Тікелей эфир

"Секс туралы айтсаң, күле бастайды". Қазақтілді жасөспірімдердің жыныстық сауаты неге төмен?

Сурет shutterstock.com сайтынан алынды
Сурет shutterstock.com сайтынан алынды
Мектеп мұғалімдері жыныстық тәрбие туралы ұлдармен бөлек және қыздармен бөлек әңгімелеседі. Мамандар мұның дұрыс емес екенін айтады.

БҰҰ халықтың қоныстануы саласындағы қоры (UNFPA) жүргізген зерттеу қазақстандық жасөспірімдер 16 жарым жастан бастап жыныстық қатынасқа түсетінін анықтады. Алайда, олардың көпшілігі жүктіліктен, жыныстық аурулардан қалай сақтану керек екенін, жыныстық зорлықтан өзін қалай қорғауды білмейді.

Қазақстанда жыныстық сауат туралы неге жиі айтылмайды?

Тәуелсіз зерттеуші, жасөспірімдер мен ата-аналарға арналған "Ұят емес" сайтының авторы Қарлығаш Қабатова білместікпен бала көтеріп қалу, ерте түсік тастау, жыныстық ауруға шалдығудың алдын алу үшін балалармен жыныстық тәрбие туралы әңгімелесуді бастауыш сыныптан бастау керектігін айтады.

"Қазақстанда жыныстық тәрбие тақырыбы неге өзекті емес?" деген сұраққа зерттеу жүргізген ол мұның 3 себебін анықтаған:

  1. Әзірге мемлекет тарапынан осы тақырыпқа толыққанды дұрыс көзқарас қалыптаспаған. Қанша жерден салауатты өмір салтын насихаттап, арақ пен темекіден алыс болайық дегенімізбен, дәл қазір аса қажетті жыныстық тәрбие тақырыбы назардан тыс қалып отыр.
  2. Осы тақырыпқа жауапты мекемелер арасында байланыс жоқ. Менің ойымша, Білім және ғылым министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі және азаматтық сектор бірігіп, жасөспірімдердің жыныстық сауатын көтеру бағытында жұмыс істеуі керек.
  3. Еліміздегі жастардың жыныстық білімін өсіру мақсатында мемлекеттік емес және халықаралық ұйымдар жұмыс істеп жатыр. Бірақ, олардың үлесі жеткіліксіз, теңізге тамған тамшыдай ғана.
"Алдағы уақытта Денсаулық туралы кодекс қабылданса, жақсы болар еді. Себебі, құжаттың жобасында мемлекет балаларды жыныстық-репродуктивті денсаулық туралы ақпаратпен қамтамасыз етуі тиіс деп жазылған", – деді Қарлығаш.
Оқи отырыңыз: Қазақстан мектептерінде жыныстық тәрбие сағатын енгізу басталды

Қазақ отбасыларында қыздарға тыйым көп

Зерттеуші өткен жылы Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау, Шымкент және Өскемен қалаларында жыныстық сауатқа қатысты зерттеу жүргізіп, оған 4 360 бала мен жасөспірім қатысқан. Сауалнамаға жауап берген жасөспірімдердің көбі ата-анасымен секс тақырыбында сөйлесе алмайтынын айтқан.

"Ата-аналар балаларымен жабық тақырыптарда ашылып сөйлесе алмайды. Тіпті, тақырыпты неден бастау керегін білмейді. Балалары жыныстық қатынас туралы бір ақпарат сұрай қалса, оларға зекіп, ұялтып тастайды. Әсіресе, қазақ тілінде сөйлейтін отбасыларда бұл тақырыпқа тыйым салынған деуге болады. Мұндай отбасыларда балалар үлкендерге артық сұрақ қоймауға тырысатынын байқадық", деді Қарлығаш Қабатова.

Сондай-ақ, сауалнама барысында қазақша сөйлейтін отбасыларда қыз балаларға көп тыйым салынып, ал ер балаларға еркіндік берілетіні анықталған.

Оқи отырыңыз: Ата-ананың рұқсатынсыз түсік жасатуды заңдастыру қажеттілік пе әлде қамқорлық па?

"Қыздарға "қысқа киме", "шашыңды жайма", "бояма" деген тыйымдар көп айтылады. Сондай-ақ, ата-аналар "егер біреуді зорлап кеткен болса, ол сол жағдайға өзі кінәлі" дейді екен. Жүкті боп қалған мектеп оқушысын көргенде, "мынау не деген бассыздық, мына қыздың анасы қайда қарап жүр?" дейтіндер көп. Бірақ, ер балаларды "біреуді зорлауға, күш көрсетуге болмайды" деп ешкім үйретпейді", деді зерттеуші.

Жасөспірімдердің жыныстық сауатын көтеруге бағытталған Y-PEER еріктілер қауымдастығында волонтерлікпен айналысатын Камила Тұяқбаева қазақша сөйлейтін қыздардың арасында "әйел адамның күйеуінен бірнеше саты төмен тұруы қажет" деп ойлайтындар көп екенін айтады.

"Бұл тенденция несімен қауіпті десеңіз, мұндай стереотиптің барлығы теңсіздікке алып келеді. Ал теңсіздік ақыр соңында қандай да бір зорлықты тудырады. Ол міндетті түрде физикалық не сексуалды зорлық болмауы мүмкін. Бірақ, психологиялық тұрғыда әйелге қысым көрсетіледі. Сондықтан, әйел адам мен ер адамның құқықтары бірдей екенін жасөспірімдерге түсіндіріп отыру маңызды. Көбіне мектептерде жыныстық тәрбие сағатында мұғалім ұлдарды сыртқа шығарып жіберіп, қыздармен ғана сөйлесетіні байқалады. Ал, біз тренингке барғанда, ұл-қыз деп бөлмей, бәрін қатар отырғызып, сөйлесеміз", деді Камила.

Оқи отырыңыз: Сексуалдық сипаттағы қылмыстарға жаңа бап енгізілуі мүмкін. Заң жобасын талдаймыз

Сондай-ақ, Камила Тұяқбаева қазақтілді және орыстілді жасөспірімдер арасындағы айырмашылық жер мен көктей екенін айтады:

"Орысша оқитын балалардың жыныстық сауаты салыстырмалы түрде жоғары, олар сұрақ қоюға қысылмайды. Ал, қазақтілді аудитория өте ұяң, секс туралы сөйлесең, күле бастайды. Сұрақ қою тұрмақ, осы тақырыпта ақпарат алудың өзін ұят санайды".

үшеқаптың орнына скотч пайдалануға бола ма?"

Сақтану құралдарының қолжетімсіздігі жасөспірімдер үшін үлкен проблема болып отыр. Тренер Камила Тұяқбаеваның айтуынша, жасөспірімдердің көпшілігі мүшеқап қолданбайды немесе қолданғысы келсе де, оны сатып алуға мүмкіндігі жоқ.

"Мектептерге тренинг өткізуге барғанда жасөспірімдер "мен 15 жасымда ғашық боп қалсам, дұрыс па?", "менің етеккірім 10 жасымда келді. Мен ауру емеспін бе?" деген сұрақтарды жиі қояды. Себебі, олар бұл тақырыпты үйінде не мектепте ешкіммен талқылай алмайды, кімнен кеңес сұрарын білмейді. "Сақтанған кезде мүшеқап орнына пакет қолдансақ бола ма?" дейтін ер балалар да бар. Мен осы уақытқа дейін естіген ең абсурд сұрақтың бірі "мүшеқаптың орнына скотч пайдалансақ бола ма?" дегені болды", – дейді Камила.

Оқи отырыңыз: Елімізде 19 жасқа дейінгі қыздардың 2%-ы үй жағдайында түсік жасатқан

Ал, акушер-гинеколог Фариза Тәшметова өзінің медициналық тәжірибесінде мүшеқап орнына қытырлақ чипсы қабын пайдаланғандар да кездескенін сөз етті:

"Бір күні біздің ауруханаға қансырап жатқан қыз бала келіп түсті. Кейінірек белгілі болғандай, жасөспірімдер жыныстық қатынас кезінде чипсы қағазын сақтану құралы ретінде қолданған екен. Сондай-ақ, мүшеқап сатып алуға ақшасы жетпеген бір әйел оның орнына ыдыс жуатын шүберекті пайдаланған. Ауруханаға түскенде, оған перитонит деген диагноз қойылды. Осының бәрі жыныстық сауатсыздықтың салдары", – дейді дәрігер.

Жыныстық сауат пен жыныстық қатынасты шатастыратындар көп

Журналист Әсел Ергешқызы YouTube арнасында "Жабық тақырып" бағдарламасын жүргізеді. Арнаның қазір 50 мыңға жуық жазылушысы бар. Мұнда жыныстық сауат, жүктіліктен сақтану жолдары, мастурбация, бедеулік және тағы басқа тақырыптар сөз болады. Халықтың жыныстық сауатын көтеруге атсалысып жүрген журналист алғашқыда бағдарламаны сынағандар көп болғанын айтады.

"Мұндай контентке халықтың еті бірте-бірте үйреніп келеді. Алғашында бағдарламаға балағат сөздер, негатив пікірлер жазып кеткен қолданушылар қазір Инстаграм парақшасында жеке хат жазып, сұрақтарын қойып жүр. Дәрігерлерге қалай жазылуға болатынын, олардың телефон нөмірлерін сұрайды. Біздің арнаны ең көп қарайтын көрермендер – 18 бен 35 жас аралығындағы ер азаматтар. Өкінішке қарай, жыныстық сауат туралы айта бастасаң, оны "жыныстық қатынасқа итермелеу" деп қабылдайтындар әлі де бар. Жыныс деген сөз тек секспен байланысты емес қой", – дейді Әсел.

Оқи отырыңыз: Балаларға қатысты заңбұзуды жасырып қалған мұғалімдер мен дәрігерлер жазаланады

Зерттеуші Қарлығаш Қабатованың да осы мәселе туралы айтары бар:

"Жыныстық сауат балаларды секске баулу емес. Бұл дегеніміз – жасөспірімдерге өзінің жыныстық, репродуктивті денсаулығын күтуді және өзін зорлық-зомбылықтан қорғауды үйрету. Қазақстанда балаларға үлкендерді сыйла деген талап қойылады. Алайда, оларға "жоқ" деп айтуды ешкім үйретпейді. Бала өзінің шекарасын құрметтей білуі қажет. Өзіне ұнамайтын нәрселерге қарсылық танытып, жоқ деп айта білгені маңызды".

Тренер Камила Тұяқбаеваның айтуынша, жыныстық сауат тақырыбына мемлекет тарапынан жақсы қолдау жасалмайынша, жағдай қиын:

"Біз көбіне жоғары оқу орындарына, колледж бен мектептерге барып, гендерлік теңдік, зорлық-зомбылықтың алдын-алу, репродуктивті денсаулық, адам құқықтары жайлы тренингтер өткіземіз. Прогрессивті ойлайтын адамдар бізді құшақ жая қарсы алады. Алайда, барлық адамның реакциясы дәл сондай деп айта алмаймын. Бізге "балаларға секс туралы айтпа, бұл – құртылған адамдардың тақырыбы", "мұндай тақырып тек отбасында талқылануы керек" деп тыйым салатындар да жиі кездеседі. Біздің елімізде жыныстық сауат тақырыбын түсіндіруге, ақпараттық қолдауға, ата-аналармен жұмыс істеуге мүлдем қаржы бөлінбейді. Осы салада ауқымды ақпараттық кампаниялар өткізіліп, насихатты көбейгенде ғана халықтың көзі ашылады".

Жасөспірімдер жыныстық ауруын емдетуге ұялады

БҰҰ халықтың қоныстану саласындағы қорының өкілі Дина Телтаева төмендегі үш шарт орындалған жағдайда ғана "елімізде жастардың жыныстық, репродуктивті денсаулығына адекват көзқарас бар деп айта аламыз" дейді. Олар:
  1. Жыныстық тәрбие туралы білім;
  2. 18 жасқа дейін медициналық кеңес алу мүмкіндігі;
  3. Тегін сақтану құралдарының (мүшеқап және басқа заттар) қолжетімдігі.

Оқи отырыңыз: Мүшеқапты айтып мінегенше...

БҰҰ халықтың қоныстану саласындағы қоры жүргізген зерттеу жыныстық қатынасты ерте бастайтын жасөспірімдердің үштен бір бөлігінің жыныстық белсенділігі жоғары екенін анықтаған. Жасөспірімдердің 21 пайызы кәмелет жасқа толғанша жыныстық қатынасқа түскенін айтқан. Алайда, Дина Телтаеваның айтуынша, ең қорқынышты дерек бұл емес екен.

"Ең қорқыныштысы, сұрақтарымызға жауап берген респонденттердің 91 пайызы ЖИТС пен АИТВ қандай жолмен жұғатынын білмейтін болып шықты. Ал, олардың инфекцияның қалай жұғатынын білмесе де жыныстық қатынасқа түсіп жүргені – алаңдатарлық жағдай. Сауалнамаға қатысушылардың 34,4 пайызы ғана мүшеқап арқылы жыныстық ауруларды жұқтыру қаупін азайтуға болатынын айтты", деді Дина.

БҰҰ халықтың қоныстану саласындағы қоры жүргізген аноним зерттеуге Қазақстанның барлық өңірінен 15 пен 19 жас аралығындағы жасөспірімдер қатысқан. Олардың қатарында мектеп оқушылары, студенттер, жас мамандар, солдаттар және жұмыссыз жастар бар. Сауалнамаға қатысқандардың 14 пайызы жыныстық жолмен инфекция жұқтырғанын айтса да, олардың 70 пайызы дәрігерге көрінбегенін мойындаған.

"Неге екенін сұрағанымызда, жастар жеке деректерінің құпия сақталатынына сенбейтінін айтты. Емханаға барғанда, туыстарының көзіне түсіп қалудан қашады, таныстарымен бір кезекте отырудан қысылады. Олар "не істеп жүрсің? Қай жерің ауырады?" деп сұрап қалуы мүмкін ғой. Сондықтан, Қазақстанда жастарға кеңес берудің басқаша жолдарын дамыту қажет. Дамыған елдерде жасөспірімдер басқа емханаға барады немесе емханада ересектер мен жасөспірімдердің кіріп-шығатын есігі бөлек болады", дейді Дина Телтаева.

Оқи отырыңыз: Неке алдында медтексеруден өтуді міндеттеу ұрпақ саулығын арттыра ма? Шетел тәжірибесі мен қазақстандықтардың пікірі

Сауалнамада басқа респонденттер шамамен былайша жауап берген:

  • Емделуге ақшам жоқ;
  • Медициналық процедурадан қорқамын;
  • Басқалардың күлкісіне қалғым келмейді;
  • Емделуге ұяламын;
  • Жеке деректерім жария болады деп алаңдаймын.
Серіктестер жаңалықтары