Тікелей эфир

Қытай несиесіне Қазақстанда 1841 шақырым жол жаңартылып жатыр

Сурет pm.kz сайтынан алынды
Сурет pm.kz сайтынан алынды
Қазақстан-Қытай консорциумдары жол салу және жөндеу бойынша 5 жобаны жүзеге асырып жатыр. Оның қатарында Нұр-Сұлтан оңтүстік айналма жолы да бар.

"Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы бойынша автокөлік жолдарын салу мен жөндеу жұмыстарына республикалық бюджет пен Ұлттық қордан бөлек, халықаралық қаржы институттары мен шетелдік жеке инвесторлардың қаражаты да тартылып жатыр.

Тиісінше, мердігерлердің де біраз бөлігі – шетелдік компаниялар. "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" көлік дәлізін салуға Италия, Түркия, Иран, Корея және Әзербайжан компаниялары қатысқан.

Қазіргі таңда автокөлік жолдарының құрылысы мен жөндеу жұмыстары бойынша 5 жобаны Қытай инвесторлары қаржыландырып жатыр. Атап айтар болсақ, олар 763 шақырымды құрайтын "Талдықорған-Өскемен" жолы, "Қалбатау-Майқапшағай" (415 шақырым), "Қарағанды-Балқаш" (363 шақырым), "Мерке-Бұрылбайтай" (266 шақырым) және Нұр-Сұлтан қаласының оңтүстік айналма жолы жобалары. Бұларда біріккен консорциумдар жұмыс істейді.

Оқи отырыңыз: Елорда іргесіндегі Қосшы ауылын қандай болашақ күтіп тұр?

Сонымен қатар, Ұлан Әліпов Қытайдың Эским банкінен 20 жылға 2 пайыздық жеңілдетілген шартпен 2,6 млрд доллар несие алынғанын айтты.

"Бір белдеу – бір жол" бастамасы мен "Нұрлы жол" бағдарламасы екеуін біріктіріп, "Жібек жолының экономикалық белдеуі" деген тұтас үлкен бағдарлама қабылданды. Ресей федерациясы, Түркіменстан, Өзбекстан, Қырғызстан елдері енген бағдарлама бойынша қазір Қазақстан аумағында ҚХР несиесіне жалпы ұзындығы 1841 шақырым жол қайта жаңартылып жатыр", – деді "ҚазАвтоЖол" АҚ басқарма төрағасы Ұлан Әліпов.

Қытай мен Қазақстан компаниялары "50-50" шартымен консорциум құрып, жұмыс жүргізеді. Ұлан Әліпов мұндай консорциумдарда еңбек қатынасына қатысты түрлі мәселелер туындап жатқанын жасырмады. Мердігерлермен жасалатын шарт бойынша, компаниялар қызметкерлерінің шетелдік үлесі 10 пайыздан аспауы тиіс. Бұл талап орындалмай қалатын жағдайлар болады. Мәселен, таяуда "Талдықорған-Өскемен" жолын жөндеу жұмысына шетел азаматтарының заңсыз тартылғаны жөнінде ақпарат тараған болатын.

"Ол жерде заңсыз жұмыс істеген қытайлықтардың барлығы еліне қайтарылды. Осы жобада шетелдік жұмысшылар саны азайып, жұмыс тоқтап қалған жағдай да болды. Қазір жұмысты қайта қалпына келтірдік. Өткенде бұл жоба бойынша жұмысшылар арасында кикілжің болып, 28 заң бұзған Қытай азаматымен қоса тағы біраз шетелдіктер еліне қайтты. Басқа елдің азаматтарын жұмысқа заңсыз тартқан компания бір жылға дейін шетелдік жұмыс күшін пайдалана алмайды. Осындай әкімшілік жаза бар", деді Ұлан Әліпов.

Оқи отырыңыз: Қытайдан қорқатындай негіз бар ма?

Сонымен қатар, Ұлан Әліпов кей нысандарға Азия даму банкі мен Еуропа қайта құру және даму банктерінен инвестиция тартылғанын айтты. Еліміздегі жолдардың жалпы ұзындығы 96 мың шақырым болса, оның республикалық маңызы бар бөлігі 24 мың шақырым.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Сайранбек Бармақовтың айтуынша, қазіргі уақытта үкімет қарызы есебінен шетелдік компаниялармен бірлескен 7 жоба жүзеге асырылып жатыр. Атап айтар болсақ, биыл 101 млрд теңгеге 850 шақырым жолды салу және қайта құру жұмыстары жасалды. Жыл соңына дейін жаңадан салынған және жөнделген жол көлемі 201 шақырымға жетеді.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары