Тікелей эфир

Биыл "Нұрлы Жол" бағдарламасы аяқталады. Бірақ Үкімет 2025 жылға дейін жаңадан 10 мың шақырым жол салмақшы

сурет pm.kz сайтынан алынды
сурет pm.kz сайтынан алынды
Алғашқы бесжылдықта 3 мың шақырым жол салған Үкімет екінші бесжылдықта 10 мың шақырым салуды жоспарлап отыр.

Биыл 2015-2019 жылдарға арналған "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы аяқталады. Бағдарлама бойынша атқарылған жұмыстар туралы бүгін Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұүрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов есеп берді.

"Нұрлы жолдың" нәтижелері

"Соңғы 5 жылда көлік инфрақұрылымының дамуына 5,8 трлн теңге инвестиция тартылды. Соның 2,5 трлн теңгесі мемлекет қаражаты болса, қалғаны мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясындағы жеке сектор инвестициясы", – деді министр.

Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, көлік салалары бойынша инвестицияның басым бөлігі автокөлік жолдары мен теміржолға бөлінген. Үлестері сәйкесінше 37 және 40 пайыз.

Сонымен қатар, бағдарлама бойынша көлік саласына инвестицияның көбеюі бұл саланың ішкі жалпы өнімдегі биылғы үлесін 8,3 пайызға жеткізбек (2018 жылы 8,2%). Бағдарлама аясында 400 мың жұмыс орны ашылған.

Жалпы контейнер тасымалы 3 есе артыпты, транзиттен түсетін табыс 4,3 есе ұлғайып, 782,4 млрд теңгеге жеткен. Жүк тасымалдарының транзиті 1,5 есе артып, 1,3 млн-нан 1,8 млн-ға дейін жетті.

Транзиттік авиажолаушылар саны 4 есе өскен. Биыл 1 млн-ға жетеді деген есеп бар.

Қанша шақырым жол салынып, қаншасы жөнделді?

Бағдарлама қорытындысы бойынша республикалық маңызы бар 3 мың шақырым автожол салынды және жөнделді. Алдағы екі жылда тағы 3,8 мың шақырым жол салынып, жөнделеді.

"Бағдарлама аясында республикалық желі бойынша барлығы 10 мың шақырым жөнделді", – деді министр.

Ақылы жолдар жылына 4 млрд теңге табады

2013 жылы ұзақтығы 211 шақырым болатын "Нұр-Сұлтан – Щучинск" алғашқы ақылы автожолы қолданысқа енгізілді. Учаскеде жылына 1 млрд теңгеден астам қаражат жиналады. Бұл қаражат осы учаскені күтіп-ұстауға кететін шығынды толығымен жабады.

Қазіргі уақытта, Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, ақылы жолдардың ұзақтығы 682 шақырымға дейін жетті.

Нұр-Сұлтан – Щучинск (211 км);
Нұр-Сұлтан – Теміртау (134 км);
Алматы – Қапшағай (42 км);
Алматы – Қорғас" (295 км).

Болжам бойынша жыл сайынғы жиналатын қаражат 4 млрд теңгеден астам болады. Ол ақылы учаскелерді күтіп-ұстауда бюджетті үнемдеуге мүмкіндік береді.

Бағдарламаның екінші кезеңі 2020-2025 жылдары жалғасады

Көлік инфрақұрылымын одан әрі дамыту бойынша "Нұрлы жол" бағдарламасының жаңа бесжылдығы қолға алынбақ.

Министрдің айтуынша, жаңа мемлекеттік бағдарлама жобасы кеше, 21 қазанда Үкіметке енгізілді.

"Осыған байланысты Индустрия министрлігіне Президент Әкімшілігімен келіскеннен кейін, жаңа мемлекеттік бағдарламаның жобасын биылдың соңына дейін қабылдауды қамтамасыз етуді тапсырамын", – деді Үкімет басшысы Асқар Мамин.

Министрдің айтуынша, жаңа мемлекеттік бағдарлама аясында 2025 жылға дейін жалпы көлемі 6 триллион 598 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Қаражаттың 58 пайызы республикалық бюджеттен бөлінбек. Ал 11 пайызы жергілікті бюджеттен жұмсалады. Қалған 26 пайызы мемлекет-жекешелік әріптестік пен жеке сектордың инвестициясына тиесілі болмақ. Тағы 5 пайызын ұлттық және мемлекеттік компаниялар мойындарына алады.

"Жаңа "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасын іске асыру нәтижесінде 551 мың жұмыс орны ашылмақ. Оның 48 жарым мыңы тұрақты. Транзиттен түсетін табыс жылына 61 пайызға, 2,4 млрд доллардан 4,2 млрд долларға жетпек", – деді министр.

2025 жылға дейін қанша жол салынып, жөнделеді?

Автожол инфрақұрылымын дамыту аясында республикалық маңызы бар 10 мың шақырым жол салынып, 11 мыңы жөнделеді. Жергілікті жолдардың 27 мың шақырымы жөндеуден өтпек.

"Автомобиль көлігі саласында ұлттық стандартқа сәйкестендіру үшін 133 автостансы/автовокзал және жолаушыларға қызмет көрсету пункттерін саламыз", – деді министр.

Теміржол саласында "Достық – Мойынты" учаскесін республикалық бюджеттен жаңғырту және "Мойынты – Ақтоғай" учаскесін (мемлекет-жекешелік әріптестігі) электрлендіру жоспарда.

Шағын әуе желілерін дамыту мақсатында 16 әуеайлағын салу күн тәртібіне енгізілген.

Су көлігін дамыту үшін 48 кеме, оның алтауы сауда флоты үшін сатып алынып, шлюздерге күрделі жөндеу жүргізілмек.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары