытай экономикамыздың қай саласына қалай кіргенін зерттедім. Қытай агрессивті (әскери мағынасында) ел емес" деп айтқанмын.

Ол рас. Себебі соңғы 40 жылда Қытай күшпен (қарумен) көршілерді жаулап алған жоқ. Ресей секілді біреудің жеріне танкімен кірмейді. Қытай экономикалық, қаржылай әдістерді қолданады. Бір елдің билігі сатқын, жемқор болса, сол ел ұлттық мүдделерінен айырылып қалады.

Қытай өзге елдің шенеуніктерін сатып алуға дайын. Ал елдің билігі демократиялық, таза болса, АҚШ, Европа, Жапония тіпті кішкентай Моңғолия (2 млн ғана адамы бар) сияқты Қытаймен арада адал бизнеске негізделген қарым-қатынасты орнатуға болады..

Менің ойымша, бүгінгі Қазақстанның билігі пара алып, ұлттық мүддені сатып жіберуге дайын. Өйткені, билікте жемқорлыққа әбден батып кеткен шенеуніктер көп. Сондықтан Қытайдың Қазақстанда жасап жатқан барлық бизнес жобаларына, берген несиелеріне ашық, қоғамдық бақылау ауадай қажет" деп жазды.

Қазақстан – Қытайдың стратегиялық маңызды әрі сенімді көршісі еді

Олай деуге негіз бар. Қазақстан тәуелсіздік алғалы 27 жылдан бері екі ел достығы сыннан өтті. Қазақтың мол мұнай шикзаты мен газы Қытайға ағылса, қазақ қытайдың тауары мен несиесіне аузын ашып, мәз болды. Арадағы сауда айналымы жылына жүз миллиондаған долларды құрады.

Ши төрағаның да ең сәтті жобасы саналған "Бір жол – бір белдеу" жобасы қазақ жері арқылы әлемге жол тартты.

Әйтсе де қос елдің арасында еркін сайрандаған қытай қазақтарының аяғы бір-ақ жылда тұсалып тынды. Тіпті, отбасы екіге бөлініп, қосыла алмай зар жылаған аналар мен әкелер баспасөз мәслихаттарын өткізіп, әлемдік құқық қорғау орындарының да назарына ілінді. Дәл осы кезде қос балапанын көруге асыққан ана шегараны заңсыз бұзып өтіп, қазақ түрмесіне түсті.

АҚШ пен Қытай сауда соғысы – ел басшылығы мен халқы арасына жік түсірді

Қытайтанушы Ержан Мұхан осылай дейді.

– Мен АҚШ пен Қытай мәселесіне қатысты ақпараттарды үнемі бақылап отырмын. Қазір АҚШ Қытайға экономикалық шектеулерді күшейтіп, ақпараттық шабуылды үдетіп жіберді. Сауда соғысы басталғанына бүгін 27 күн болды. АҚШ Қытайдың әр әркетіне қарай қытайдан кіретін тауарларға үстемеленген кеден салығын қоятынын жиі айтып келеді. Тіптен, бастап та кетті.

Біріншіден, АҚШ Еуро Одақ, Жапония қатарлы елдермен жаңа экономикалық топқа біріге бастады. Бұл Халықаралық Сауда Ұйымындағы Қытайдың позициясына қатты соққы болып тиді. Қытай экономикасын оқшаулап жатыр.

Екіншіден, Қытай билігі неше ондаған жыл ішінде тәрбиеленіп шыққан өз ұлтшылдарына қарсы не істерін білмей отыр. Мысалы, билік АҚШ талаптарына бас исе, аталмыш ұлтшылдарының қарсылығына ұшырайды. Ұшырап та отыр. Себебі олардың саны халықтың басым бөлегін құрайды. Олар үшін әлемде "Қытайдан артық ұлт та, ел де болмауы керек".

Үшіншіден, Қытайдың саяси билігінде бөлініс пайда болды. Қазір бұрынғы Жяң Зымин (Цян Земинь) бастаған қытай саяси олигархтары қайтадан бірігіп жатыр. Билік ішінде де, халық ішінде де Ши Жинпиң (Xi Jinping) төрағаға қарсылық күшейіп барады. Сонымен Қытай Халық Құрылтайы Орталық комитетінің 7 мүшесі мен үкімет ішінде өзара қайшылық пайда болды.

Төртіншіден, Қытай экономикасының тірегі есептелетін Гуаңдоң (Guang Dong) қатарлы теңіз жағасындағы өлкелерінде экономикалық түзіліс бұзылып, халық несібесінен айырыла бастады. Үкімет тек мемлекеттік компанияларды ғана қолдап отыр. Жүз мыңдаған зауыт пен фабрикалар жабылды.

Бесіншіден, АҚШ-пен текетірес салдарынан көптеген компаниялар басқа елге көшті немесе жұмысын тоқтатты, жұмыссыздық өршіп барады.

Алтыншыдан, Қытай ұлттық банкі қағаз ақшаны көптеп басып шығарғандықта, ақшаның құнсыздануы белең алды. Егер осылай кете беретін болса, мұндағы азық-түлік пен тұтыну бұйымдарының, былайша айтқанда барлық заттың бағасы шарықтайды. Бұл – халықтың басына түсетін үлкен ауыртпалық.

Жетіншіден, Қытайда кей өлкелер өз өңіріндегі қызметкерлердің жалақысын төлей алмай қалды. Тіптен, ұлттық қордағы ақшаларының да кемігені белігілі боп отыр. Мысалы, Шыңжаң өлкесінде де кей мектептердің мұғалімдерінің, халық жасақтарының жалақысы 2-3 айлап берілмей жатқанын көріп отырмыз.

Қытай осы айда Бидайхыда жиын өткізеді

Ержан ағамыздың айтуынша, Қытай басшылығы осы тамыз айының соңына дейін Байдайхыда (Bi Dai He) тағы бір маңызды жиналысты өткізуді жоспарлап отыр. Оған қытайдың төрағасымен партияның және үкіметтің маңызды басшылары қатысып, алдағы жоспарлар мен басшылықтың бағыт-бағдарын талқыламақ.

Онда АҚШ-пен арадағы сауда соғысында ұстанатын бағыт, экономикалық реформа туралы және Қытай билігіне қарсы толқулардың көтерілуі мен белең алған "жеке басқа табынушылық" мәселесі де қаралады деп күтіледі.

Бұл – қытай төрағасы Ши Жинпиңнің басын ауыртып отырған маңызды мәселенің бір ұшы.

Естеріңізге салайық, соңғы екі аптадан бері қытай билігі "Қытай әлемді билейді", "2025 жылы бүкіл әлемнің көшбасшысы боламыз" деген ұрандарды көшеге ілуді шектеп, Ши төрағаның қанатты сөздерін жаттауды, суретін әр үйге ілуді тоқтатқан болатын. Бұның да үлкен саяси қадам екені белгілі. Себебі, Қытай төрағасының суретіне қара сия шашып, әлеуметтік желіге тарату арқылы наразылық көрсеткендер көбейіп кетіпті.

Қытай мен Қазақстан арасындағы байланыс өзгере ме?

Дина Елгезек, қоғамдық бақылаушы: "Меніңше екі ел арасындағы байланыс өзгермейді. Бұрынғысынша қала береді. Себебі, экономикалық тұрғыдағы мүдде басты орында".

Алайда, Қытайдың әр қадамына күмәнмен қарайтын қазақ баласы өсіп келе жатқанын да жоққа шығара алмаймыз. Сондықтан халықтың Қытайды жек көруі Қазақстанға келіп инвестиция салғысы келетіндерге әсер етпей қалмайтыны белгілі.

Қытаймен байланысты дұрыстау керек

Қытай – қалай айтсақ та қашып құтыла алмайтын көршіміз. Онда милиондаған қандастарымыз өмір сүріп жатыр. Оның үстіне біздің ел үшін алып базар.

Ал Қытай үшін Қазақстан – батысқа өтер қақпасы ғана емес, мол шикзат көзі. Стратегиялық маңызы өте жоғары ел.

Жалпы халықтың емеурініне қарағанда екі ел билігі екі ел арасындағы байланысқа сызат түсіретін істермен бірлесе отырып күресуге тиісті. Қытай бұл саясатын бұрынғыдай жалғастыра беретін болса, өзіне де, бізге де қиын. Ол үшін алдымен Қытай ондағы қандастарымызға қытай ұлтымен тең құқық және еркіндік беріп, қапастан шығаруы керек. Ал Қазақстан жағынан ешқандай кедергі көріп тұрған жоқпыз.


Сайрагүл Сауытбай отбасымен бірге өзіне арнап жайылған дастарханда. Жаркент, "Үйсін" рестораны

Сайрагүл Сауытбай отбасымен бірге өзіне арнап жайылған дастарханда. Жаркент, "Үйсін" рестораны / Сурет Атажұрт еріктілерінен алынды


Қазақстанға оралған қазақтардың саны өсіп келеді

Қазақстан Республикасының Статистикалық агенттігінің мәліметтеріне сүйенсек, 1991 жылы ең алғашқы этникалық қазақтар Моңғолиядан келіпті.

1992 жылдан бері жалпы 1 045 026 адам Қазақстан азаматтығын алған. Оның ішінде этникалық қазақтардың саны – 928 032 адам.

2017 жылы 30 828 адам Қазақстан азаматы атанды. Оның ішінде этникалық қазақтар – 26 569 адам (Моңғолиядан – 872, Қытайдан – 7 340, Өзбекстаннан –15 497).

2018 жылы қазіргі күнге дейін 16 283 адам Қазақстан азаматтығын алды. Оның ішіндегі этникалық қазақтар – 14 266 адам (Моңғолиядан – 353, Қытайдан – 8 112, Өзбекстаннан – 5 191).

"Елге ел келсе, құт" деген аталарымыз. Шетелден оралатын қандастарымыз әлі де көбейері ақиқат.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары