Тікелей эфир

Әйелдер ипотекасы мен "Корпоратив" бағдарламасы. Баспаналы болудың жаңа мүмкіндіктері қандай?

Суретті Қазақстан баспасөз клубы ұсынды
Суретті Қазақстан баспасөз клубы ұсынды
Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 2019 жылды қорытындылады. Биыл орта есеппен күніне 130 адам үйлі болып отырған.

2019 жылы ел азаматтарының тұрғын үй бағдарламаларына қатысу белсенділігі артқан.

"2019 жыл басынан бері біз 392 мың депозит ашсақ, жыл соңына дейін бұл сан 400 мыңға жетуі мүмкін. Ал салымшылар саны рекордтық меже – 1,5 млн адамға жетті. "Бақытты отбасы" бағдарламасы бойынша 4 053 отбасы жаңа пәтерге ие болды", – деді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.

Биыл банк салымшылары 771,2 млрд теңге жинапты. Бұл банк тарихындағы ең жоғарғы көрсеткіш. Банк талабы бойынша азаматтар бастапқы жарнаға жеткілікті қаржы жинау арқылы үй алады. 2019 жылы бұл мүмкіндікті 48 414 адам пайдаланған. Шотқа салсақ, күн сайын орта есеппен 130 адам үйлі болды деген сөз.

"Бақытты отбасы" талаптарына сай келмеген отбасылар не істейді?

2019 жылы іске қосылған "Бақытты отбасы" бағдарламасы табысы төмен, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға арналған. Осы жылы қоныс тойын тойлаған 4 053 отбасынан бөлек, тағы 736 отбасының өтініші мақұлданыпты.

Дегенмен, "Бақытты отбасы" бағдарламасының талаптарына сай келмейтін отбасылар да бар. Олар "Нұрлы жер" бағдарламасына қатыса алады. Банк беретін әрбір алтыншы несие осы бағдарлама аясында беріледі. "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша 2019 жылы 8000 отбасы пәтер кілтін алған.

Әскери баспананы қалай алуға болады?

Жылдық 8 пайыздық мөлшерлемемен берілетін жеңілдетілген несие бағдарламасы аясында әскерилерге 2019 жылы 3 811 несие беріліпті. Бұл үшін бюджеттен ақша қарастырылмаған. Банк өзіндегі және нарықтан түскен ақшаның басын құрап, 100 млрд теңге бөлген. Осының арқасында 6 592 әскери қызметкер баспанаға қол жеткізді.

Оқи отырыңыз: Көп балалы отбасыларға үй беріле бастады. Жалдамалы үйлер мен 2% несиені алу үшін қойылатын талаптар

74 487 әскери қызметкер қазір Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде баспана алу үшін қаржы жинап жатыр. 2019 жылдан бастап әскерилер банкке өтініш жасаған кезде тек өзінің ғана емес, жұбайының, туыстарының да жалақысын көрсету арқылы мейлінше ұтымды мүмкіндікке ие болған.

15 пайыз көлемде алдын ала төлем жасаған отан қорғаушыларға банк жылдық пайыздық мөлшерлемесі 8 пайыз болатын несие ұсынады. Енді бұл жобаның үшінші кезеңі бастау алмақ. Бағдарламаның бұл түрі туралы мына сілтемеде толық жазылған.

"Әйелдер ипотекасы" қандай шартпен беріледі?

2020 жылдан бастап банк "Әйелдер ипотекасы" бағдарламасын іске қосады. Айтуларынша, бұл жоба елдегі гендерлік теңдікті сақтауға бағытталып отыр. Жобаны Азия даму банкі қаржыландырмақ. Ал қаржының басым бөлігі өңірлерге аударылып, Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласы жобаның 40 пайызына ғана иелік етеді.

"Қазір елімізде 9,1 млн әйел адам бар. Олардың төрт миллионы жұмыс істейді. Әйелдердің көпшілігі ер адамдарға қарағанда аз жалақы алатындықта,н осы бағдарламаны іске қостық", – дейді банктің басқарма төрағасының орынбасары Әлия Айдарбекова.

  • Бағдарлама аясында берілетін несие шегі – 38 млрд теңге;
  • Табысы 200 мың теңгеге жетпейтіндер жарнаның 15 пайызын жинауы керек;
  • Жылдық пайыздық мөлшерлеме – 12 пайыз;
  • Егер алғашқы жарнаның 50 пайызын жинай алса жылдық мөлшерлеме – 3,5-5 пайызға дейін төмендейді.

"Корпоратив" қандай бағдарлама?

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі басқарма төрағасының орынбасары Әлия Айдарбекованың айтуынша, банк 2020 жылы "Корпоратив" жобасын іске асыруды жоспарлап отыр. Оның сөзінше, бұл бағдарлама аясында мекемелер өз қызметкерлерін баспанамен қамти алады. "Өз үйі жоқ және алғашқы жарнасын да жинай алмай жүрген жұмысшыларға жұмыс беруші мекеме көмектесе алады", – дейді Айдарбекова. Бұл бағыттағы алғашқы келісімшарт жасалып та үлгерген.

"Еліміздегі ірі мұнай өндіру компаниясының бірімен 1,5 млрд теңгеге келісімшарт жасастық. Жұмыс беруші баспана алудан үмітті қызметкерлердің тізімін өздері жасайды. Басымдық жас отбасыларға беріледі", – дейді Әлия Айдарбекова.

  • Қазір банкте қаржы жинап жатқан қазақстандықтар саны – 1,5 млн адам;
  • Биыл 384 242 депозит ашылған;
  • Жыл сайын салымшыларға мемлекет 20 пайыз сыйақы береді;
  • Сыйақы 505 мың теңгеден (200 АЕК) аспайтын сомаға беріледі.

"Зерделі" ықшам ауданындағы салымшылардың жайы не болмақ?

Баспасөз жиынында Алматыдағы "Зерделі" ықшам ауданындағы тұрғындар жайы да сөз болды. Еске салсақ, биыл "Зерделідегі" (бұрынғы "Алғабас" ықшам ауданы) №179 көпқабатты үйдің қисая бастағаны туралы ақпарат тарап, ол кейінірек расталды. Үй 2013 жылы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі бағдарламасы арқылы пайдалануға берілген болатын.

14 желтоқсан күні қала әкімі Бақытжан Сағынтаев құрылыста қателік жібергендердің қатаң жазаланып, ықшам аудандағы барлық үйдің тексерілетінін мәлімдеді.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі басқарма төрағасы бұл мәселеге орай мамандардың сараптамасын күтіп отырғанын айтты. Қазір №179 үйдегі барлық тұрғындар уақытша баспанаға көшірілген.

"Біздің салымшылар бұл үйге "Қолжетімді баспана" бағдарламасы бойынша ие болған. Ондағы 72 салымшының 19-ы тұрғын үй несиесіне ауысқан. Негізінен үйді кейін сатып алу құқығымен жалға алған. 47 тұрғынның біздің банкте есепшоты бар, олар әлі қаржы жинап жатыр. Тұрғындарға 3 айдың жалға алу қаржысы қайтарылып берілді. Әзірге олар қайта құрылымдау туралы өтініш білдірген жоқ. Егер өтініш білдірсе, банк клиенттермен кездесіп, қайта құрылымдау мәселесін қарастыруға дайын. Мамандар сараптамасы шамамен 15 қаңтарда дайын болуы тиіс", – деді Ләззат Ибрагимова.

Оқи отырыңыз: Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары біріктіріледі. Үкімет қанша адамды үймен қамтиды?

Банк онлайн жұмыс жүйесіне көшеді

Салымшыларға сапалы қызмет көрсету үшін банк 2023 жылға қарай бизнес-процесстердің 70 пайызын онлайн түрде жүзеге асырмақ. Банк биылдың өзінде қашықтықтан несие өтінімдерін қабылдай бастады. Яғни, өз мүмкіндігін білгісі келген кез-келген клиент банк қызметкерін шақырта алады. Қызметкер клиентпен кездесіп, оның төлем қабілетін есептеп, депозит ашып және несие сомасы көрсетілген сертификатты табыстайды.

Сертификат үш айға жарамды. Осы уақыт ішінде салымшы несие алу үшін банкке хабарласа алады. Басқарма төрағасының орынбасары Әділет Қожанбаевтың айтуынша, биыл банк 27 мың клиентке онлайн сервис арқылы оң шешім шығарған. Олардың 12 мыңы баспаналы болып үлгерген. "Онлайн қызмет көрсету арқылы азаматтардың уақытын үнемдейміз" – дейді банк басшылығы.

Тағы бір жаңашылдық – енді клиенттен жеке пәтері бар немесе жоқ екендігі туралы құқығын растайтын құжат талап етілмейді.

Балалар депозитін қалай ашуға болады?

Депозиттің бұл жаңа түрі 2020 жылдың наурыз айынан бастап іске қосылады. Осы депозит бойынша қаржы жинаған салымшыларға 2 пайыз көлеміндегі банк сыйақысы мен 20 пайыздық мемлекет сыйақысы беріледі. Бұл депозитті отбасылық пакеттің бір бөлігі ретінде де қарастыруға болады. Яғни, балалар салымы бүкіл отбасылық жинақ табысын арттырады.

Депозит иесі 18-ге толған соң барлық талаптарға сай қаржы жиналған жағдайда 5 және одан төмен пайыздық мөлшерлемемен несие алуға мүмкіндік бар.

Оқи отырыңыз: 2020 жылы Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінен кім үй ала алады?

Депозитті қалай ашады?

  • Егер бала 14-ке толмаса:
  1. Онда баланың атынан ересек адам ашады. Ол баланың ата-анасы немесе заңды өкілі болады.
  2. Депозит ашарда баланың туу туралы куәлігі керек. Ата-ана немесе заңды өкілдің бірі өзінің жеке куәлігін ұсынады.
  • Егер бала 14-ке толса:
  1. Бала депозитті өз бетінше аша алады. Бірақ ата-анасының келісімі керек.
  2. Туу туралы куәлік талап етіледі. Келісімшарт жасау үшін заңды өкілінің жазбаша рұқсаты қажет.

Елордада 56 мың тұрғын депозит ашқан

Нұр-Cұлтан қаласында жеңілдетілген ипотека бойынша да баспаналы болғысы келетіндер қатары күрт артқан.

  • "Нұрлы жер" бойынша 984 отбасы пәтерлі болды.
  • Тағы 403 салымшы Жаңа жыл қарсаңында пәтер кілтін алмақ.
  • "Әскери баспана" бойынша екі жылда 2 655 несие берілген.
"Бақытты отбасы" бағдарламасы бойынша 711 отбасына шешім шығып, 272 көпбалалы, 321 толық емес және мүгедек бала бағып отырған 118 отбасы қоныс тойын тойлады", – деді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі Нұр-Сұлтан қаласындағы орталық филиалының директоры Жансұлтан Матаев.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары