Тікелей эфир

Нәубет жылдар ызғары. Қара көпірге ілінген бас пен босқан елдің көрген қорлығы

Сурет nationalgeographic.kz сайтынан алынды
Сурет nationalgeographic.kz сайтынан алынды
Семейден бастау алып, Алтай, Баркөл, Тибет арқылы Үндістан мен Пакистанды басып Түркияға жеткен көш қалай басталды. Себеп неде?

"Адамның басы – Алланың добы" деген екен аталарымыз. Сол доптай домалаған қазақтың бір ұлы Арыстан қажы Шынжаң, Гансу, Көккөл, Тибет, Үндістан, Пакістан, Түркия, Германияда тұрыпты. Тәуелсіздік алғаннан кейін ата жұртқа оралып, көшуді доғарған.

Арыстан қажы Шәдетұлы – қоғам қайраткері, Гималай тауының сілемі – Тибеттің сары жотасын жаяу асқан. Қаражорға биін жаңғыртып Қазақстанға әкелген өнер жанашыры, мешіт салдырып, медресе ашқан. Семейден бастау алып, жер-көкті шарлап қайта оралған елдің жұрнағы.


Арыстан Шәдетұлы өз ғұмыры туралы жазылған "Аңсаған арман" кітабының тусаукесерінде. 2019 жылы Алматы

Арыстан Шәдетұлы өзі туралы жазылған "Аңсаған арман" кітабының тусаукесерінде. 2019 жылы Алматы / Сурет informburo.kz


Арыстан ағамыздың атасы Зуқа Сәбитұлы 1866 жылы Зайсанда (Қазақстан) туылып, 1928 жылы Алтайда шейіт болды. Әкесі Шәдет Алтайда туылып, 1951 жылы Гималайдың сары жотасындағы көште ыс тиіп қайтып болған.

10-11 жасында Арыстан Сұлтаншәріп, Құсайын тәйжі, Қалибек Хакім бастаған елмен бірге 1951 жылы Тибет арқылы Үндістанға өткен. 1945 жылы тәуелсіздік алған Пәкістанға қарасты Кашимирде тұрды. 1953 жылы Түркия үкіметінің қаулысымен босқын ретінде сол жаққа барады. 1960 жылы еңбек шартымен Германияға қоныс аударған. 1993 жылы атажұртқа, Қазақстанға оралды.

Алтайдың арғы бетіне көшу

Пәтима әжеміз Зуқа, Дәкен, Шәкірт, Білжәй – төрт баламен жесір қалған.Әмеңгерлікпен алғысы келгендер де шығады. Сонымен, 1982 жылдары Алтайдың арғы бетіне ауып кетті.

Ата жолын қуған Зуқа медреседе білім берумен қатар кедей-кепшіктер мен әділдік іздеген және босқан қазақ, ноғай, татар, қырғыз бауырларға пана болып, ел басшыларының біріне айналды. Тапқан таянғанын еліне таратып, есесі кеткендердің еңбекақысын алып беріп, батыр бүкіл өмірін еліне арнады.

– Атам ешқашан ешкімді ұлтқа, руға бөлмеген. Зуқаның ауылында Моңғолиядан, Ресейден тіптен Қытайдан қашып жан сауғалағандар да болыпты, – деп еске алды Арыстан қажы.

Алтайдағы қырғын. 53 шейіт

Паналап келіп, жан бағып жүрген ауыл адамдарын қорғау үшін Зуқа әскер ұстайды, үлкен топқа айналды. Тіпті, Қытайдың Гоминдаң үкіметі жасаған бірнеше рет жазалау жорығын да тойтарады. Моңғолдардың Алтайға сұғанақтығын да тоқтатады.

1920-1921 жылдары қызыл әскерден күйрей жеңіліп, 11 мың сарбазымен қашқан генарал Андрей Бакичтің армиясы Алтайға басып кірді. Гоминдаң билігі Алтайды босатып берді. Зуқа сол армияның ауыл-аймаққа шығып тонауын шектеп, Алтайдан қуып Моңғолия асырып жіберген болатын.


Зуқа батырдың сақалы салынған дорба. ҚР Әскери-тарихи музейінде сақтаулы

Зуқа батырдың дорбасы. ҚР Әскери-тарихи музейінде сақтаулы / Сурет informburo.kz


Зуқа Көктоғайдың Белқұдық деген жерінде отырғанда, Гоминдаң жағынан қастандыққа ұшырап, шейт болды.

Бұл тұралы Зуқаның шөбересі Құддұс Шолпан былай дейді:

– Қалың әскер таң ата бергенде бір қоралы киіз үйді оққа ұстайды. Осы қанды қырғында 53 кісі шейіт болды. Бұны сол қырғында аман қалған Зуқаұлы Шәмидің зайыбы Қуанқызы Баян әжемізден естідік. Үлкендердің айтуынша, мылтық дауысынан бесіктегі балалардың үрейі ұшып, жылай алмапты. Зуқаұлы Сауат, Сұлтан-Шәріпұлы Әнуар және Шәмиқызы Мінән үй ішінде бесікте бөлеулі жатып, аман қалыпты.

Бассыз дененің жерленуі: 1928 жылы 12 желтоқсан

Атақты шежіреші Ботақара Мақидолланың айтуынша, оқиға1928 жылы желтоқсанның 12 күні болған. Сәрсенбі күні шейіт болған батырдың жамбасы жұмада жерге тиіпті.

Осылайша Жин Шурін (Jin Shuren) генарал Яң Зышин (Yang Zixin) губернатордың орнын тартып алған соң, ең алдымен Зуқаның көзін жойды. Оған Кеңес Одағының Алтайдағы Көктоғай ауданынан ашқан уран және алтын кендерін қорғап тұрған әскерлері де көмектесіп отырды.

Көпірге ілінген бас

Шыңжаңдағы ең қауіпті саналған Зуқаның басын алған Жин Шурін үкіметі енді жаңа тәсілге көшті.

Жазушы, зерттеуші Байахмет Жұмабайұлының айтуынша Қытай билігі Зуқа батырдың басын Алтай қаласындағы Ертіс өзеніне салынған Қаракөпірге 13 күн іліп қойып, елге сес көрсеткен. Қара көпірді қасындағы Гоминдаң үкіметінің әскери гарнизоны бақылап тұрды.


Зуқаның басы салынған қоржынның өңірі

Зуқаның басы салынған қоржынның өңірі / Сурет informburo.kz


Кейін халықтың ашуынан сескенген жау басты қайтарып береді. Басын денесіне қосып жерлепті. Зуқа шәйт болғаннан кейін Алтайдан да күй кетті.

Елге сес етіп көрсету – басқыншы биліктің дағдылы саясаты. Қазақта Кенесары, Кейкі, Зуқа секілді санаулы тұлғалардың басын жаулары кесіп алды. Бұндай жағдай Америка құрлығындағы үндістердің де басынан өткен.

Батыста – орыс, солтүстіктен – Моңғолия, шығыстан – Қытай әмір таптырмайды (тыныштық бермейді). Алтайдағы қатал қыстан қырылған мал да елдің еңсесін түсіріп жіберді. Ақыры 1930 жылдан бастап ел шығысқа ауа бастады. Алдымен Еренқабырға, Баркөл мен Мориға босты.

Табаны тілінген атан түйе боздап, көш басталды

1929-1930 жылдары аласапыранға толы болды. Ақсақалдардың айтуынша сол жылдары Алтайда атан түйе боздап, ит үзіліссіз ұлыпты.

Ұлық мал саналған, көнбіс те мықты атан түйенің боздауын естіп көрмеген жұрт иманын үйіріп, қамдана бастапты. Себебі, әдетте ботасы өлген інген болмаса, атан түйе ешқашан боздамайтын. Бұл қандай да бір ауыр тағдырды білдірсе керек. Хайуан соны сезген.

Онсызда аттың жалы мен түйенің қомында жүрген көшпелі қазақ үріккен жеріне жоламайтын жылқы мінезді. Осылайша Алтайдан үркіп, Еренқабырға мен Баркөлге қарай босты. Әрине, сол атандармен. Кейін 1937-1938 жылдары тастақ шөлді басып Гансу-Чиңхайға қарай асты.

Қалбан Ынтхан ағамыздың айтуынша, толқын-толқын құмды жалпақ табанымен сүйсіне басатын түйе енді Баркөл-Құмыл мен Гансу-Чиңхай аралығындағы тастақ қыраттарды, биік жоталарды кесіп өтті. Тастан табаны тілінген түйелер жатқан орнына тұра алмай аштан өліп кетеді екен. Сол жүздеген түйе мен жылқы, мыңдаған қой елді Үндістанға жеткізді. Әрине, жолда, жауда қалғандарын қоспағанда.

Орта Азияға асқан дүнгендер

1931 жылы Шыңжаңның шығысында Жин Шурін билігіне қарсы көтеріліс басталды. Аратүрік ауданынан Айымбет Шайахметұлы, Баркөлден Әліп Жамысбайұлы бастаған қазақтардың көтерілісіне Құмылдан Қожанияз басшылық еткен ұйғырлар қосылды.

Қожанияз Гансудағы әскери билеуші Ма Жоңиң (Ma Zhongying) атты дүнгеннен көмек сұрап, хат та жіберіпті. Ма Жоңиң "мұсылман елін құрамыз" деп қол бастап көмекке келеді. Ақыры Шығыс Шыңжаң Жин Шуріннің қолынан кетті.

Алайда, жағдайды жіті қадағалап отырған КСРО билігі Жин Шурін билігіне әскери көмек береді. Кеңес әскері қазақтар мен ұйғырларды ауыр шығынға ұшыратты. Ең соңында Ма Жоңиң қалған әскерлерін ертіп, Қашқар және Хотан арқылы Орта Азияға өтіп кетеді. Қазіргі Қырғызстан мен Қазақстанның Қордай ауданындағы дүнгендер – солардың ұрпақтары.

Баркөлдегі қырғын. Әліп шабылған

1932 жылы күзде Алтайдан Баркөлге ауып, Хасанту деген жерде отырған ауылды шауып, Әліп батыр Жамысбайұлын өлтіреді. Қанды қырғында 117 адам өлді, бірнеше адам тұтқындалды. Бұл Жин Шурін билігінің соңғы күндері еді.

1933 жылы 12 сәуірде Шың Шысай Үрімжіде қарулы төңкеріс жасап, Жин Шуріннің орынын тартып алды. Ол Құмылдан көтерілген Қожанияз, Жолбарыс бастаған қарулы топты өз жағына тартты. Сонымен көтеріліс аяқсыз қалды.

Тибетке ауу

– Әкемнің ең үлкен ағасы Сұлтаншәріп бастаған 300-ден астам отбасы 1939 жылы ақпанда Баркөлден Құмыл арқылы шығыстағы Гансу-Чиңхай провинцияларына ауды, – дейді Арыстан аға.

Қалбай Ынтыхан ағамыздың айтуынша, әсілінде, 1938 жылы қарашаның соңында Баркөл әкімінің орынбасары Әнур Мәми аудандағы ел басшыларын Нұрғали үкірдәйдің үйіне жиынға шақырады. Оған Сұлтаншәріп, Әйембет, Сабырбай, Салахиттан, Малсақ, Мажан, Көки, Мейрімхан қатарлы ел ағалары келіпті. Тыңшылар Шың Шысайға хабар жеткізген.

Сонымен оларды ұстауға қырық шақты әскер жасырын жетіп келеді. Әскерлердің ішінде Ауғанбай деген қазақ жігіті болыпты. Алдын ала біліп келуге ауылға жіберілген Ауғанбай елбасшыларына барлық жағдайды айтады. Сонымен жиын соғысқа ұласып, азаматтар аман құтылады. Сол жолы бірлікте Гансу-Чиңхай өлкелеріне аууға уағдаласыпты.


Қорым тастың арасында кетіп бара жатқан түйелі көш

Қорым тастың арасында кетіп бара жатқан түйелі көш / Сурет old.baq.kz сайтынан алынды


Кейін оларға Құсайын тәйжі ауылы да қосылады.

Сұлтаншәріп ауылы Гансу өлкесінің Жаңие деген жерінде отырды. Кейін Чиңхай өлкесінің Чака, Долан, Қолымты жағына көшті. Онда тибет, таңғыт, моңғол, сала, дүнген, қытай қатарлы ұлт өкілдері тұратын. Солармен аралас жүрді. Алайда ел ішіндегі ұры-қарлықтың көптігі және үкіметтің ұлттарды бір-біріне айдап салуы халықты шаршатып жіберді.

Құранға қол қойып ант берген дүнген әскери билігінің қиянаты

Сол кезде Чиңхай өлкесін Ма Буфаң (Ma Bufang) деген дүнген әскери бастығы билеп тұрды. Басында қазақтарға "Мұсылманбыз, көмектесеміз, тиіспейміз!" деп құранға қол қойып ант етті. Алайда қазақтардың қолындағы қаруды жинап алған соң, ат-көліктерін, көш түйелерін де тартып ала бастады. Онан кейін "8-15 жастағы ұл балаларды бересіңдер, оқытамыз" деп тағы бала жинады.

Осылайша қару-жарағы мен мал-жанынан айырылған ел кертартпа биліктің ойыншығына айналады. Сосын, ел ақырындап қарсылық білдіре бастады.

1939-1948 жылдар аралығында Қытайдың Гансу, Чиңхай өлкелерін иелеп тұрған дүнген әскери билігі қазаққа ауыр азап әкелді.

Жаңиедегі қазақ балаларының қорымы

1940 жылы Гансудегі Ма Буфаң бастаған Гоминдаң қытайдың дүнген әскери билігі Чиңхайдағы қазақтардан 8-15 жас аралығындағы 600-ден астам баланы "оқытамыз" деген сылтаумен Гансу провинциясындағы Жаңиеге айдап әкеледі. Оларды сондағы тоқыма және жүн фабрикасында құлдыққа салған. Дұрыс тамақтана алмаған балалардың көбі азапқа шыдамай, қырылып қалыпты.

Сол маңда қазір "Ха зу уа фең тан" (Қазақ балалары зираты) деген жерге топ-тобымен көміп отырыпты. Бұл туралы Гансуде туылған тарихшы, зерттеуші Қалбан Ынтыханұлы айтып берді.

Қалбан ағаның айтуынша, тірі қалған жүзден астам баланы Чиңхайдың Шиниң қаласына апарып құлдыққа салған. Одан тек оншақты баланың аман құтылғаны айтылады.

Аты аңызға айналып "Екінші Бейбарыс" атанған Әбдулла Бұхари (шын аты-жөні – Шәкен Сарыұлы) да сол жерде құлдықта болып, кейін бір ұйғырға сатылған екен. Сонымен бірге Меккеге барып, аман қалыпты.

Оқи отырыңыз: Екінші Бейбарыс атанған Абдұлла Бұхаридың ғұмыры – кешегі қазақтың тағдыры

Құлдыққа түскен балалар тағдыры

– Біздің Ораз деген досымыз болды. Сол кісі өзінің құлдықтан аман қалғанын былай әңгімелейтін: "Балаларды апарып құлдыққа салғанда үнемі етсіз, борми көже бере берді. Сосын көбі іші өтіп, ауырып өлді. Ал қашқан балаларды ұстап әкеліп, басқалардың көзінше қинап өлтіргенін көзіміз көрді. Тіптен, қызыл асықтарын балтамен ұрып шағып тастағандар да көп болды.

Маған бір бай дүңгеннің малын бақтырып қойды. Сол мал бағып жүргенде тышқан не жылан өлтіріп, қақтап жеп аман қалдым" дейтін еді Ораз, – деп еске алды Арыстан ағамыз.

Шиниңде балаларды сіріңке жасау зауатында істеткен екен. Алғашында білмегендіктен күкіртті қолдармен көздерін ұстай берген бірнеше баланың көзі көрмей қалыпты.

Осы балалардың ішінде Арыстан ағамыздың екі ағасы болыпты. Алайда аман құтылған екен.

Сұлтаншәріптің жарапазан айтқызып бала іздеуі

Осындай аласапыран заманда, қытай-дүнген жасақтарының кей ауылдарды қырғынға ұшыратып, қыз-келіншектерін барымталап әкеткен кездері болыпты. Онда ер азаматтар бала-шаға үшін жан пида еткен өліспей беріспей соғысқан.

Сондай қиын күндері Сұлтаншәріп Зуқаұлы бір топ жігітті Жаңие, Шиниң қалаларына жарапазан айтуға жібереді. Бұл туралы қызы Пәзилә апайымыз:

– Әкем жігіттерді Шиниңға жіберді. Ондағы таныстарымен байланыса отырып, қай үйде қазақ балалары бар екенін тауып, сұрап алды. Кейбіреуін ұрлап алды.

Осылайша отызға жуық қыз баланы құтқарып алып, туыстарына таратып берді. Туысы табылмағандарын өзіне бала қылып алып, өскенде ұзатты, – деп еске алды.

Қалбан ағамыз Гансуде бір қазақ кемпірдің Сұлтаншәріптің қолынан ұзатылған қыз екенін, әлі тірі екенін еске алды. Ал Қазақстан тарихы порталы да бір әженің сұхбатын таратты.



Елісхан бастаған алғашқы көштің Үндістанға өтуі

1940 жылы жазда Шиниңнен шыққан Гоминдаң офицері Хан Жиңбау (Han Jinbao) азаматтары жортуылға кетіп, қамсыз отырған Әліп батырдың ұлы Елісхан (1908-1943) басып алады. Елісханды ұстап, елді қырғындайды. Арам ниетті жау айдап келе жатқан қазақтың қыз-келіншектерін жинатып көңіл көтермек болыпты. Алайда мұндай қорлыққа шыдамаған тұтқындағы Елісхан және айдауда келе жатқан Қожақын бастаған ел тіл біріктіріп, түнде көтеріліске шығады.

Әйелше киінген ер азаматтар жаудың бейғам кезін пайдаланып, іштен, сырттан бірдей шабуылға көшеді. Осылайша шатырдағы қытай әскерін құртып жібереді. Әскер басы Хан Жиңбау өлтірілді. Қытай Гоминдаң билігі енді аямасын білген Елісхан елді бастап сары жотаға беттейді.

Осы жылы Елісхан батыр бастаған ауыл Тибет арқылы 1941 жылы тамызда Үндістанға өтіп кетті. Бұл – Гималай асып, Үндістанға өткен алғашқы қазақ көші еді.


Халифа Алтай

Халифа Алтай / Сурет kanat.islam.kz сайтынан алынды


Бұл туралы көш куәгері, жазушы, дін қайраткері Халифа Алтай (1917-2003) былай деп жазады:

"Чиңхайдан шыққанда 5 мыңнан астам едік. Шамамен 1000 үй, 3039 адам, 1500 қару, 2000 түйе, 5000 жылқы, 1000 сиыр, 8000 қой өткізілді (Бұндағы мал саны мөлшермен айтылған)" деп жазып қалдырған.

Оқи отырыңыз: Кеңес үкіметі Оспан батырды неге сатып кетті? Қытайдағы қазақ көтерілісінің бізге беймәлім тұстары

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары