Тікелей эфир

YouTube арқылы қайтіп ақша табуға болады? Желідегі қазақша контенттер сын көтере ме?

prexplore.ru сайтынан
prexplore.ru сайтынан
Informburo.kz тілшісі Youtube видеохостингінде жоба ашу, ақша табу мәселелерін зерттеп, ондағы қазақша контенттерге кездесетін кедергілерді анықтауға тырысты.

YouTube арқылы ақша табу осыдан он шақты жыл бұрын ешкімнің ойына кіріп шықпағаны анық. Әлбетте, оны жасаушылардан басқа. Соңғы 1-2 жылдың көлемінде қазақстандықтар бұл видеоплатформадан қалай ақша табудың алғышарттарын түсініп, жүйелі түрде жұмыс істей бастады.

Сонымен, қазақша видеоконтенттер сұранысқа сай ма? YouTube-тен қандай жолмен пайда табуға болады?

Оқи отырыңыз: "Аудитория сапалы қазақша контент үшін ақы төлеуге дайын". Қазфорумда тағы қандай пікірлер айтылды?

Әлемдегі 2 миллиардқа жуық адам YouTube-ті тұрақты түрде қолданады

YouTube қазіргі таңда әлемдік медианың ең негізгі тетіктерінің біріне айналды. Телевизия саласы да белгілі бір деңгейде оған тәуелділікке түсті. Ірі медиакомпаниялар өздерінің ресми аккаунттарын ашып, өнімдерін YouTube арқылы халыққа таратуға көшті.

Америкалық Theverge.com сайты таратқан ақпаратқа сәйкес, 2018 жылдың маусымында YouTube-тің ай сайынғы тұрақты қолданушыларының саны 1,8 миллиардтан асқан. Бұл статистика YouTube видеохостингін бірнеше ел бұғаттамаса (ішінде Қытай Халық республикасы бар), екі есе артуы мүмкін.

Оқи отырыңыз: Қазақ ауылдарының қоңыр тіршілігі фотограф объективінде


YouTube қызметінің әлемдегі таралу көрсеткіші

YouTube қызметінің әлемдегі таралу көрсеткіші / Фото wikimedia.org сайтынан


Қазақстанда YouTube-ке күн сайын 6 миллион адам кіреді

Еліміздегі медианарықтағы негізгі жарнама беру құралы телевизия болғанмен, көрермендердің белгілі бір бөлігі YouTube платформасына ауысқан. Тіпті соңғы 8 жыл ішінде телекөрермендер саны екі есеге азайған. Ал YouTube-тің Орталық Азия мен Қазақстандағы дистрибьюторы "YouTube Genesis Qazaqstan" желісінің контент-продюсері Ақбота Салғараева еліміздегі YouTube қолданушылары соңғы 2 жылда жаңа көрсеткішке жеткенін айтады.

Оқи отырыңыз: Жалған ақпарат таратушылар қалай жазаланады? Қылмыстық және әкімшілік кодекс баптары

– Соңғы статистика бойынша, Қазақстанда айына 10 миллион адам кіреді, оның 70%-ы, яғни, 7 миллионы апта сайын, 6 миллион адам күн сайын кіреді. Орташа есеппен алғанда, әр қолданушы шамамен 40-60 минут уақытын күнделікті YouTube-ке арнайды. Бұндай үлкен трафиктің екі себебі бар: біріншісі, адамдар мәтінді оқығанға қарағанда визуалиция арқылы, яғни, бейне арқылы көруге ауысты және теледидардың орнына YouTube-ті қолданады. Екінші себебі, Қазақстандағы 4G интернеттің жақсы жұмыс істеуі, түгелімен қамтылуы, ауыл-аймақтардың көпшілігінің интернетке қолжетімділігі, – дейді Ақбота.

Демек, бұл көрсеткіш жарнама нарығы біртіндеп YouTube-ке қарай ойыса беретінін көрсетіп отыр.

Қазақ тіліндегі контентке сұраныс өсіп жатыр


"YouTube Genesis Qazaqstan" желісінің контент-продюсері Ақбота Салғараева

Ақбота Салғараева / Фото жеке мұрағаттан


Қазақстандағы интернет қолданушылар YouTube-ке телебағдарламаларды, клиптерді көруге, ән тыңдауға көбірек кіретін көрінеді. Қолданушылардың саны күн санап артып келе жатқанымен, отандық видеоконтент өте аз деуге болады. Сондықтан жеке арнасын ашып, дамытқысы, пайда тапқысы келетін азаматтар үшін мүмкіндік бар. Контент-продюсер сұранысқа сай өнім болмағандықтан, YouTube көрермендері шет елдік, ресейлік өнімдерді көретінін айтады. Ал соңғы деректер Қазақстандағы YouTube көрермендерінің басым көпшілігі қазақ тілді қолданушылар екенін көрсетіп отыр дейді.

Оқи отырыңыз: Q-POP, яғни QAZAQ поп музыкасы қазаққа не береді?

– YouTube көрерменінің 60%-дан астамы 2000 жылдардан кейін туған балалар екенін ескерсек, олардың 80%-нан астамы қазақ тілінде білім алған. Оның үстіне YouTube-ті ең көп қолданатын Батыс және Оңтүстік аймақтардағы (Орал, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Қызылорда, Шымкент, Тараз, Алматы) халықтың басым көпшілігі қазақ тілді қолданушылар. Сондықтан, қазақ тілді контент өсе береді. Қаралым жоғары болу үшін Қазақстанмен шектелмей, өнімді ТМД елдері көретіндей етіп жасау керек. Ал ол қиын дүние, бәсекелестік деңгейі өте жоғары. Орыс тілді контент сапасы, деңгейі, мазмұны қазақ тілдіге қарағанда жоғары. Ол деңгейге жету үшін біраз уақыт керек.

Телеарналар трендте

Informburo.kz тілшісі отандық YouTube-тің тренд (48 сағат ішінде 50 мың қаралым жинаған видеолар) парақшасын бір апта аралығында тұрақты түрде бақылауға тырысты. Ондағы отандық және ресейлік телеөнімдермен тәуелсіз жеке тұлғалардың YouTube аккаунттары әлі ашық бәсекеге түсе алмайтыны байқалады.

Оқи отырыңыз: Интернеттің саясилануы неге әкелмек?

Бұған бір дәлел – Қазақстандық топ-5 YouTube арнаның төртеуі телеарналардың ресми аккаунты. Олар: "Gakku", "Той думан", "Седьмой канал", "Еуразия 1", "Qazaqstan TV". Бұл аккаунттарға жазылушылар саны 1,5 миллион мен 900 мыңның арасы. Әрі бұл қазақстандықтардың телеөнімді теледидардан көрмей, уақыт өткен сайын YouTube-ке көшуінің бір көрінісі.

Танымал вайнерлер ресми аккаунттарын ашты


"Yuframe" вайнерлер командасы - YouTube-та алғашқылардың бірі болып өз арналарын ашты

"Yuframe" вайнерлер командасы – YouTube-те алғашқылардың бірі болып өз арналарын ашты / YouTube желісінен скриншот


YouTube-тің Қазақстанда бір жүйемен жұмыс істей бастағанын байқаған Инстаграм желісіндегі танымал вайнерлер видеохостингтен жеке арналарын ашты. Олар әлеуметтік желідегі миллиондаған қаралымдардың YouTube-те ақшаға айналатынын түсінді.

Қазақстандық YouTube-те танымал болған видеоблогерлердің қатарында "Pazl", "Noni.kz", "MikeMiller", "AJIuKZ" , "Суперкеліншек", "Шоу Ирины Кайратовны" және тағы да өзге көптеген арналар бар. Әлбетте бұл тізім өте ұзақ және күн сайын көбейіп жатыр. Негізгі бағыттары танымдық, көңіл көтеру. Сондай-ақ телевизиялық сұхбат форматында ашылған бірнеше арналар бар. Олардың кейбірінің ашылуынан жабылуы тез болды. Мысалы, "Ұнамаса қарама" жобасы. Ал "Talklike", "The Эфир" жобалары – сұхбат жанрындағы ең үздіктер.

Оқи отырыңыз: Ақпараттық қауіпсіздікті қалай қорғаймыз

Жыныстық сауаттылықты арттыратын жоба интернетте тез танылды


Жыныстық сауаттылық жайлы жобаның статистикасы жоғары

Жыныстық сауаттылық жайлы жобаның статистикасы жоғары / YouTube желісінен скриншот


Журналист Әсел Ергешқызының бір ай бұрын ғана ашқан "Жабық тақырып" жобасы аз уақыттың ішінде интернет қолданушыларға танылып үлгерді. Жастардың, ерлі-зайыптылардың жыныстық сауаттылығын ашуды көздеген журналист авторлық жобасын "көпшілік сынағандай хайп үшін жасап жатқан жоқпын" дейді.

– Хайпты елдер шығынсыз-ақ жасап жүр. Елді бұзар ойым жоқ. Бұл жоба үшін айына өз қалтамнан 400 мыңға жуық қаражат жұмсаймын. Бұл – менің жұмысым және мен журналист ретінде қоғамда аса көп айтылмайтын кез-келген тақырыпқа баруға хақым бар деп ойлаймын. Оның үстіне, қазақ тілді аудитория үшін тың тақырып, – дейді жобаның авторы әрі жүргізушісі.

Оқи отырыңыз: Айтылмаған сөз жетім

"Жабық тақырыпта" журналист қоғамда ата-ана мен баланың арасында мүлдем айтылмайтын жасырын тақырыптарды кәсіби мамандар кеңесі арқылы ашады. Жасөспірімдердің жыныстық сауатын түрлі порносайттардан ашпай, дәрігердің өз аузынан түйткілді сұрақтарының жауабын алса екен" деп ойлайды Әсер Ергешқызы.


"Жабық тақырыпты" ашқан журналист Әсел Ергешқызы

"Жабық тақырыпты" ашқан журналист Әсел Ергешқызы / Фото жеке мұрағаттан


– Жыныстық сауатсыздықтың салдарынан жігіттердің 3-тен 1-і – белсіз, қыздардың 4-тен бірі – бедеу! Қоқыс жәшігіне, көшеге, дәретханаға сәбиін тастап кететін қыздардың әрекеті де – осы білмеудің кесірі! Жап-жас қыз шаранасын қоқысқа тастап кеткенде ғана қазақта секс бары еске түседі. Өтірік намыстанамыз, желіде улап-шулап қоямыз. Елбасы жыныстық сауатты мектеп бағдарламасына қосу керек десе, Білім және ғылым Министрі мектептерге тегін презерватив таратылсын десе, астарына үңілмей тұрып, ойбай саламыз, сынаймыз, мінейміз. Өтірік ұяла бермей, сол ұятты тақырыптың артында ұлттық трагедия жатқанын мойындау керек, – дейді ол YouTube жобаcының мақсаты жайлы informburo.kz тілшісіне.

Оқи отырыңыз: "Секс туралы айтсаң, күле бастайды". Қазақтілді жасөспірімдердің жыныстық сауаты неге төмен?

YouTube арналар табыс тауып отыр ма?

Қазақстандық бірнеше YouTube жобаны біріктіріп отырған әрі отандық видеоконтентті қалыптастырумен айналысатын "Salem Social Media" компаниясының жоба менеджері Айдос Маруан YouTube-тен әзірге айтарлықтай табыс табуға келмейтінін түсіндірді. Себебі:

– Экономикада "Шығын шықпай, кіріс кірмейді" деген қағида бар ғой. Жалпы, "Salem social media" – ұзақ мерзімді инвестиция. YouTube-тен айтарлықтай табыс табуға әзірге болмайды. Бізде нарық қалыптасқан жоқ, біз соны жасап жатырмыз. Мысалы, Ресейдің ғаламтор коммерция нарығы теледидардың коммерция нарығына жетіп қалды. Ол дегеніміз бүгінгі аудиторияға ғаламтордағы жарнама мен продакт плейсмент теледидарға қарағанда өтімдірек. Сәйкесінше бүкіл брендтер қаражатын ғаламторға бағыттауда. Қазақстан оған енді келіп жатыр. Біз өзіміз үшін тұрақты аудитория тартып, нарықты қалыптастырамыз, бәлкім сосын барып монетизация жүргізіле бастайды. Ал қазіргі негізгі фокус – аудиторияға сапалы әрі қызықты контент ұсыну, оларды тәрбиелеу, жас таланттарға инвестиция құю, – дейді Айдос.


Айдос қазақстандық Youtubе-та нарықты қалыптастыруға жұмыс істеп жатқан маман

Айдос қазақстандық Youtubе-те нарықты қалыптастыруға жұмыс істеп жатқан маман / Фото жеке мұрағаттан


Болашақ – YouTube-те

Қазақша контенттердің аз табыс әкелуінің себебі жарнама нарығының әлі дұрыс жолға қойылмауы. "YouTube Genesis Qazaqstan" ұсынған ақпарат бойынша, отандық видеоблогерлер айына 5 миллион қаралым жинаса да, түсетін пайда 400-500 доллардан аспайды. Мұндай көрсеткішке Ресей, Канада, Австралия сияқты елдерде 5-6 мың доллар төлейді. Алайда бірінші орынға ақшаны емес, сапаны қойса, жарнама берушілерді тарту оңайырақ болмақ.

– Мұнда пайда табу үшін келмеу керек. Блогерлердің жіберетін ең басты қатесі де – осы. Дәл осы мәселе бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Ақша бар. Шыдам, уақыт керек. Қазір жарнама біртіндеп Instagram-нан YouTube-ке ауысып жатыр. Мысалы, елдегі көптеген компаниялар бюджетінің басым бөлігін телеарнаға, Instagram-ға бөледі. Тек қаржының 5%-ын видеожарнамаға береді. 2020 жылға дейін контенттің 80%-ы видеоконтентке ауысады, – дейді контент-продюсер Ақбота Салғараева.

Оқи отырыңыз: Баспасөзге басымдық бермей, қоғам сенімі күшеймейді

Арна ашып, дамытуды көздеген азаматтар нені білуі керек?

YouTube ережесі бойынша экстремистік, террористік радикалды мақсатта түсірілген видеолар, алкогольдік, темекі, наша т.б. өнімдерді көрсетіп насихаттауды, зорлық-зомбылық көрсетілген, суицидке итермелейтін және әртүрлі құмар-ойындарды, оңай ақша табу сайттарын жарнамалауға тыйым салынған. Осыған ұқсас шектеулер әсіресе балаларға арналған контентте көп.

Ал YouTube-тен пайда табуды көздеген азаматтарға төменде арна ашып, оны жүргізу барысының ең қарапайым кезеңдері көрсетілген.

1. YouTube жүйесіне тіркеліңіз.Тіркелу тегін.

2. Авторлық видеоларыңызды жүктеңіз. YouTube-те әркім өзінің форматы бойынша видео түсіріп бастаса болады. Қазақ тілді кеңістік әзірге бос тұр деуге болады. Сондықтан іске кірісіңіз. Табыс - аккаунтыңызға тіркелуші, теріс немесе оң көзқарастар және көрілім санына тікелей байланысты. Өнімнің қызықты әрі ерекше болуы шарт. Контент жасақтау – маңызды қадам.

3. YouTube-тегі парақшаңыздың монетизациялануы. Қаралым уақыты 4000 сағат пен жазылушы саны 1000 адамға жеткенде, Google компаниясына монетизацияға қосу туралы өтінім жіберу керек. Сол уақыттан бастап, әрбір қаралымға ақша түсіп тұрады.

4. Көрермен тарту. Ашылған арнаның бағытына сай өз жазылушыларыңызды көбейтіңіз. Жазылушының көптігі мен қаралым саны да сәйкесуі керек.

5. Қазақстанда ішкі жарнаманың әлі төмен деңгейде екені материал барысында айтылды. Сондықтан сыртқы жарнамаларды тарту ісіне бел шеше кірісіңіз. Сапалы контент сіздің барлық шығыныңызды жауып, табысқа кенелтетіні анық.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары