Шыңжаңдағы қандастың қысымға ұшырағаны, Қазақстанның қытайлық қарызға белшеден батуы, баспасөз бен әлеуметтік желілерде осы елге қатысты үрейлердің үдегені аталған жағдайды асқындырып жіберді. Бұл жерде қайсы дұрыс, қайсы бұрыс тұрғысында ойланған жөн сияқты. Айналып келгенде ойдың өзі жалған ақпарға сүйенсе, іс-қимыл де теріс болуы ықтимал.
Оянған айдаһар
Заманында Наполеон "әзірше Қытай – әлдебір ұйқыда жатқан айдаһар іспеттес, оянып кетсе күллі әлемді шайқайды" деген еді. Бүгінде сол айдаһар оянып, аймақтық ғана емес, ғаламдық деңгейде де зор ықпалға иелік еткен. Әсіресе, жылдан жылға ұлғайып келе жатқан оның экономикалық қуатымен кім болса да санасуға мәжбүр. Бірінші кезекте бұның көршілес мемлекеттерге қатысы барын ойдан шығармау керек. Оның ішіндегі басты мәселе – ықпалдасу барысында мүмкіндігінше өз ұпайын жібермей, аспан асты елінің жемтігіне айналмау.
Тарих беттеріне үңілсек, Қытайдың көптеген басқа империялардан ылғи ерекшеленіп тұрғанын байқаймыз. Біріншіден, Ежелгі Мысыр, Ұлы Рим, Византиялардың замандасы бола тұра, соңғы үш мың жыл бойында сақталып қалған жалғыз өркениетті ел – осы Қытай. Екіншіден, рас, ғасырлар бойы әлсіреген шағында Қытайды да жаулап алушылар табылған. Бірақ, басқалардан өзге кез-келген басқыншы, мейлі ол – даңқты Шыңғысханның ұрпағы болсын, мейлі манжұрлар болсын, осы елді өз дегеніне бағындырудың орнына түбінде тегін ұмытып өздері қытайланып кеткен. Үшіншіден, қайда жүрмесін ешқашан ешбір ассимилияцияға бағынбайтын және шыққан Отанына жан-тәнімен берілген, бәлкім жалғыз ғана ұлт – қытайлықтар.
Қарап отырсақ, бүгінгі дүниеде де Қытай –басқа ықпалды елдерден оқшау тұрған алып. АҚШ Ресей, Еуропа басқа мемлекеттердің ішкі істеріне дөрекі түрде қол сұғып, соғыс отын тұтатып отырғанда Қытайдың бұндай әлімжеттікке жол беріп отырғаны байқалмайды. Керісінше, Америка Ресеймен, Ресей Украинамен, Араб әлемі Иранмен араздасқанда екі ортада анаумен де, мынаумен де ынтымақтасып, экономикалық мүддесін іске асырып жатыр. Бұл жайлы Бейжіңнің өзі білектің күшіне жүгінбей, қаржы мен сауда-саттық арқылы ғаламға иелік етуді мақсат еткенін жасырмайды.
Әзірге Қытайдың Қазақстанға салған тікелей инвестициялары – 42,8 млрд доллар, несиелендіру көлемі – 50 млрд доллардан асты. Біздің елге салынған жалпылама шетелдік инвестициялар қасында бұл – онша үлкен көрсеткіш емес те шығар. Десе де, шамамен 2010 жылдан бері негізгі қаржы тарту көзі саналып келген Батыс Қазақстанды ондай мүмкіндіктен айырғаннан кейін аспанасты еліне тәуелділік жыл санап артуда. Қарызға бату өз алдына, бұның айқын сипаттары қатарында жер дауы, қытайлық миграцияның кеңінен етек жаюы, Ертіс пен Іле сынды трансшекаралық өзендер түйткілінің Қытайдың игілігіне сай реттелуі, стратегиялық маңызды нысандардың қытайлық бақылауға қарқынды көшуі, басқа әттеген–айлар жетерлік.
Қорыққанға қос көрінер
Айрықша назар аударарлық жәйт – алынған қарыздың өтемі. Оған келгенде жекелеген мемлекеттер сияқты Қытай қайтару мерзімін шегере тұруға, реструктуризация жасауға немесе мүлде кешіруге жол бермейді. Берешекті қатқыл түрде талап етеді. Ал, енді қарызданғанның ақшалай шамасы жетпесе, онымен заттай есеп айырысады. Нәтижесінде Пәкістан, Шри-Ланка, Кения, Зимбабве, Тәжікстан, Қырғызстан сынды ондаған басқа мемлекеттердің жерінен, мұнай мен алтын кеніштерінен, теңіз айлақтары мен ірі кәсіпорындарынан айрылып, сорлап қалғаны белгілі.
Өзімізге оралсақ, зор қынжылыс туғызған түйткілдердің бірі – Қытай жағынан келіп, Қазақстанға салынбақшы 51 кәсіпорынның мәселесі. Бұл бағытта өтірік-шыны аралас сан түрлі болжамдар айтылып жатыр. Алайда, өкінішке қарай, осы кәсіпорындарды Қазақстанға орналастыру мәселесімен тікелей айналысатын атқарушы билік әлі күнге дейін тұшымды ақпаратты жариялаған емес.
1. Атап айтқанда, Қазақстан Конституциясының 4-бабында "Республика қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттар жарияланады" делінген. Қазақстан мен Қытай арасындағы (оның қатарында даулы 51 кәсіпорынға қатысты) көптеген басқа да елдермен жасалған келісім-шарттар неліктен халықтан жасырын сақталады? Бұл қаншалықты заңды?
2. Қазақстанға Қытай тарапынан көшірілмекші әрбір өндіріс орындарының қай салаға жататыны (ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу саласы, химиялық өндіріс, машина жасау т.б.) және олардың нақты қай жерде орналастыралатыны жөніндегі толыққанды ақпарат неге құпия?
3. 51 қытай өндірісінің ашылуы нәтижесінде қанша жаңа жұмыс орны пайда болмақ? Ол жерде жалақы мөлшері, әлеуметтік кепілдемелер, еңбек қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етіледі? Шынымен-ақ заманауи технологияларға негізделген және қауіпсіз кәсіпорындар болса, "алтын жұмыртқа беретін тауықты" басқа елге бере салмақшы Қытайды жын ұрды ма?
4. Халықты жұмыспен қамту туралы ҚР Заңына сәйкес кез-келген жұмыс орнына қабылдауда бірінші кезекте басымдық Қазақстан азаматтарына берілуі көзделген. Шетелдіктер болса, тек жерглікті жұмыс күші жетіспегенде немесе қажетті мамандық иесі болмағанда ғана тартылады. Олай болса, аталған талаптар және белгіленген тиісті квоталар қаншалықты орындалған?
5. Сөз болып отырған өндерістердің әрқайсысында қанша жұмысшы, қанша әкімшілік қызметкерлері және қанша мамандардың болатыны туралы егжей-тегжейлі мәлімет, сонымен қатар, қанша маман, қанша жұмысшының Қытайдан келетіні, қаншасының жергілікті қазақстандық азаматтардан жасақталынатыны туралы ақпарат берілу керек.
6. Осы 51 кәсіпорынның көшіріліп, ашылуына байланысты шығынның көлемі қандай? Оның қанша бөлігін Қазақстан, ал қаншасын Қытай өз мойнына алады? Жыл сайын олардан Қазақстан қазынасына қанша түседі? Бұл кәсіпорындардың қожайыны – кім? Қазақстан азаматтарының мүдделері мен құқықтары қалай сақталмақ?
7. 51 кәсіпорынның экологиялық сараптамадан өткені туралы ( ауаны, суды, жерді, табиғатты ластамайтын болуы керек) халықаралық стандарттарға сай құжаттары бар ма? Қытай үкіметі осы 51 кәсіпорынды өз жерінен неге шығармақшы? Олар өздері жұмыс істеген аудандардың экологиясына, тұрғындардың денсаулығына зардабы қандай?
Жалғыз ғана осы мысалдан екі жақты ынтымақтастықта қаншалықты Қазақ мүддесінің ескерілетінін, оның себеп-салдарын қоғам қандай дәрежеде ұғынатынын байқауға болады. Тиісінше Қытайдың үлесіне экономика саласының ең болмаса, бір пайызы өтіп жатса, көзі қырағы, жаупкеркершілігін сезінген елдер байбалам салады, қоғамдық талқылау, парламенттік тергеу тетіктері қолға алынып, қауіпті шешім бұғатталып отырады. Біздегі жағдай айтылғанға мүлде сәйкес емес.
Оның үстіне Қытаймен бәскеге түсу қиынның қиыны. Себебі әдетте батыс компаниялары негізінен жекеменшік болса, қытайлық корпорациялардың артында осы елдің билігі тұр. Онымен бірге шексіз қолдау мүмкіндіктері туындайтыны айтпаса да түсінікті. Сондықтан Қытай кез-келген жаңа келісім-шартты тек экономикалық пайда көзі ретінде ғана емес, ұзақ мерзімді саяси инвестиция, өз азаматтары үшін жаңа жұмыс орындарының көзі ретінде қарыстырады.
ХХІ ғасырда әміріңді жүргізу үшін ашық күш қолдану қажет емес. Бүгінгі таңда осындай ескі ұстанымда отырған жалғыз ел – Ресей болар. Қалған әлем экономикалық ықпал, технологиялық басымдық арқылы өз дегеніне жетіп отыр. Ал, осылардың алдыңғы қатарында Қытай келеді. Айталық, соңғы жиырма жылда аспанасты елі Африканың тең жартысын несие арқылы өзіне тәуелді етті. Басқаша айтқанда, мылтық кезенбей, бір де бір оқ атпай керегіне қол жеткізді. Осы маңда туындайтын заңды сұрақ– бұл келеңсіздіктерге Қытай әлде африкалық мемлекеттердің тойымсыз да жемқор опасыз билігі кінәлі ме? "Алтын көрсе періште де жолдан таяды" деген сөз баршаға аян. Ал енді жеке басының қамын ұлттан жоғары қойған элиталар, оның үстіне қарамағандағы халқы мешеу, демократиялық сана-сезімнен жұрдай болса, не істемек?
Гәпті өзімізден іздесек
Мәселенің ендігі бір қыры Қытай ықпалының Орталық Азияда күшейіп келе жатқаны Ресейді баяғыдан алаңдатады және онысына жол бермеу үшін жанын салып жатыр. Бірақ, соңғы жылдары солақай саясаттың нәтижесінде Мәскеудің мүмкіндіктері әдәуір азайды. Сондықтан КСРО кезіндегідей аспанасты еліне ашық төтеп берудің орнын онымен тіл табысу амалдары басты. Тек, бұл ықпалдастықта Ресей мен Қытай тең дәрежелі серіктестер деуге келмейді.
Біріншіден, екі елдің экономикалық әлеуеті тең емес: Ресейдің жалпы ішкі өнімі –1,5 триллион доллар болса, Қытайдікі – 13 триллион, яғни шамамен 9 есе артық. Екіншіден, имперлік әрекеттерінің кесірінен Ресей жарты әлеммен араздасып, санкциялар құрсауына түсті. Қытай ондай шектеулерден ада. Басқаша айтқанда, Путиннің Қытайға пара-пар басқа таңдауы болмаса, Си Жинпиннің қолы өйтіп байланбаған. Үшіншіден, дағдарыстан Ресейдің сыртқы әлемнен тәуелділігі артқан жағдайда. Қытайдың өзі керісінше ғаламдық инвесторға айналып отыр. Осының салдарынан сөз жүзінде тең дәрежелі дей отырып, Ресей Қытайдың кіші інісі екеніне көнген сияқты. Өзінің Сібірдегі миллиондаған гектар жерлерін Қытайға жалға бергені де, оған табиғи газды тіпті өз нарығындағы бағадан төменге сатқаны да, Еуразиялық экономикалық одақты қытайлық "Бір жол, бір белдеу" жобасына қаратып қойғаны да айтылғанға дәлел іспеттес.
Сондықтан Қытайға қарсы тұра алмағандықтан, Ресейдің қолынан келетіні тасадан тұрып тас лақтыру. Оның Орталық Азиядағы бір көрінісі ресейшіл БАҚ-тар арқылы Қытайды мейлінше жеккөрінішті ету, бұл елге қатысты үрейді қоздыру болып табылады. Мақсаты – аймақ елдерін алып көршіден сақтау емес, Ресейдің үстемдігін қалай болғанда сақтап қалу. Тіпті әрбір қазақ баласына таныс "Қара қытай келгенде сары орыс әкеңдей көрінер" деген сөздің өзі кезінде орыс администрациясы жүргізген отарлық үгіт-насихаттың сарқыншақтары қатарынан.
Кез-келген саясаттың мүмкіндіктер шеберлігі екені мәлім. Ендеше Қытайдан сескеніп, онымен байланыстарды үзу немесе "әйтеуір төтеп бере алмасақ көнген абзал" деген ұстанымдар лайықты мінезге жатпайды. Басқасын былай қойғанда, халық саны, экономикалық әлеуеті Қазақстаннан он есе кем Моңғолия Қытаймен арадағы ұпайын сақтап отыр ғой. Олай болса, басты мәселе – Қытай сияқты алып көршімен ықпалдастықта қолдағы мүмкіндіктерді қалт жібермеу. Ол үшін әлбетте саяси жігер мен мемлекетшіл ұстаным қажет.
Сонымен қатар, маңызды алғышарт – серіктесімізді танып-білу мен сараптау арқылы онымен ынтымақтастықты өзімізге тиімді бағытта жүргізіп отыру. Бұл тұрғыда аспанасты елінде Қазақстанды зерттеуші жиырмаға жуық орталықтың барын, ал біздің елде ондайдың бірінің де әлі күнге шейін ашылмағаны қайран қалдырады. Тиісті мақсатта Қытайдан көшіп келіп, оның жай-жапсарын іштей жақсы білетін сан мыңдаған қандастың тәжірибесін кәдеге асыруға болар еді. Бірақ, бұл салада да жетісіп жатқанымыз шамалы. Сондықтан, жағдай дәл осылай жалғаса беретін болса, Қытаймен ойында кімнің жеңілері айтпаса да түсінікті. Тек, бұған өзімізден басқа кімді кінәлаймыз? Айналып келгенде кімнен қорқуымыз керек?
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
-
1🎉 Группа Orda, ансамбль "Яшлык" и V$XV Prince. Как интересно провести выходные 23 и 24 ноября в Астане и Алматы
- 5659
- 1
- 6
-
2⚠️ Доброе утро! Предлагаем обзор главных новостей за 20 ноября
- 2524
- 0
- 5
-
3🍇 В модном винограде без косточек казахстанские специалисты не нашли вредных бактерий
- 2601
- 3
- 23
-
4🤔 Борьба с покупкой водительских прав: автошколы отказываются передавать частной компании данные о выпускниках
- 2336
- 2
- 26
-
5👀 В Казахстане редко назначают домашний арест, несмотря на большие расходы на содержание в СИЗО
- 2220
- 2
- 9
-
6👨⚖️👨⚖️👨⚖️🟢Суд Алматы отправил руководителя таможенной лаборатории в колонию за взятки
- 2206
- 0
- 25
-
7🎫✈️ Станут ли невозвратные билеты возвратными и зачем субсидировать авиарейсы – глава КГА
- 2274
- 0
- 11
-
8😱 Одного из богатейших людей мира обвинили во взяточничестве. Акции его компаний обвалились
- 2326
- 3
- 14
-
9🟢 Улице в Астане присвоили имя общественного деятеля
- 2253
- 2
- 47
-
10🚛🏗 Торговля и логистика в Центральной Азии: новые коридоры, продукты и D2C-модель
- 2243
- 0
- 6