Тікелей эфир

Елорда іргесіндегі Қосшы ауылын қандай болашақ күтіп тұр

Фото informburo.kz
Фото informburo.kz
Астананың іргесіндегі Қосшы ауылында су, кәріз бен жол мәселесі әлі өзекті. Жер алып, үй саламын десеңіз қаперіңізде болсын, ауылда әжептәуір өзгерістер болады.

Елордадан небары 12 шақырым қашықтықтағы Қосшы ауылы Ақмола облысына қарайды. Орталығы – Көкшетау қаласынан 300 шақырым жерде.

Мұнда ресми тіркелгендер саны 35 мыңнан асқанымен, әкімдіктің есебі бойынша тұрғындар саны 50 мыңға жетды.

Ауылдық округте проблема шаш етектен...

Қосшыда ауыл ішіндегі жолдың жалпы ұзындығы 180 шақырымдай. Соның ішінде тек 30 шақырым жолға асфальт төселген.

"Жолсыздықтан қажыған жұрт шағымдана берген соң, былтыр әкімдік 59 шақырым жолға қиыршық тас төсеп берген. Бірақ бір маусымнан аспады" дейді қапалы тұрғындар. Айтуларынша, қиыршық тас жауын-шашында төселген. Күздің жаңбыры шайып әкетіпті.

"Қызығын" Қосшы көрмеген бағдарлама

Нұр-Сұлтан қаласына іргелес елді мекендерді әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспары 2015 жылы қолға алына бастады, 2020 жылы аяқталады. Бірақ бұл бағдарлама ауылды тиісті деңгейде қамтыған жоқ.

2019 жылы Ақмола облысының әкімдігі, Целиноград ауданы әкімдігі, Косшы ауылдық округінің әкімдігі бірлесіп әзірлеген үш жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттары тұрғындардың қолында жүр. Онда:

  • "Жол құрылысы":
  • "Қосшы ауылында 59 шақырым жол желісін күрделі жөндеу";
  • "Тайтөбе ауылында 34 шақырым жол желісін күрделі жөндеу" белгіленген.

2019 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау үшін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің РБК-на бюджеттік өтінімдер жіберілген.

Осы үш жобаның біріншісі іске енді асырылып жатыр. Оның өзін қаржының тапшылығына байланысты екіге бөліп, 22 шақырымын биыл, қалғанын 2020 жылы жасайтын болыпты.


Суреттегі белгіленген көшелер биыл жөнделеді

Суреттегі белгіленген көшелер биыл жөнделетін 22 шақырым жол жобасына кіреді / Фото facebook желісіндегі "Қосшы округ" тобынан алынды


Ал басқа екі жоба, Автомобиль жолдары комитетінде бөгеліп тұр, дейді белсенді тұрғындар.


Осы жоба Автомобиль жолдары комитетінде қарастырылуда/

Осы жоба Автомобиль жолдары комитетінде қарастырылып жатыр / Фото facebook желісіндегі "Қосшы округ" тобынан алынды


"Абай" көшесі бірінші кезектегі тізімде болған

Қосшы ауылындағы күре жол, ауылдың қақ ортасынан өтетін Республика көшесі. Ертеден кешке дейін осы көшемен қалаға және қаладан қатынайтын көлік нөпірі өте көп. Содан кептеліс пен жол-көлік апаты жиі болады.

Тұрғындар "осы көшедегі көлік ағынын азайту керек, ол үшін ауылдан тура Қарқаралы тас жолына шығатын Абай көшесін жөндеу керек" деп есептейді.


Тұрғындардың ұсынысын Ақмола облысы әкімінің орынбасары Асқар Мұратұлы қолдайды

Тұрғындардың ұсынысын Ақмола облысы әкімінің орынбасары Асқар Мұратұлы қолдайды / Фото informburo.kz


Әкімдіктегілер де тұрғындарды қолдап: "Осы көше бірінші кезекте жөнделеді" деп уәде берген. Алайда, әзірге сөз жүзінде ғана қалды.

– Бұл туралы қатарынан 3-4 жыл айтып келеміз. Бірақ жылда жоспардан дәл осы көше түсіп қалады. Келер жылы жасаймыз деп алдайды. Былтыр "2019 жылы жасалады, жоба-сметалық құжаты дайын" деген. Ал жасайтын кезде тағы жоқ болып шықты, – дейді ауыл тұрғыны Төкен ата Әлжантегі .

"Осы көшенің бойында бастауыш сынып мектебі бар. Сазға белшесінен батып жүретін сөмке арқалаған бүлдіршендерге обал.

Биыл дүние жүзі Абайдың 175 жылдығын тойлауға дайындалып жатқанда, біздің ауылдағы Абай көшесі жөнделмейтін болды" дейді наразы халық.


Жолсыздықтың азабы
Жолсыздықтың азабы / Фото facebook желісіндегі "Қосшы округ" тобынан алынды

Су мәселесі де жылдан жылға созылып келеді

Басында Қосшының жер үйлеріне су мен кәріз жүйесі 2018 жылы келеді деп уәде берілген.

Көктемде Нұра өзені арнасынан тасып, су ұңғыма құдықтарды басып қалған-ды. Қосшы ауылының тұрғындары үйлеріне бөтелкелеп су тасуға мәжбүр болған.


Суға ұзын сонар кезек

Суға ұзын сонар кезек / Фото informburo.kz


2018 жылы сәуірдегі "Әкім сағаты" жиналысында 2018 жылы жер үйлерге су мен кәріз желісі тартылып, іске қосылады деген. Сол жылы қазан айында, 2019 жылдың бірінші жартысында деп мерзімі өзгертіліпті.

"Биыл қосылады деген, әлі жоқ. Келесі жылдың күзіне қарай қалдырдық дейтін шығар" деп тұрғындар қазіргі жағдайға көңілдері толмай, наразы боп жүр.

Егер осы проблемаларға көзіңізді жұма қарап, Қосшыға коныстанғыңыз келсе, ауылдың болашағы туралы біліп алыңыз.

Су мәселесі 2019 жылы шешіледі

Ұлттық экономика министірлігі, Құрылыс комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов соңғы жылдары ауыл халқының жылдам өсіп келе жатқанын айтады. Соңғы 5 жылда екі есе көбейіп, 50 мыңға жетіпті. Осынша тұрғын қажетіне тәулігіне 10 мың текше метр су керек екен. Ал мүмкіндік тәулік сайын 4,5 мың текше метр су беруге жетеді. Сондықтан, министрлік соңғы екі жылда бұл мәселені шешу үшін 2 млрд теңге бөлген.

– Ол қаржыға 14 ұңғыма құдық қазылып, 6 шақырым құбыр төселді. Су тазартқыш нысан да салынды. Ал биыл Ұлттық экономика министрі 513 млн теңге бөлді. Осының арқасында жыл соңына дейін Қосшы елді мекенін сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі шешіледі деген жоспарымыз бар, – дейді Мархабат Жайымбетов.

Мұнда 20 балабақша...

Қосшы ауылында мектепке дейінгі 20 ұйым бар, оның ішінде:

  • 280 орындық "Алтын дән" Мемлекеттік балабақшасы;
  • 2427 орындық 18 жекеменшік балабақша;
  • Қосшы ауылындағы № 2 орта мектеп жанындағы 25 орындық балалар шағын орталығы.

Жалпы орта білім беретін екі мектеп бар:

Қосшы­дағы Р.Қошқарбаев атындағы 450 орындық ескі мектеп болса, "Лесная поляна" тұрғын үй алабында 2013 жылы пайдалануға берілген 1200 орындық мектеп орналасқан.

Бірақ бұл білім ошақтарындағы оқушылар саны негізгі сыйымдылығынан 2-3 есеге көп. Мәселен, 450 орындық мектепте 1627 оқушы оқиды, негізі 1200 балаға арналған Лесная полянадағы мектепте 3 мыңнан аса оқушы білім алады.


Жаңа Бас жоспар бойынша қоныстандыру схемасы

Жаңа Бас жоспар бойынша орналасу-қоныстану сызбасы / Суретті Целиноград ауданының Архитектура бөлімі ұсынды


2019-2020 жылдары үш ауысымды болдырмау мақсатында 1200 орындық мектеп салу жоспарланған. Ол Бас жоспарға сөйкес, 17 шағын ауданда Рысқұлбеков пен Желтоқсан көшелерінің қиылысында болады. Құрылыс басталды.

Зайсан және Жангелді көшелері тоғысқан жерде 200 орындық мектеп салынып жатыр.

Сонымен қатар Бас жоспарға сәйкес 960 орындық мектепке бес жер телімі қарастырылған.


Жаңа Бас жоспар бойынша мектептердің орналасу схемасы

Жаңа Бас жоспар бойынша мектептердің орналасу сызбасы / Суретті Целиноград ауданының Архитектура бөлімі ұсынды


Жоспар бойынша Абай көшесінің бойында үш мектеп болады. Оның біреуі – бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан Р.Қошқарбаев атындағы 450 орындық мектеп.

Екіншісі Қарқаралы тас жолымен келіп, ауыл ішіне қарай Абай көшесімен кіргенде, оң жағыңызда болады. "Алтын таға базарына" қарама-қарсы орналасатын мектеп – президент Қасым-Жомарт Тоқоевтың ауылға атаған сыйлығы. Құрылыс басталып қойған.

Үшіншісі әлі мерзімі анықталмаған, бірақ схема бойынша Абай көшесінің бойына салынады. Әзірге ол жер бос.

Бүгінде Қосшы ауылында отбасылық денсаулық орталығы жұмыс істейді.

"Орталықтың жүктемесіне Қосшы халқының денсаулығын қорғау, уақтылы медициналық тексерістен өткізу, қатерлі аурулардан сақтандыру, профилактикалық жүмыстарды жүргізу, аурудың алдын алу және уақытында дертті анықтап сырқат адамды тез арада емдеу кіреді" делінген Ақмола облысы әкімдігі ұсынған ресми жауапта.

Бас жоспар бойынша:

Ауылда болашақта 9 балабақша (240 орындық жеті және 200 орындық, 280 орындық), екі спорттық сауықтыру кешені, екі емхана және бір аурухана кешені қарастырылған.

– Әзірге олардың қайда,қалай салынатынын қарастырып жатырмыз. Бұл -қиындау жұмыс, өйткені, жердің бәрі жеке тұлғалардың қолында, – дейді Целиноград ауданының Архитектура бөлімінің жетекшісі Жанат Ермұратұлы.

Үш жылға 90 млрд бөлінді. Ол ақша қалай игеріледі?

– Қазақстандағы ірі қалалар үшін, яғни Астана, Алматы және Шымкент қалалары төңірегіндегі проблемаларды шешуге 2019-2021 жылдары қосымша 90 млрд теңге бөлінді. Бірақ, 90 млрд үш жылда игерілуі керек. Соның ішінен биыл бізге 7,5 млрд бөлініп отыр. Оны бір Қосшыға ғана бере салмаймыз ғой. Нұр-Сұлтанның маңында басқа проблемасы көп ауылдар бар, бәрін қамтуымыз керек, дейді Ұлттық экономика миннистірлігінің аймақтарды дамыту департаменті директорының орынбасары Нұрлан Мақсұтов. – Бірақ қосымша қаражаттың бөлінуін қарастырамыз.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары