Тікелей эфир
Informburo.kz публикует материалы "Русской службы BBC News"

Қытайдың құпия лагерлерінің шынайы кеспірі. ВВС тілшісі зерттеуінің ізімен

Коллажды жасаған informburo.kz
Коллажды жасаған informburo.kz
Қытайдағы адам құқы мәселесі әлем назарына ілінді. ВВС журналистерінің көлемді зерттеуі жарияланды. Онда не айтылған? Қазақстандағы куәгерлер не дейді?

BBC тілшілері Қытайға барған сапары бойынша жазылған зерттеуін 24 қазанда жариялады. Мақалада Шыңжаңда тұратын мұсылмандарға жасалып жатқан қысым сөз болады.

Мақала: "Мұсылман ұйғырларды "қайта тәрбиелейтін" Қытайдың құпия лагерлері қалай жұмыс істейді? ВВС-дің тілшілік зерттеуі" деп аталады.

Авторы Джон Садуорттің (John Sudworth) айтуынша, Шыңжаң өлкесінде жүз мыңдаған мұсылман еш сотсыз, тексерусіз қамақта отыр.

Қытай үкіметі бұған "терроризм мен діни экстремизмге қарсы тұру үшін көптеген адамдар "қайта тәрбиелеу мектептеріне" ерікті түрде барып жатыр" деп мәлімдепті.

Шөлдегі лагерь

Тілші Шыңжаңда бұрыннан бар және жаңадан салынған "қайта тәрбиелеу" лагерлерімен жақыннан танысқан. Алайда ішіне кіру түгілі, суретке түсірудің өзі мүмкін болмапты.


ВВС тілшісі барып қайтқан Үрімжіге жақын Дабанчың қаласының жанындағы "қайта тәрбиелеу" лагері

ВВС тілшісі барып қайтқан Үрімжіге жақын Дабанчың қаласының жанындағы "қайта тәрбиелеу" лагері / secretchina.com сайтынан алынған сурет бойынша жасалды


Айтуынша, жоғарыдағы суреттегі құрылыс 2015 жылы болмаған. Яғни сол кезде түсірілген спутниктік сурет соған дәлел.


Дабанчыңдағы қайта тәрбиелеу лагерінің орны. 2015 жылы

Дабанчыңдағы қайта тәрбиелеу лагерінің орны. 2015 жыл / Google Earth суретінен қиып алынды


"Бұл – бір қарағанда қарапайым болғанмен, адам құқына қатысты туындаған өте маңызды мәселе" – дейді ВВС тілшісі мақалада.

Суреттен байқағанымыздай, шөлдің ортасында таң қаларлық, қатаң қорғалған ғимарат кешені пайда болған. Ол айнала ұзындығы екі шақырымдық дуалмен қоршалған. Дуалдың бойында 16 күзет мұнарасы бар.

Шыңжаңда қанша мұсылман бар?

Шыңжаңда 10 миллионнан аса ұйғыр, 2 миллион үстінде қазақ және жарты миллиондай дұнған бар. Басқа татар, өзбек, қырғыз қатарлы мұсылман азшылықтарының саны 200-300 мың айналасында.


шыңжаңның солтүстігінде қазақтар, оңтүстігінде ұйғұрлар жиы қоныстанған

Шыңжаңның солтүстігінде қазақтар, оңтүстігінде ұйғырлар жиі қоныстанған / Суретті informburo.kz жасады


Көпшілік қытай үшін олар Орталық Азия тұрғындарына ұқсайды әрі түркі тілінде сөйлейді. Оның үстіне Шыңжаңда тұратын моңғол, сібе ұлттарының да қысым көріп отырғаны туралы материалдар бар.

"Қытайда қатты бақылауда болдық"

Қытайда мұсылмандарды қамауға арналған лагерлердің барлығы туралы ақпаратқа көз жеткізуге келген BBC тілшілері Үрімжіден бір сағатта жететін Дабанчың маңындағы бір лагерге барыпты.

Тілшілер Үрімжідегі әуежайдан түскенде қатаң тексеруге тап болған.

Мәселен, "Дабанчыңға бет алған кезде артымыздан қарапайым шенеуніктер мен полиция қызметкерлері кемінде бес көлікпен еріп жүрді, солардың бақылауында келе жатқанымызды аңғардық" – деп жазыпты Джон Садуорт.


Дабанчың ауданында 40 мың халық бар. Басым бөлегі ұйғұрлар мен қазақтар

Дабанчың ауданында 40 мың халық бар. Басым бөлігі ұйғыр мен қазақ / sohu.com сайтьнан


Сурет түсіруге, баруға кедергі жасады

Тілшілер Дабанчыңға жетіп, көздеген орынның маңын суретке түсіруге тырысқанымен, полиция кедергі жасаған.

"Әуежайдан шығатын кең магистраль бойымен жүріп бара жатқанымызда артымыздан ерген керуеннің бізді тоқтатуға тырысатынын сездік.

Міне, бізден бірнеше жүз метр алыста күтпеген құрылыстар көрініп қалып жатты.

Құрылыстарды камераға түсіруге тырысқанымызбен үлгере алмадық. Есесіне көлігінен түскен полиция қызметкерлері суретке тыйым салып, көліктен шығуды талап етті" – деп жазған.

"Жасырын құрылыстардың барлығын анықтадық"

"Дегенмен, біз маңызды нәрсе – әлемнің қалған бөлігінен әлі күнге дейін жасырын қалған ауқымды құрылысты анықтадық" – дейді Джон Садуорт.

Тәуелсіз зерттеушілер Google Earth жерсеріктік карталарындағы суреттерді, Еуропалық ғарыш агенттігі, Сентинел компаниясының 2018 жылдың қазан айында түсірген суреттеріне талдау жасап, аталған құрылыс алаңының тағы да кеңейгенін көрген. Тіптен, адам айтқысыз үлкен өзгеріс болған.

"Бұл – соңғы жылдары Шыңжаңда салынған көптеген колониялы кешендердің бірі ғана" – дейді Джон Садуорт.

"Онда басқаша ойлайтын он мыңдаған адам бар"

Тілшілер Дабанчыңның орталығында аялдап, адамдармен сөйлеспек болған.

"Біреумен ашық сөйлесу мүмкін емес. Бақылап жүрген тыңшылар бізден бір қадам артта қалмады. Тіптен, сәлем бергендерге де зекіп жатты" – деп еске алған.

16 мұнаралы үлкен кешенді суретке түсіруге билік неге тиым салды?

Тілшілердің сұрағына қонақ үй әкімшісі: "Бұл – қайта тәрбиелеу мектебі", – десе, екінші бір саудагер: "Иә, онда қазір өзгеше ойдағы он мыңдаған адам отыр" – деп сөзін толықтапты.

Джонның жазуынша, алып кешенді қандай да бір жай мектеп деп айту ақылға қонбайтыны белгілі. Шыңжаңда "мектепке бару" деген сөздің өзі басқаша мағына береді екен.

"Мен қателіктерімді терең сезіндім"

"Қытай мұсылмандарды сотсыз әрі тергеусіз бас бостандығынан айырып келе жатқанын үнемі мойындамай келеді" – деп сөз бастаған тілші жергілікті телеарналар таратқан "Қайта тәрбиелеу" лагеріне "өз еркімен, таза ниетімен барып" оқып жатқан "бақытты шәкірттер" деуден танбаған.

"Олар таң қаларлық репортажды тарата бастады. Тіпті сол видеолардың өзінен де лагердегі өмірдің қандай екенін байқауға болады. Онда оқушылардың аталған "мектепті" қандай критерийлер бойынша таңдағаны, курстардың қанша уақытқа созылатыны туралы айтылмаған", – дейді Джон.


Қытайдың ССТВ 13 телеарансында көрсетілген "Қайта тәрбиелеу лагері" туралы бағдарламадан камерелардың толып тұрғанын көресіз

Қытайдың ССТВ 13 телеарнасында көрсетілген "Қайта тәрбиелеу лагері" туралы бағдарламадан бейнекамераның толып тұрғанын көресіз / Сурет бағдарламадан қиып алынды


"Бірақ сюжетті қарап отырып, кейбір нұсқауларды да көруге болады: "Мен қателігімді терең сезіндім" – деп сөйлеген ер адамның үйге қайтқан соң тәртіпті азамат боламын деп уәде бергенін естідік" – дейді Джон.

Лагерь де, мектеп те бірдей

Джонның айтуынша, лагерлердің басты міндеті – құқықтық пәндерді, еңбек дағдыларын және қытай тілін үйрету арқылы экстремизммен күресу деп көрсетіледі екен.

"Сіз оларды мектеп не лагерь деп атасаңыз да, мақсаты бірдей және біреу. Нысандар Шыңжаңдағы мұсылмандар үшін арнайы салынған" – дейді Джон.


Суреттен шынжаңдағы Хотан кәсіптік тәрбиелеу мектебінің ғимаратын қоршаған тікенді торды көруге болады

Суреттен Шыңжаңдағы Хотан кәсіптік тәрбиелеу мектебінің ғимаратын тікенді тормен қоршап қойғанын көруге болады / Сурет ССТВ 13 телеарнасы таратқан бағдарламадан алынды


Видеолардан мекемедегі бір тұтас киім үлгісіндегі әйелдердің мұсылмандардай жаулық тартпағанын байқадық.

Коммунистердің билігі халықтың наразылығын тудырып келеді

ВВС тілшісінің айтуынша, Шыңжаңның оңтүстігіндегі мәдениет ислам әлеміне жақынырақ. Мысалы, Солтүстік Шынжаң Қазақстанмен тығыз байланыста. Ал Қашғар қаласы Шыңжаңның оңтүстігінде. Бейжіңге қарағанда географиялық жағынан Багдадқа жақын, бұл кейде ондағы мәдениеттен де сезіледі.

Өңірдің табиғи байлығы – Германияның бес есесіне барабар жер көлеміндегі әсіресе мұнай мен газдың ірі кен орындарына қытайлық ірі инвестициялар тартылған. Ол жылдам экономикалық өсімді қамтамасыз етті және басқа өңірлерден иммигранттардың көптеп келуіне себепші болды.

Сонымен бірге жергілікті жұрттың бір бөлігінің түскен пайданың тең әрі әділ түрде бөлінбейтіндігіне көңілдері толмайды екен.


Шынжаңға арнайы қоныстандырылып жатқан мигранттар бар

Шыңжаңда арнайы қоныстандырылып жатқан мигранттар бар / Сурет epochtimes.com сайтынан алынды


Қытай үкіметі түрлі сындарға жауап ретінде Шыңжаң тұрғындарының тұтыну деңгейінің айтарлықтай жақсарғанын алға тартып келеді.

Тәртіпсіздіктер мен қақтығыстар болған

Бірақ соңғы оншақты жылдың ішінде болған ірі тәртіпсіздік пен қақтығыстан, жоспарлы шабуылдардан және полицияның әрекеттерінен мұнда жүздеген адам зардап шекті.

Олардың бірі ретінде 2009 жылы Шыңжаңда болған 5 шілде оқиғасын атауға болады. 2013 жылы Бейжіңдегі Тяньаньмэнь алаңында үш ұйғыр мінген автокөлік жаяу жүргіншілерді қағып өлтірді. Екі адам қаза тапты. Үш шабуылдаушы да өлді.


Бейжің,2013. тянанміндегі шабул

Бейжің, 2013 жыл. Тяньаньмэньдегі шабуыл / Сурет baidu.com сайтынан алынды


2014 жылы пышақпен қаруланған ұйғырлар Шыңжаңнан 2000 шақырым алыстағы Куньмин қаласының стансасында қырғын жасады. Нәтижесінде 31 адам қаза тапты.


Куньминдегі шабуылдан кейін күзет күшейтілді. Шабуыл жасалған орынның алды

Куньминдегі шабуыл жасалған орынның алды / Сурет baidu.com сайтынан алынды


Куньминдегі шабуылдан кейін полиция қауіпсіздік шараларын күшейте түсті.

"Қытай үкіметі қатаң шешім қабылдады. Яғни, соңғы төрт жылда Шыңжаңдағы халық үшін ең қатаң және кешенді қауіпсіздік шараларын енгізді.

Ол үшін тұлға тану, ұялы телефондардың мазмұнын сканерлеу, биометриялық деректерді жаппай жинау сынды заманауи технологиялар кеңінен қолданылады" – дейді BBC тілшісі.

"Отбасы мен дінге деген сүйіспеншілік компартияға сүйіспеншіліктен жоғары болмау керек"

Тілшінің айтуынша қытайлық билік исламды ұстануға қарсы бағытталған қатаң жаза тәртібін енгізген. Мәселен, ұзын сақал қою, хижап кию, балаларға діни тәрбие беру, тіпті сәбилерге мұсылман есімдерін қоюды да шектеген.

"Бұл шаралардан түйгеніміз: Қытай мемлекетшілдік көзқарасқа түбегейлі өзгерістер енгізді. Атап айтқанда, бұдан былай сепаратизм –жекелеген адамдарға қатысты мәселе емес, жалпы ислам мәдениетіне негізделген жалпылық сипат алған құбылыс ретінде қаралады.

Бұл ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің қоғамға бақылауды күшейту кезеңімен сәйкес келді. Осыдан былай отбасыға немесе діни сенімге деген сүйіспеншілік – коммунистік партияға қызмет етуден жоғары болмауы керек деп танылды" – дейді ВВС тілшісі.


Жайлаудағы қазақ малшылары да таңертең ту шығару салтын өткізетін болған

Жайлаудағы қазақ малшылары да таңертең ту шығару салтын өткізетін болған / Сурет ФБ "Қытайдағы қазақ мәселесі" атты топтан алынды


Мұсылмандардың жүріп-тұруы бақылауда

Тілшілердің сараптауынша, Шыңжаңда, тіптен бүкіл елде мұсылмандардың жүріп-түруына шектемелер қойылған. Оларға паспорттарын полицияға "сақтауға беру" міндеттелген.

Ресми лауазымдағы азаматтардың мұсылман дінін ұстануына, мешіттерге баруына және ораза ұстауына, шетелге шығуына тыйым салынған.


Қытай, шынжаңдағы бір мешіт. Есігі бекітілген, ай белгісі алынып тасталып, ту ілініпті

Қытай. Шыңжаңдағы мешіт. Есігі бекітілген, ай белгісі алынып, ту ілініпті / Сурет bitterwinter сайтынан


Неміс зерттеушісі: өте көп адам қамауда отыр

Немістің құрылыс жобалаушы, академигі Адриан Цент (Adrian Zen) жергілікті әкімшіліктердің бірінің құжаттарынан құрылыс жұмыстарына әлеуетті мердігерлер шақырғанын байқаған.

Құжаттарда – Шыңжаңдағы көптеген объектілердің құрылысы мен реконструкциясына қатысты мәліметтер жинақталған екен.

Ондағы тендерлердің көпшілігі қауіпсіздік жүйелерін, байқау мұнаралары, тікенді сымдар, бейнебақылау жүйелерін орнату және күзет залдарын жасауға қатысты болған.

Осы деректерді басқа көздерден алынған мәліметтермен салыстырған Адриан Цент, кем дегенде, жүз мыңдаған, мүмкін миллионнан астам мұсылман қайта тәрбиелеу лагерлерінде отыр деп тұжырымдаған.


Саяси үйрену лагерлеріне адам мимай жатыр деген ақпараттар көп

Саяси үйрену лагерлеріне адам сыймай жатыр деген ақпарат көп / Сурет ВВС таратқан ақпараттан алынды


"Әрине, құжаттарда бұл ғимараттар ешқашан "интернатура лагерлері" деп аталмайды – "қайта тәрбиелеу мектептері" деген сөз қолданылады.

Құжаттардың бәрі дерлік біз барып кеткен үлкен кешен тендеріне қатысты болып шықты. Яғни, 2017 жылдың шілде айында Дабанчыңге жақын жердегі "Білім беру арқылы трансформация мектебінде" жылыту жүйесін орнатуға конкурс жарияланыпты" – деп жазыпты Джон мырза.


Шынжаң, Шиху қаласындағы Саяси үйрену мектебінің құрылысы туралы мердігер шақыру хабарламасы

Шыңжаң, Шиху қаласындағы Саяси үйрену мектебінің құрылысы туралы мердігер шақыру хабарламасы / Сурет ФБ "Қытайдағы қазақ мәселесі" атты топтан алынды


Мұнда тендер арқылы оқыту ғимараты үшін 2392,5 шаршы метрге, ал жатақхана үшін 7670,25 шаршы метрге құрылыстың салынатыны айтылған.


Саяси лагерер кейтіліп жатыр

Саяси лагерлер кеңейтіліп жатыр / Сурет ВВС таратқан ақпараттан алынды


101 кешенге жасаған талдау

Ашық спутниктік сурет-деректерін пайдалану арқылы Шыңжаңның кейбір құпияларын білуге болады.

GMV спутниктік көріністегі инфрақұрылымды тану тәжірибесі бар халықаралық аэроғарыш компаниясы. Оның клиенттеріне Еуропалық ғарыш агенттігі және Еуропалық комиссия кіреді.

Компания сарапшылары бұқаралық ақпарат құралдарындағы мәліметтерге сәйкес және қайта тәрбиелеу лагерлеріне ғылыми зерттеу жүргізіп, нәтижесінде Шыңжаңдағы 101 кешеннің тізіміне талдау жасаған.

Біржағынан ескі кешендер мен жаңа кешендердің кеңеюін де есепке алыпты.

"Кешендерге талдау жасау барысында адамдар қозғалысын қадағалау және бақылау үшін қажетті элементтер бар ғимараттардың айналасындағы мұнаралар мен қоршаулар негізінде кейбір ортақ сипаттамалар негізге алынды" – дейді Джон.

GMV талдаушылары барлық кешендердің шын мәнінде режим нысандары болып табылатындығына байланысты топтарға бөлді. Олардың 44-і "жоғары" және "өте жоғары ықтималдық" санаттарына ілікті.

Сосын 44 нысанның әрқайсысын спутниктік суретке ең бірінші болып түсіруге мүмкіндік беретін уақыт режиміне қойғызған.


Жоғарыдағы екі суреттегі құрылыстар

Жоғарыдағы екі суреттегі құрылыстар / medium.com сайтынан алынды


Планетадағы ең үлкен түрмелер керуені

"2018 жылы жаңа құрылыстар саны 2017 жылға қарағанда аз. Бірақ олардың ауданы өткен жылмен салыстырғанда үлкейген" – деп жазған BBC тілшісі.

GMV бағалауы бойынша, бұл 44 кешеннің аумағы 2003 жылдан бастап 440 гектарға өсіпті. Бұған ғимараттар ғана емес, барлық қоршалған кеңістік кіреді.

Салыстыру үшін, Лос-Анджелестегі "Twin Towers" түзеу мекемесі мен Орталық ерлер түрмесі орналасқан 14 гектар кешенді алуға болады. Кешенде барлығы жеті мыңға жуық тұтқын бар.


Исправительное учреждение "Башни-близнецы", Лос-Анджелес

Лос-Анджелестегі Twin Towers түзету мекемесі / Уикипедия ашық энциклопедиясынан алынды


Зерттеушілер Дабанчыңдағы кешенді кеңейту туралы GMV деректерін Австралияның Гимер Бейли түзету мекемелерінің сәулетшілер командасына көрсеткен.

Олардың есептеуі бойынша, осы кешенде ең кемі 11 мың адам орналастырылуы мүмкін екен. Мұндай қарапайым есеп Дабанчыңдағы кешенді әлемдегі ең ірі түрмелердің біріне айналдырады.

АҚШ-тың Рикерс аралындағы ең үлкен түрме 10 мың тұтқынға арналған. Еуропадағы ең ірі саналатын Стамбул маңындағы "Силиври" түрмесі 11 мың адамға арналған.

"Дабанчыңдағы лагерде ең төменгі есеп бойынша оған кіргендердің барлығы бір кісілік бөлмелерге орналасады. Егер жатақхана болса, онда бұл кешеннің сыйымдылығы бірнеше есеге – 130 мың адамға дейін өседі" – деп жазған.

Суреттерді көрген американдық Сәулетшілер / Дизайнерлер / Әлеуметтік жауапкершілікті жоспарлаушылар ұйымының жетекшісі Рафаэль Сперри: "Жобалаушылар кішігірім аумақта ең көп адам сиятын және құрылыс шығындары барынша үнемді құрылысты жобалайды. Бұл – тұтқындар үшін өте үлкен және қорқынышты кешен...

Менің ойымша, 11 мың адам – өте төмендетілген есеп... Бізге ұсынылған мәліметтерден бұл ғимараттарда қанша адамның орналастырылғанын, олардың ішінде қаншасының тұрғын үй ретінде пайдаланылатындығын білмейміз. Бірақ, өкінішке қарай, 130 мыңға жуық адам қабылдай алады деп есептеуге болады".

"Бұл мекемелерді тексермей, болжаммен есептеу мүмкін емес.

Біз Шыңжаң билігінен Дабанчыңдағы кешеннің не үшін пайдаланылатынын түсіндіріп беруін сұрадық, бірақ жауап бермеді" – дейді BBC тілшісі.


"Атажұрт ерікті жастары" ұйымынан көмек сұрап келген асыраушылары қытайда қамалған сәбтилер

"Атажұрт ерікті жастары" ұйымынан көмек сұрап келген асыраушылары Қытайда қамалған балалар / Сурет informburо.kz


Мектептер мен зауыттар саяси үйрену лагеріне айналған

ВВС тілшілері қазақ көп қоныстанған Құлжа қаласына да барған.

"Мұндай нысандардың кейбірі жаңадан салынбаған. Мектеп немесе зауыт сияқты басқа да функцияларды орындайтын ғимараттар қайта жөнделіп, лагерге айналдырылған.

Олар, әдетте, аз және қала орталығына жақын орналасқан.

Қытайдың солтүстігіндегі Құлжадағы бірнеше лагерге баруға тырыстық.

"Тұрақтылықты сақтау" мақсатында пайдалану үшін бес "Білім берудің кәсіптік оқу орталықтарын" құруға қатысты мемлекеттік сатып алулар туралы құжаттарды көрдік.

Қала орталығындағы, бұрын №3 орта мектептің ғимараттары болған үлкен кешенінің жанына тоқтадық.

Кешенді биік әрі көк дауал қоршаған, кірер ауызда күшейтілген тәртіптегі күзетшілер жұмыс істеп тұр.

Ойын алаңының жанына бақылау мұнарасы орнатылыпты, бұрынғы футбол алаңының жанында орналасқан тағы біреуі бар екен.

Қазір алаңда толығымен металл шатырмен жабылған алты ғимарат тұр" – деп жазған.

Төрт отбасының шаңырағы құлады

Ақытхан Қалида. Қазақстан азаматы. Туылған күні – 26.08.1954 жыл. Төрт баланың анасы. 14 немересі бар.


Қалида әже

Қалида әже / Сурет informburо.kz


Ақытхан Қалида:

– Күйеуім Құттыбай Рахымберген (01.01.1940) – Қазақстан азаматы. Күйеуімнің әке-шешесі 1954 жылы Кеңес Одағына өтіп кеткенде, Құттыбай Қытайда қалып қойыпты. 2004 жылы Қазақстанға оралғанда ғана шешесін көрді.

2018 жылы ақпанның 17 күні Шыңжаңның Іле қазақ автономиялы облысында тұратын үш ұлымды ешқандай сотсыз, тергеусіз – себепсіз бір күнде Күнес ауданында ұстап әкетті. Аттары: Сатыпалды (1979), Оразжан (1981), Ахметжан (1984).

Сонымен бірге үш келінімді – Тоқтыгүл, Шарапат, Мирайды да ілгерінді-кейінді ұстап, "саяси үйрену" лагеріне жіберген. Осы үш отаудан тараған 14 немеремнің қайда қалғаны белгісіз, – деп жылап отыр.

Бұл сұмдыққа шыдамаған Рахымбай ақсақал биылғы 9 қыркүйекте құсадан қайтыс болыпты.

Үш ұлы, үш келіні, 14 немересінен тірі айырылған ана халықаралық құқық қорғау ұйымдарынан көмек сұрап отыр.

"Анам Қазақстан азаматы бола тұра хабарсыз"

Жалғас Десберген. 13 жаста. Алматы облысы, Ұзынағаш ауылынан:

– Анам Мұқтархан Анаргүл 2013 жылы Қазақстан азаматтығын алған. 2017 жылы 25 наурызда Қытайға кеткеннен қайта оралмады. Естуімізше, Шыңжаңның Шәуешек қаласында "Саяси үйрену" лагері деп аталатын түрмеде отыр екен, – дейді.


Анаргүлдің қазақстандық жеке бас куәлігінің көшірмесі

Анаргүлдің қазақстандық жеке бас куәлігінің көшірмесі / Суретті Анаргүлдің күйеуі Дәуітқан Десберген жіберді


Оны аталған лагерде 128 күн отырып, кейін Қазақстан азаматы болғандығы үшін босатылған Орынбек Көксебек де растап отыр. Орынбектің айтуынша, Анаргүлмен сонда кездесіпті. Анаргүл "Қазақстан үкіметі мен туыстарына хабар беруді" өтініпті.

Ал Анаргүлдің күйеуі Дәуітбай Десбергенге хабарласқанымызда:

– ҚР Сыртқы істер министрлігіне хат жібердік. Қазірше ешқандай ақпар ала алмай отырмыз, – деді.

"Онда белгісіз укол салды"

Орынбек Көксебек:

– Мені Қазақстан азаматы бола тұра лагерге жіберді. Себеп – полицияға "шетел азаматы екенімді, ұстауға еш себептің жоқ екенін" айтқаным, құқымды талап еткенім. Бір бөлмеде оншақты адам жамбастап жаттық. Әйтпесе сыймайтын едік. Мен бір қайтыс болған адамның орнына жаттым.

Мен отырған жерде шамамен 3000-нан астам адам болды. Барған кезде бір шұңқырға салды да, үстіме суық суды құйып жібергені есімде.


Орынбек Көксебек Лагерде көрген жағдайды әңгімелеп отыр

Орынбек Көксебек лагерде көрген жағдайды әңгімелеп отыр / Сурет informburо.kz


Сосын бір укол салды. Не укол екенін сұрауға құқым жоқ. Ол жерге кіргендердің бостандыққа шыққаны некен-саяқ, – дейді.

"Күйеуіңмен ажырас деп қысым жасады"

Шынар Қылышбаева:

– Күйеуім Жарқынбек Отанұлы Қытайға құжаттарын дұрыстауға кеткеніне екі жылдан асты. Бір баламмен жұмыссыз, пәтер жалдап жүрмін.


Шынар Нидерландтан келген тілші Стевен Дерикс-пен кездесуге келді

Шынар Нидерландтан келген тілші Стевен Дерикспен (Steven Derix) кездесуге келді / Сурет informburо.kz


Күйеуімнің бар айыбы – Қазақстанда тұрғаны және қазақстандыққа үйленгені. Лагерь қызметкерлері оған қысым жасаған болуы мүмкін. Менімен бірнеше рет ажырасуды өтінді. Мен бас тарттым әрі халықаралық құқық қорғау ұйымдарына "Атажұрт ерікті жастары" арқылы арыздандым. Амалсыздан халықтан көмек сұраған кезім де болды. Енді күйеуімді босатыпты. Қайырымды жандардың көмегімен Қазақстанға ұшақ билетін де алып берген. Алайда ұшақпен ұшуға шектеме қойыпты. Сонымен Қорғас арқылы 18 қарашада Қазақстанға оралды. Қазір біздің үйде той боп жатыр – деп қуанышын білдірді.


Жарқынбек Отан Қазақстан оралды

Жарқынбек Отанұлы оралды / Сурет "Атажұрт ерікті жастары" ФБ парағынан алынды.


"Туыстарын құртып жіберуден қорқып отыр"

Informburo.kz тілшісіне Норвегиядан Мейрамгүл (аты өзгертіп алынды) атты қандасымыз хабарласты.

– Қытайдың Шыңжаңында тұратын ағамды "Қайта тәрбиелеу" орталығына жібергелі көп болды. Онда барған адам шықпайды ғой. Жеңгем емшектегі баласымен үйде отыр. Ешқандай көмек болмаған соң, бірнеше рет ақша салып, жәрдемдестім. Жеңгемді де ұстап әкетуі мүмкін. Сол үшін ол халықаралық құқық қорғау ұйымдарынан көмек сұрап, видеоүндеу жарияламақ болған. Алайда, жеңгем телефонмен айтқандай, Қытай билігінің бүкіл туыстарын құртып жіберуінен қорыққан ағамның әке-шешесі келініне "Егер үндеу жарияласаң, теріс батамызды береміз" деп рұқсат бермей отыр екен.

Енді не істерімді білмей отырмын, – деді ол.


Бала-шағасы қытайда қамауға алынған азаматтар

Бала-шағасы Қытайда қамауға алынған азаматтар / Сурет informburо.kz


Кейін тағы хабарласқанымызда сөйлесуден бас тартты.

BBC тілшісі шетелде тұратын сегіз азаматпен сұхбаттасқан. Олардан түсінгені:

"Яғни, кәдімгі діни өмір, билікпен келіспеудің ең жеңіл формалары және шет елде тұратын туыстарымен байланыста болу сияқты кез келген жәйт сізді "қайта тәрбиелеу" жүйесіне жіберуге жеткілікті. "Қытай билігі мұсылмандарды дінінен, тілінен, тіптен тегінен айырып құртып жібергісі" келетінін айтты" – деп жазған.

"Туысымды Қазақстанның территориясынан ұстап әкетті"


Асқар Азатбектің ҚР жеке бас куәлігі

Асқар Азатбектің ҚР жеке бас куәлігі / Сурет Гаухар Құрманалиевдан алынды


Қоғамдық белсенді, Гаухар Құрманалиева:

– 2017 жылы 7 желтоқсанда туысым, Қазақстан азаматы Асқар Азатбекті Қазақстан мен Қытай ортасындағы "Қорғас" Шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының (МЦПС) Қазақстанға тиесілі жағынан қытай полициялары ұстап әкетті.

Қытайда қазақтар мен ұйғырларды және басқа да халықтарды жойып жіберуді немесе қытайға зорлықпен сіңіріп жіберуді көздейтін, нацистік Германияның еврейлерді қамап өлтірген концлагеріне ұқсас, соңғы технологиямен жабдықталған (камера ДНК және басқада биологиялық мәліметтерді жинақтайтын жабдықтары бар) концлагерлер бар екені ашылық айтылып жүр.

Ең өкініштісі, тәуелсіздігімізді аяқ асты етіп, Қазақстан территориясына басып кіріп, адамымызды барымталауына жол бермеуміз керек еді. Оның үстіне бір жылдан бері өлі-тірісін де біле алмай отырмыз. ҚР Сыртқы істер министрлігіне де жиі хабарласып отырмын. Енді халықаралық ұйымдардан көмек сұрап жатырмын, – деді.

Отбасы екіге бөлінген азаматтар Қазақстанда да мыңдап саналады

Германиялық құқық қорғаушы, қоғам қайраткері Өмірхан Алтын:

– Атажұрт еріктілері жинаған арыздарды аталған ұйымның жетекішілерінің бірі – Қыдырәлі Ораз бен Қытай түрмесінен босап шығып елге оралған Аманжан Сейт БҰҰ Адамдық құқық комитетіне келіп тапсырды. Сонымен бірге Еуропарламентке де табыстады.

Қытайдың мұсылман азшылықтарды құртып жібермек болған саясатына Германия, АҚШ бастаған батыс елдері қарсы болып отыр, – дейді.

Қоғам белсендісі, Атажұрт ерікті жастарының мүшесі Серікжан Біләшұлы:

– Шыңжаңдағы жағдай өте ауыр. Тіптен қыркүйекте Шыңжаңда теміржолмен жолаушылар тасымалын белгілі уақытқа тоқтатып, аталмыш лагердегі мұсылмандарды ішкі Қытайға жөнелткенін білесіздер.

Оның үстіне, ондай лагерге түскен азаматтардың қайта шығуы өте қиын – деген болатын.


Өмірхан Алтын мен Қыдырәлі Ораз Женевадағы БҰҰ-ның Адамдық құқық комитеті ашқын жиналыста

Өмірхан Алтын мен Қыдырәлі Ораз Женевадағы БҰҰ-ның Адам құқы комитетінің жиналысында / Сурет Қыдырәлі Ораздан алынды


Қарашаның 7-10 күндері Нидерландтан келген тілшілер "Атажұрт ерікті жастарының"кеңсесіне келді. Олар сонда арыз жазуға көмек сұрап келген ондаған зардап шегушімен кездескен болатын.

Кеңсе менеджері Гүлжан Тоқтасын:

– Әр күні халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен ҚР Сыртқы істер министрлігіне, Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа арыз жазуға ондаған адам келеді. Біздің азаматтар оны ағылшын тіліне аударып, БҰҰ-ға жіберіп жатыр. Зардап шегушілерге қатысты Серікжан Біләш ағамыз видеосұқбатты ағылшын, қазақ және қытай тілдерінде жүргізіп, таратады, – дейді.


Нидерланд тілшісі Севен Дерикс пен Серікжан Біләш Қытайда отбасы мүшесі қамалғандармен кездесу өткізді

Нидерланд тілшісі Стевен Дерикс (Steven Derix) пен Серікжан Біләш Қытайда отбасы мүшесі қамалғандармен кездесу өткізді / Сурет informburо.kz


Ал, Қытайдан келгеніне 1 ай ғана болған Ерлан (аты-жөні өзгертіліп алынды):

– Мен тұрған аудан да түрмеге толы. Кей мектептер қайта тәрбиелеу лагерлеріне айналдырылыпты. Оған сыймағандарын аймақ түрмелеріне жіберген. Тағы бір үлкен түрме салып жатыр, – дейді.

Біз сөйлескен лагерлердің бұрынғы "тәрбиеленушілері" реніш пен ашудан булығып жүр

Тілшінің айтуынша, Дабанчың секілді құпия да қауіпті алып кешендерде өмірін өткізіп жатқан адамдар туралы әлем енді ғана біліп жатыр.

"Біз баяндамамызды шын мәнінде өте ауқымды қайта тәрбиелеу лагерлерінің куәгерлерімен әлі де толықтыратын боламыз. Олар – қамауда отырғандар, ешқандай құқықтық шектемеге сыймайтын, ешқандай сотсыз және тергеусіз бас бостандықтарынан айырылғандар.

Қытай бұл бағдарламаны табысты жүргізіп жатқанын әлдеқашан жариялады.

Бірақ тарих мұндай бағдарламаларды әкелуі мүмкін көптеген қауіпті мысалдардан біледі" – деп сөзін аяқтапты.

Informburo.kz публикует материалы "Русской службы BBC News"

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары